Әлемдік саясат сахнасында сан түрлі геосаяси оқиғалар мен соғыс өртін өршіткен даулар болып жатқан дүрбелең кезеңде халықаралық саясат пен сырт елдермен байланыста көп векторлы саясат ұстанған Қазақстан үшін өткен жыл аса күрделі болды десек қателеспейміз. Тіпті былтырғы жылды еліміздің сыртқы саясатындағы айтулы оқиғаларға толы жыл болды деп те атауға толық негіз бар. Өйткені 2024 жылы Қазақ елі алты бірдей басты халықаралық ұйымдарға төрағалық етіп, өзінің әлемдік аренадағы көпжақты ынтымақтастық пен бейбітшілік орнатуға ынталы екенін байқатты. Қазақстанның сырт елдермен дипломатиялық қарым-қатынасында бірінші кезекте елдің ұлттық қауіпсіздігі мен экономикасының мызғымас тұрақтылығын сақтау тұрғанын ескерсек, халықаралық ұйымдармен байланыстың да маңызы аса жоғары екені айтпаса да түсінікті.
Өткен жыл Қазақ елі Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттер ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Азиядағы Өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты Азия елдері арасындағы басты саяси ұйымдарға төрағалық етіп, елдің әлемдік саясат сахнасындағы ықпалы мен беделінің өсуіне мүмкіндік берді. Сондай-ақ Аралды құтқару халықаралық қоры мен Орталық Азия елдерінің басшыларының кездесуін ұйымдастырып, ортақ түйткілдерді шешу жолдарын қарастырды. Ресми деректерге жүгінсек Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету кезінде 160-тан астам шаралар ұйымдастырылған. Ұйымның келісімшарт базасы тағы да 60 жаңа құжаттармен толықтырылып, маңызды шешімдер қабылданған. Қазақ елі ұйымының 2035 жылға дейін даму стратегиясының бағытын, әлемдегі қауіпсіздік пен бейбітшіліктің сақталуы үшін бірлесе атқаратын жұмыстардың нақты жолдарын ұсынды. Ұйымға төрағалық ету кезеңіндегі басты оқиға Астана қаласында тұңғыш рет «ШЫҰ плюс» форматында өткен саммит болғаны рас. Саясаттанушылар аталған саяси оқиғаның мәні мен маңызын, әсіресе ынтымақтастық бағытындағы рөлі мен әлемдік саясаттың одан әрі өрбуі жөніндегі пікірлерін білдірді. – Ең маңыздысы сол саммит кезінде нәтижелі тіпті инклюзивті диалог қамтамасыз етілді деп айтуға болады. Бұл туралы тіпті Қытай коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпинь мырзаның өзі атап өтті. Ол жалпы Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері инклюзивті даму траекториясын өркендетуге ниетті екенін атап өтті. Бұл мықты әлемдік державалар ғана емес, басқа да дамушы елдер естілетін әлемдік көп полярлы тәртіптің құрылуына негіз болмақ, – дейді саясаттанушы Жанерке Қайратқызы. Азиядағы Өзара Ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесте Қазақстан төрағалығындағы басты жетістік институционалды өзгерістердің жаңа кезеңінің басталуы болды. Қазақстан өз тарапынан мәліметтер мен сараптамаларды алмасу платформасын іске қосып, ұйымға қатысушы елдердің өзара байланысын цифрландыруды ұсынды. Яғни, бұл аталған ұйымдағы құжат айналымы мен басқа да қарым-қатынастың цифрлық формат арқылы жаңа кезеңге аяқ басуының алғышартына айналатынын айғақтайды. Өткен жылғы Қазақстан үшін саясат сахнасындағы аса маңызды кезеңнің бірі – түбі бір Түркі мемлекеттерінің ұйымына төрағалық етуімен байланысты болғаны сөзсіз. Төрағалық ету кезеңіндегі аса маңызды оқиға Қазақстанның тікелей қолдауымен Түркі мемлекеттерінің баршасына ортақ, сонымен қатар мәдени және экономикалық интеграцияны нығайтуға бағытталған TURKTIME бағдарламасының іске қосылуы болды. Мұнымен қоса Түркі мемлекеттері арасында білім беру, ғылым және кәсіпкерлік саласындағы жобалар да сәтті жүзеге асырыла бастады. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық ету кезеңінде еліміз шекарааралық қылмыс, терроризм мен заңсыз есірткі айналымына қарсы іс-қимыл бастамалары бойынша қозғаушы күшке айналды. Бұл туралы саясаттанушылар еліміздің бірінші кезекте әлемдік сахнада абыройы мен беделінің нығайып келе жатқанын алға тартады. Еркін сауда айналымының бұзылуы, аумақтық тұтастыққа қауіп төнуі, халықаралық ұйымдардың одан әрі өмір сүру-сүрмеуі сияқты аса қауіпті мәселелер бар. Сондықтан ортадағы державалар өздерінің дербес жауапкершілік аймақтарын қабылдауда айтарлықтай белсендірек болып бара жатыр. Мұндай державалардың бірі әрине, Қазақстан болып табылады. Қазақстан Президентінің Біріккен Ұлттар Ұйымында зор жұмыс тәжірибесінің арқасында бірінші кезекте өзгерістер мен трансформацияның ауадай қажеттігін түсінеді, – дейді саясаттанушы Аман Мәмбеталиев. Қазақстанның жоғарыда аталған халықаралық ұйымдарда төрағалық етудегі жетістіктері әлемдік саясат сахнасындағы абыройы мен беделінің нығая түскенін растайды. Әсіресе еліміз соңғы жылдары Орталық Азия елдерінде көптен бері даудың өзегіне айналған су бөлудегі дипломатияға барынша назар аударды. Өткен жылы Қазақстан көршілес Қырғызстан және Өзбекстанмен шекарааралық Шу, Талас және Сырдария өзендері арқылы су беру туралы маңызды келісімдер жасады. Қазақстан бұл жерде де халықаралық дипломатиядағы маңызды рөлге ие болып, даулы жағдайларды реттеудегі делдалға айналды. Астана процесі шеңберінде Сириялық дағдарыс бойынша да кезекті кездесулер ұйымдастырылды. Қазақстан энергетика, көлік және сауда салаларында ірі аймақтық жобаларды белсенді түрде дамытқанын атап өткен жөн. Бұл орайда «Бір белдеу – бір жол» жобасында, сонымен қатар Каспийаралық көлік бағытын дамыту еліміздің жаһандық экономикалық байланыстарды нығайтудағы стратегиялық рөлге ие бола бастағанын растайды. Аталған салада сарапшылар да Қазақстанның бейбіт сыртқы саясатты жалғастыра отырып Еуразиялық кеңістіктің гүлденуіне айтарлықтай үлесін қосып отырғанын айтады.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ