«Жаңа Конституциядағы мемлекеттік тілдің маңыздылығы»

Мемлекеттік тіл – елдің ұлттық болмысын айқындайтын, халықты біріктіретін жәнемемлекеттіліктің маңызды нышандарының бірі. Қазақ тілі – халқымыздың ғасырлар бойықалыптасқан рухани мұрасы, тарихи жады мен мәдениетінің ажырамас бөлігі.

Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын басты құжат. Сондықтан Ата Заңда мемлекеттік тілдің мәртебесін бекіту оның қоғамдағы орны мен маңызын айқындайтын негізгі құқықтық кепілдіктердің бірі болып табылады.

Жаңа Конституцияда мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше мән берілуі – қазақ тілінің мемлекеттік басқару, қоғамдық өмір, білім беру, мәдениет және құқық салаларындағы қолданысын одан әрі дамытуға бағытталған маңызды қадам.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту тек заңнамалық нормалармен шектелмейді. Оның кеңінен қолданылуы әр азаматтың күнделікті өмірдегі жауапкершілігі мен тілге деген құрметінен басталады. Қазақ тілін білу және оны қоғамдық ортада қолдану – елдің болашағына қосылған үлес.

Әсіресе мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау, сот жүйесі өкілдерінің мемлекеттік тілді жетік меңгеруі маңызды. Себебі азаматтардың мемлекеттік органдармен қарым-қатынасы, өтініштер мен құжаттардың қаралуы, құқықтық ақпараттың халыққа түсінікті жеткізілуі тілдік қолжетімділікпен тікелей байланысты.

Сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылуы – әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі. Сот актілерінің, құқықтық түсіндірмелердің және азаматтарға берілетін ақпараттың мемлекеттік тілде қолжетімді болуы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал етеді.

Жаңа Конституция мемлекеттік тілдің мәртебесін одан әрі нығайтуға құқықтық негіз қалыптастырып қана қоймай, оны қоғамдық өмірдің барлық саласында дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді.

Мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы сөз болғанда, көбіне заңнамалық өзгерістер мен ресми нормалар алға шығады.

Әрине, бұл – мемлекет үшін маңызды қадам. Конституцияда тілдің орны айқындалуы оның құқықтық негізін күшейтеді. Бірақ кез келген құқықтық норма өзінің шынайы мәнін қоғам өмірінде тапқанда ғана толық жүзеге асады. 

Бұл мәселені сот тәжірибесінен анық байқауға болады. Сотқа жүгінген азамат үшін ең маңыздысы – оның өтінішінің қай тілде қабылданатыны ғана емес, өз ойын сол тілде еркін жеткізіп, қабылданған шешімнің мазмұнын толық түсінуі.

Бүгінде сот жүйесінде азаматтың тіл таңдауына мүмкіндік беретін тетіктер қалыптасқан. Сондықтан бұл саладағы басты міндет енді мүмкіндік жасаумен қатар, сол мүмкіндікті сапалы мазмұнмен толықтыруға келіп тіреледі. 

Осы тұста құқықтық құжаттардың тіліне ерекше тоқталған жөн. 

Қазақ тіліндегі кейбір ресми мәтіндерді оқығанда олардың қазақша ойлау жүйесінен емес, басқа тілдегі дайын үлгіден туғаны бірден аңғарылады. Сөздер аударылғанымен, ойдың табиғаты аударылмай қалғандай әсер қалдырады. 

Мұндай мәтін заң талаптарын орындаған болып көрінгенімен, қарапайым азамат үшін түсініксіз күйінде қалады. 

Ал түсініксіз тіл қолданысты кеңейтпейді. Керісінше, адамға таныс әрі жеңіл нұсқаға қайта жүгінуге мәжбүр етеді. 

Сондықтан мемлекеттік тілдің беделін арттыру ең алдымен оның сапасына байланысты.

Құжатты қазақша жазу жеткіліксіз, оның мазмұны да қазақ тілінде табиғи, нақты әрі кәсіби қалыпта берілуі керек.

Бұл жерде жауапкершілік тек мемлекеттік органдарға жүктелмеуге тиіс.

Тілдің болашағын қалыптастыратын маңызды фактордың бірі – қоғамның өз талабы. 

Азамат қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етсе, мекеме оған сәйкес жұмыс істеуге бейімделеді. Қызмет алушының таңдауы көбейген сайын, сол сұранысты қамтамасыз ететін мамандарға деген қажеттілік те артады. 

Соңғы жылдары мұндай өзгерісті қоғамның өзінен байқауға болады. Қазақ тілінде білім алатын жастардың қатары көбейді. Ана тіліндегі музыкаға, киноға, шығармашылыққа деген қызығушылық та жаңа сипатқа ие болды. 

Бүгінгі жас буын қазақ тілін тек ұлттық құндылық ретінде ғана емес, өзінің күнделікті мәдени кеңістігінің бір бөлігі ретінде қабылдап келеді.

Мыңдаған көрерменді жинайтын қазақтілді шығармашылық жобалар – осы өзгерістің нақты көрінісі. Демек, тілдің дамуы тек мемлекеттік бағдарламалармен немесе ресми үндеулермен өлшенбейді. 

Оның қуаты қоғамдағы табиғи қолданысынан көрінеді.

Адам белгілі бір тілді қажет деп тапса, сол тіл өмір сүреді, дамиды және жаңа салаларға енеді. 

Тіл мәселесіне осы тұрғыдан қарасақ, оның мемлекеттілікпен байланысы да айқындала түседі. 

Ана тілі – халықтың тарихи жадын сақтайтын, ұлттық бірегейлігін орнықтыратын маңызды құндылық. 

Сондықтан мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі орнын күшейту – белгілі бір науқанның міндеті емес, ұзақ мерзімді мемлекеттік жауапкершілік.

Ендігі кезеңде қоғамдағы қалыптасып келе жатқан қазақ тіліне деген сұранысты құқықтық және институционалдық деңгейде нығайту қажет.

Заңдағы норма мен күнделікті тәжірибе бір-бірінен алшақ тұрмауы керек. 

Мемлекеттік тілдің мәртебесі құжаттарда ғана емес, азаматтың мемлекеттік мекемеге кірген сәтінен бастап сезілуі тиіс. 

Бұл үшін әрқайсымыздың үлесіміз бар.

Өз жұмысымызда қазақ тілін қолдану, сапалы қызметті талап ету, сауатты құжат жасауға мән беру – үлкен өзгерістердің бастауына айналады.

Мемлекеттік тілдің болашағы бір ғана заңға немесе бір ғана мекемеге байланысты емес. 

Ол – қоғамның күнделікті таңдауларынан қалыптасатын құндылық. Сондықтан бүгінгі міндет – қазақ тілін тек мәртебесі жоғары тіл емес, өмірдің барлық саласында қажет әрі табиғи қолданылатын тіл деңгейіне жеткізу.

Ақтөбе облысының мамандандырылған 

ауданаралық әкімшілік сотының судьясы 

С.Қ.Табанов

Медиация институтына 15 жыл: тарих және тағылым

«Медиация туралы» заң 2011 жылы 28 қаңтарда қабылданып, тамыз...

Соттағы жасанды интеллектті игеру бойынша ізденіс жалғасады 

Өркениет көшіне ілескен ел озық мемлекеттердің даму тәжірибесіне қарайды....

Мұрагерлік құқыққа қатысты даулар

         «Достар қиыншылықта, туыстар мұраны бөлуде белгілі болады» деген сөз...

Ақмолалық әскери тұтқындардың тағдыры: тарихтың көмескі беттері қайта сөйледі

Екінші дүниежүзілік соғыс туралы сөз қозғағанда, көбіне майдан даласында...

Сот процесіне қатысушылардың мәдениеті

«Заң және тәртіп» тұжырымдамасында ел азаматтарының құқықтық сауаттылығын арттыру...