Елдегі ірі қалалар күн санап дамып жатыр. Шектеусіз салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің әрқайсысында мыңға жуық пәтер болады. Ал тұрғын үй нарығының қыр-сырын біліп алған «алыпсатарлар» бірнеше пәтерден сатып алып, жөндеу жұмыстарын жасап, үстінен айтарлықтай пайда көреді. Олардың бұл іс-әрекеті қаншалық заңды? Бұл сұрақтың жауабын Massaget.kz тілшісі белгілі заңгер Бердімұрат Хасенұлынан сұрады.
Тұрғын үй нарығындағы алыпсатарлардың қызметін біреу оң көзқараспен қараса, енді бірі түбегейлі қарсы. Олардың қызметін шектеу керек деп санайтындардың қатарында кейіпкеріміз Рахматуллақызы Б. бар.
Б. осыдан екі ай бұрын ипотекалық бағдарлама арқылы сатып алуға пәтер іздегенде алыпсатарларды көптеп кездестіргенін айтады.
«Қазан-қараша айларында Алматыдан бір бөлмелі пәтер іздедім. Жылжымайтын мүлікті ипотекалық бағдарлама арқылы алатын болғандықтан, бюджетім шектеулі болды. Пәтердің түр-түрін қарадым, мен барып көрген пәтерлердің бірнешесін ғана жеке тұлға сатып жатты, қалғаны үйді сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қайта сатумен айналысатын алыпсатарлар», — деді ол.
Б. алыпсатарлардан пәтерді алғашында қанша теңгеге сатып алғанын әдейілеп сұраған. Оның сөзінше, алыпсатарларға бір пәтердің өзінен түсетін пайда 2 миллион теңгеден басталады.
«Пәтерді іздеу барысында өзім көрген алыпсатарлардан пәтерді құрылыс компаниясынан қанша теңгеге сатып алғанын сұрап жүрдім. Сөйтіп олардың пәтерді алып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сату арқылы айтарлықтай пайда көріп отырғанын түсіндім. Оған қоса, кейбіреулері пәтерді бір жыл толмай сатқаны үшін төлейтін салықты сатып алушыдан өндіріп алуға тырысады. Осылайша, нарықтағы тұрғын үй бағасы өседі», — деді кейіпкеріміз.
Кейіпкеріміздің айтуынша, жылжымайтын мүлік сатып отырғандардың 70 пайыздан астамы осындай алыпсатарлар мен риэлторлар.
«Риэлтордың әңгімесі бір бөлек, бірақ осы алыпсатарлардың іс-әрекеті заңмен қадағаланса деп ойлаймын», — деді Б.Рахматуллақызы.
Заңгер не дейді?
Заңгер Бердімұрат Хасенұлы алыпсатарлардың іс-әрекетіне ешқандай жауапкершілік қарастырылмағанын айтады.
«Бүгінде тұрғын үй нарығындағы алып-сату мәселесінде заңнама бойынша қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікпен көзделетін жауапкершілік қарастырылмаған. Бұл азаматтық қатынастар. Азаматтық кодекспен реттелетін құқықтық қатынастар саналады. Осыған байланысты мұнда заңсыз дүние жоқ», — деді ол.
Сондай-ақ маман алыпсатарлық қоғамның айырылмас бір бөлігі болып кеткенін жасырмады.
«Алайда біз капиталистік қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, үй мәселесі ғана емес, өмірде кездесетін кез келген салада алып-сатумен айналысатын адам өте көп. Егер біз коммунистік қоғамда өмір сүрсек, Кеңес үкіметінің заңнамасында алып-сатумен айналысқандарға жаза көзделген еді. Ал қазір бұл дүние басқаша реттеледі. Біз капиталистік қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, алыпсатарлық қоғамның айырылмас бір бөлігі болып кетті. Бұл үй болсын, көлік болсын, қарапайым мерекелік іс-шара, ән кеші өтсе де, билетті алдын ала сатып алып, кейінірек стадион, салтанат сарайының алдында сатып тұратын адамдарды жиі көреміз. Бұл қалыпты жағдай саналады, алайда бұл үлкен мөлшерде, алаяқтықпен жасалынатын болса, көп адамға зияны тиетін болса, елді алдаса, бір пәтерді бірнеше адамға сатса ғана оларды заң бойынша жауапкершілікке тарта аламыз. Әйтсе де дұрыс жұмыс жасап жатқан, яғни өз қалтасынан үйді сатып алып, оған жөндеу жұмыстарын жүргізіп, уақытын жұмсап, дайын үйді сатып жатқан адамдарды жазалау мүмкін емес. Себебі бұл заңнамада толық көрсетілген, мұның заңсыз жағы жоқ», — деп түсіндірді ол.
Бердімұрат Хасенұлы алыпсатарлардың қызметін заңдастыратын бір ғана дүние барын айтты, ол — монополистік заңнама.
«Оларды тоқтата алатын, бағаны бір деңгейде ұстап тұратын жалғыз дүние — монополистік заңнама. Бірақ бізде үй, көлік, басқа да ұсақ-түйек заттарды сату бойынша монополизм жоқ. Бұл дүниенің реттелуі үшін біз белгілі бір тарапта заңды жетілдіруіміз қажет деп санаймын. Өйткені алыпсатарлардың бұл әрекеті расымен де қоғамда жасанды тұрғыда бағаның негізсіз көтерілуіне әкеп соқтырып жатыр. Бұл Қазақстан бойынша кездесетін үрдіс. Себебі әр заттың құнының өз бағасы бар. Тауардың өзіндік құны немесе жөндеу жұмыстарына жұмсалатын қаражат әлдеқайда төмен бола тұра, оны соншалықты қымбат сатып аламыз. Мұны тоқтатудың жалғыз амалы — заңнама бойынша реттеу. Бірақ мұнда өте маңызды дүние бар, оның реттелу процесі демократиялық қоғамның принциптарын бұзбайтындай болуы тиіс. Себебі біз «реттейміз» деп «шаш ал десе, бас алып», демократиялық принциптердің түпкі негіздерін шауып, адамдардың нарықтық экономика деген түсінікті жойып алуымыз әбден мүмкін», — деді ол.
Заңгердің сөзінше, қазіргі қоғамда алыпсатарлардың әрекетін реттеп тұрған бір ғана дүние — сатып алынған үйді бір жыл толмай, қайта сататын болса, сатып алынған құнының үстіне қосылған қаражаттың 10 пайызын табыс салығы ретінде төлеуге міндеттеу. Бірақ көбінесе адамдар бір жыл уақытты күтеді немесе құжаттарды рәсімдеу кезінде бағаны түсіріп/көтеріп жазып қояды. Ол мұны заңға қайшы әрекет деп санайтынын айтты.
«Мен мұны заңсыз әрекет деп білемін, себебі сатып алынған үйдің бағасы фактілі түрде жазылуы шарт. Сонда елдегі алыпсатарлар өз қызметін сыйып істейтін болады», — деді Бердімұрат Хасенұлы.