Заңның үстемдік құруы барлық мемлекет үшін басты құндылық саналады. Сондықтан, мемлекет атынан шешім қабылданатын сот процестеріне қатысатын әрбір адам заң талабына бағынып, сотты құрметтеуге, оның шешімдері мен үкімдерін, қаулыларын, т.б. құжаттарынуақытылы орындауға міндетті.
Азаматтық процестік кодекспен (АПК) сот отырысының тәртібі белгіленген. Мәселен, сот отырысына қатысушылар судья сот залына кірген кезде орындарынан тұруға, сонымен қатар, судьяға «құрметті сот» деп жүгінуге міндетті. Сотқа құрмет көрсетпеген жағдайда АПК-нің119-бабымен жауаптылық шаралары белгіленген.
Жалпы айтқанда, құқық бұзушылықтың алдын алып, олардың жолын кесуде сот жүйесінде қажетті шаралар қарастырылып, сот өндірісін жүргізу тәртібі тиісті кодекстермен реттелген. Мұндай шараларды сот баршаның сот алдында теңдігі мен сот төрелігінің міндеттерін іске асыру мақсатында қолданады. Мысалы, сотты құрметтемегендер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекспен (ӘҚБтК) көзделген тәртіпте әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Сот отырысы кезінде тәртіп бұзған адамның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болған жағдайда ол қылмыстық жауаптылыққа тартылады.
Жоғарыда аталған баптың төртінші бөлігімен көрсетілгендей, заңға қарсы жасалған әрекетпен әрекетсіздік үшін бір ғана мәжбүрлеу шарасы немесе жауаптылық түрі қолданылады. АПК-нің 120-бабына, яғни, сотқа құрметтемеушілік білдіргендерді жауапқа тарту тәртібіне сәйкес, сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі анықталғанда бұл туралы процесті жүргізіп отырғансудья (сот құрамы) сот отырысында жариялайды. Ол сот отырысының хаттамасында тіркеледі. Бірақ, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалмайды.
Құқық бұзушылық туралы хаттама осы баптың төртінші бөлігінде көзделген жағдайларда қажетті материалдармен бірге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекспен белгіленген соттылыққа сәйкес қарау үшін сотқа жіберіледі. Сот отырысында тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болған кезде сот қаулысы шығарылады. Үш жұмыс күні ішінде тәртіп бұзушыға беріледі әрі қажетті материалдармен бірге прокурорға сотқа дейінгі іс жүргізуді ұйымдастыру үшін жолданады.
Сотқа құрметтемеушілік танытқандарға ӘҚБтК-нің 653-бабы 1-тармағының негізіндеескерту немесе жиырма айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл не болмаса бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу, 2-тармағына сәйкес, бір жыл ішінде қайталанған жағдайда отыз АЕК көлемінде айыппұл немесе он тәулікке дейін бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған. Ел азаматтарына қандай ортада болсын заң мен тәртіпті сақтау жалпыға ортақ міндет екенін түсінетін уақыт жетті.