ҚР Конституцияның 34-бабына сәйкес «Әркім Қазақстан Республикасы Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен ар-намысын құрметтеуге міндетті» делінген, яғни мемлекеттік билік органдары, жергілікті мемлекеттік басқару органдары, лауазымды тұлғалар, азаматтар және олардың бірлестіктері Конституция мен заңдарды сақтауға міндетті.
Қазақстан Республикасы Конституциясын және заңдарын сақтау қажеттілігі туралы талаптар, ең алдымен мемлекеттік тұрақтылықты қолдауға, республиканың конституциялық құрылысының негіздерін нығайтуға, құқық тәртібі мен әр адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі кезде сот шешімдерінің орындалу мәселесіне аса мән берілуде. Заңды күшіне енген соттың шешімі міндетті түрде орындалуы тиіс. Себебі, сот шешімі орындалуымен құнды. Орындалмаса, оның бағасы да болмайды. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 241-бабында соттың шешімін орындауға жіберу тәртібі көзделген.
Шешімдер дереу орындалатын жағдайларды қоспағанда, заңды күшіне енгеннен кейін аталған кодексте белгіленген тәртіппен орындауға жіберіледі.
Соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін атқару парағы жазылып беріледі. Ал, мүлік тәркіленген, мемлекет кірісіне өндірілген, сондай-ақ қылмыспен келтірілген нұқсан, алименттер, тарапы мемлекет болып табылатын мертігуден немесе денсаулыққа өзге зақым келуден, асыраушысынан айырылудан келтірілген зиянның орны толтырылған жағдайларда, сот өз бастамасымен ол жазылып берілген күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей атқару құжатын аумағы бойынша тиісті әділет органына орындауға жібереді. Соттың әрбір шешімі бойынша атқару құжаты беріледі.
Атқару құжаты өндіріп алушыға беріледі немесе оның арызы бойынша тиісті сот орындаушыларының өңірлік палатасына орындау үшін жіберіледі. Соттың дереу орындалуға тиісті шешімі бойынша атқару парағы шешім шығарылған күннен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірмей жазылып беріліп,орындауға жіберіледі.
Сот шешімін орындамаған борышкерлерге балаларына алимент төлемейтін әкелерге әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті одан әрі күшейту көзделген.
Шығарылған сот шешімі толығымен орындалмайынша жеке тұлғалардың немесе заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен бостандықтары қалпына келтірілді деуге болмайды.
Соттың өздерінің өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде шығарған шешімдері мен талаптары барлық мемлекеттік орган мен олардың лауазымды тұлғалары, жеке және заңды тұлғалар үшін орындауға міндетті болып табылады. Сот шешімдерін және судьялардың талаптарын орындамау заңмен белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңына сәйкес азаматтық және әкiмшiлiк iстер бойынша сот шешiмдерiнің, ұйғарымдардың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша нұсқамалар мен қаулылардың, мүлiктiк өндiрiп алу бөлiгiнде қылмыстық iстер бойынша үкiмдер мен қаулылардың, сондай-ақ өзге де органдар қаулыларының негізінде берілетін атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды мiндеттi және уақтылы қолдану атқарушылық iс жүргiзудің мiндеттерi болып табылады.
Мұндай жұмыстардың заңның пәрменін арттырып, қолданылу аясын кеңейтуде маңызы зор. Әсіресе, сот актілерін орындауға қатысты жаңашылдықты кеңірек насихаттаған жөн. Өйткені сот шешімінің орындалуы – сот еңбегінің далаға кетпейтінін, төреліктің текке жасалмағанын көрсетеді.
Сот бақылауы – сотқа деген сенімді нығайтудың тетігі. Әрбір азамат мемлекет заңдарын сақтауға, сот шешімін орындауға міндетті.
Б.Пазылов
Ақтау қаласының әкімшілік құқық
бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған
сотының судьясы