Тіл – ұлттың рухани тірегі, тарихи жады мен мәдени болмысының негізі. Әрбір халықтың өзіндік ерекшелігі, дүниетанымы мен ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтары ең алдымен оның ана тілінен көрініс табады. Сондықтан тіл мәселесі – тек сөздік қор мен сөйлеу мәдениетіне қатысты мәселе емес, ол – елдің тұтастығы мен болашағына тікелей байланысты маңызды құндылық.
Қазақ тілі – халқымыздың ғасырлар бойы сақтап келген асыл мұрасы, тәуелсіздігіміздің рухани негіздерінің бірі. Қазақстан Республикасының Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде айқындалған. Бұл – оның қоғамдық өмірдегі, мемлекеттік басқару жүйесіндегі және ел азаматтарының өзара қарым-қатынасындағы ерекше орнын айқындайтын маңызды қағида.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі заң жүзінде белгіленуімен ғана шектелмейді. Оның шынайы беделі күнделікті өмірде қаншалықты қолданылатынымен, қоғамның оған деген көзқарасымен өлшенеді. Тілдің дамуы үшін оны құрметтеу жеткіліксіз, оны тұрақты түрде қолданысқа енгізіп, әр салада сапалы әрі сауатты пайдалануға ұмтылу қажет.
Әсіресе мемлекеттік қызмет саласында тіл мәдениетінің орны ерекше. Өйткені мемлекеттік органдар – азаматтармен тікелей байланыс орнататын, қоғамның сенімін қалыптастыратын маңызды құрылымдар. Бұл ретте сот жүйесінің де жауапкершілігі зор. Сот төрелігін жүзеге асыру барысында мемлекеттік тілді қолдану, іс жүргізу құжаттарын сауатты әзірлеу, азаматтардың өтініштеріне мемлекеттік тілде жауап беру – заң талаптарын орындаумен қатар, мемлекеттік тілге деген құрметтің нақты көрінісі.
Сот саласында қызмет атқаратын әрбір маманның тілдік сауаттылығы мен кәсіби мәдениеті маңызды. Себебі ресми құжаттағы әрбір сөздің мағынасы, ойдың нақты әрі түсінікті жеткізілуі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мемлекеттік тілде сапалы іс жүргізу үшін қызметкерлердің тілдік білімін жетілдіру, сөздік қорын байыту және кәсіби терминдерді дұрыс қолдану бағытында тұрақты жұмыс жүргізілуі қажет.
Сонымен қатар мемлекеттік тілдің болашағы жас ұрпақтың оған деген құрметі мен қызығушылығына байланысты. Бала бойында ана тіліне деген сүйіспеншілік отбасынан басталып, білім беру мекемелерінде жалғасын табады. Сондықтан қазақ тілін үйрету ғана емес, оны күнделікті өмірде еркін қолдануға деген қажеттілікті қалыптастыру да маңызды.
Тілдің өркендеуі бір күнде жүзеге асатын іс емес. Ол – үздіксіз ізденісті, ортақ жауапкершілікті және нақты әрекетті қажет ететін ұзақ мерзімді міндет. Әр азамат өз ортасында мемлекеттік тілде сөйлеуге, сауатты жазуға және оның қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосса, бұл ел болашағына жасалған маңызды қадам болмақ.
Мемлекеттік тіл – өткеніміз бен бүгінімізді байланыстыратын алтын көпір, келешек ұрпаққа аманат етілген асыл қазына. Оны дамыту мен мәртебесін көтеру тек белгілі бір мекеменің немесе саланың міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ борышы.
Тілге құрмет – елге құрмет. Мемлекеттік тіліміздің мерейі үстем болып, қоғамдық өмірдің барлық саласында лайықты қолданыс табуы – тәуелсіз еліміздің маңызды жетістіктерінің бірі болуға тиіс.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маман-сот отырысының хатшысы А.Ералы


