Абай университетінің Сорбонна-Қазақстан институтында «Волонтерлікті дамытудың конституциялық негіздері. Оның құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы рөлі» атты ерікті жастар форумы өтті. Референдум қарсаңында өткен іс-шараны ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мен «Жақсылық акселераторы – Ізгілік Елшісі» ұлттық волонтерлік қозғалысы ұйымдастырды.

Ел ертеңіне бейжай қарамайтын волонтер жастар бас қосқан форум жұмысын Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректоры, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» республикалық жалпыұлттық коалиция мүшесі Болат Тілеп ашып, жаңа Конституция еріктілік пен волонтерлік қызметті тек әлеуметтік көмек көрсету ретінде ғана емес, мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілік пен азаматтық қоғамды қолдау қағидатының құрамдас бөлігі ретінде танып отырғанын жеткізді. Мәселен, жаңа Бас құжаттың 31-бабының екінші тармағына «…Қазақстан Республикасы әлеуметтік сақтандыруды, басқа әлеуметтік кепілдіктерді, еріктілік (волонтерлік) және қайырымдылық қызметті қолдайды» деген норма қосылған. Бұл норма еріктілік қызметтің Конституция деңгейінде ресми түрде танылғанын көрсетеді.
ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Игорь Рогов модератор міндетін атқарып, форум жұмысына ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев, Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев, Қазақстан криминология қауымдастығының президенті Өмірәлі Жалаири, «Акселератор добра – Izgilik Elshіsі» волонтерлік қозғалысының жетекшісі Айнұр Сабитова бастаған белгілі тұлғалар мен әр ЖОО-дан келген 200-ден астам ерікті-студент қатысты.
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев өз сөзінде Жаңа Конституциядағы фундаменталды адам құқықтарына жеке-жеке тоқтала келе:
– Жаңа Конституцияда алғаш рет еріктілер қызметіне мемлекеттік қолдау көрсету және оны ынталандыру нормалары конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл – сіздердің ортақ жетістіктеріңіз, құрметті еріктілер. Бұл жаңалық волонтерліктің жекелеген азаматтардың жеке бастамасы ғана емес, мемлекет мойындаған және қорғалатын конституциялық құндылық екенін айқындайды», – деді.
Форумның ашылуына арнайы бейнеқұттықтауын жолдаған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студент-еріктілердің азаматтық белсенділігі мен қоғамдық бастамаларға атсалысуының маңыздылығын атап өтті.
– «Izgilik Elshisi» ұлттық еріктілер қозғалысы «Жақсылық акселераторы» жобасының қатысушыларына ерекше ризамын. Сіздердің құқықтық-ағартушылық ынталарыңыз, сыбайлас жемқорлыққа қарсы және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарыңыздың қоғамдық мәні зор. Бұл форумның ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиямен бірлесіп өткізілуі мемлекет, білім беру ұйымдары және азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың нақты үлгісін көрсететіні сөзсіз, – деді министр Саясат Нұрбек.
Министр өз сөзінде еріктілер қозғалысы жауапкершілігі жоғары, өзара көмек пен заңдылық қағидаттарына негізделген жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізді. Сонымен қатар, волонтерлердің құқықтық-ағартушылық қызметі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және экологиялық мәдениетті дамыту бағытындағы жұмыстарының қоғамдық маңызына ерекше тоқталды.
Форум конституциялық реформа жағдайында еріктілерді қолдай отырып, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, азаматтық жауапкершілігін арттыру, заңдылық пен адалдық қағидаттарын орнықтыру мәселелерін тиімді талқылауға септігін тигізді. Сараптамалық сессия барысында конституциялық өзгерістердің мазмұны, азаматтық белсенділікті дамыту тетіктері, сондай-ақ студенттік волонтерлік жобалар таныстырылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы, әлеуметтік және экологиялық бағыттағы волонтерлік тәжірибелер кеңінен сараланды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық деңгейде волонтерлікті қолдау бастамасын көтеріп, оның Біріккен ұлттар ұйымының Бас ассамблеясының 75-сессиясында «Халықаралық еріктілер жылы» деп жариялау ұсынысы қолдау тапқан болатын. Осы бастама аясында ұйымдастырылған форум – волонтерлік қозғалыстың құқықтық және институционалдық негіздерін нығайтуға бағытталған маңызды іс-шара.

Форумның қорытындысында «Акселератор добра: Ізгілік Елшісі» қозғалысына жаңа мүшелерді салтанатты қабылдау рәсімі өтіп, белсенді еріктілерге алғыс хаттар табысталды.



