Қырық күн шілденің аптабы артта қалып, қалада қыркүйектің жанға жайлы мизам шуағы орнаған. Мизам шуақтың келуі мезгілдің өлара тұсы. Жыл он екі ай лекілдеп соғатын да тұратын лақуа желдің бір мезгіл тыным табатын кезі де осы. Содан ба қызылордалықтар жаз бен қыстың, ыстық пен суықтың аралығындағы айға толмас осы бір жайлы мезгілде рақат күй кешеді. Осы рақаттың бұзылмауын әркім де тілер еді.
Облыстық Ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Тастемір Рахимов қызмет кабинетінің терезесінен тысқа көз тастап тұрып балалық шағы өткен Әндіжан қаласын еске алды. Кеудесін бір сағыныш кернегендей. Жыл сайын дәл осы мизам шуақ кезінде Әндіжанды ойлайды. Әндіжан, әсіресе, күзде ерекше. Күзгі Әндіжан берекенің, тоқшылықтың белгісіндей.
Тәтті ойын кенет шырылдай қалған телефон қоңырауы бөліп жіберді.
– Алло, тыңдап тұрмын! – Тұтқаның арғы жағындағы адам жайсыз хабар жеткізді ме, қабағы түйіліп бара жатты. – Түсінікті. Орынбасарлар тез жетсін!
Тұтқаны орнына қоя бергені сол екен, кабинетке рұқсат сұрап жедел істер жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Ғалымжан Ахметов кіріп келді. Артынша тергеу ісі жөніндегі орынбасары Бақыт Көпенова, әкімшілік полиция жөніндегі орынбасары Ғазымбек Алпысбаев, криминалды полиция қызметінің бастығы Серікбол Тұңғышбаевтар сау ете қалды.
– Естіген шығарсыңдар, – деді Тастемір Сауранбайұлы орынбасарларына жағалай қарап. – Қызылорданың тарихында болмаған қылмыс. Бұндай жаман әдет жұққыш келеді, тез өршиді. Сондықтан қалай да жолын кесу керек. Әйтпесе біздің бұған дейінгі жұмысымыз нөл болғаны. Осы іске байланысты жедел тергеу тобын басқаруды Ғалымжан Ахметұлына тапсырам. Сіздер өз салаларыңыз бойынша жинаған мәліметтеріңізді, ақпараттарыңызды тікелей маған және Ғалымжан Ахметұлына баяндап отырасыздар. Ғалымжан сол мәліметтер бойынша жұмысты үйлестіруі тиіс.
Әңгіме қысқа болды. Тапсырма алып тысқа беттеген орынбасарлардың ойында не барын қайдам, ал Тастемір Сауранбайұлының іші аласапыран. «Бұрын республика көлемінде бірен-саран болса болған шығар бұндай қылмыс. Ал Қызылорда өзіндік жағымды менталитеті бар, өзіндік тәрбиесі, өнегесі бар өзгеше облыс емес пе? Қалайша бұлай болды?» деп толғанды.
Қоғам өзгерген сайын қылмыстың да түрі өзгеріп бара жатқанын іші сезеді. Күнкөріс төмен. Әсіресе, жастар жағы жұмыс таппай сеңдей соғылысады. Ұрлық-қарлықтың көбейетіні де содан болар. Осы жыл басында Төретам стансасынан пойыздан түсіп, Байқоңырға бара жатқан Кузин деген ресейлікті келіншегімен қоса қолындағы екі сөмке зат үшін өлтіріп кеткен де жағдай болған. Екі сөмке көр-жер бұйым үшін адам өлтіру деген не сұмдық!? Екі сөмке ақша болса бір жөн. Бұл да қылмыстың әлеуметтік жағдайға бейімделуінің бір түрі.
Күнкөріс нашар демекші… ойына бір оқиға сап ете қалғаны. Бірер жыл бұрын ғой. Жалағаштық кәсіпкер жігіт Ақтөбе жақтан үш машинаға толтырып қапталған бидай әкеле жатыр екен. Аралға келгенде түстеніп алмақ боп асханаға тоқтапты. Жүрек жалғап шықса, соңғы машинадағы бидайдың бір бұрышы опырылып қалыпты дейді. Әлдекімдер тасып әкеткен. Ойбайлап полицияға шағымданбай ма. Полиция дереу іске кірісіп, із кеседі. Қап тесік болды ма, болар-болмас бидай шашылған екен, соны қуалап бір үйге жетсе, алдарынан шиеттей бала өріп шығыпты. Шетінен көздері бақырайған. Шетінен арық. Әлденені ашқарақтана күйсеп, жеп жүр дейді. Сөйтсе, шешелері әлгі ұрлаған бидайдың біразын қуырып үлгеріпті. Соны көрген кәсіпкер жігіт енді полицияға жата кеп жалынатын көрінеді, қоя сал, арызымды қайтып алам деп. Қайтсін-ай, аяған ғой.
Енді ол Ғалымжан Ахметұлы туралы ойлап кетті: «Шаршамайтын, ылдидан шауып, төске озған алғыр жігіт» деп. Оны бұрыннан, прокуратура қызметкері кезінен біледі. Ісіне тиянақты. Ізшіл. Кешкілік берген тапсырмаңды ертеңіне азанда тап-тұйнақтай етіп орындап келеді. Бірде, осы Ғалымжанға қатты айтуға тура келгені. Күйіп тұрған жұмыс еді. «Жеке өзің жауаптысың! Кімге тапсырасың, кімге сенесің, онда менің шаруам жоқ. Саған жүктеймін! Сенен сұраймын! Бір сағатта орындайсың!» деген. Сөйтсе, қырық жеті минут өткенде телефон соғып тұр. «Орындалды» дейді.
Мына қылмыстың да ашылатынына көңілі сенгісі келеді.
Ғалымжан бастықтан шығысымен Бақыт Қайыркешқызы екеуі бөгелмей, тұп-тура №2 мектепке тартты. Хабар мектептен түскен. Бірінші сыныпта оқитын ұл баланы әлдекім алып кетіпті. Сабақ аяқталған соң үйден барған адам таппай қалады. Кім? Қалай? О жағы әлі беймәлім.
Мектеп іші әбігер. Баланы әкетпек боп келген адам сол арада тапжылмай тұр. Мұғалімдер мен мектеп басшылығының үрейі ұшып кеткен.
– Қандай адам алып кетті? Есіңе түсіріп, сипаттап берші, – деді Ғалымжан.
Полиция полковнигіне қараған мұғалима келіншек абдырап қалды.
– Айналайын, сенің кінәң жоқ. Асықпай ойлан. Көз алдыңа келтір, – деді Бақыт Қайыркешқызы жылы сөйлеп. – Қылмыскердің ұсталуына сенің дәл сипаттауың аса маңызды.
– Әскери форма киген. Жас жігіт. Қазақ. Орысшасында мүдіріс жоқ…
– Түрі қандай?
– Қараторы. Ұзын бойлы. Қазақ сияқты.
– Шені қандай?
– Шені… шені… о жағын онша айыра алмаймын, шынымды айтсам.
– Погонында қанша жұлдыз бар? Міне мына жұлдыздан кішілеу болу керек.
– Иә, иә кішілеу… екі жұлдызша болды-ау деймін.
– Не деп әкетті баланы?
– Мен баланың әкесі Асқар Қайназаровичтің жеке күзетшісімін деді. Бұл кластың мұғалімі ауырып қалған, мен уақытша сабақ өтіп жатырмын. Балаларды онша танымайтын едім.
– Жеке күзетші?! Баланың әкесі кім еді?
– «Ансар» деген фирманың президенті Асқар Ерғалиев. Естулеріңіз бар шығар.
…Сол күні жұмыстан ешкім қайтпады. Кешкілік Тастемір Сауранбайұлы басшылық құраммен өткізген жедел жиналысқа төрт көздері түгел қатысты.
– Кәне кімнің қандай болжамы бар? – деді Тастемір Сауранбайұлы. – Кім болуы мүмкін? Мақсаты қандай? Болжамдарыңды айтыңдар.
– Менің болжамым, – деді Ғалымжан Ахметұлы сөз алып, – «Ансар» облыста бизнесті алғашқылардың бірі болып бастаған фирма. Аты шыққан. Табысты дегендей. Басқаның емес, осы фирма иесінің баласы ұрлануына мән беру керек. Менің ойымша пайда табуды көздеген біреу ма деймін. Фирма иесінің қалтасы қалың екені белгілі ғой.
– Бақыт Қайыркешқызы, сіз не дейсіз? – деді басқарма бастығы тергеу жөніндегі орынбасарына бұрылып.
– Енді осыны кім жасауы мүмкін дегенге келсек, кім болса да, қауіп сол фирмаға қатысы бар, отбасын жақсы білетін адамнан келуі мүмкін. Ол адам өзі істемесе де, ақпарат беруі мүмкін. Сондықтан оны танитындарды бір шолып өтсек. Бұрын сотты болғандарды, ұйымдасқан қылмыстық топтар мен Алматы сияқты үлкен қаланың рэкеттерін де ескерген жөн.
– Әскери форма киетіндерді тексеру керек. Өзі болмаса да біреу формасын пайдалануға берді ғой, – деді криминалды полиция қызметінің бастығы Серікбол Қуатбайұлы.
– Бизнеске байланысы болуы да мүмкін, – деді 9-басқарма бастығы Қанат Әбенов. – «Ансар» үлкен ақша айналымымен жұмыс істейтін фирма. Қаржыға байланысты әріптестер арасында әртүрлі жағдай болуы кәдік.
Жедел өткен жиналыста мың сан болжам жасалды. Оның ішінде сексуалдық жағынан азғындаған адамның ісі мен жасөспірімдердің етін жеу мақсатында ұрлануы мүмкін деген де болжамдар айтылды.
– Бұлар қисынға келе қоймас, өйткені ұрланып отырған бала кез келген адамның емес, белгілі бизнесменнің баласы, әкесі қалталы адам. Дегенмен мүлдем сызып тастауға болмайды. Іске кірісіңдер, қылмысты ашу жолындағы кез келген қимылдарыңды қолдаймын! – деді басқарма бастығы Тастемір Сауранбайұлы.
Іскерлік келісімшарт мәселесі бүгін кешкі кездесуде шешіліп қалар деп дәмеленген-тұғын. Іссапарға келгендегі мақсаты да сол еді. Егер шешілсе…
Қалта телефоны шыр ете қалып, ойын бөліп жіберді.
«Батырханды біреу алып кетіпті!» Салтанаттың үрейге толы дауысы қалтырап естілді.
– Не! Не дейсің?
– Батырхан жоқ. Мұрат үйге алып қайтуға барса, біреу алып кетті депті. Енді қайттік?!
Сол бойда жолға шығып кетті. Әншейінде жол машақаты байқала қоймайтын, Алматыға машинамен қатынағаны жалғыз бұл емес, талай барып-келіп жүр. Осы жолы трасса ащы ішекше шұбатылып, таусылмай қойғаны. Құлағында «алып кетіпті» деген Салтанаттың үрейлі үні. «Алып кетіпті! Алып кетіпті! Алып кетіпті!»
«Кім алып кеткен? Ұрлап әкеткені ме? Менде кімнің ала алмай жүрген ақысы бар? Кімге не жазып қойдым? Бизнесте де адал сияқты едім ғой. Қай жерден сүріндім?»
Ақыл-санасы астаң-кестең. Түсіне алмайды.
«Нәлеттер, ақша талап етпек шығар?» деп ойлады бір мезет.
Кімге бермеді сол ақшаны? Берді ғой. Көмек сұрап келгенді құр қол қайтармауға тырысты. Рас, бейберекет таратқан жоқ. Берсе, ретімен берді. Осы жақында бір апай келген. Әкесіз өскен жалғыз ұлы өз күшімен Мәскеуге оқуға түскен екен, енді Мәскеуге жетуге көк тиын таба алмай қойыпты. Ал баласы болса, лапылдап жанып тұр. Талантты бала көрінеді. Мәскеуді біледі ғой, өзі де сонда оқыды. Әкеден де ерте айырылған тағдыры да бір екен. Қалай бермейді? Берді. Артығымен берді. Сондағы шеше байғұстың көз жасын айт! Алғысын жаудырып, риза боп аттанды. Мектептерге де көмектескені бар. Біріне жылу жүйесін жүргізіп берді. Тағы бірінің шұрық-тесік шатырын жаңалап жауып берді. Өз ақшасына. Айтбай мешітінің де жылу жүйесін қайта жасаған осы «Ансар» фирмасы. «Ансар» демекші… «Фирманың атын «Ансар» деп бекер қоймап еді ғой. «Сыр бойы» газетінің бір журналисіне сұхбат бергені бар. Сонда ғой әлгі журналистің «Ансар» деп фирма атын неге қойдыңыз, әлденені аңсадыңыз ба?» деп сұрағаны есінде. «Мұхаммед пайғамбар Меккеден Мәдинаға көшіп барғанда бірінші болып қол ұшын созған, жәрдем берген сол ансарлар, сол араның тұрғындары. Мұхаммедтің идеясын ә дегенде қолдаған, пайғамбарға көмектесіп мұсылманшылықты насихаттаған» деп түсіндірген әлгі тілшіге. Фирмаға ат қою керек болғанда осы атау аузына түсіпті. Осы күнге дейін ат қоюда қателеспегеніне қуанады. Елдің экономикасына қан жүгіртсе, Алланың бір аты – халыққа жәрдемдессе өзінің де ансар болғаны емес пе? Адамға одан артық не қажет? Біреуге шын жүректен көмектесу үшін, ықыластанып беру үшін әуелі өзіңде болу керек қой. Иманды адамның санасы байыған сайын кемелдене түседі. Бұл өмірде ең басты құндылық ақша емес, адамгершілік екенін бар болған сайын ұға түседі. Адам баласы өзіне не жетпесе, соны аңсайды емес пе? Бұл да ежелден келе жатқан әдет. Кедей адам ақшаны бақыт санауы мүмкін, ал бай адамның бәрі құдай болам демейді. Құдай болам дайтіндер құдайсыздар ғой.
Жол бойы мазасыз ойға берілген Асқар Қызылордаға кіре бере бауыр еті баласының дәл қазір, түн ортасында халі нешік екенін ойлағанда жүрегіне біз сұғып алғандай ауырсынып, өзін-өзі қоярға жер таппады. «Е-е, Алла, сақтай гөр Батырханымды! Қылдай қиянатым жоқ еді пенде баласына. Қайтара гөр балапанымды! Бұл әлде сынағың ба? Осыдан ертең таң атсын, мешіттің тағы бір бітпей жатқан бүйірін жамап берермін! Садақам болсын, баламның жолында!» деп жалынып, жалбарынды.
Облыстық Ішкі істер басқармасы осы іс бойынша жедел тергеу тобын құрса, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті де жедел іздестіру тобын жасақтады. Ол топтың жетекшілігіне Бауыржан Ахантай тағайындалды. Бұл екі топ бірлесе қимыл жасады. Облыстың, қаланың, аудандардың полиция, МАИ қызметкерлері аяғынан тік тұрды. «Перехват» операциясы жарияланып, қарбалас қимыл басталды. Қала бойынша тексерілмеген жертөле, шатыр, қуыс-қолтық қалмаған шығар. Өзге бір жұмыстың желеуімен көтергіш кран арқылы күмәнді пәтерлердің терезелерінен қарауға да тура келген.
Болжамдарға сай мыңдаған адамға сұрау салынды. Сауал көп, мақсат біреу, ол – баланы аман сақтап қалу, қылмыскерді анықтау. Кез келген қылмыс осылай тынбай жасалған тексерістердің арқасында ашылады. Соңына белгі, із тастамайтын қылмыскер болған емес. Бұнда да солай, белгісі – әскери киім. Бірнеше күнгі нәтижесіз іздестіруден кейін, айналып келіп мәселе осы белгіге тіреле берді. Киімнің мөлшері де шамамен белгілі. Қаладағы әскери адамдарды астыртын зерттеу басталды.
«Әскери адам мектептен баланы алған соң, барар жеріне немен баруы мүмкін?» деген сауал облыстық жол полициясы басқармасының орынбасары Әмірбек Бердібекұлын о бастан мазалаған. «Оның ықтимал мүмкіндігі екеу-ақ, – деп ойлады ол, өз машинасымен немесе таксимен.
– Қалада такси деген милион емес. Қыркүйектің 23-і күні түстен кейін әскери адам бірінші класта оқитын ұл баламен бірге таксиге отырған. Соны таксистерден сұрастырыңдар. Бір дерегі қалай да шығады, – деді қарамағындағы жол полициясы қызметкерлеріне. Деуін деп алса да көңілін күдік билей береді. Үміт те жоқ емес. «Қылмыскердің ізіне түскен тірліктің бәрі күдік пен үміттің арпалысы» деп ойлады ол.
Үшінші күн дегенде жігіттер Расул Яхиев деген таксишіні қалалық бөлімге жеткізді.
– Басынан бастап баянда жаңағы айтқаныңды, – деді бірге келген полиция қызметкері.
– «Жайна» базарының жанында тұр едім… тұрғанда клиент күтесің ғой. Бір әскери адам жақындады. Жас жігіт. «Ақмешіт» шағын ауданына апар деді. Жолшыбай екінші мектепке соғамыз деді. Парктің жанымен өтіп, айтқан мектепке келдік. Ол мектепке кіріп кетті де, сәлден соң бір балақайды ертіп қайтып келді. Сосын Западқа апарып тастадым. Жүз елу теңгесін төлеп түсіп қалды. Екі жүзге баратын жер еді. Нан табыс сол. Ой, менікі маскібіш. Ескі. Бір күн жүрсе, екі күн тұрады, – деп, ол өз мұңын айтып кетті.
– Нешінші үйге апардың?
– Қайдан білем? Мына жер деді, сол жерге түсірдім.
– Көрсете аласың ба?
– Е-е, көрсетпей, неге көрсетпейім? Көрсетем.
Таксиші Яхиев нұсқаған маңайды полицияның жедел уәкілдері қанша тіміскілесе да, күдік келтірер түк таппады.
Алғашында қайтерін білмей абыржып қалған Асқар үйге оралған соң сабырға келіп, істің ақырын күткен. Ұзаққа кетпес, бір хабарын берер деп дәмеленді. Көп болса, ақша талап етер, ақша талап етсе тәуекел, ұлым аман болса болды, ақша табылар деп өзін-өзі жұбатып қояды.
Әмірбек ШАЙМАҒАМБЕТОВ
(Жалғасы бар)