Гендерлік теңсіздік – күрделі мәселе. Ол қоғамдық мінез-құлық, әлеуметтік институттар, нормалар мен тәжірибелер, ресми және дәстүрлі заңдар арқылы реттеледі. Жақында осы тақырыпты жіті зерделейтін, төрт жылда бір рет жарық көретін «Әлеуметтік институттар мен гендер индексінің» жаһандық есебі жарияланды. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының 179 елді қамтитын осы зерттеуіне сүйенсек, гендерлік әділдікке қол жеткізу үшін әр ел үкіметі жәбірлеуші көріністерді гендерлік теңдік нормаларына айналдыруы керек. БҰҰ-ның бастауымен алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды. «Тұрақты даму мақсаттары» – қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтардың өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму. Тұрақты даму мақсаттары концепциясының 5 бөлімі – «гендерлік теңдік» екенін алға тартқым келеді.Демек,гендерлік теңдік қай кезде өзекті,әрі өткір тақырып.
Зерттеушілер гендерлік теңсіздікті 4 өлшем бойынша бағалайды:
1.Отбасындағы дискриминация. Еркек пен әйел отбасына қатысты шешімдерді теңдей қабылдай ала ма? Олар мұрагер болуға және некені бұзуға тең құқылы ма? Әйел мен ер азаматтардың заңды некеге тұру жасы бірдей ме? Ғалымдар осы және өзге де сұрақтарға жауап алу арқылы отбасы динамикасын сыни ой-елегінен өткізеді.
2.Күш көрсетпеу. Сарапшылар әйелдердің зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінен, яғни сексуалдық зорлық пен харассменттен қорғалған ба, жоқ па екенін анықтауға тырысады. Кей елдерде әйелдің денсаулығына, атап айтқанда, репродуктивті саулығына күштеп зақым келтіру дәстүрге айналған.
3.Өндірістік және қаржылық ресурстарға шектеулі қолжетімділік. Әлемде әйелдер мен ерлердің жылжымалы және жылжымалы емес мүлікке тең дәрежеде иелік ете алмайтын мемлекеттер бар. Зерттеушілер келесі сұрақтарға жауап іздейді: әйелдердің дербес банк шотын ашуға және несие алуға мүмкіндігі бар ма? Жұмыс орнындағы құқықтар мен мүмкіндіктері (мысалы, ана мен әкенің декретке шығу теңдігі, мамандық және жұмыс орнын таңдау еркіндігі) бірдей ме?
4.Азаматтық бостандықтың шектелуі. Кейбір елдерде әйелдер мен ерлердің азаматтық немесе ұлттық құқықтары тең еместігі бізді таңғалдырмауы керек. Мәселен, кей аймақтарда әйелдер шетел асу былай тұрсын, мемлекет ішінде еркін саяхаттай алмайды. Оған қоса, ғалымдар әйелдердің дауыс беру, сотқа жүгіну және саяси лауазымға тағайындалу құқығына назар аударып, рейтинг жасайды.
2019-2023 жылдар аралығында 85 мемлекет төмен және өте төмен деңгейдегі гендерлік теңсіздік нәтижелерін көрсеткен. Дамушы елдер мен дамыған елдердің арасындағы алшақтықтың азайғаны қуантарлық жайт. Соған қарамастан дүниежүзі бойынша әйелдердің 40%-ы әлеуметтік дискриминация деңгейі жоғары немесе өте жоғары елдерде өмір сүретіні өкінішті. Ғалымдардың айтуынша, заңнамаға қарағанда қоғамның дискриминациялаушы ұстанымдарын өзгерту әлдеқайда көп уақыт алады.
Әлем бойынша әйелдердің экономикалық және саяси көшбасшылығы, оларға қарсы жасалатын зорлық-зомбылық туралы көзқарас өзгеруде. Сауалнамалардың нәтижесінде, кейінгі төрт жылдың ішінде мұндай дискриминациялық көзқарас 4 көрсеткішке түсіп, 6%-ға азайған. Бірақ қазір гендерлік паритетке жетуге ең көп кедергі келтіретін отбасы шеңберіндегі теңсіздік. Ақысыз бала күтімі, үй іші жұмыстарының тең бөлінбеуі, мұрагерлік құқығының шектелуі, ерте және күштеп некеге тұрғызу – мұның бәрі жаһандық деңгейдегі әйел адамның тағдырына кері әсер ететін факторлар.
Гендерлік теңсіздіктің тікелей және жанама түрде экономикалық зардаптарға да әкеліп соғатыны дәлелденген. Мысалы, Гендерлік теңдік жөніндегі Еуропа институты есебіне сәйкес Еуропа одағы жыл сайынғы шығыны 366 миллиард евроны құрайды.
Дүниежүзіндегі 12 мемлекет қана әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың барлық түрінен қорғайтын заңды қабылданғаны алаңдатпай қоймайды. Тек 14 мемлекетте тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыс деп есептеледі. Келешекте психологиялық қысымға, экономикалық зорлыққа және харассментке қарсы нақты шаралар қабылдануы қажет.Гендерлік теңсіздікті жоюды жылдамдату үшін барлық тараптар, яғни саяси шешім қабылдаушылар, халықаралық ұйымдар, жеке сектор, ғалымдар қауымы және азаматтық қоғам өкілдері атсалысуы шарт. Адам капиталын дамытуға ерекше мән беріп отырған елімізде әйел теңдігі мәселесі маңызды болып тұр. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп, айналасын үйлестіріп, жарастырып отырған әйелдің өзіне тең дәрежеде, зор құрметпен қараған абзал.
Турсынкулова Д.А
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының аға оқытушысы,з.ғ.к