12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Ясауи іліміне жаңа көзқарас: Түркістанда ғылыми дөңгелек үстел өтті

Түркі руханиятының темірқазығы саналатын Қожа Ахмет Ясауи іліміне бүгінгі күннің көзімен қарау – ғылыми орта үшін аса өзекті мәселе. Осыны негізге алған «Ясауи ілімі: деректері мен зерттеулері» атты ғылыми-танымдық дөңгелек үстел Түркістан қаласында өтті. Отандық және шетелдік ғалымдар бас қосқан бұл жиында Ясауи жолының тарихи тереңдігімен қатар, ғылыми зерттеулердегі тұйықтар мен заманауи серпіліс бағыттары кеңінен талқыланды. Шара барысында ілімнің ішкі құрылымы, сопылық сатылары мен кесене архитектурасындағы рухани мағына, сонымен қатар ғылымдағы методологиялық дағдарыс мәселелері көтерілді.

Қожа Ахмет Ясауи ілімінің тарихи және заманауи маңызын терең зерделеуді мақсат еткен «Ясауи ілімі: деректері мен зерттеулері» атты ғылыми-танымдық дөңгелек үстел Түркістан қаласында өтті. Шараны «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Ясауитану ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырды. Жиынға музей мамандарымен қатар, отандық және шетелдік танымал ғалымдар қатысты.

Жиын модераторы, Ясауитану орталығының жетекшісі Сайпулла Моллақанағатұлы Қожа Ахмет Ясауи ілімінің құрылымдық тереңдігіне тоқталды. Оның айтуынша, Ясауи жолы – тек діни тәжірибе емес, рухани даму мен кемелдікке бастайтын сатылы жүйе. Бұл жүйе шариғат, мағрифат, тариқат, хақиқат сатыларынан тұрып, «Диуани хикметте» поэтикалық образдармен, ал кесененің архитектурасында эпиграфиялық жазулармен көрініс табады. Мәселен, 19-хикметте Шариғат «базар», Мағрифат «бағ», Тариқат «төр», Хақиқат «есік» ретінде сипатталып, әр деңгейдің рухани астары ашылады. Бұл құрылым Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде де кеңістікке айналған: батыс бетінде – шариғат, солтүстікте – мағрифат, шығыста – тариқат, оңтүстікте – хақиқат мазмұны көрініс тапқан.

Ғылыми дағдарыс пен үш тұйық

Жиында сөз алған шығыстанушы, профессор Әшірбек Муминов Ясауитанудағы тоқырау мен тығырықтар туралы кеңінен баяндама жасады. Ғалым өз сөзінде соңғы онжылдықтарда Ясауи мұрасы тек «Диуани хикметпен» шектеліп зерттеліп келгенін, ал басқа маңызды дереккөздердің ғылыми айналымға түспей жатқанын сынға алды. Ғалым Ясауи іліміндегі үш негізгі ғылыми тұйықты атап өтті:

Бірінші тұйық – аңызға негізделген өмірбаян. Қожа Ахмет Ясауи туралы деректер көбіне ангажирленген, тапсырыспен жазылған (мысалы, Хазини, Нақшбандийа) шығармаларға сүйенеді. Бұл жалған ғылыми ақпараттар бүгінгі интернет кеңістігінде де таралып кеткен. Шешімі – «Хадиқат ал-арифин» мен «Ламахат» сияқты бейтарап, ерте дереккөздерді ғылыми айналымға енгізу.

Екінші тұйық – «Диуани хикметті» 12-ғасыр поэзиясы ретінде ғана қарастыру. Көптеген зерттеушілер «Диуани хикметті» Ясауидің жеке авторлық туындысы ретінде ғана қарастырады. Ал шын мәнінде бұл мәтін көпқабатты, мектептік дәстүрдің жемісі болуы мүмкін. Мұның нақты шешімі  хикметтердің толық қолжазба каталогын жасау және оған Ясауи мектебіне тиесілі өзге ақындардың еңбектерін қосу.

Үшінші тұйық – Түркістан вакуумы. Мауараннахр, Хорасан, Иран, Үндістан, Ауғанстан деректерінде Түркістан сопылық орталықтары жөнінде толық мәлімет жоқ. Зерттеушілер Исмаил Ата, Бадр-Ата, Занги-Ата сынды есімдерді терең зерделемеген. Сонымен қатар, Қазақстанда сақталған Ибрахим Қауғанидің парсы тіліндегі «Рисаласы» сынды сирек қолжазбалар – тың зерттеулерге сұранып тұрған құнды мұра.

Ғылыми тоқыраудың тамыры – кеңестік мұра

Ғалым Ә. Муминов посткеңестік кеңістіктегі Ясауи зерттеулерінде әлі де Кеңес дәуірінің идеологиялық реңкі сақталып қалғанын атап өтті. Көптеген еңбектерде Ясауи сопылығы аскетизм, жақсы өмірден бас тарту, қарсы көзқарас ретінде бұрмаланып берілген. Ясауи іліміне этнография, фольклор, зороастризм, шаманизм, тенгрианство сияқты шеткі интерпретациялар ендіріліп, негізгі сопылық негіз көмескіленіп кеткен.

Сондай-ақ, түркі әдебиеті өкілдерінің әрқайсысы «Диуани хикметті» өз ұлтына теліп, оны филологиялық иелену жарысына айналдырған. Бұл ғылыми обьективтіліктен ауытқу екенін ғалым ашық айтты.

Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар Ясауи ілімін жаңаша зерттеу үшін келесі бағыттарға мән беру қажет екенін атап өтті:

  • қолжазба қорын кеңейту;
  • академиялық кітапханалар мен деректер базасын құру;
  • кәсіби кадрларды даярлау;
  • археология, эпиграфика, философия, тіл білімі, теология сынды пәнаралық тәсілдерді қолдану.

Ясауи кесенесінің сәулеттік құрылымын тек тарихи ескерткіш ретінде емес, рухани танымның тастан қашалған жүйесі ретінде оқу – түркі руханиятының болашағын қайта бағыттауы мүмкін. Қазіргі кезеңде Ясауи ілімін тек тарихи жәдігер ретінде қарастыру жеткіліксіз. Ғалым Муминов ұсынған бағыттар бұл рухани мұраны қазіргі заманның сұраныстарына икемдеуге мүмкіндік береді. Ол хикметтерді бүгінгі тілмен сөйлетіп қана қоймай, цифрлық кеңістікте өмір сүретін жас буынға рухани бағдар ретінде беруді ұсынды. 

Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жаңаша түсіну – түркі дүниесінің рухани жаңғыруына жол ашатын маңызды қадам. Түркістанда өткен дөңгелек үстелде ғалымдар бұл ілімді тек діни мәтін немесе тарихи жәдігер ретінде емес, қазіргі қоғамға бағыт-бағдар беретін тірі жүйе ретінде қарастыру қажеттігін баса айтты. Ғылыми тоқыраудан шығу жолдары ұсынылып, нақты ұсыныстар мен тың көзқарастар ортаға тасталды. Ясауи кесенесінің символдық құрылымы мен хикметтер мәніне жаңаша үңілу – болашақтағы көпқырлы, пәнаралық зерттеулерге серпін бермек. Бұл жиын – Ясауи мұрасын ғылым мен қоғамның өзара үндестігіне негізделген жаңа деңгейге көтерудің бастамасы болды.

Әлия БІЛДЕБЕКОВА,

Әзірет-Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы, Ясауитану ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері

Под звуки нежные домбры…

Все больше ребят разных этносов берут в руки домбру...

Призер международного уровня

Национальная сборная Казахстана показала высокие результаты в состоявшейся в...

Торжество искусства 

В г. Уральске в амфитеатре Центра им. Кадыра Мырза...

Надежная система от краж

На примере действий воровдомушников, полиция г. Шымкента разъясняет жителям...

Наказание за пагубное пристрастие

Прокуратурой г. Шымкента были выявлены массовые нарушения антикоррупционного законодательства...