Білікті әрі білімді заңгерлерді даярлау тәуелсіз Қазақстанда құқықтық мемлекетті дамытудың жолы мен мемлекеттік саясаттың басым бөлігінің бірі. Мемлекетімізде білім беру жүйесінде 2010 жылдан бері орын алып жатқан реформалар жоғары заңдық білім беру сапасының төмендеуіне әкеп соқтырды.
Қазіргі кезде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сапалы қорғауды қамтамасыз ету, құқық органдарындағы цифрландыру жағдайында заманауи талаптарға сәйкес келетін білікті заңгерлер тапшылығы байқалады. Өкінішке қарай Қазақстандағы жоғары заңгерлік білім беру саласы соңғы жылдары жиі сынға ұшырауда. Бұл мәселе Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің ұйымдастыруымен өткен құқықтық білім берудің сапасын арттыру және одан әрі дамыту мәселелеріне арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда талқыланды. Конференцияда айтылған әңгіме бұл саладағы біраз олқылықтарды зерделеумен қатар, оларды шешудің тиімді жолдарын да ұсынумен маңызды болды. Конференцияның ашылу барысында сөз сөйлеген комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров бүгінде тек «Құқық» бағыты бойынша кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындарының саны 59 екенін атап өтті. Бұл біздің халқымыздың санына шаққанда өте көп көрсеткіш. Германияда 84 миллион тұрғынға шаққанда шамамен 40 заңгерлік оқу орны бар екен. Соңғы 6 жылда Қазақстанда 106 мыңнан аса заңгер дайындалған. Өкінішке қарай, білім алушылардың деңгейі айтарлықтай төмен. 2023 жылы диплом алған 14 262 заңгердің 57 пайызы ғана жұмысқа орналасқан. Жоғары заңдық білім беру саласындағы мәселелерді сипаттай отырып, Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Марат Сексембаев академияның соңғы қабылдау науқаны кезінде жоғары оқу орындарының 552 түлегінің 329-ы әрең дегенде қанағаттанарлық баға алып, ал 98-і тіптен емтихан тапсыра алмағанын ерекше атап айтты. Көптеген жекеменшік жоғары оқу орындарының пайдасынан гөрі зияны басым. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған түлектер саны 366 адам, қалғандары ақылы түрде білім алғандар. Заңдық білім беру жүйесінің мұндай күй кешуіне әсер етіп отырған факторлар аз емес. Осы ретте Сот төрелігі академиясының ректоры Зәуреш Баймолдина білім сапасының төмендеуіне негізгі себеп – жоғары оқу орындарының ақылы бөлімінде оқитын студенттердің есебінен университеттер пайда табуды көздейтінін, студенттердің білімі мен дағдысына қойылатын талаптардың жете бағаланбайтынын, университеттердің үлгерімі нашар студенттерді оқудан шығармай, оқытушыны оған оң баға қоюға мәжбүрлеуін атап айтып, осылайша студенттің университет үшін ақша табу көзіне айналғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, Зәуреш Хамитқызы жоғары оқу орындарында тұрмыстық жемқорлықтың орын алғанына назар аудару қажеттігін көтерді. Атап айтқанда, студенттердің едәуір бөлігі білім алуды мақсат етудің орнына, жақсы баға алу амалдарын іздейді. Тағы да көкейкесті мәселелердің бірі – заң ғылымы мәртебесінің төмендеуі. Құқықтық білім сапасы мен заң ғылымының деңгейі өзара тәуелді категориялар. Ғылыми заң мектебінің болуы – құқық қолданудың түрлі салаларында табысты жұмыс істей алатын заңгерлерді сапалы дайындауда басты рөл атқарады. Алайда, ғалым-оқытушы үшін кеңестік кезеңде жасалған жағдайлар жойылып, тиісінше университет оқытушысы мен ғылыми қызметкердің беделі де жоғалды. Мәселен, ол кезде университет доцентінің жалақысы судьяның, прокурордың және басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің жалақысынан екі есе жоғары болатын. Қазіргі кезде керісінше. Және де атап өтетін жәйт: университет оқытушысының жалақысы мектептің біраз мұғалімдерінің жалақысынан аз болып отыр. Осы себептен дарынды жастар жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу жұмыстарына ұмтылмайды. Олар коммерциялық құрылымдарда немесе шет елдерде жұмыс істеуді жөн көреді, себебі ол жақта жалақы деңгейі анағұрлым жоғарылау. Тағы бір өзекті мәселе – мемлекеттік университеттердің жеткіліксіз қаржыландырылуы және университет оқытушылары жүргізетін ғылыми жобалар мен зерттеулерді қолдау шараларының жеткіліксіздігі. Көптеген мемлекеттік университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарында базалық инфрақұрылым жетіспейді. Бұл олардың жұмысын әлдеқайда қиындатады. Сонымен қатар мемлекеттік университеттерді қаржыландыру өлшемдері біркелкі емес. Мемлекеттік университеттердің көпшілігі қазіргі уақытта тек қызметкерлердің жалақысын және коммуналдық қызметтерді төлеу үшін ғана қаржыландырылады. Зәуреш Хамитқызы мәселелерді шешу жолдарын да ұсынды. Соның бірі – заңгерлік білім саласын мемлекеттік қолдау. Ол мемлекеттік университеттерде жұмыс істейтін ғалымдардың, оның ішінде жас ғалымдардың ғылыми, білім беру және инновациялық қызметін ынталандыру қажеттігіне назар аудартты. Оның айтуынша, осы шараның аясында ғалым-оқытушыларды тағылымдамадан өткізу, біліктілігін арттыру және шет елдерге ғылыми сапарларға жіберу, халықаралық ғылыми-тәжірибелік іс-шараларға қатыстыру, әлеуметтік жеңілдіктер беру және тағы басқа мәселелер шешілуі керек. Бұл мемлекеттік жоғары оқу орындарына бюджеттен тиісті қаражат бөлуді, заңнамалық актілер деңгейінде ынталандыру шараларын белгілеуді, яғни егемен Қазақстан жылдарында алынып тасталған жеңілдіктерді қайтаруды қажет етеді. Осы мәселелердің оңынан шешілуі мамандардың қартаюы, жас таланттардың сыртқа кетуі, университеттердегі ұрпақтар сабақтастығы жойылуының алдын алып, кадр даярлауды жақсартуға, жоғары оқу орындарында ғылыми заң мектептерін қалыптастыруға оң ықпал етеді.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»