Заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Сұлтан Сартайұлы Сартаев биыл 96 жасқа келер еді. Сұлтан Сартайұлы елім, жұртым деп өмір сүрген кемеңгер кісі еді. С.С. Сартаевтың ел үшін, мемлекет үшін және отандық заң ғылымының дамуы үшін атқарған ерең еңбегі зор.
Сұлтан Сартайұлы Сартаев 1927 жылы 15 қазанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Жаңақорған ауылында дүниеге келген.
1949 жылы Алматы заң институтын, 1952 жылы Мәскеу заң институтының аспирантурасын бітірген.
Өзінің ғылыми жетістіктерінің алғашқысы болып табылатын кандидаттық диссертациясын 1952 жылы сәтті қорғайды. Ол ғылыми ізденісін Автономиялық Қазақ Советтік Социалистік Республиксының құрылуы мен қалыптасуына арнап жазады. 1970 жылы докторлық диссертациясын 1970 жылы М.В. Ломоносов атындағы ММУ-да «Строительство социалистической государственности и проблемы высшего органа народного представительства в Казахстане» деген тақырыпта қорғап шығады. 1975 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 1995 жылы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, 1996 жылы ҚР әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, 2003 жылы ҚР ҰҒА академигі болып сайланды. Мұндай дәрежеге жету Сұлтан Сартайұлының заң ғылымының асқарлы биік шыңын бағындарғынын, ғалым ретінде орныққанын білдіреді. Біз, Сұлтан Сартайұлын Қазақстанда заң ғылымдарының негізін қалаушылардың бірі деп айтсақ өте орынды болады.
С.С. Сартаев түрлі лауазымды қызметтер атқарды. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде: доцент, мемлекеттік құқық кафедрасының меңгерушісі, заң факультетінің деканы, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының меңгерушісі, күні бүгінде мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасының профессоры болып қызмет атқарды. Ол ұзақ жылдар бойы Коммунисттік Партияның мүшесі болды.
Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдары С.С. Сартаев Қазақстан Республикасының тұңғыш Парламентінің, Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланды.
Сұлтан Сартайұлы біраз уақыт бойы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы заң ғылымдарының докторы және кандидаты дәрежесін беру жөніндегі ғылыми кеңестің төрағасы қызметін атқарды. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Консультативтік кеңестің мүшесі болды, Президент жанындағы ҚР сотымен сотталғандарға кешірім жасау Республикалық Комиссиясының Төрағасы болып жұмыс істеді.
Сұлтан Сартайұлы ұлағатты ұстаз. Академик отандық заң ғылымының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты. Оның ғылыми жетекшілігімен заң ғылымдарының докторлары және заң ғылымдарының кандидаттары дайындалды.
Академик өзіндік ұстанымы бар, өз ойын дұрыс жеткізе білетін тұлға еді.
Сұлтан Сартайұлы отандық құқықтық мектепті қалыптастырды. Оның тәрбиелеп шығарған, қол астынан сүрінбей өтіп шыққан шәкірттері, ұстазы сияқты, күні бүгінде қазақстандық заң ғылымын дамытуға атсалысып келеді. Олардың осындай ғалым ретінде орнығып, танылуы С.С. Сартаевтың жүргізген жетекшілігі мен жол көрсетушілігінің, ұзақ жылдар бойы еңбек етуінің арқасы деп білеміз.
Осындай ұлағатты ұстаздан білім алу, ғылымды меңгеру абырой шығар, себебі мұндай абырой кез келген адамға беріле бермейді. Ол ғалымдар ортасын қалыптастырды. Оның ғылыми қызығушылықтары оның шәкірттеріне де дарыған.
Қазақстанның егеменді ел болып көк байрағы аспанда желбіреп бастаған кездері Сұлтан Сартайұлы сол жылдары еліміздің белді жоғарғы оқу орны болып саналған «Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институты» академиялық білім беру институтын ашқан. Академиктің жасаған мұндай қадамын Қазақстанда білікті заңгер дайындауға атсалысқанында деп ойлаймыз. Себебі сол жылдары ұлттық білім жүйесін нығайту қажет болды, болашақ ұрпақтың білімді болып өсуіне жол ашатындай білім ордасы керек болды. Міне, осы кезде Сұлтан Сартайұлы батыл қадам жасап, осындай күрделі әрі қиын істі өз мойнына көтерді. Күні бүгінде академиктің шәкірттері академиктің жолын басып келеді. Академик Сұлтан Сартайұлының шәкірті болу сол уақытта көп қазақ баласының арманы болды.
Сұлтан Сартайұлы кемеңгер ғалым. Академиктің ғылыми еңбектерін оқығанда, ғылыми танымы кең әрі бай болғандығын, ғылыми қызығушылығы мол әрі ауқымды, ой – тұжырымдары анық әрі салмақты, жасаған қорытындылары пайдалы әрі қажетті болғанын аңғарасың. С.С. Сартаевтың ғылыми еңбектерін оқып, зерттеу терең білімді әрі ерекше қабілеттің болуын қажет етеді. Оның еңбектерінің көпшілігі мемлекеттің құқықтық негізі мен қоғамдық құрылысына арналып жазылған.
Сұлтан Сартаев Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуын терең әрі жан-жақты зерттеп, оның арықарай дамуының маңызы мен ерекшелігін терең талдаған ғалым еді. Ол қазақ құқығының шын мәнісіндегі маңызын терең зерттеген ғалым еді.
Сұлтан Сартайұлының ерең еңбегі, еліміздің заң ғылымын дамытуға қосқан үлесі ешқашан ұмытылмайды деп сенеміз.
Каратаева Айгуль Муратбаевна
заң ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің заң факультеті, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасының аға оқытушысы
Мынбатырова Нурлайым Камбатыровна
заң ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің заң факультеті, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасының қауымдастырылған профессоры