12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

«ЖАҢА РЕФОРМА – САЛАНЫ ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІГІ»

Қалдарбек ДОСЫМБЕТ, облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы:

Мемлекеттік саясатқа сай Жоғарғы Сот ұстанымын облыста жүзеге асыру төрағалардың бір міндеті болып саналады. Ал ол жұмыстардың қалай атқарылатынын көретін де, бағалайтын да – халық. Осы орайда судьялық қызметтің қыр-сырын жетік меңгеріп, білімділігімен, біліктілігімен, әділдігімен ел көңілінен шығып жүрген төраға ретінде Қалдарбек Досымбетке деген көпшіліктің пікірі оң. Бүгінде Алматы облыстық соты төрағасының міндетін атқарып отырған Қалдарбек Жорабайұлы сот саласындағы қыз­ метін аудандық сот судьялығынан бастап, бірнеше мамандандырылған соттардың төрағасы болып, тәжірибесін әбден шыңдаған жан. Алқа төрағасы болған кезінде де Қалдарбек Досымбет үнемі ізденіс үстінде жүретін, ұдайы айналасымен санасып, үлкенді аға, кішіні іні деп жатыр­ қамай жақын тартатын мінезімен ұжымның ілтипатына бөленген еді. Үлкен сот ұжымының ұйытқысы болып отырған арда азаматпен арадағы сұхбатымыз сот саласының тыныс-тіршілігіне, жаңашылдықтарға қатысты өрбіді.

– Қалдарбек Жорабайұлы, биылдан бастап елімізде үш дербес кассациялық сот тәжірибеге енгізілмек. Бұл өзгерістің сот саласына берері не? Жаңа бастама азаматтардың үмітін қаншалықты ақтайды деп ойлайсыз?

– Ел Президенті Қ.Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 3-бабы 3-2- тармағына сәйкес, Астана қаласында Азаматтық істер, Қылмыстық істер, Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрылуда. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Жоғары Сот Кеңесі және Сот әкімшілігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы Жарлықты іске асыру жөніндегі шараларды қабылдап жатыр. Осы жаңашылдыққа сәйкес Астана қаласында Кассациялық сот әкімшілігі департаменті құрылып, жұмысын бастады. Негізі кассациялық іс жүргізу – судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге және сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын жан-жақты қорғап, қоғам талаптарын қанағаттандыруға бағытталғанын білген дұрыс. Сот жүйесінде ақырын жүріп, анық басатын игі қадамдарды сараптай отырып, сұрағыңыздан ауытқымай тағы бір айтарым, Алқалар сот төрелігі мен әділдігінің артуына септігін тигізбек. Бұл тәжірибенің сот жүйе­сіне қандай әсер ететінін уақыт көрсетеді. Мүмкін оң өзгерістер енгізіп, салаларда кәсіби біліктілікті дамытудың бір бастауы болатын шығар. Қалай десек те, жақсылыққа ұмтылу – оң үрдіс. Ендеше игі бастаманы қолдап, сала мамандарының пікірін, ойын толықтырып, халықтың, әлбетте басшылықтың назарына ұсынып, сараптаудан ұтпасақ ұтылмаймыз. Сондықтан функционалдық міндетімізге сай таяуда Қонаев қаласындағы мамандандырылған тергеу сотында «Қазақстан Республикасы кассациялық сотының рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өткіздік. Шараға Алматы облысы прокуратурасының қызметкерлері қатысып, дербес кассациялық соттардың құрылуының маңыздылығы мен негізгі мәселелерін талқылап, өзара пікір алмасты.

– Сот ардагерлерінің тәлімгерлік мектебін жандандырудың маңызы зор. Алматы облыстық соты судья-ардагерлерге қаншалықты көңіл бөледі? Аға буын мен кейінгі буын арасындағы сабақтастық жалғасып келе ме?

– Әлбетте! Алматы облыстық соты төрағасы лауазымын 2019 жылдың 4 қазанынан бастап атқарып, бүгінгі таңда зейнеткерлікке шыққан Еліс Нұрқасымұлы Әбдіқадыровтың тәлімгерлік тәрбиесінен өткен судьялар көптеп саналады. Арда ойлы азаматтың қара қылды қақ жаратын әділдігін тек судьялар ғана емес, сот жүйесі қызметкерлері мен адвокаттар және қарапайым халық тілдеріне тиек етіп, ел алдында ашық айтып жүргені ақиқат. Бұл жағымды да жақсы баға.

Осыдан жиырма алты жыл бұрын Қазақтың ғылыми-зерттеу институтында сот сараптамашылар фотозерттеушісі қызметкері болып еңбек жолын бастаған Еліс Нұрқасымұлы құқық қорғау органдарындағы қызметінде сатылай өсіп Бас Прокуратурада жемісті жұмыс істеген. Одан бөлек сот жүйесіндегі судьялық қызметіне көтеріліп, Қазақстан Рес­ публикасы Жоғарғы Сотының Азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы лауазымын 2015–2019 жылдары атқарды. Еліс Нұрқасымұлының елге сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан орынды бағаланып түрлі марапатқа ие болған. Мерекелік шараларды да ұмыт қалдырмаймыз. Қат-қабат жұмыс арасында уақыт тауып, көңіл күйін келтіруге мен ғана емес, әріптестеріміз әр кез дайын. Мұны аға буын мен кейінгі лек арасындағы жанды байланыс, жалғастықтың әдемі көрінісі деп те санаған дұрыс.

– Соңғы уақытта сот саласынан өз қалауымен кетіп жатқан судьяларды жиі көреміз. Бұл ненің белгісі? Сот жұмысы қиындап кетті ме, әлде басқа да себептері бар ма?

– Шыны керек, сіз бен біздің буын мамандық таңдауда жүрек үнін тыңдап, ата-ана ақылын ұғып және алдыңғы лек әрекетін сараптай жүріп дұрыс шешім қабылдай алдық. Оны өмір мектебі көрсетті. Өзіндік ойы бар адамдарға (салаға сынаптай сырғып кірген кездейсоқ тұлғалардан тыс) ауытқушылық, пайдақорлық, көрсеқызарлық жат болды. Әлі де солай. Білген адамға жұмыстың жеңілі жоқ. Әрқандай жұмыс болсын табандылықты, адал еңбекті талап етеді. Нәтижесін уақыт атты төреші көрсетеді. Бүгінгі қоғамға сараптама жүргізіп көрсеңіз адамдардың тек сот жүйесінен ғана емес, сан саладан айлық жалақының аздығын сылтауратып қызметтерін ауыстыратыны жасырын емес. Барды қанағат тұтқан тұлғалардың уақыты келгенде адал еңбектерінің өтеуін еселеп көріп, қуаныштарын бөлісетіні рас. Сөз реті келгенде нақты бір мысал келтірсем, Талдықорғанда мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы, Алматы облыстық сотының судьясы лауазымдарын атқарып оставкаға шыққан өңірге танымал судья Бақытжан Сланғожаұлы Мәндібаев Алматы облыстық сотының судьясы болып қызметін жалғастырды. Облысымызда тәжірибелі әрі кейінгі лекке үлгі тұтып, кадр жетіспеушілігінің орнын толтыру үшін басшылықты хабардар ете отырып, Алматы облыстық сотының ұсынысымен судьялық қызметке қайта кіріскен Б. Мәндібаев әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің заң факультетін бітірген. Еңбек жолын халық сотында сот хатшысы болып бастап, сот жүйесінде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, «Үш би» құрмет белгісі, «ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған. Яғни, өз кәсібін жүрек қалауымен таңдаған азаматқа ешбір қиындық кедергі болмайды.

– «Ашықтық. Жеделдік. Қолжетімділік», «Татуластыру рәсімдері» принциптерін басшылыққа алудың нәтижесінде сот жұмысына қатысты айтылатын сын азайғаны рас. «Сот кабинеті» арқылы көрсетілетін қызметтің сапасы қандай?

– Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты назарында ұстап, заңнама аясында іс-жүзіне асырып отырған бұл мәселені мерзімдік басылымдармен қатар, әлеуметтік желілер арқылы ел оқып, көріп, таразылап, өзіндік бағасын беріп отырғаны мәлім. Мұны ашықтық, жеделдік, қолжетімділік деп бағаласақ, осы үш тармақтың бір нәтижесі ретінде татуластыру рәсімдерін айтуға болады. Сондықтан таяуда ғана менің төрағалығыммен біздің облыстық сотымыздағы татуластыру рәсімдері жөніндегі үйлестіруші судья Симузар Құрбанованың жүргізуімен Алматы қаласы Медеу аудандық сотының татуластыру рәсімдері жөніндегі үйлестіруші судьялары Динара Құйқабаева мен Жазира Жансейітоваларды қатыстыра отырып, «сотта татуластыру рәсімдері арқылы дауларды шешу» тақырыбында семинар өткіздік. Аталған іс-шараның мақсаты – татуластыру рәсімдері мәселесінде судьялардың біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және сотта татуластырудың өзекті мәселелерін талқылау болды. Тақырып аясында судьялар пікір алмасып, ойларында жүрген түрлі сұрақтарына біздің тарапымыздан қанағаттанарлық жауаптар алды. «Сот кабинеті» біздің ғимаратымызда жақсы жұмыс істеп тұр. Қолжетімді. Рас, жекелеген адвокат­ тардың және тараптардың наразы­ лықтары да айтылуда. Ол интернет желісінің қай жерге қалай жететіндігі, қамтылғаны секілді мәселелерге байланысты туындайтын жайт. Байқасаңыз «Сот кабинетіне» кіргенде техникалық себептерге байланысты жекелеген аудан, қала аумағында туындаған кедергілерді жаза отырып, қолайсыздыққа байланысты кешірім өтінген хабарлама қызыл бояумен жазылып тұратын еді. Бүгінгі таңда бұл мәселе оң шешімін тапты. «Сот кабинетіне» кіріп көрсеңіз жаңа үлгіге тәнті болып, құжаттарыңызды тиісті орындарға әп-сәтте жіберіп, көңіліңіз орнығады.

– Судьялардың тәжірибе алмасып, әріптестік байланысын нығайтуда спартакиаданың көмегі көп. Біз сізді судья ретінде ғана емес, спорт жанкүйері әрі спорт додасына белсене қатысып, шебер ойын көрсетіп жүрген спортшы-төраға ретінде де жақсы білеміз. Алматы облысы соттары жыл сайын өтетін судьялар спартакиадасына биыл қалай көңіл бөлуде?

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәстүрлі жолдауына сәйкес, мемлекетімізде спорт саласын жаңғырту мақсатында судьялар арасында жылдар бойы қалыптасқан спартакиада әлемдік пандемия кезінде үзіліп, қайта жалғасын тапқаны мәлім. Бұл игі шараның бір артықшылығы судьялар күнделікті күйбең тірліктен бір серпіліп қалады. Жасыл алаңдарда шағын футбол, волейбол, үлкен теннис, арқан тартудан спорт додасына түссе, спорт залдарында стол теннисі, бильярдтан шеберліктерін көрсетіп, оңаша шусыз шағын залдарда дойбы, шахматтан ақыл, ой сынасады. Әр спортқа беріле ойнайтын спортшы судьялар бар. Спорттың осы сегіз түрінен өңірлік жарыста жеңіп шыққан спортшы-судьялар республикалық спартакиадаға жолдама алады. Жоғарғы Сот төрағасы бастап барып спартакиада ойындарын көреді. Бұл спортшы-судьялар үшін құрмет болғандықтан, спорт додаларында белгіленген тәртіпті бұзбайды. Бірақ шеберліктерін көрсетіп қалуға бар күштерін, айла-тәсілдерін салатыны да жасырын емес. Сөз реті келгенде айта кетсек, волейболдан ерлер арасында Алматы облыстық сотының судьясы Бақытжан Ниязов, қыздар арасында Қонаев қалалық сотының судьясы Дәриға Тарап былтыр өңірлік спартакиадада шебер ойын көрсетіп, Түркістан облысында өткен республикалық спартакиадаға қатысты. Осынау судьялардың спартаки-адасында ойын арасында және арнайы ойластырылған демалыс кезінде судьялар өзара ой бөлісіп, тәжірибе алмасатыны бар. Қандай да бір тақырып аясында тәжірибелі судьялар аузынан шығатын бір ауыз сөз, пікір жеткілікті. Қызыл кеңірдек болу, таласу судьяларға жат. Жастарға берілетін бағыт-бағдарды орта буын тыңдап отырып-ақ көкейінде жүрген көп сауалға жауап таба қояды.

Негізі судьялардың республикалық спартакиадасының алғашқы ойындары Алматы облысында басталып, екі-үш жыл үзіліссіз өткізіліп, қалыптасып, өзге облыстарда жалғасын тапқаны ақиқат. Ал жалпы республикалық спартакиаданың отаны Алматы облысы деп айтсақ та болады.

Спартакиаданың тиімділігін іс жүзінде көргендіктен судьялар арасында спорт саласын дамыту керек деп айтамыз. Спорт денені ширықтырып, сергек жүргізумен қатар, денсаулықты сақтаудың кепілі болып саналады. Судьялардың республикалық спартакиадасын ұйымдастыру, өткізу ережесінде спартакиадаға облыстық соттар төрағалары, алқа төрағалары міндетті түрде қатысуы керектігі анық жазылған. Спорт додаларына тек судьялар ғана ойын көрсетуге жіберіледі. Бұл кейінгі лек жастарға үлгі болады. Биыл да жалғасатын спартакиада әуелгі кезекте Оңтүстік аймақ бойынша 20-23 маусымда Тараз қаласында өтеді. Сол жарыстарда жүлделі орынды жеңіп алған командалар республикалық Судьялар спартакиадасында шеберліктерін көрсетуге жолдама алады. Дәстүрлі додаға судьяларымыз дайындықты бастап кетті.

– Қатыгездік бүгінгі қоғамның бір дертіне айналды. Оған тосқауыл қоятын сот қана. Сондықтан өзгелерге ой тастау үшін шулы қылмыстық істерді қараудағы тәжірибемен бөліссеңіз.

– Таяуда екі адам студент қызды аса қатыгездікпен өлтіргені үшін сотталды. Тарқатып айтсам, «алдын ала сөз байласып, пайда табу үшін аса қатыгездікпен қасақана кісі өлтірді» деген айыпталушылар Қ. және С.-ға қатысты қылмыстық іс Қылмыс­ тық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5, 7, 8-тармақтары бойынша қаралып, қылмыскерлер ұзақ мерзімге темір торға қамалды. Оқиға былай болған; ағымдағы жылдың алтыншы нау­рызында сотталушылар жәбірленушімен ортақ танысы арқылы танысып, ортақ танысының өтінішімен жәбірленушіні уақытша пәтерге орналастыруға келісіп, осы мақсатта Алматы қаласынан пәтер жалға алынады. Екінші күні қаражатының бітуіне байланысты жалдау ақысын одан әрі төлеу үшін, сотталушы Қ. жәбірленушіге тиесілі «iPhone 13 Pro» маркалы смартфонды комиссиялық дүкенге өткізіп, кейінірек оны қайта сатып алуға уәде беріп, көндірген. Түскен қаражатты жұмсағаннан кейін сотталушылар жәбірленушіні банктер мен микроқаржы ұйымдарында жалпы сомасы 435 мың теңгеге ақшалай қарыздарды ресімдеуге көндірген. 12 наурызда сотталушылар теріс ойларын іске асыру үшін жәбірленушіге ескертпей «iPhone 13 Pro» маркалы смартфонды кепіл ретінде уақытша өткізген комиссиялық дүкенге екеуі ғана барып, аталған смартфонды қайта сатып алып, 240 мың теңгеге сатқан. Түскен қаражатты сотталушылар өз мақсаттарына пайдаланған. Жәбірленушінің смартфонды қайта сатып алу туралы талаптарынан кейін сотталушылардың ниеті бұзылып, смартфонды қайтармау және несие бойынша қарыздарды өтемеу үшін жәбірленушіні өлтіруді ойластырады. Осы мақсатта, 15 наурызда түнделетіп жәбірленушіні үйіне апарып-келуді сылтауратып жолға шығады. Сағат 02:00 шамасында Қонаев – Қазақстан автожолының 36-шақырымына жеткенде күрежолдан бұрылып, тасадағы ашық учаскеге тоқтап, жәбірленушіні кезек-кезек сақамен ұрып-соғып, денесіне бензин құйып өртеп, оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленуші сол жерде қайтыс болған. Дәлелдемелер бойынша сотталушылардың кінәсі іс материалдарында куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен толық дәлелденген.

Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен Қ. және С. өздеріне тағылған айыпты толық мойындап, кінәлі деп танылып, әрқайсысына 17 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді.

– Бүгінгі заңнама бойынша берілетін жаза жемқорлықпен бюджет қаражатын талан-таражға салған адамдардың жауап­тылығын арттыруға пәрменді ме?

– Қазақстан заңнамаларында белгіленген жаза әрбір қылмыстың сипатына қарай жеке-дара тағайындалады. Абыройы мен болашағын ойлаған адам жазаның көмегінсіз-ақ ала жіпті аттамауы керек. Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы ашық сот мәжілісінде дыбыстық бейнежазбаны қолдана отырып, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адам бола тұра өзінің қызмет бабын ұштастыра отырып, өзіне сеніп тапсырылған аса ірі мөлшерде бөтен мүлікті талан-таражға салып, жымқырғаны үшін кінәлі болып танылған Т-ның қылмыстық ісіне қатысты Балқаш аудандық соты шығарған үкімге аталған аудан прокурорының апелляциялықөтінішхатынқарады. Алматы облыстық сотының алқасы іс материалдарын зерделеп, зерттей келе сот үкімі шығарған кезде бірінші сатыдағы сот сотталушының жасаған заңсыз әрекеттеріне шынайы өкінуі, оның мүгедектігі, онкологиялық ауруы, оң сипаттамалары, келтірілген мүліктік залалды толық өтеуі, сондай-ақ жәбірленуші тараптың қатаң жаза тағайындауды талап етпейтіні туралы арызбен жүгінгені секілді мән-жайларды ескере отырып, қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілік дәрежесін едәуір азайтатыны, төмендететіні дұрыс танылған деген қорытындыға келді. Сондықтан ҚК-нің 55-бабының 4-тармағын қолданып, қылмыстық құқық бұзушылық сараланған Қылмыстық кодекс санкциясында көрсетілмеген жазаның неғұрлым жеңіл түрін, бас бостандығын шектеуді тағайындауға негіздер бар деп алқа тұжырым жасады. Осылайша ҚК-нің 189-бабы, 4-бөлі- гі 2-тармақшасы бойынша 7 жылға бас бостандығын шектеу түрінде сотталушы Т-ға Балқаш аудандық соты кескен үкім өзгеріссіз, ал прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылды. Қаулы заңды күшіне енді.

– Сот арқылы құқықтарын қорғатып, заңнамаға сәйкес мемлекеттен тұрғын үй алған көп балалы ананың алғысын ағытқанын да елден естіп жүрміз.

– Қонаев қаласының 46 жастағы тұрғыны, алты баланың анасы (некеде тіркелген) 2015 жылдың ақпан айында «Күміс алқа» атағын алған. Ал елімізде көп балалы отбасыға көп балалы аналардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуына мүмкіндік берілген. Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жүгінген ана тұрғын үйкезегінде тұрғанымен, кезектен ысырылып қалғанын айтқан еді. 2021 жылдың жазында қалалық мемлекеттік тұрғын үй қоры арқылы көппәтерлі тұрғын үйден баспанаға мұқтаж жандарға 85 пәтер үлестіріліп, оның 17-сі «көп балалы отбасы» санатындағыларға берілген. Алайда, тұрғын үй комиссиясы № 17 кезекте тұрған (2021 жылғы тамыздағы жағдай бойынша) «Күміс алқа» иегері, 6 баланың анасына тұрғын үй беруден бас тартқан. Себебі, оның жеке меншігінде пәтері болған. Пәтерді Қонаев қаласынан күйеуі екеуі 2021 жылы несиеге «Отбасы банкі» кепілімен сатып алған екен. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның «Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру нормасы» атты 75-бабы, 1-тармағында«Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй әр адамға кемiнде он бес шаршы метр және көп дегенде он сегiз шаршы метр пайдалы алаң, бiрақ кемiнде бiр бөлмелi пәтер мөлшерiнде немесе жатақханадан бөлме берiледi» деп нақтыланған. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің анықтамасы бойынша: талап қоюшы несиеге сатып алған 66 ш.м. пәтерде 8 адам тұратындықтан, санитарлық нормаларға сәйкес келмейді. Қонаев қалалық сотының сот отырысында визуалды тексеру кезінде «санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қорытындысы дұрыс, талап қоюшының отбасына тұрмыстық жағдайын жақсарту қажет» деген қорытындыға келген. Талап қоюшының отбасы мүшелерінің ешқайсысында жоғарыда көрсетілген пәтерден басқа баспанасы жоқ екені де анықталған. Осы деректерді және «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 73-бабы, 3-тармағының осы санаттағы кезекте тұрған адамдар тұрғын үй алғанға дейін одан шығаруға жатпайтыны туралы нормасын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылды. Сот Қонаев қаласы әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясын – мемлекеттік тұрғын үй қорынан 6 баланың анасына баспана беру мәселесін қайта қарауды міндеттеді. ӘРПК 171-бабы, 2-тармағына сәйкес жауапкер сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде сот шешімін орындауға және бұл туралы сотты хабардар етуге міндетті.

– Салиқалы сұхбатыңызға рақмет!

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Заң газеті»

Қонаев қаласы, Алматы облысы

ЖОЛЫМДЫ АШҚАН ТІЛЕУҚОР АҒАМ ЕДІ…

Заң саласының ардагері ДОСАНОВ Қазыкен Аманбайұлының қайтқанына жыл толуына...

КІТАП ҚҰНДЫЛЫҒЫ БИІКТЕЙ БЕРЕДІ

Биыл алғаш рет Ұлттық кітап күні аталып өтуде. 23...

Алматыда кафе қонағы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ұсталды (+ВИДЕО)

Алматыда қоғамдық тәртіпті бұзған азамат әкімшілік жазаға тартылды, деп...

В учреждении №79 организовано мероприятие, приуроченное к Международному дню книг

23 апреля 2025 года в учреждении №79 Департамента уголовно-исполнительной...

№79 мекемесінде қауіпті аурудың қаупі түсіндірілді

ЖИТС (СПИД) – жұқтырған қорғаныш тапшылығының белгісі. Қорғаныш жүйесі...