Ресми мәліметтер Қазақстанда қызметтің 92 пайызы электрондық форматта жүргізілетінін көрсетіп отыр. Бұл ретте, яғни, онлайн қызметтерді дамытуда еліміз БҰҰ рейтингінде 8-орында тұр. Мұны айтып отырғанымыз, заман талабына сай, сот жүйесіне де онлайн қызметтер кеңінен енгізілуде. Мысалы, электронды сот төрелігінің азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жедел әрі тиімді қорғауда, сонымен бірге, сот төрелігін неғұрлым қолжетімді және ашық етуде ықпалы зор.
Республикамыздың сот жүйесі өз қызметіне жасанды интеллектіні енгізуді бұдан алты жыл бұрын қолға алған болатын. Яғни, 2019 жылы жол картасы шеңберінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, «Сот шешімдерін іздеу және болжау жобасын» іске қосты. Бұдан әрі нақтыласақ, Қазақстан-Британ техникалық университетінің мамандары мен бизнес өкілдері, сот саласы қызметкерлері бірлесіп жасаған жоба нәтижесінде сот практикасын цифрлық талдайтын әрі сот істерінің нәтижесін болжайтын жасанды интеллект құралы GPT Chat қолданысқа кірді.
Еурокомиссияның (СЕПЕЖ) 2020-2022 жылдардағы соттардың IT-технологияларды қолдану туралы шолуында Қазақстан сот жүйесінде цифрландыруды дамыту, сондай-ақ, сот төрелігінің тиімділігін арттыру тұрғысынан 47 елдің ішінде 4-орыннан көрінді. Қазақстандықтар бүгінде сот ғимаратына келмей-ақ, сотқа жүгініп, өз құқықтары мен бостандықтарын қорғай алады. Қазіргі таңда сот ісін жеңілдету барысында озық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдалануға барынша көңіл бөлінуде.
Соның жарқын көрінісі ретінде жүйе жұмысына роботтардың енгізілгенін айтуға болады. Қазіргі кезде жасанды интеллект сот процестерінде тиімді қолданылып жатыр, компьютерлік бағдарламалар, яғни, роботтар істерді таңдап, оларды сотқа жіберу жұмыстарын орындайды.Мысалы, Қазақстанда 2 миллион істегі 655 мың материалдың роботты техниканы қолдану арқылы қаралғанын ақпарат көздері растайды. Егер робот қандай да бір техникалық қате жіберсе, судья оны түзете алады. Қабылданған шешім үшін жауапкершілік судьяға жүктеледі, сондықтан, бұл мәселеде конституциялық ережелер бұзылмайды. Есесіне, жасанды интеллекттің әлеуеті әділдік пен ашықтықты, қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазіргі міндет – еліміздегі ІТ-мамандардың, сарапшылардың, ғалымдардың басын қосып, олардың күш-жігерін тиімді пайдалану, халықаралық серіктестердің зор мүмкіндігін еліміздің кәдесіне жарату» деген болатын. Бүгінде бұл міндеттер біртіндеп орындалуда.
Жасанды интеллект ел азаматтарына өз талап-арыздарының қаралу барысын бақылау мүмкіндігін берді. Сотқа жүгінушілер осы арқылы уақыт пен материалдық ресурстарын тиімді пайдаланады.
Соттарды цифрландыру сот жүктемесін азайтып, судьялардың күрделі істерге жіті назар аударуына жағдай туғызуда. Сонымен қатар, цифрландыру жүйе жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігін арттырып, біркелкі сот практикасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Жасанды интеллектіні енгізу ІТ сервистер арқылы сот төрелігіне кедергісіз және ыңғайлы қолжетімділікті қамтамасыз ету, сот ісін жүргізуді автоматтандыру, озық әлемдік тәжірибені ескере отырып, үлкен деректермен жұмыс істеу, оның ішінде электрондық соттарды, қылмыстық істерді басқару жүйесін, сөйлеуді тану функциясын құру, оны мәтін форматына түрлендіру, жұмыс процестерін автоматтандыру мақсатын көздейді.
Ерлан Бимакаев,
Алматы қаласы Алмалы ауданының№2 аудандық соты әкімшісінің басшысы