Кез келген ел ғылым, білім арқылы дамиды, яғни тәуелсіздіктің тұғыры – ғылым, білім, тәрбие. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Ұлттық жоба сапалы білім алуға қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Жобаны әзірлеу барысында қоғам өкілдерімен, білім беру саласындағы сарапшылармен талқыланып, барлық мүдделі мемлекеттік органмен пысықталғаны бәрімізге белгілі.Ұлттық жоба бес міндеттен құралған төрт бағыттан тұрады. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасы білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі мен халықаралық беделін арттыру мақсатында жасалған. Білім – ХХІ ғасырда негізгі капиталға айналды. Әлемнің дамыған елдері осы құндылыққа үлкен мән беріп, білім сапасына бұрынғыдан да жоғары деңгейде көңіл бөле бастағанын байқаймыз. Себебі сапалы білім – экономиканың дұрыс қалыптасуына, қоғамның кемелденуіне, елдің дамуына кең жол ашады.
БҰҰ-ның бастауымен алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды. Тұрақты даму мақсаттары – елдің өркендеуіне бағытталған өршіл мақсаттардың жиынтығы болып табылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, Қазақстан дамуының негізгі міндеттеріне Тұрақты даму мақсаттары аясында жүргізілетін жұмыстар бірінші кезекте атқарылуы тиіс. Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ)» — бұл Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттер 2030 жылдың соңына дейін қол жеткізуге бағытталған мақсаттарды қамтитын әмбебап әрекетке шақыру.Тұрақты даму мақсаттарының ішіндегі 4-мақсат: «Барлығына сапалы білім» екенін алға тартқым келеді.Бүгінгі әлем дамуының жаңа ұстанымы білім беру жүйесінің экономикалық, әлеуметтік-мәдени өзгерістерге мейлінше бейім болуын талап етеді. Әлем қазір «білім қоғамын» және «білім экономикасын» құру бағытында. Қазіргі уақытта ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың заманауи талаптарға сай дамуы білімді бағалау және пайдалану жүйесін уақытылы өзгертіп отыруды талап етеді. Осыған байланысты оқытуда қолданылатын әдіс-тәсіл, әдістеме, технологиялар білім беру талаптарына байланысты жаңартылып отырады. Сапалы терең білімді меңгеруге талпынған өскелең ұрпақтың жеткілікті дәрежеде сандық сауаттылығы бар, себебі олар өмір жағдайлары барысында жаңа технологияның барлық мүмкіндігін пайдаланады. Сол мүмкіндікті нәтижелі қолдану оқытушылардың біліктілігіне, біліміне, тәжірибесіне байланысты.
Осы жайттарды ескере отыра, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,еңбек құқығы кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы сапалы білім беру мақсатында аянбай еңбек етуде. Заңғар жазушы М.Әуезов «Халық пен халықты,адам мен адамды теңестіретін білім»деп қоғам өміріндегі білімнің орнын айқындаған,Расымен де,рухани мәдени саланың нығаюына,адамдық қасиеттің жоғарлауына,осының арқасында елдің алға өрлеуіне білімнің ғана құдіреті жететіні күннен-күнге айқындалуда.
Алкебаева Д.А
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,еңбек құқығы кафедрасының оқытушысы
Урисбаева А.А
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,еңбек құқығы кафедрасының аға оқытушысы