Заң үстемдігі – құқықтық мемлекеттіліктің басты белгісі. Әрбір өркениетті қоғам өзінің тұрақты дамуы мен азаматтарының бостандығын қамтамасыз ету үшін заңның үстем болуын басты қағида ретінде қабылдайды. Бұл ұстаным Қазақстан Республикасының Конституциясында да айқын көрініс тапқан. Елдің Негізгі заңында: «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» деп көрсетілген. Демек, қоғамдағы демократиялық құндылықтардың сақталуы, әділдіктің салтанат құруы заң үстемдігін қамтамасыз етуден басталады.
Бірінші саты – Конституциялық үстемдік
Заң үстемдігінің ең маңызды сатысы – Конституцияның үстемдігі. Конституция мемлекеттің саяси-құқықтық жүйесінің іргетасы бола отырып, барлық заңдар мен нормативтік актілердің қайнар көзі болып табылады. Егер қабылданған кез келген заң немесе шешім Конституцияға қайшы келмесе ғана, ол әділдік пен заңдылықтың кепілі бола алады. Сондықтан да құқықтық мәдениет қалыптастыруда азаматтар Конституция нормаларын білуі және құрметтеуі тиіс.
Екінші саты – Сот билігінің тәуелсіздігі
Заң үстемдігінің айқындалатын тағы бір маңызды қыры – сот билігінің тәуелсіздігі. Әділ әрі тәуелсіз сот жүйесі болмаса, заң үстемдігі туралы айту мүмкін емес. Сот төрелігі шынайы әділеттіліктің өлшемі болып, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауы тиіс. Сотқа сенім артқан қоғамда ғана заңның қадірі артады.
Үшінші саты – Азаматтық жауапкершілік пен құқықтық мәдениет
Заң үстемдігі тек мемлекет институттарының ғана емес, әрбір азаматтың да күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Құқықтық мәдениеті жоғары азаматтар заңды құрметтейді, өз міндеттерін орындайды және басқалардың құқығын бұзбауға ұмтылады. Бұл – заң үстемдігінің қоғамдағы берік орнығуының басты шарты.
Қорытынды
Қоғам дамуының, мемлекеттің өркендеуінің, азаматтардың бостандығы мен құқығының кепілі – заң үстемдігі. Оның айқындалатын маңызды сатылары – Конституциялық үстемдік, сот билігінің тәуелсіздігі және азаматтардың құқықтық мәдениеті. Осы үш негізді қатар алып жүрген ел ғана демократиялық, әділетті әрі өркениетті мемлекет бола алады.
Қармақшы аудандық сот әкімшісінің басшысы Е.Мәтжанов