Елімізде еңбек дауларын реттеудің заңдық алғышарты жасалған. Мұндай даулардың көпшілігі заңды дұрыс білмегеннен, өз құқығына салғырт қараудан орын алып жатады. Ал бас құжатымыз Конституцияның 24-бабында: «Әркімнің еңбек бостандығына, қызмет түрі мен кәсібін еркін таңдауға құқығы бар» делінген. Сонымен бірге, азаматтарды жасына, жынысына, тіліне, дініне байланысты кемсітуге ешкімнің құқығы жоқ. Жұмыс барысында қандай да бір теперіш көріп, заңсыздыққа тап болған азаматтардың өз құқығын сот арқылы қорғауға толық мүмкіндігі бар.
Еңбек дауына түрткі болатын себеп көп. Ол көбінесе қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек туралы заңнаманы қолдану, еңбек шартының талаптарын орындау мәселелері бойынша келіспеушіліктен туындайды. Мұндай дауларды заңдық тұрғыдан шешудің тетігі Еңбек кодексінде көрсетілген. Еңбек кодексінің қабылдануы еңбек дауларын шешу тәртібін айтарлықтай өзгертті. Соның ішінде азаматтар еңбек даулары алдымен келісу комиссиясында қаралып, мұнда шешімін таппаған жағдайда ғана сот алаңында таразы басына салынатынын түсінді.
Келісім комиссиясы үлкен еңбек ұжымдарында қалыптасқан. Ал келісім комиссиясы жоқ ұйымдарда комиссия тепе-тең негізде жұмыс беруші мен қызметкерлер өкілдерінің тең санынан құрылады. Комиссия түскен өтінішті қарап, дауды бейбіт шешуге күш салады. Дау қаралғаннан кейін келісу комиссиясы үш күн ішінде екі тарапқа да шешімнің көшірмесін беруге тиіс. Комиссия шешімі белгіленген мерзімде орындалуға тиіс. Жалпы ұжым ішіндегі мәселенің дер кезінде, дұрыс шешілуі еңбек өнімділігін сақтауға, сонымен бірге, жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы сыйластықты нығайтуға ықпал етеді. Кез келген дау өтініш берушінің не оның уәкілетті өкілінің қатысуымен 15 жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс. Келісу комиссиясы дауды осы мерзім ішінде реттемесе, іс сот алаңында шешіледі.
Істерді сот тәртібімен қарау жұмысшылардың ғана емес, жұмыс берушілердің де бұзылған құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіруге негізделеді.
Қазіргі кезде еңбек дауларын сот тәртібімен шешу сирек кездеседі. Себебі, барлық еңбек шиеленістері еңбек дауына дейін жете бермейді, кей жағдайда тараптар сотқа жүгінбестен келіспеушілікті бейбіт жолмен шешіп жатады. Бұл тараптардың еңбек қатынастары бойынша туындаған дауларды өзара келісе отырып шешулеріне мүмкіндік береді. Көбінесе мұндай дауларға жұмыс берушінің Еңбек кодексінің нормаларын бұзуы, қызметкерді еңбек келісімшартынсыз жұмысқа алуы түрткі болып жатады. Соның салдарынан талапкердің жұмыс істегенін анықтау қиындық тудырады. Еңбек келісімшартынсыз жұмыста көтерілу, жалақыны көбейту, қауіпсіздік үшін үстемақы сұрау, үстеме жұмыс үшін ақы талап ету мүмкін емес. Сондықтан, жұмысқа кірерде міндетті түрде келісімшарттың дұрыс түзілуін қадағалау керек. Бұл құжатқа немкетті қарау – өз құқығыңа немкетті қараумен тең. Оның үстіне, жұмыс берушінің кінəсінен еңбек шарты болмаған немесе тиісті үлгіде ресімделмеген жағдайда, бұл Қазақстан Республикасы заңдарында белгіленген тəртіппен жауаптылыққа алып келеді.
С.Н.Баймакулова,
Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы