2023 жылғы 29 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде ұжымның Конституция күніне арналған салтанатты жиыны өтті.
Алғашқы болып сөз алған ҚР Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина Конституция негізінде еліміздің мемлекеттік, саяси, қоғамдық, экономикалық тетіктері қалыптасатынын атап өтті. Сонымен қатар директор Конституция тәуелсіздіктің жоғары құқықтық деңгейде орнығуын анықтайтынын, мемлекеттің тұрақты дамуын куәландыратын негізгі Заң екенін жеткізді.
Жиынға заң ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ –дың мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі А.С. Ибраева қатысып, баяндама жасады. Ол өз сөзінде әрбір мемлекеттің Ата Заңы болуы тиіс екенін айтып, еліміздің Конституциясының тарихына тоқталды. Конституцияда мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі әрі билікті тікелей республикалық референдум арқылы және еркін сайлау негізінде жүзеге асатынын, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға беретін халық екендігі бекітілгенін атап өтті. 1995 жылы 30 тамыз күні референдум арқылы қабылданған Конституция жобасын дайындау тарихына тоқталып, елде түсіндіру жұмыстарын жүргізген топ құрамында болғанын жеткізді. Спикер өз сөзін 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдумда қабылданған Конституциядағы өзгерістермен жалғады. Мұндағы саяси және экономикалық реформаларды жаңарту, барлығына бірдей мүмкіндіктер мен тең жағдайларды қамтамасыз ету, тек адамдардың өмірін жақсартуға бағытталғанын жеткізді.
Жиынға қатысқан Архив ұжымы профессор Алуа Саламатқызына сұрақтар қойып, тұшымды жауап ала алды.
Құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру қызметінің басшысы Б.Ә. Қасенов қазіргі қолданыстағы Конституция ҚР Президенті Архивінде мемлекеттік сақтауда екенін айтып, осы уақыт аралығында еліміздің Ата заңы адамдардың қауіпсіздігі, бостандығы мен құқықтарын шектеймейтін азаматтық қоғам қалыптастырды деген сенім білдірді.
Бүгінгі таңда халық Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірдің куәсі болып отыр. Біз бұдан былай еліміздің дамуы мен гүлденуі жолында жаңартылған Конституциямен бірге Жаңа Қазақстанды құруға бағыт алғаны айқын.