Күздің қара суығында түнерген аспанда найзағай оттары жарқ-жұрқ етіп зәрені ұшырады. Ал нөсер жауын терезені тынымсыз соққылап, түнімен тарсылдап тұрып алды. Жарық шамы жыпылықтап, бір жанып, бір сөнді. Құлақ тұндырар сатырлаған дауыс өрекпи түсіп, ашулы жел тал-теректердің шашын жұлмалап, азынап тұрды. Қонақ үйдегі бөлменің есігі ашылған сәтте жарық шамының сәулесімен бірге қылмыскердің көлеңкесі ішке бойлап бара жатты. Сырттан кірген қаскөй есікті кілтпен ашып, төсекке жақындады. Ұйықтап жатқан адамның тамағынан шап беріп, қылқындыра бастады. Шошып оянып, ауа жетпей деміккен жігіт өмір сүруге жанталасты. Айғайлағысы келіп еді, қырылдап дауысы шықпады. Оң қолымен өзін өлтірмек болған қанышердің омырауын қапсыра ұстап, сол қолын жастығының астына тығып жіберді. Ұялы телефонының жарығы жарқ ете түскенде көзіне өткір сәуледен түскен жүзін көріп қойғанын білген қылмыскер, оң қолын көтеріп бар күшімен құлақ-шекеден салып жіберді. Талықсып бара жатқан жігіт телефонының түймесін басып қалды. Іле көздері бақырайып, екі қолы салбырап қала берді. Таңертең қонақ үй қызметкері жігіттің бөлмесін тақылдатып еді. Іштен жауап бермеген соң ақ фартук киген қыз жартылай ашық қалған бөлмеге кірген. Көздері аспанға қарап бақырайып, аузынан қан ағып, төсекте қимылсыз жатқан жігітті көріп, шошығаннан бақырып жіберді. Қапелімде қолындағы табақ сусып кетіп, сусын құйылған стақан еденге құлап, оның кристал сынықтары жан-жаққа шашырады. Жас қыздың бақырып қалғаны мен сынған стақанның дауысын естіп, күзетші жетіп келді. Дереу жедел жәрдемге хабар берген. Есеңгіреп қалған екеу полицияға хабарласуды ойламаған. – Өліп қалған, – деді шұғыл жеткен дәрігер тіршілік белгісі жоқтығын байқап. Денесі суып кеткен мәйіттің басындағы тамырлары білеуленіп кеткен екен. Көп ұзамай полиция өкілі де келіп жетті. Адамның өлімінде қылмыстың нышаны бар екенін сезсе керек, жедел уәкіл дереу криминалистерді шақыртқан. Қолына ақ резіңке қолғап киген маман жәбірленушінің киімін абайлап ақтарып, құжаты мен ақшасы салынған портмонесін тауып алды. – Мынау, жәбірленушінің құжаты. Серікбай Ақпанбекұлы… 1986 жылы туған…. Криминалистер жатын бөлмедегі саусақ ізін, мәйітті суретке түсіріп, әрі-бері аударып ісін бітіргенше түс ауып кетті. Айғақ ретінде өліктің телефоны, құжаты мен жеке заттары түгелдей алынды. Қара түсті пакетке салынып, зеңбілмен әкетіп бара жатқан мәйітке қонақ үй қызметкері мен клиенттер абдырап қарап қалып еді. – Бұл бөлмені әзірге жауып қойыңыз. Ешкім кірмесін! – деп ескерткен криминалист қонақ үй қызметкеріне. Серікбайдың туысы Дәрменге хабар берілген. Ағасы қонақ үйге алып ұшып жетті. Жүзі түнеріп, қабағы түксиіп, терең күрсінді. – Алдынан жарылқасын! Сіз үшін ауыр қаза екенін білеміз. Бірақ сізге қояр бірнеше сұрағым бар еді, – деді тергеуші Айбар. Дәрмен басын изеді. – Сіз кеше қайда болдыңыз? Бауырыңызды өз үйіңізге шақырмай, қонақ үйге түнетіп қойғаныңыз қалай? – деді тергеуші. – Соған өзім де өкініп отырмын, – деді Дәрмен шарасыз. – Мен кеше жол жүріп Астанадан келіп едім. Серікбайға таңертең кездесеміз деп SMS-хабарлама жазып жібердім. Жол жүріп шаршаған соң үйге келіп жатып қалдым. – Үйде біреу бар ма еді? – Жоқ, жалғыз тұрамын. – Жақсы, сұрақтар болса тағы жолыға жатармыз, – деді тергеуші. Тергеушінің көмекшісі Жансерік қайтыс болған адамның туысы пойызға билет алғанын, сағат кешкі тоғыздар шамасында пойыздан түскенін айтты. Үй сыртына орнатылған камерадан оның кешке кіріп, таңертең ғана шыққаны таспаға түскенін баяндап берді. Дәрмен бала болмаған соң осыдан бір жыл бұрын әйелімен ажырасып кеткен екен. – Жақсы, сен жігіттерге сараптаманы тездетсін деп айт, – деді ол көмекшісіне. Тергеуші, полиция лейтенанты Айбар қылмыстық істі ашуды жедел қолға алды. Оқиғаның ізін суытпай жұмысқа кіріссе қылмыскерді құрықтауға сеп болмақ. Екі қабатты қонақ үйде орнатылған бейнекамераларға көзі түсті. – Камераны көрейік, – деді қонақ үй администраторына. – Бір айғақ табылып қалар. Камера кешкі сағат 21.47 дейін мүлтіксіз жұмыс істеп тұрыпты. Одан кейін бір сөніп, бір қосылған екен. – Кешегі қатты желден жарық сөніп, камера жұмыс істемей қалды, – деді администратор. – Қонақүйде жарық сөнгенде апат кезінде жарық беретін қондырғы бар емес пе? – Иә, бар. Соны қостық қой. Бірақ түнімен жағып қоюға жағармай жеткіліксіз болды. Сарапшы мамандар өлген жігітті тексеріп, шамамен түнгі екі-үштер шамасында қайтыс болғанын айтқан еді. Бұл кезде камералар қосылмай, бейнетаспа жазылмаған екен. Тергеуші бұл жағдай істі қиындата түсетінін сезген. Бір ілік табылып қалар деген оймен хаттама толтырып, үміт үзбей бейнетіркегішті алды. Сол күні қонақ үйде түнеген қызметшілер мен клиенттерді шетінен жауапқа тартқан. Ең алдымен күзетшіні сұрақтың астына алған. Байғұстың жүні жығылып, еңсесі түсіп кетіпті. Бастық жұмыстан шығарып жіберсе жеңіл жаза, әйтпесе басына қара бұлт үйіріліп тұрғанын іштей сезген. – Сіз кезекшілікті кешкі сағат сегізде қабылдап алыпсыз. Түнде болған оқиға жайлы не айтасыз? – Не айтам, бізде мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Өзім әлі сене алмай тұрмын. – Сіз клиенттердің қауіпсіздігіне жауап беретін адамсыз. Өз ісіңізге жауапкершілікпен қарадым деп айта аласыз ба? – Енді… Күнде істеп жүрген жұмыс қой. Мен бірінші қабатта, есіктің жанындағы бөлмеде отырамын. Жарық бір жанып, бір сөнген соң сағат түнгі 23.00-де қонақ үй есігін кілттеп жауып тастадым. – Демек, сіз қылмыскердің сырттан келмегеніне сенімдісіз ғой. Басқа кіретін есік бар ма? – Әр ғимаратта өрт болған жағдайда сыртқа шығатын қосымша есік бар. Бірақ ол есік үнемі жабық тұрады. Оның кілті менде жоқ. Бастықтарда. Күзетшінің жауабы тергеушіні ойландырып тастады. Айбар әкімші, аспаз, консьерж, қызметшілерден түнгі оқиға жайлы сұрағанда, ешқайсысы оқыснәрсе байқамағанын айтты. Ілік болар ешнәрсе жоқ. Тек қайтыс болған жігіттің бөлмесіне қарама-қарсы бөлмеде тұрып жатқан әйел ғана түнде болған оқиға жайлы тосын жайтты айтқан. – Кеше кешкісін қатты күн кіркіреп, жауын сатырлап жауғанын білесіз. Екі жастағы балам мазасызданып, сағат он екілер шамасында бір-ақ ұйықтады. Өзімде күні бойы жол жүргеннен қатты шаршап, көзім ілініп кетіпті. – Соңғы рет көршіңізді қашан көрдіңіз? – деді тергеуші. – Кешке қонақтарға арналған ас бөлмеде тамақ ішіп отырғанын көргенмін. Содан балам екеуіміз бөлмемізге кіріп, таң атқанша ешқайда шыққан жоқпыз.
– Түсінікті, сонда түнде ешнәрсе естімедіңіз бе? – Жаңбыр тарсылдап, жарық бір жанып, бір сөніп тұрды. Түн ортасында мүлдем жарық сөніп қалды. – Коридордан, қайтыс болған адамның бөлмесінен деймін… Біреуді көмекке шақырған дауыс естілмеді ме? – Естідім… Көзім ілініп кетсем керек, бір қорқынышты күлкі естілді. Мен ұйқылы-ояу күйде едім, бұл жағдай маған түс сияқты көрінді. – Күлкі дейсіз бе? – Иә, сондай жағымсыз, қорқынышты… Тергеуші ойланып қалды. «Бұл істі әйелден күдіктенудің өзі қисынсыз. Мұны ер адамның істегені анық. Ұзын коридордың екі жағындағы қонақ үй бөлмелерінің саны оннан асады. Бірінші қабатта да аз емес. Біреуден күдіктенудің өзі қиындау. Адам өлтірген қылмыскерде бір себеп болуы керек қой». Айбар аспазшыға жолығып, кеше болған жағдай туралы не білетінін сұрады. Қайтыс болған адамның фотосуретін көрген, отызды еңсерген Альбина есімді әдемі келіншек: – Иә, бұл жігітті кеше көргенмін. Қонақ үйде тұрып жатқан бір жігіт екеуі сыра ішіп отырған. – Содан кейін оқыс бір нәрсе байқамадыңыз ба? – Ас үй терезесінен қонақ үй сыртындағы сәкіде қос жігіттің сөзге келіп, бір-бірінің жағасынан алғанын көрдім. Өтінем, бірақ мұны мен айтты деп ешкімге айтпай-ақ қойыңызшы! – деп жалынды әйел. – Маған зияны тиіп кете ме деп қорқамын. – Екеуі төбелесті ме? – Ол жағын білмедім. Әйтеуір екеуі қызып алып, жаға жыртысуға дейін барған. «Оһ, бір ілік табылды. Бұл істі әрі қазбалай түсу керек» деді іштей тергеуші. Бейнетіркегішті тексеріп еді, екі жігіттің ішімдік ішіп отырғаны, тіпті шекісіп қалғаны бейнежазбаға түсіп қалыпты. * * * Тергеуші Айбар күдікті ретінде алтыншы бөлмеде тұратын азаматты тергеген. – Сіз Серікбай Ақпанбекұлын қайдан танисыз? – Екеуіміз әскерде бірге болғанбыз. – Кеше екеуіңіз бірге спирттік ішімдік ішіпсіздер. – Енді… Служагымды күнде көріп жатқаным жоқ, бір кездескенде біраз сілтегенім рас. – Сөзге келіп, ұстасып қалыпсыздар дейді көргендер. – Е, соны айтасыз ба? – деді жігіт қайдан біліп қойды дегендей көздері бақырайып кетті. Ол армияға менен бір жыл бұрын келген. Әскердегі жағдайды білесіз ғой. «Молодой» болған соң таяқ жейсің. Соны еске түсіріп, ойнап көрсетіп жатқаны ғой. Кейін екеуіміз жақсы дос болып кеттік. – Сіз қонақ үйге кеше келіпсіз. Досыңыз да кеше келген екен. Мұны сәйкестік деп ойлайсыз ба? – Әйелім перзентханада жатыр. Дәрігерлер бүгін таңертең шығарады деген соң қалаға ертерек жетіп алдым. Серікбай ағасына келгенін айтты. – Не үшін келгенін айтқан шығар? – Бір бизнес бастамақшы екен. Соған көмек сұрай келіпті. – Содан кейін не болды? – Не болушы еді. Мен бөлмеме кіріп, жатып қалдым. Серікбай есіктің алдында серуендеп қалған. Қатты шаршап қалсам керек, қатып ұйықтап қалыппын. – Түнде бөлмеңізден шықпағаныңызға сенімдісіз бе? – Иә, таңертең қысылып, дәретханаға бару керек болған соң бір-ақ ояндым. Жансерік көмекшісі ауруханаға барып, алтыншы бөлмеде тұратын азаматтың әйелі расында перзентхана бөлімінде жатқанын растаған еді. «Бұл жігіттен бекер күдіктеніп жүргем жоқпын ба?» – деді Айбар өзіне-өзі. Тергеуші бұл істе бір шикілік барын сезген. Бірақ жан-жаққа шашыраған мозайканы жинай алмай, басы қатты. Сот-медициналық сараптама қорытындысы жансыз дене иесінің мойнынан гематома мен қансырап тұрғанын, мұрын сүйегі сынғанын анықтаған. Мәйіттің үстіндегі киімдегі қан өз қаны екенін дәлелдеген. Жансыз дене жатқан бөлмеден бөтен саусақ ізі табыла қоймады. Мәйіттің денесінде алтыншы бөлмеде тұратын Санаттың саусақ іздері қалған шығар деп күдіктенген, солай болған күннің өзінде кеше жағаласқанда қалған деп мойындамауы мүмкін. Бірақ жәбірленушінің камераға түскен футболкасы басқа киім. Сірә, жуынып киім ауыстырған болуы керек. Бір ілік болсайшы. «Қайдан ғана тергеуші болдым екен?» деген сұрақ көкейін мазалайтыны бар. Әр дәлел, айғақты тірнектеп жинап, қылмыскерді құрықтау үшін шапқылайсың. Жұмбақты шешу жолында күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, бас қатырасың. Кейде бұл ісі жанын жеп, жүйкесін тоздырады. Майда-шүйдеге дейін тіміскілеп, сілікпең шығады. Мен қылмыскермін деп ешкім мойындай салмайды. Заттай дерек болмаса, құр долбардың бәрі бекер. Қылмыскер сауырын ұстатпай, сытылып кетеді. Бірақ қоғамға зиян тигізетін қаскөйді құрықтағанда жаны рахаттанып, тау қопарғандай болып жүреді. Иә, тергеушілік қызмет сонысымен қызық. Әр іс бастаған сайын солай. Бала кезінде детектив кітаптарға қызығып, қылмыс әлемінің ішіне сүңгіп кететін. Есімі әйгілі із кесуші болуды армандайтын. Жазушылардың детектив жайлы шығармалары шалқар шабыт берген. Өмірлік жолын айқындаған. Міне, қазір білдей криминалист. Айбар жұмыс үстелінде жалғыз отыр. Қас қарайғанын, ас ішпегенін ұмытқан. Есіл-дерті қылмысты тезірек ашу. Қолында жәбірленушінің ұялы телефоны. Серікбай өлеріне бес күн қалғанда Call Recorder – кіріс-шығыс дыбыстық таспаны жазып алатын қондырғы орнатқан екен. Қылмыскерден қалған бір айқын белгі – телефондағы беймәлім дауыс. Соңғы жазбаны қайта-қайта тыңдап, басы қатты. Жазба дейтін түгі жоқ, тек жәбірленушінің өлер алдында қиналып алқынғаны, қылмыскердің күлкісі ғана. Құдай-ау, бұл күлкіні тыңдаудың өзі қорқынышты. Құдды есі ауысқан есерсоқ адамның дарақылана күлгеніне ұқсайды. Зарлы мұң қосылған күлкі жаңғырықтай әсер етіп, миында жатталып қалды. – Өһа-һа-һа! Аһа-һа-һа! Психологиялық ауытқуға ұшыраған ба дерсіз. Кейде күліп жатқан адам емес, әзәзіл секілді. Неткен қасіретті күлкі десеңізші! «Қылмыскер неге осылай күлді екен? Бұған әлдеқандай себеп бар ма? Сөзсіз бұл адамның санасында айықпаған бір жарақат болуы мүмкін? Бірақ қандай?». Қылмыскерге жол көрсетер ілік таппаған із кесушінің үміт терезелері быт-шыты шығып, жан-жаққа шашырап кеткендей. Жұмыс бөлмесінде көзі ілініп кетіп еді. Айбар түсінде қылмыскердің күлкісін тағы естіді. Кенет қарсы алдынан сайқымазақ Джокер сумаң етіп шыға келгені. Санасы үрейге шалдыққан Джокер өзін-өзін ұстай алмай айғайлап, еріксіз күледі. Көзінен қанды жас ақса да, сақылдап күлуін доғарар емес. «Жетеді, керегі жоқ» деп айғайлады Айбар. Бірақ Джокер еліріп, есі ауысқандай күле берді. Сырты күліп, іші қан жылайтын жанның бұл күлкісі бірде ешкінің бақырғанына, бірде мысықтың шыңғырғанына ұқсап кетеді. Көзінен аққан қанды бетіне айғыздап жағып жіберіп, нағыз жауызға айналып шыға келді. Сәлден соң Серікбайды қылқындырып, селкілдеп күлкісін жалғастыра береді. Жүйкесі сырқатқа шалдыққан сайқымазақ бірде қонақ үй иесіне, бірде жауап алған куәгерлерге ұқсап кетеді. Жұмыс үстелінің үстінде шошып оянды. Өне-бойын тер басып кетіпті. Басын көтеріп, ашық терезеге қарады, қала үйлерінің шамдары түнгі аспандағы жұлдыздардай самсап тұр екен. * * * Жұмыстағы тар бөлмеде ой үстінде отыр еді, Жансерік жерден жеті қоян тапқандай жетіп келді. – Айбар аға, қонақ үй иесінің үйінің жанындағы қоқыс жәшігінен сұр крассовки табылды, – деді. Неше күн үміт пен күдікке шырмалып, қараңғы түнек түбінен бір жарық сәуле жарқ еткендей болды. – Тамаша! – деді тергеуші жас баладай қуанып, алақанын ысқылады.
– Бұл бізді қылмыскерге алып баруы керек. Айбар өліктің бетінде, денесінде аяқ киімнің ізі қалғанын көрген. Шамасы, қылмыскер аяусыз мыжғылаған болуы керек. Күдіктінің аяқ киіміне сараптама тағайындағаны дұрыс деп шешкен. Көп жағдайда өзінің ойлағаны мен күдіктенгені сараптама қорытындысында дөп келетіні бар. Осы жолы да солай болуы тиіс деп шешкен. Мұның өзі ұзақ жылғы тәжірибе, әлде сезімталдық екенін айыра бермейді. Қылмыскерді құрықтауға жарап қалар айғақ таба алмай, үміті үзіліп, салы суға кеткен сәттері де жоқ емес. Көбіне жорамалы да шындыққа ұласып жатады. Жүрек, шіркін, сезгіш келе ме, қалай?
Дереу қонақ үй иесінен жауап алу қажет деп шешті. Қонақ үй мен иесінің үйінің арасы аса қашық емес екен. Ханның ордасындай сәні мен салтанаты астасқан екі қабатты котедждің қоңырауын басты. Іштен абалап үрген иттердің дауысы естілді. Дауысының зорлығына қарағанда дене тұрқы үлкен төбет, кемінде неміс овчаркасы сияқты. Камерадан көріп тұрған болуы керек, есікті үй иесінің өзі ашты. Зәулім үйдің ауласы, іші аса менмендік пен тәкапбарлықтың нышанындай екен. Үй иесі Сұлтанбек жайғасыңыз дегендей былғары креслоны нұсқады. – Айып етпеңіз, жұмыс солай. Сізге қояр сұрағым бар, – деді тергеуші. – Иә, қоя беріңіз. – Сіз нешінші размерлі туфли киюші едіңіз. Сұрақтың беташары осылай басталғанына тіксініп қалған қонақ үй иесі: – Мұның саған қатысы қанша? – деді төтесінен. Сосын алдында тергеуші отырғанын, жауап беру керек екенін сезген ол, дереу түсін өзгертіп: Қырық екінші, – деді Сұлтанбек аң-таң күйі. – Сіздің есігіңіздің алдындағы қоқыс жәшігінен осы туфлиді тауып алдық. Бұл сіздің туфлиіңіз емес пе?,– деген тергеуші целлофанға салынған қоңыр, былғары туфлиді көрсетті. – Менің он шақты туфлиім бар. Қайсібірі есте қалар дейсің. Оның үстіне бұл арнайы жасатқан туфли емес, бутикте емін-еркін сатылып жатыр. Бұл кез келген адамдікі болуы мүмкін. – Солай шығар, бірақ қылмыскер адам өлтірген күні осы туфлиді қонақ үйден сіздің үйіңізге дейін киіп келген. Бұл жауапқа Сұлтанбек мырс етіп күлді. – Сонда маған клиентімді өлтіріп, жайбарақат туфлиімді үйімнің алдындағы қоқыс жәшігіне тастап кеттіңіз дегіңіз келіп тұр ма? Бұл менің бизнесімді көре алмағандардың ісі болуы мүмкін деп ойламайсыз ба? – Әрине, бәрі мүмкін ғой. Мен тек осы туфлидің сізге тиесілі, тиесілі емес екенін анықтағым келді. Соттрассологиялық сараптама қорытындысы бойынша осы туфлидің табан іздері мәйіттін мәйкесінде қалған. Әрі туфлидің тұмсығына жұққан қан жәбірленушінікі екені анықталып отыр. – Дұрыстап көрейінші, – деді қонақ үй иесі өзінің күнәсіз екеніне сенімділікпен. – Иә, осындай туфли менде бар. Бірақ ол қонақүйде. Мен оны көбіне құрметті қонақтарды қарсы алған кезде киемін. Оқиға болған күні мен қонақ үйге барғаным жоқ. – Түсінікті. Демек, қонақ үйдегі сіздің дәл осындай туфлиіңізді барып көруге болады ғой. – Иә, қазір жұмысқа бірге барайық, – деді Сұлтанбек. Тергеуші көлігіне отырып, ақ түсті «Тайота Ленд Крузердің» соңынан ілесті. Таң қаларлығы, бастықтың бөлмесіндегі қоңыр туфли жоқ болып шықты. Бұл тергеушіні ғана емес, қонақ үй иесін де ойлантып тастады. «Жәбірленушімен шекісіп қалған Санатты күдікті дейік. Бірақ онымен қонақ үй иесінің қатысы қанша? Әлде, есеп айырыспаған бір гәп бар ма? Адам өлтіріп, бәленің бәрін неге Сұлтанбекке жапқысы келді? Күзетші бір жайтты жасырды ма? Кешкі сағат он бірден соң ешкім қонақ үйге кіріп, шыққан жоқ» дегені өтірік болғаны ғой. Тергеушінің алдындағы үстелдің жанында отырған күзетші өзін бүркіт шүйліккен қояндай сезінді. Қайта-қайта жауапқа тарта бергеніне қарағанда іс насырға шауып бара жатқанын сезді. – Сіз сағат кешкі 23.00-ден кейін қонақүйден ешкім сыртқа шықпады деп айттыңыз. Ал қылмыскер түнде мына туфлиді киіп, емін-еркін сыртқа шығып, көше кезіп жүрген. Сіз бұған не дейсіз? – Не дейін… Олай болуы мүмкін емес. – Неге мүмкін емес. Дәл осы туфлидің тұмсығына жұққан қан жәбірленушінікі болып шықты. Оның үстіне, бұл туфли қонақ үй иесінің туфлиі екені анықталып отыр. – Менде бастықтың кабинетінің кілті жоқ. Болған да емес. Кабинетінің есігін өзі ашып, өзі жауып жүреді. – Солай шығар. Бірақ қылмыскер қылмыс жасалған түні осы туфлиді киіп сыртқа шыққан. Сенен басқа ешкім сыртқы есікті аша алмайды. Сен бізден қылмыскерді жасырып отырсың, – деді тергеуші «сенге» көшіп. – Демек, сен қылмыскердің сыбайласы болып шықтың! Мұндайды күтпесе керек, күзетші абыржып, маңдайы тершіді. Өзін айыптап отырған тергеушімен іштей келіспей, күйгелектеніп кетті. – Сол түні не болғанын жасырмай айт. Әйтпесе, қылмыскерді жасырғаның үшін сені де қамауға аламыз! – деді қабағы түксиіп кеткен тергеуші дауысын қатайтып. – Сол түні… – деді сабыры сарқылған күзетші болған оқиғаны баяндап. – Сағат түнгі он бірде есікті жапқаным рас. Бір сағаттан соң жанармай таусылып, жарық сөнді. Мен әдетте түнде ұйықтамаймын. Өйткені, кезекшілік кезінде үйден ұйқымды қандырып келетінмін. Түнде найзағай жарқылдап, зәрені ұшырып тұрғанда жаныма ас әзірлейтін келіншек келді. Ол қорқып ұйықтай алмай тұрғанын, күн күркіреп болғанша менің жанымда отыра тұрайын деп сұрады. Сосын екеуіміз сусын іштік. – Сондан кейін не болды? – Содан кейін мен ұйықтап қалыппын. Көзімді ашсам, таң атып қалыпты. Келіншек жанымдағы диванға жантайып, ұйықтап жатыр екен. Келіншекті оятып, сыртқы есікті аштым. Ол есінеп, ұйқылы-ояу күйі алғыс айтты да, өз бөлмесіне кетті. Бір сағаттан соң айғайды естіп, жоғары көтерілдім. Бұдан әрі не болғанын білесіздер. Тергеуші істің күрмеуі шешіліп келетінін сезді. Дереу ас үйдегі әдемі келіншекті тергеген. – Сіз қылмыс болған күні өз бөлмемде болдым деп едіңіз. Сол түні күзетшінің жанына қонып шығыпсыз. – Басында өз бөлмемде болғанмын. Жарық сөніп, найзағай жарқылдап, қорыққан соң күзетшінің жанына барып едім. Сол жерде ұйықтап қалыппын. – Бірден ұйықтап қалдыңыз ба? – Кішкене отырған соң ұйқым келді. – Күзетші екеуіңіз сусын ішіпсіздер. Сіз сол сусынға тез ұйықтататын дәрі қосып бергенсіз, – дегенде келіншектің көзі алақтап кетті. – Кім айтты оны сізге? Олай болған жоқ! –деп, шап ете қалды. – Сараптама қорытындысы бойынша күзетші сусын ішкен кеседен ұйықтататын дәрі қалдығы табылған. Сіз қылмыскердің қонақ үйге еркін кіріп, адам өлтіріп, құтылып кетуіне көмектескенсіз. – Ешкімге көмектескенім жоқ, – деп ашуға ерік берді келіншек. – Көмектескенде қандай! Күзетшіні ұйықтатып, қылмыскердің сыбайласы екеніңіз анықталып отыр. Өз еркіңізбен мойындасаңыз, жазаңыз жеңілдейді. Әйтпесе, сіз де ұзақ жыл темір торға қамаласыз! – деп ескертті тергеуші Айбар. – Ешкімге көмектескім келген жоқ, – деп айғай салып орнынан атып тұрды келіншек. – Түсінесіз бе, мені мәжбүрледі. – Кім? Не үшін мәжбүрледі? Келіншек орнына сылқ етіп отыра кетті. Денесі қалшылдап, ашуға булығып тұрды. Сәлден соң басылып, дауысын бәсеңдетіп, оқиғаны баяндап кетті. – Осы қонақ үйдің құрылысын жүргізген жігіттің бірі Санат еді. Екеуіміз бір ауылдан болатынбыз. Мектепті бірге оқыдық. Қожайын ақшасын толық төлемей, әні берем, міне берем деп қашып жүрді. Мен сол кезде жаңа салынған қонақ үйге қызметке орналастым. Қонақ үй қожайыны менің көркіме қызығып, «Үлде мен бүлдеге ораймын, менің көңілдесім бол» деп ұсыныс тастады. Алғашында мен келіспедім, өйткені оның әйелі, бір ұлы мен қызы бар екенін білетінмін. Бірақ қожайын бірде «Қала сыртындағы үйімді жинастырып бер, ақысын төлеймін» деген соң келісімімді бердім. Өзім үлкен қалада пәтер жалдап, ақшадан тарығып жүр едім. Арманым – оқуға түсу еді. Қала сыртындағы үйдің іші таза, жинақы көрінді. Тек терезелері айғыз екен. Мен бірден іске кіріспек болдым. Қожайын ас үйге барып, бір-бір стақан сусын әкеліп, «Шөлімізді басып алайық, сосын бастарсың» деген соң күдіктенбей сусынды тартып жібердім. Сәлден соң басым айналып, өзімді ұстай алмай қалдым. Есімді жиғанда диванда қожайынның ауыр денесі құлын денемді езгілеп жатқанын көрдім. Қарсыласуға шама жоқ, әрі бәрі кеш еді. Сөйтіп, мен оның көңілдесіне айналып шыға келдім. Мұны білген Санаттың қаны басына шапты. Бір күні ішіп келіп өзімді шексіз сүйіп қалғанын, нақұрыс қожайын бар арманының астан-кестеңін шығарғанын айтты. Содан кейін «Қожайыннан ақшамды алып, екеуіңді де өлтірем» деді. Мен қатты қорықтым. Өйткені, ол айтқан сөзінде тұратын жігіт еді. Кейін Санатпен жүріп жүрген бір қыз жүкті болып қалып, олардың үйленгенін естідім. Бәрі осымен біткен шығар, ескі өкпені ұмытқан болар деп ойладым. Бірақ ол ешнәрсені ұмытпапты. Маған «Жақында саған келемін. Сенің қожайынмен әмпей-жәмпей болып жүргеніңді білем, ақшаны дайындап қой. Әйтпесе, өміріңмен қош айтыса бер» деді. Шошып кеттім. Санаттың жоспары бойынша бір күні қожайынмен жатқанда ебін тауып, кабинетінің кілтінің көшірмесін жасатып алдым. Мен «Оны өлтіре көрме, жазалаудың да басқа жолы бар ғой» дедім. Сөйтіп, ол қонақ үйге келгенде ескі досы кездесіп, оны есі ауғанша ішкізді. Өзі қатты масая қойған жоқ. Сосын түнде мен жасатқан кілтпен қожайынның кабинетіне кіріп, туфлиін алды. Сейфтегі ақшаны бірден алмады, бұл күдік келтірер еді. Сөйтіп, Санат служагын қылқындырып өлтірді де, бар кінәні қожайынға жабу үшін оның туфлиін киіп, қоқыс жәшігіне тастады, – деген келіншек жыламсырап, бетін басты.
Тергеуші ойланып қалды. Келіншектің айтқаны рас секілді, бірақ Санаттан құтылу үшін бұл әрекетті қожайынның өзі істеген болуы мүмкін деп ойлап көрді. Дегенмен, бейтаныс клиентті өлтіру кімге керек? Санатқа күдікті деген анықтама алынып, уақытша ұстау абақтысына тоғытты. Шам жағылған алакөлеңке, сыз бөлмеде тергеуші мен күдікті ғана отыр еді. – Сонымен, Санат Базарбекұлы, жасаған қылмысыңды мойындайсың ба? – Мен ешқандай қылмыс жасағаным жоқ. – Есіңе түсір! Келіншекті қорқытып, ақша бопсалапсың. Қожайын ақшаңды төлемегені үшін, сүйіктіңнен айырып алған соң кек алмақ болдың. – Қожайынның маған берешек екені рас. Альбинаны да ұнатқанмын. Бірақ служагымды өлтірген мен емеспін. – Сен болмасаң кім?! Қожайыныңнан кек алмақ болып, адам өлтіріп, айғақ ретінде туфлиін киіп, қоқыс жәшігіне тастап кеттің. – Мен ешкімді өлтіргем жоқ. Егер кісі өлтірсем, оның туфлиін қоқыс жәшігіне емес, кабинетіне қалдырып кетер едім ғой. – Сен өйтіп, алдаусыратпа! Сендей ақылгөйсігендердің талайын көргенбіз. Одан да қылмысыңды мойында. Сенің бұрын сотталмағаның, отбасың бар екені, жақында ғана балаң дүниеге келгені ескеріліп, жаза мерзімі қысқарады. Сен соны ойла! – Жоқ, мен қылмыс жасамадым. Ешнәрсені мойындамаймын! – деп кесіп айтты Санат. – Бекер… бекер… деді тергеуші шылымын будақтатып, күдіктіге қарай үрледі. Мейлі, айғақтың бәрі сенің қылмыс жасағаныңды дәлелдеуге жеткілікті. Бейнекамераға сенің жәбірленуші Серікбаймен арақ ішкенің, қонақүй маңында жаға ұстасып қалғаның түсіп қалған. Оның үстіне Альбинаның айтқандарын өзің мойындап тұрсың. Осының өзі істі сотқа жөнелтуге жеткілікті,– деді Айбар.
Екі айдан соң сот өтті. Тәжірибесі аз қорғаушы Санаттың кінәсіз екенін дәлелдейтін айғақ таба алмай, абайсызда жасалған адам өлімі ретінде, отбасы жағдайы мен бұрын сотталмағанын ескеріп, жазасын жеңілдетуді сұраған. Іспен мұқият танысқан судья прокурор сұраған мерзімнің екі жылын қысқартып, күдіктіні тоғыз жыл бас бостандығынан айырды. Сотқа қатысқан туыстар мен куәгерлер сыртқа шыққан сәтте Айбар ұялы телефонда сақталған дарақы күлкіні тағы естіді. Жүрегі зырқ ете қалды. «Кінәсіз адамды темір торға қамап қойған жоқпын ба?» деген сауал арқасын қамшыдай осып өтті. Ертеңінде қалалық полиция департаментінің бастығы, полковник Ералы күлімсіреп қарсы алды. – Жарайсың! Сенің қолыңнан келетінін біліп едім. Қылмыскерді қысқа уақытта тауып, тұтқындадың, – деп қолын қысты. – Басеке, рақмет! Бірақ… Тым асығыстық жасап жібірген жоқпын ба деп қорқам. – Түсінбедім… – Жәбірленуші Серікбай қайтыс болғанда телефонына қылмыскердің күлкісі жазылып қалып еді. Мен кеше сот ғимаратынан шыққан соң соны тағы естідім. Нағыз қылмыскер бостандықта жүр деп ойлаймын. Бастығының түрі бұзылып кетті. – Сен не деп тұрсың?! Жұмыстан шаршағансың ба? Бұйрық шығарып, саған демалыс берейін. Ол іс жабылды. Оған басыңды қатырма! Әлі ашылмаған талай қылмыс бар. – Басеке, нағыз қылмыскерді ұстайтыныма сенімдімін. Рұқсат етсеңіз, үйіне жасырын камера қоялық, – деді Айбар бетінен қайтпай. Полиция полковнигі қырсықсың-ау дегендей басын шайқап, келісімін берді. Прокурордан санкция алып, қылмыскердің үйіне жасырын бейнекамера орнатқан. Бейнетаспаға ер адам мен келіншек құшақтасып отырғаны, әңгімесі анық түскен екен. – Серікбайдың шаруасын реттедік. Енді бізге ешкім кедергі келтіре алмайды, – деп қылмыскер дарақылана күлді. – Ақымақ жігіт тоғыз жыл түрменің ауасын жұтатын болды! – Оны өлтірмей-ақ қоймадың ба? – Өй, ол шірікті ұмыт! Қолынан түк келмейді. Жер басып жүргенше, жер астында жатқаны жақсы. – Санатты түрмеге жапты. Мені де соттайтын шығар, – деді Альбина қорыққандай, ер адамға жабыса түсіп. – Сен қорықпа! Санат сені мәжбүрледі деп айттың. Саған ешнәрсе де болмайды, – деді қылмыскер. – Шетелге барып саяхаттаймыз деп едің ғой. – Сәл шыда, жаным! Әлі екеуіміз Еуропаның әсем қалаларын аралап, саяхаттайтын боламыз. Бейнежазба арада екі күн өткен соң сотқа жолданған. Көп ұзамай қайта сот өтіп, Альбина мен қылмыскер тұнжырап отырды. Санат ақталып, екеуі темір торға қамалды. – Бауырыңды не үшін өлтірдің? – деп сұрады тергеуші. – Ақша… Дүние-байлық… Шешеміз бір болғанымен, әкеміз бөлек еді. Мен әкемнен қалған байлықпен бөліскім келмеді, – деді Дәрмен тістеніп. – Бауырыңа дүниеңді бөліп бергенде, бауырың – тірі, сен бостандықта болар едің. Енді дүние-мүлкің тәркіленіп, мемлекетке өтетін болады. – Мейлі, маған бұйырмаса, оған да бұйырған жоқ. Ең бастысы, сол емес пе?! – деген қылмыскер бар дауысымен сақылдап, есі ауысқан адамдай еліріп күле берді. Есерсоқ адамның дарақы күлкісі ғимараттың ішін жаңғыртып жіберді. Соттың «тынышталыңдар!» деп соққан тоқпағын да елеген жоқ. Зарлы мұң қосылған күлкі жаңғырықтай әсер етіп, жадыңда жатталып қалды. Жасаған-ау, неткен зарлы, қорқынышты күлкі еді. Қылмыскердің күлкісі.
Асхат ӨМІРБАЕВ