Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, жан басына шаққандағы жылдық жұмыртқа тұтыну көрсеткіші елімізде соңғы бес жылда 163,2-ден 182 данаға өскен. Ал бұл көрсеткіш Ақмола облысында 242,4-тен 272,4 данаға дейін ұлғайған.
Халықтың негізгі азық-түлік өнімдерінің тізіміне кіретін жұмыртқаның тұтыну көлеміне көз жүгіртер болсақ, оның жыл маусымына байланысты еместігін аңғаруға болады. Мәселен ақмолалықтар 2020 жылы екінші, 2021–2023 жылдары үшінші тоқсанда көбірек, ал 2020 жылы бірінші, 2021 жылы төртінші, 2022–2023 жылдары бірінші тоқсанда азырақ тұтынған. Ал бұл көрсеткіш республикада 2020 жылы төртінші, 2021–2022 жылдары бірінші, 2023 жылы үшінші тоқсанда азырақ болса, 2020 жылы бірінші, 2021 жылы үшінші, 2022–2023 жылдары екінші тоқсанда көбірек тіркелген. Егер халықтың жан басына шаққандағы орташа жылдық тұтыну көлемін кг-мен өлшейтін болсақ, соңғы бес жылдықта ол 194,5-тен 201,9 кг-ға дейін ұлғайған. Мысалы, республикадағы орташа көрсеткіш 2020 жылы – 199,1 кг, 2021 жылы – 193,8 кг, 2022 жылы – 194,5 кг, 2023 жылы – 201,9 кг болды. Бұл Ақмола облысында 2020 жылы – 242,3 кг, 2021 жылы – 237,6 кг, 2022 жылы – 253,9кг, 2023 жылы – 272,4 кг. Соның нәтижесінде Ақмола облысы былтыр орташа жылдық тұтыну көлемі жағынан Қарағанды облысынан кейінгі екінші орынды иеленді. Ал елімізде жұмыртқаны ең аз тұтынатындар Маңғыстау, Жетісу және Түркістан облыстарының тұрғындары болып отыр. Осы арада азық-түлік өнімдерінің негізгі топтарына – сүт және сүт өнімдері; жұмыртқа, нан және жарма өнімдері; көкөністер; ет және ет өнімдері; жемістер; картоп; қант, джем, бал, шоколад, кондитерлік өнімдер; май және тоңмай; балық және теңіз өнімдері кіретінін айта кеткен жөн шығар.
Ал жұмыртқа бұл топта тұтыну көлемі жағынан сүт және сүт өнімдерінен кейін екінші орында тұр. Былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда нан және жарма, балық пен теңіз және май мен тоңмайдан басқа азық-түлік өнімдерінің негізгі топтары бойынша тұтыну көрсеткішінің өскені байқалды. Атап айтқанда, статистика бойынша халықтың жан басына шаққандағы азық-түлік өнімдерінің жекелеген түрлері бойынша тұтынуы былтыр айына орташа алғанда: картоптан – 3,7 кг, бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нанды – 2,4 кг, сиыр етін – 2,1 кг, алманы – 1,6 кг, құмшекерді – 1,5 кг, күріштен – 1,3 кг, шикі сүттен – 1,1 л, айраннан – 1 л, жұмыртқадан – 16,8 дана, макароннан – 0,9 кг, жаңа ауланған немесе салқындатылған балықтан – 0,8 кг, қара шайдан – 0,1 кг-ны құрады.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


