Сот саласындағы аса қадірлі әріптесімнің бірі, мәртебелі заңгер Нұрсерік Кәрімұлы Шәріповтің біздің ортамыздағы жолы да, жөні де бөлек.
Нұрекеңнің атқарып жүрген кесек-кесек, қомақты істері, қарқынды аяқ алысы, қажыр-қайраты, тау қопарар тегеуріні мен жалындаған жігері таңдай қақтырмай қоймайды. Елдік істерді еңсеріп жүрген арда азамат та алпысты алқымдап қалған екен. Нұрсерік Кəрімұлындай ардақты азамат уақыт сынағына төтеп беріп қана қоймапты, замана талабына сай қызмет атқарыпты; қоғамның зілбатпан ауыр жүгін де белі қайыспай арқалапты. Қалай болған күнде де кім қалай сараптайды, бағалайды, өзі біледі, ал біздіңше, Нұрекең уақыт сыны мен замана сынақтарынан абыроймен өте білген, нардың жүгін мойнына артып алып, көтеріп жүре алған марғасқа азамат. Бұл міндет жүгінің қаншалықты ауыр салмақ екенін, басқа басқа, заң мен сот саласындағы əріптестер жақсы біледі. Осы сіз бен біз ауасын жұтып отырған, бақыты мен қуанышын бірге татқан, азабы мен қиындығына төзе білген, кең байтақ дала – шалқар кеңістіктегі мұрат-мүдделеріміз ортақ болатын болса, бір ақиқаттың алдында басымызды иеміз: ол – еліміз бен мемлекетіміздің алдында баршамыздың жауапты əрі борышты екеніміз, міндетті түрде өтелуге тиіс парызымыз бен қарызымыздың бар екені.
Сол, сіз бен біз құрмет тұтатын ардақты алаш баласы – қасиетті қалың қауым бар, қаншама сыйлас орта бар; əріптес ағаінілер, апа-қарындастарымыз бар, солармен мұрат-мүддеміз ортақ болғанымен, мойындауымыз жəне салмақтай білуіміз керек деп ойлаймын, əркімнің өмірден алар еншісі де, татар сыбағасы да бөлек болады екен. Сонымен бірге, түсер табан жолы да бөлек екен, өзінің қалыптастыратын сонар-соқпағы, өзіне ғана тəн бағыты мен бағдары бар екен. Осыны мен Нұрсерік Кəрімұлының еңбек жолдарынан жақсы аңғардым. Жəне ол жай ғана, əшейін қоңыртөбел байқалатын, елеусіз, сүреңсіз, самарқау, сылбыр кешіп өткен, мағынасыз жолдар емес, үнемі үздіксіз өсу үстіндегі, биік мақсатты, дүбірлі, тамаша табыстарға, ізденіс терге толы, мерейлі шаттық, қуаныш сыйлаған жылдарға толы жолдар екен! Осы арада Нұрсерік Кəрімұлының азаматтық келбетін аша түсу үшін өмір жолындағы бір қызықты фактіге назар аударғым келеді. Нұрекең өзінің балалық шағы Павлодар облысы, Ертіс ауданында өткенін, өзі қазақы ортада өскенімен, қазақша мектеп болмай орыс мектебінде оқығандығын, соған орай, балалық шағы орыс, украин, шешен, грек балаларымен тай құлындай тебісіп өткендігі туралы əңгімелейді. Бір жақсысы, осы фактор, біздің ойымызша, Нұрсерік Кəрімұлының өмір жолында маңызды рөл атқарған. Оның көпшіл болуы, кез келген ортаға сіңіп кетуі, республиканың əлеуметтік хал-ахуалын тамыршыдай сезініп, біліп отыруы қызмет жолына көп септігін тигізіп отырғанын əділдік үшін айтуға тиіспіз. Сондықтан, оған қазақша оқымай, орысша оқыған деп айып тағуымыз орынсыз. Өйткені ол қандай ортада тəрбиеленіп өссін, өз отанының патриоты болып қалды. Өзінің ұлты мен тарихын, салты мен дəстүрін қадірлеп, туған тілін құрметтеуі, өзінің өзгелер үшін қолайсыз, тиімсіз ортадағы тəрбиесін, керісінше, пайдалы бағытқа жарата білуі оның бөлек қалпын, ұшқыр ойын танытатын сияқты. Үнемі биік талапты мүдделермен көзге түскен Нұрекең өзгелерге озық үлгі-өнеге көрсетіп, соған орай, қызмет дəрежесі де ғарыштық жылдамдықпен сатылап өсіп, биіктеп отырыпты. Əріптесіміз сонау 1988 жылы, өзімізбен қатарласа, қанаттаса оқу бітірген. Айырмашылығы – мен Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде оқысам, ол еліміздің ең ірі оқу ордасы – ҚазГУ-ды бітірген. Əрине, Нұрекең екеуміздің өмір жолымыз бен қызметіміз əртүрлі бағытта қалыптасты, дегенмен, жолымыз түйісіп қалатын ұқсастықтар жоқ емес. Мысалы, Нұрсерік Кəрімұлы да облыстық сот төрағалығы қызметтерін атқарды, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы болды, осы жолдардан өзім де өткендіктен, Нұрекеңді мүдделес əріптесім, жақын пікірлесім деп санаймын. Нұрекең еңбек жолын өзі оқыған оқу ордасынан, комсомол хатшылығынан бастап, 2022 жылы Жоғарғы Соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы дəрежесіне дейінгі мəртебелі, мазмұнды да мағыналы белесті жолдан өткен. Əрине, арасында қаншама абыройлы қызметтер атқарған. Өз басым, оның талай азаматтық, адамдық істеріне сан мəрте куə болғанымды айтуға тиіспін. Жоғарыда жолымыздағы ұқсастықтар туралы айттым ғой, сондай-ақ жолымыздың түйіскен тұсы да аз болмапты. Мен Маңғыстау облыстық сотының төрағалығына қызметке барғанда, сол арада құшағын жая қарсы алған Нұрсерік Кəрімұлы болатын. Өзіне сенімді, мығым денелі, ақжарқын азамат көзіме оттай басылып, бірден жылыұшырап еді. Содан бері екеуміздің арамызда үлкен сыйластық, рухани жақындық орнады десем артық айтпаспын. Ол қай жерде жүрсе де өзін тек қана озық қырынан таныта білді, іскер ұйымдастырушы, білікті заңгер екенін дəлелдеді. Тағы бір аңдағаным, ерінбейтін еңбекқорлығы. Мысалы, Оңтүстік Қазақстанға қызметке келгенде, осында аяқсыз қалған сот ғимаратын қолына алып, тез арада бітіртті, Қарағандыға қызметке барғанда да тура осындай жағдай болды, сол жерде де өзінің іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін танытып еді. Нұрсерік Кəрімұлының жақсы қыры – менің міндетім, сенің міндетің деп, еншісін бөлек көрмейді. Ортақ міндет санап, кірісіп кетеді, заң мен сот істерін ортақ мүдделерден ажыратып қарамауға тырысып жүреді. Сөз соңында, Нұрсерік Кəрімұлындай асқаралы алпысына толып отырған əріптесіме зор денсаулық, отбасылық бақыт, еңбегінің жемісті болуына игі тілегімді білдіремін. Əлі талай биікке жетіп, халқы мен əріптестерінің, отбасының алдында абырой биігінен көріне беріңіз. Мына бір жүрекжарды өлең жолдарын əрі əріптес, əрі дос, жолдас ретінде алпыс жылдық мерейтойыңызға шашу етіп ұсынғым келеді:
АТА ЖОЛЫ – АМАНАТ!
Нұреке, құтты болсын алпысың,
Алпыс деген өміріңнің тал түсі.
Нұрсерікке күннің нұры құйылсын,
Елең қылма, бұл өмірдің тартысын.
Өзің жансың, ысылған заң жолында,
Ұстай білген заңның ісін қолында.
Орындала берсін тілек аңсаған –
не мақсат бар, не арман бар ойыңда.
Əбден пісіп, келдің бүгін бабыңа,
Шықтың биік абыройлы тауыңа.
Аллам сені сəттіліктен қаққан жоқ,
Көтерілдің заң ісінің тағына.
Нұрсеріктен қалсын асыл ұлағат,
Ізіне ерген, кетпес, сірə, тым ағат.
Əлі талай еңбек сіңір, халқыңа,
Ата жолы – бір өзіңе аманат!
Досжан ƏМІР, ҚР Судьялар одағының төрағасы