Елге танымал құрылысшы, «Құрмет» орденінің иегері Жандулла АБДИМҰРАТОВ туралы бір үзік сыр
1956 ЖЫЛДАН БЕРІ ТАМЫЗДЫҢ ЕКІНШІ ЖЕКСЕНБІСІНДЕ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР КҮНІ ДӘСТҮРЛІ ТҮРДЕ АТАЛЫП ӨТІЛЕДІ. АЛПЫС ЖЫЛДАН АСТАМ ТАРИХЫ БОЛҒАНЫМЕН, ӨКІНІШКЕ ОРАЙ, БҮГІНДЕ КӘСІБИ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ТЫМ АЗ. ОБЛЫС ӘКІМДЕРІНІҢ ІШІНДЕ ТЕК АМАНДЫҚ ҒАББАСҰЛЫ ҒАНА КӘСІБИ ҚҰРЫЛЫСШЫ. ШҮКІР. АЛ ТҮРЛІ ДЕҢГЕЙДЕГІ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН БАСҚАРЫП ЖҮРГЕН КӘСІБИ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР КӨП ЕМЕС. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ НЕГІЗГІ АУЫРТПАЛЫҒЫН СОЛАР КӨТЕРУДЕ. БҰЛ ФАКТ.
Негізі құрылысшылар, бірінші кезекте әріптестерінің ілтипатына ие болуға талпынады. Сосын, өзге марапаттарды қанағат тұтады. Міне, сондай қарапайым құрылысшылардың бірі де бірегейі, «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы», «Қарасай ауданының Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері Жандулла Абдимұратовты ерекше атап өткен дұрыс. Ағымдағы жылдың 14-қарашасында пайғамбар жасына толатын Жандулла Сейдоллаұлы нағыз істің адамы. Бұл кез келген маманға бұйыра бермейтін бақыт. Екіншіден, Абай Құнанбаевтың
«Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым ойлап қой. Бес асыл іс көнсеңіз» деген асыл сөзін жадына түйіп, берік ұстануы асылдығының айғағы іспетті. Абдимұратовтың Алматы облысындағы құрылыс нысандарында қолтаңбасы сайрап тұр. «Жөндеу- Құрылыс» ЖШС» деген фирмалық белгісі кәсіби біліктілігін білдіріп hәм елдің де, биліктің де сеніміне кіргенін көрсетеді. Жауапкершілігіне алып күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізген нысандарынан қандай да бір ақау шықса сырғып кету, сөзбұйдаға салу оған жат. Кәсіби құрылысшы ретінде кемшілікті тауып, түзететін адами құндылығы тағы бар. Сонымен қатар халық қажеттілігін қалайда өтеу жолын да таба біледі.
Міне, сондықтан Жандулла Сейдоллаұлын елі, әрептестері жақсы көреді. Қазақ сахарасына VII ғасырда мұсылман дінін алып келген Қожа ішінде Үш Жүзге пір болып 1639–1721 жылдары өмір сүрген Мүсірәлі софы әзиздің 9-ұрпағы Жандулла Абдимұратовтың 63-ке толуына орай суыртпақтай сөзге тартпақ болғанбыз. Арғы атасы әз-Тәуке хан заманында ірі қоғам қайраткері болса, өзі халық қалаулысы. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ел алғысын арқалауда. Мұндайда, «Қуанышты бөліссе көбейеді» дегендей, ағамызды пайғамбар жасымен құттықтап өмір тәжірибесімен бөліспекпіз.
…Ол орта мектепті жақсы бағамен бітіріп, еңбек жолын жұмысшы болып бастады. Құрылыс құрал-сайманын қолымен ұстап, нақты істі көріп, бағалап, саланың қыр-сырын тани түсті. Соның арқасында мамандықтың қиындығына төзе жүріп көздеген мақсатына жетуге жол ашылады. Талапқа сай өзі салған нысандарының ыстық болатынын осы кезде алғаш сезінген. Жақсы ғимарат өлмейтін ескерткіш секілді ғасырлар бойы сақталады. Ал сол қалаларды тұрғызған құрылысшылар есімі ше? Бірақ құрылысшылар өз атын шығаруды емес, із қалдыруды ойлайды.
Әйтпесе, тасты қашап аттарын жазу құрылысшы үшін не, тәйірі. Соны жете сезіне отырып, құрметті құрылысшылар туралы жақсы жазба жаза алсақ нұр үстіне нұр емес пе?! Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеп келісімен 1979 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтына инженер-құрылысшы мамандығы бойынша оқуға түсті. 1984 жылы дипломын алған маман өзі еңбек жолын бастаған Ауыл Құрылыс министрлігінің №12 тресіне прораб болып оралып, аз уақытта өндірістік-техникалық байланыс бөлімінің бастығы қызметіне көтерілді. Сөйтіп, жігіттік жігермен алға қойған мақсаттың бірінші баспалдағын аттады. 1992–1999 жылдары Алматы облыстық мамандандырылған Жөндеу-Құрылыс бірлестігі РСУ директоры болды. 1999–2005 жылдары «Жөндеу-Құрылыс» ЖАҚ президенті, 2005 жылдан бері «Жөндеу-Құрылыс» ЖШС Бас директоры лауазымын атқаруда. 2001 жылдан «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Алматы облыстық мәслихатының депутаты. Шыны керек, бүгінде ел депутаттарға өткір сауал жолдап қана қоймай, мәселені дұрыс шешіп беруін талап етуге дағдыланған. Әрине, халық қалаулысының беделі қоғам қажеттілігі мен талабын орындауға ықпал етсе құба-құп. Бұл ретте депутаттың білімі, тәжірибесі үлкен рөл атқарады. Билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналу үшін кәсібиліктен бөлек жауаптылық та керек. Мәселеге көз жұма қарамай, мәслихат мінберінде көтеріп, түйткілдің толық шешімін табуына ықпал ету депутаттың міндеті. Осыны түсінген Жандулла Абдимұратов Алматы облыстық мәслихатының кезекті сессиясында: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында «Білім саласына қатысты – қаржыландырудың біркелкі болмауы және өңірлік басқарудың қазіргі жүйесінің тиімсіздігі. Білім бөлімдерін басқару және бюджет қаржысын әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру керек. Білім берудің барлық деңгейіне дербес қаржыландыру тәртібін енгізу қажет» деген мәселенің нақтыланғаны мәлім. Бұл мәселе 300 мыңға жуық халқы бар Қарасай ауданында анық көрінуде. Мен Алматы облыстық мәслихатының депутаты болғандықтан сайлаушыларым ауызша да, жазбаша да уақыт талабына сай жекеменшік балабақшаларды ашу, шағын және орта бизнесті дамыту және ауылды көтеру мәселелерін қоюда. Халықтың өтінішін Мемлекет басшысының Жолдауымен бекіте түссем, «Бюджетаралық қатынастардың қазіргі жүйесі түрлі деңгейдегі әкімдіктерді жергілікті дамудың негізгі көздерін, яғни шағын және орта бизнесті өркендетуге ынталандыра алмай отырғаны анық. Өңірлер қосымша табыс көзін іздестіруге құлықсыз» деп нақтыланған. Бұл ақиқат. Тағы бір айтарым коронавирус індетіне байланысты экономикалық жағдай нашарлап, ауылда жұмыссыздық көбейді.
Осы мәселенің де шешімін ел биліктен тосып отыр», – деген еді. Сөйтіп халықтың өтінішімен депутаттық сауалын заңнама шеңберінде әрі еш дабырасыз ұрымтал сәтінде ұсынып, функционалдық міндетін орындаған еді. Нәтижесін уақыт көрсетті. Сөзіміз дәлелді болуы үшін дәйектеме келтірсек, Алматы облыстық мәслихатының кезекті 55 сессиясына Жандулла Абдимұратов төрағалық еткен еді. Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов балабақша салуға 7,7 млрд теңге қарастырылып, әлеуметтік көмек көрсетуге бөлінетін қаражат 28 млрд теңгеге өскенін айтқан болатын. Бизнесмен әрі депутат ретінде мемлекеттік, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысатын Жандулла Абдимұратов ел мүддесі үшін еңбек етуді азаматтық парызы санайды. Облыс аумағында атқарылатын әрқилы жұмыстың алдыңғы шебінде жүруі соның жарқын дәлелі. Оның басшылығымен әрі барлық жауапкершілікті өзіне алуымен Алматы облысы бойынша 840 орындық үш балабақша салынып, пайдалануға берілді. 980 орындық жеті балабақша күрделі жөндеуден өткізілді. Білім саласы бойынша 10200 оқушыға арналған 17 мектеп пайдалануға берілді. Еңбекшіқазақ ауданы, Қаракемер ауылында 400 орындық жатақханасымен 600 орындық кәсіптік-техникалық лицей салынып, пайдалануға берілді. Текелі қаласында жер сілкінісінен зиян шеккен №1 орта мектепті қысқа мерзімде күрделі жөндеуден өткізіп, сейсмикалық қауіпсіздік жұмысын да талапқа сай атқарды. Бүгінгі күні Талдықорғанда 280 орындық жатақхана мен 600 орындық мектеп салынуда. Денсаулық сақтау саласы бойынша Алматы облысы аумағында 4 нысан 305 төсектік және 400 ауысымды қабылдау орны қайта жөндеуден өткізілді. Жамбыл облысы Луговое стансасындағы табиғи апат салдарынан зардап шеккен 15 тұрғын үйді және Алматы облысының Райымбек ауданы Сүмбе ауылында 15 тұрғын үйдің сейсмикалық бекіту жұмыстары талапқа сай әрі дер кезінде атқарылды. Ақсу ауданы Қызылағаш ауылындағы су апатынан келтірілген зиянды жоюға да білек сыбана кірісіп, мәдениет үйін салып, көшелерді тазартып, ретімен жөндеп, жаңадан тұрғын үйлер тұрғызып, жалпы ауылды қалпына келтіру жұмыстарына белсенді атсалысты. Алматы облысының 2020–2022 жылдарға арналған бюджетінің жобасы қаралған мәслихат сессиясында: «Өзекті мәселенің бірі халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету болып саналады. Бүгінгі күні жалпы сұраныс 50 пайызға орындалды. Келесі жылы тағы да 27 тұрғын үй салынады. 140 мың адам үй кезегінде тұр. Әрине, тұрғын үй салуды бизнесмендер арқылы жүзеге асырған дұрыс». Қалыптасқан жұмыс екпінінен таймайтын Жандулла Абдимұратовтың басшылығымен «Тұрғын үй» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2007 жылдан бастап жалпы аумағы 38 400 м2 болатын 415 пәтерлі көп қабатты және жалпы аумағы 1700 м2 болатын бір қабатты тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берілді. Тапсырыс беруші де, тұрғындар да разы. Үкіметтің «Жол картасы» бағдарламасы бойынша Алматы облысында 7 нысан күрделі жөндеуден өткізілді. Құқық қорғау органдары құрылымы бойынша ҚР ҰҚК ШҚ үшін Жамбыл ауданында Қастек шекара заставасы кешені, Алматы облыстық прокуратурасының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, Панфилов ауданы Жаркент қаласында прокуратураның әкімшілік ғимараты салынып, пайдалануға өткізілді. Облыстық мәслихат сессиясы төрағасы ретінде ықпалын айқын көрсете білген Жандулла Абдимұратов Қазақстан Республикасының мемлекеттік еңбек тәртібін қатал сақтайды. Басшы ретінде жоғары талап қою, жауапкершілікті сезінту, стратегиялық ойды дамыту, жұмысты қысқа мерзімде сапалы атқару, бәсекеге қабілеттілікті арттыру арқылы дәлелдеп келеді. Қан арқылы бойға сіңген жауаптылық жұмыстың жылдам да жүйелі, ең бастысы көңілдегідей атқарылуына оң ықпал ететіні өмірде сан мәрте дәлелденген. Оны зерделі жандар жақсы біледі. Алдыға қойған мақсатқа тез жету үшін жедел шешім қабылдауға да біздің кейіпкеріміз машықтанған. Қалыптасқан тағы бір әдеті құрылыс саласын дамыту бағытында шетелдік, отандық ғылым жетістіктерін үнемі оқып, біліп отырады. Жаңа технологияны тиімі пайдалану арқылы жеке тәжірибесін үйлестіру табысының құпиясы секілі. Жандулла Абдимұратовқа тән бір ғадет – құрылыс нысанында жүргенде өзге шаруаның бәрін ұмытады. Тындырымды жұмыс тетігін білетін жан осындай болса керек. Ж. Сейдоллаұлымен танысып, біліскенімізге бірер жылдың жүзі болса да оның табандылығы, өз ісіне шынайы берілгендігі, сенімділігі кез келген адамды тәнті етпей қоймайды. Жақсыда жаттық жоқ демей ме. Райымбек батыр даңғылында алғаш кездескенде бізді бірден тіл табыстырып, рухани дос еткен де осы азаматтығы болса керек. Ойыңды жарты сөзден ұға қоятын азаматтың білгірлігі, сезімталдығы бөлек тақырып. Ал орнымен айтылған сөздері көпті көргенінен хабар береді. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді дегендей, оның тағылымды әңгімесін тыңдаған сайын үзбесе, айта түссе екен деп ынтыға түсесің. Әсіресе, ел басқарған, қалың қауымды ақылымен соңына ерткен даналар туралы айтқан әңгімелері кейінгі жастарға үлгі боларлықтай. Құрылыс саласына қатысты жетістіктер мен кемшіліктер және қоғамдағы игілікті істері жайлы ой бөліскенде кәсіби құрылысшының өз мамандығына қаншалықты жаны ашитынын аңғару қиын емес. Әлбетте, мұндайда кемшілікті көрсетіп, кінә артумен шектелмей, бүгінгі жастарды патриоттыққа баулу, тәрбиелеу уақыт талабы. Абдимұратов сол биіктен көрініп жүрген азамат. Тағы бір қасиеті – әуелі Аллаға сыйынып, сосын ата-баба дәстүрін жаңғыртып, қазақы құндылықтарды қопара жазып, айтуында. Ұлт дәстүрін ұлықтасақ бала тәрбиесіндегі ақтаңдақтар оң шешімін табары хақ. Тек соны үзбей айтып, жастардың санасына құю керек. Сонда ғана ар-намыс, ұят, ерік-жігер сынды құндылықтар артады. Ұлтқа деген сүйіспеншілік пен махаббатты да оятатын осылар. Елдің ертеңіне алаңдайтын Жандулла Сейдоллаұлы бұл бағытта да тынбай еңбек етіп келеді. Өйтпесе текті атаның баласы бола ма? Бабалары медресе салса, бұл мектеп салып бүлдіршіндер қуанышын көргеніне разы.
Сөз реті келгенде айта кетейік, Ж. Абдимұратов ата-баба аруағына тағзым етіп, имандылық иірімдерімен құран оқытып, ас беріп, қайырымдылық көмектерін таратуды да әдетке айналдырған. Құрбан Айт мерекесінде құрбандық шалу, Ораза Айтта жамағатқа ауыз аштыру сынды мұсылмандық талаптарын бұлжытпай орындауды әкесі Сейдолла бойына сіңіріп, қалыптастырған. Жылдар бойы әке аманатын бұзған емес. Бүгінгі таңда «Жөндеу-Құрылыс» ЖШС жыл сайын мемлекет қоржынына 160 миллион теңгеге дейін салық төлеп, Алматы облысының бюджетін толықтыруға қомақты үлесін қосып отыр. Оның қажырлы еңбегі аудан, облыс басшылығы тарапынан ескеріліп, 2017 жылы Қарасай ауданының «Құрметті азаматы» атанды. Аудандық, облыстық деңгейдегі мемлекеттік емес ұйымдар да ағамызды мерекелік марапаттауға жылда лайық деп табуда. Бірнеше рет Алматы облысы әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталса, 2008 жылы ҚР «Құрметті құрылысшысы» атаған алды. Елімізді әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін ҚР Президентінің Жарлығына сай «Құрмет» орденімен және 2020 жылғы 20-тамыздағы Жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» медалімен марапатталды. Жұбайы Шолпан екеуі үш бала, үш немере тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана.
Серік ЖАНСЕНГИРОВ, Талдықорған медицина колледжінің директоры:
НАҒЫЗ ІСТІҢ АДАМЫ
– Елбасының тапсырмасына сай студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесінің оң шешімін тапқаны қуантады. Жандулла Сейдоллаұлының басшылығымен Талдықорғандағы жоғары медицина колледжі студенттеріне арналған 280 орындық жатақхананың құрылысы басталып, сапалы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын сырттай қарап, салыстырып жүремін. Байқағаным Жәкең уақытпен санаспайтын, құрылысты тез, сапалы жүргізе білетін нағыз істің адамы екен. Құрылысшылар жұмыстың ретін таппай қиналып тұрғанда білекті түріп жіберіп кірісіп кететін қарапайымдылығы қандай! Шікірейіп сырттай бақылап тұру бұл кісіге мүлде жат. Егер құрылысшының бәрі дәл осы Жандулла Сейдоллаұлындай болса Қазақстанның құрылыс алаңы әлдеқашан аршындап алға басар еді. Сонда өркениетті елдердегідей сапалы зәулім ғимараттар бой түзеп, қалалардың сәні мен салтанаты арта түсер еді. Құрылыс нысанының қыста жылуды ұстап, жазда шаң-тозаң кірмеуін қамтамасыз ету кәсіби маманның назарынан сырт қалмаған. «Мұнда біздің балаларымыз, еліміздің болашақ мамандары оқиды. Жатақхана олардың алаңсыз білім алуына толық сай болуы керек» деген Сейдоллаұлы қарауындағы жұмысшыларды да сапалы жұмыс істеуге ынталандыруда. Мұның өзі әріптесіміздің өз жұмысына ғана емес, елдің ертеңіне жанашырлықпен қарайтынын көрсетеді.
Айбек ТАЙЖҰМАЕВ, «Қазақстан бизнес рейтингі ұлттық одағы құрылысына сіңірген еңбегі үшін» ордені, «Қазақстан құрылысшылар ассоциациясының Даңқты құрылысшысы» құрмет белгісінің иегері
ҚҰРЫЛЫСШЫ – ҚАСИЕТТІ МАМАНДЫҚ
– Осы киелі де, қасиетті атқа кір келтірмей жүрген Жандулла Сейдоллаұлы Қазақстандағы білікті маманның бірі. Тыңғылықты. Жауапкершілігіне алған нысанды ауыр-жеңіліне, алыс жақынына қарамай жоғары кәсіби деңгейде салып береді. Ол үшін пайда емес, сапа маңызды. Шығынға батса да, халықтың назасына қалмауды мақсат етеді. Алматы облысының сейсмикалық шкаласы 8–10 балдық болып саналатындықтан, құрылыс фирмалары атқарған жұмыс мемлекеттік сараптамадан өтеді. Ал бүгінге дейін Жандулла Абдимұратовтың жұмысына мін тағылған кез жоққа тән. Керісінше жер сілкінісі қауіпсіздігін ескеретін фирма ретінде үлкен сенімге ие болып келеді. 37 жылдық еңбек өтілі бар кәнігі құрылысшы, оның ішінде архитектура саласының маманы ретінде ол кісінің архитектуралық жұмысты да өте жақсы түсініп, меңгергеніне ризамын. Алматы облысының Кеген ауданында Шыбышы деген ауыл бар. Автокөлік жолына ертеректе тас төселген шығар. Ал казір оны шөп басып кеткен. Шұғыл бұрылыстары, тік өрі мен сайы жүргізушіні мезі ететіні өз алдына. Қажетті құрылыс материалдарын қаладан тасымалдау да оңай емес. Соның біріне қарамай мойнына алған жауапкершілігін жете сезініп, халыққа қызмет ете білді. Сөйтіп, сол елдімекенге Жандулла Сейдоллаұлы керемет мектеп салып беріп, қалың елдің алғысына бөленді. Ал азамат үшін алғыстан артық құрмет болмаса керек.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Заң газеті»