Соңғы жылдары сотқа заңдық маңызы бар фактілерді айқындауды сұрап жүгінетіндер саны көбейген. Мұндай жағдайдың орын алуына түрткі болатын себеп сан түрлі.
Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істердің орын алуына көбіне-көп құзырлы органдар тарапынан жіберілетін қателіктер ықпалын тигізеді. «Кадр бәрін шешеді» демекші, әр салада еңбек етіп жүрген қызметкерлердің бәрі жауапты, сауатты, білікті дей алмаймыз. Кейде осындай өз жұмысына атүсті қарайтын қызметкерлердің шалағайлығы талай адамдың сот табалдырығын тоздыруына түрткі болады.
Айталық азаматтарға құқық белгілейтін құжаттарды беру кезінде мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің деректі дұрыс жазбауы, жазбаны құжатқа түсіруді ұмытып кетуі, қателікке орын беруі мүмкін. Тіпті кейбір мекемелерде анықтамалар ғана, емес, тұстастай құжаттардың жоғалып кететін кездері болады. Мұндай немкеттіліктен ең алдымен қарапайым азаматтар зардап шегеді. Олар өзінің жұмыс істегенін, немесе құжат алғанын, белгілі бір нәтижеге жеткенін дәлелдей алмаған кезде амалсыздан заңдық маңызы бар фактілерді анықтау үшін сотқа жүгінеді.
Жалпы мұндай жағдайларда соттың шешімінсіз заңдық маңызы бар фактіні басқа құзырлы органдардың анықтауға, жазуға, түзетуге құқығы жоқ. Бұл фактілер тексеріліп, тиісті дәлелдемелермен расталуға тиіс. Заңдық маңызы бар фактілер азаматтық, қылмыстық, әкімшілік және өзге де құқық салаларында кездеседі. Мысалы, адамның тууы, некеге тұруы, мұрагерлікті қабылдауы немесе мүліктік құқықтарды иеленуі – бәрі де заңдық фактілерге жатады.
Соның ішінде заңдық маңызы бар фактілерді сұрап сотқа жүгінетіндер ішінде зейнетке шығуға дайындалып жүрген жандар жиі кездеседі. Себебі, зейнетке шығар кезде азаматтар өзінің еңбек өтілін, жұмысы тәжірибесін көрсету арқылы зейнетақысына үстеме қоса алады. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көптеген мекемелер тарап, жұмысын тоқтатты. Кейбір мекемелердің құжаттары сақталған архивтер жанып, жойылып кетті. Кейбірінде құжаттарды архивте ұстау талаптары сақталмағандықтан, анықтамалардың тозып, жыртылып, дәлел ретінде ұсынуға жарамай қалды. Еңбек кітапшасын жоғалтқан, еңбек жолында өзі қызмет еткен мекемелер тарап кеткен азаматтарға жұмыс өтілін нақтылау шын мәнінде қиындық келтірді. Тығырыққа тірелген азаматтар ақыры заңдық маңызы бар фактіні сот арқылы реттеуге күш салды.
Заңдық фактіні растайтын дәлелдер қатарына ресми құжаттар (туу туралы куәлік, неке қию туралы куәлік, жылжымайтын мүлікке меншік құқығы туралы құжаттар), келісім-шарттар және басқа да жазбаша дәлелдемелер; куәлардың айғақтары (мысалы, еңбек қатынастарында еңбек өтілін дәлелдеу үшін); сараптамалық қорытындылар (мысалы, медициналық немесе криминалистикалық сараптамалар); фотосуреттер, бейнежазбалар, аудиожазбалар кіреді. Сот осы дәлелдер мен деректерге сүйене отырып, заңдық маңызы бар фактіні бекітеді.
Осы ретте азаматтар сотқа жүгініп, заңдық маңызы бар фактіні анықтау мақсатында әуреге түспеуі үшін құжаттарға селқос қарамағаны, анықтамаларды дұрыс сақтап, өзіне қажетті ақпараттарды ұқыпты жинай білгені жөн.
Гульжан Имансерикова,
Алматы қаласы
Әуезов аудандық №2 сотының судьясы