12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Жаңа Конституциядағы Миранда ережесі: азамат құқығын қорғаудың жаңа кепілі

Елімізде  жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар елдің құқықтық жүйесін жаңғыртудағы маңызды кезеңге айналды. Жаңа Конституция қылмыстық құқық саласына тікелей өзгерістер енгізілмесе де, қылмыстық саясаттың бағытын түбегейлі өзгертетін бірқатар маңызды қағидаттарды бекітті. Бұл өзгерістер ең алдымен адам құқықтарын қорғауды күшейтуге және әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге бағытталған.Жаңа Ата заңдағы ең маңызды жаңалықтардың бірі-өлім жазасына түпкілікті тыйым салынуы. Бұл шешім адам өмірін ең жоғары құндылық ретінде танитын гуманистік ұстанымды айқын көрсетеді. Қазақстан осылайша халықаралық адам құқықтары стандарттарына толық сай келетінін дәлелдеді. Сонымен қатар, Конституцияда адамның қадір-қасиеті мен өмір сүру құқығының мызғымастығы нақты бекітілді. Азаптауға, қатыгез немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттерге ешқандай жағдайда жол берілмейтіні атап көрсетілді. Бұл құқық қорғау органдарының қызметіне қатаң талап қойып, тергеу барысында заңсыздыққа жол бермеуге бағытталған.

    Маңызды өзгерістердің қатарында кінәсіздік презумпциясының күшейтілуі де бар. Әрбір азаматтың кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденбейінше, ол кінәсіз деп есептеледі. Заңсыз жолмен алынған дәлелдемелерді пайдалануға тыйым салу әділ сот қағидатын нығайта түсті.Сондай-ақ, адвокатураның рөлі артып, азаматтардың кәсіби заң көмегіне қол жеткізу мүмкіндігі кеңейді. Бұл қылмыстық процестегі тараптардың теңдігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

     Айрықша атап өтерлік жаңалық  азаматтар өз құқықтары мен бостандықтарын шектейтін қылмыстық заң нормаларының Конституцияға сәйкестігін тікелей осы сотта даулауға мүмкіндік алды. Бұл қылмыстық заңнаманы жетілдірудің тиімді тетігіне айналмақ.

    Қазақстанның Жаңа Конституциясы қылмыстық процесте адам құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған бірқатар маңызды жаңалықтарды енгізді. Солардың ішінде ерекше мәнге ие норма — Миранда ережесінің конституциялық деңгейде бекітілуі. Бұл өзгеріс азаматтардың құқықтық қорғалуын арттырып, құқық қорғау органдарының қызметіне жаңа талаптар қойды.

      Миранда ережесінің мәні — ұсталған немесе күдікті деп танылған әрбір адамға оның құқықтары дереу әрі түсінікті түрде түсіндірілетіндігі. Жаңа Конституцияға сәйкес, адам ұсталған сәттен бастап:

          Өзіне тағылған күдік туралы білуге;

           Өзіне қарсы куәлік бермеуге;

           Адвокаттың көмегін пайдалануға;

Үнсіз қалуға толық құқылы.

        Ең бастысы — бұл құқықтар азаматқа оның мәртебесі ресми бекітілмей тұрып-ақ, яғни алғашқы байланыс кезінде-ақ хабарлануы тиіс. Егер бұл талап сақталмаса, алынған түсініктемелер мен айғақтар заңсыз дәлелдеме ретінде танылуы мүмкін.

Жаңа Конституцияда бекітілген Миранда ережесі қылмыстық процестегі психологиялық қысымға, заңсыз мойындатуға және тергеу кезіндегі асыра сілтеушілікке тосқауыл қоюды көздейді. Бұрын азаматтар өз құқықтарын білмегендіктен немесе дер кезінде адвокат шақыру мүмкіндігі болмағандықтан, заң алдында әлсіз жағдайда қалатын. Енді бұл тәжірибеге конституциялық деңгейде шектеу қойылды.

       Бұл норма кінәсіздік презумпциясын нақтылай түседі. Яғни адам өзіне қарсы куәлік беруге міндетті емес, ал үнсіздігі оның кінәсін мойындау ретінде бағаланбайды. Бұл – құқықтық мемлекетке тән маңызды қағидат.

          Миранда ережесінің Конституцияға енгізілуі Қазақстанның қылмыстық саясатының жазалаушы модельден құқыққорғаушы, гуманистік модельге бет бұрғанын көрсетеді. Сонымен қатар, бұл өзгеріс халықаралық адам құқықтары стандарттарына толық сай келеді.

         Қорыта айтқанда, Жаңа Конституциядағы Миранда ережесі — азаматтың мемлекетпен қарым-қатынасындағы теңсіздікті азайтып, әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды құқықтық кепіл. Бұл норма әрбір қазақстандықтың өз құқығын білуіне және оны қорғауына нақты мүмкіндік береді.

                                                   Атаханова Гульзагира Махатовна – әЛ-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының профессоры

Жемқорлық қоғам дерті

Қазіргі кезде жемқорлыққа қарсы күрес - қоғамдағы өзекті мәселе....

Жамбыл облысы Меркі ауданында “Қауіпсіз аула” жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді

“Заң мен тәртіп” тұжырымдамасы аясында Жамбыл облысы Меркі ауданының...

На страже порядка – беспилотники

Современный город – это сложный организм, требующий для своей...

В центре реформы – человек

КОМИССИЯ ПО КОНСТИТУЦИОННОЙ РЕФОРМЕ ПРЕДСТАВИЛА ПРОЕКТ НОВОЙ КОНСТИТУЦИИ, НАПРАВЛЕННЫЙ НА УКРЕПЛЕНИЕ ПРАВ И СВОБОД ГРАЖДАН И ПЕРЕРАСПРЕДЕЛЕНИЕ ПОЛНОМОЧИЙ МЕЖДУ ВЕТВЯМИ ВЛАСТИ.