Ана тілі – мемлекеттің табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Тіл – ұлттың тірегі. Тіл – халқымыздың құндылығы, бабадан қалған мұра, болашақ ұрпағымызға теңдесі жоқ жақұт болуы шарт.
«Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады.
Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады», деп Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы дәріптеген. Демек, кез-келген халықтың ұлттығын жойып, отарлау үшін бірінші кезекте тілін бұрмалау керек екен.
Тәуелсіздік алғанымызға үш ондықтан асты, десек те тіл мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Оған зор ықпалын тигізген, Совет Одағының қазақ даласына жүргізген отарлау саясаты. Егемендік алған алғашқы жылдары тіл саясатының бұл бағытта өрбуіне, ел ішінде өндірістің болмауының салдарынан көршілес елге тәуелді болғанымызды ескеріп көз жұма қарасақ, ендігі кезекте өз алдымызға біртұтас, қуатты, экономикалық тұрғыда тартымды, дүниежүзі қауымдастығы мойындаған елдердің қатарына қосылғаннан кейін ол мәселенің шешілмеуіне немқұрайлы қарауға болмайды.
Өйткені, А.Байтұрсынұлы атамыз айтқандай: «Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек», деген сөзі, еліміздің заманауи кейпіне дөп түскендей. Өмір сүру үшін, бір күндік азық қамын ойлағандай, тіл мәселесін де сол деңгейде ойлауымыз абзал.
Тіл саясатын түбегейлі өзгертіп, сырт, өзге, жат тілдерге деген төзімділікті жоюымыз керек, себебі өзге тілде ойлаудың өзі ұлттың мүддесі үшін қайшы. Заң тұрғысында, қазақ тілінің дәрежесін – мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерген мен, іс жүзінде үстемдігі әлсіз, оған бірнеше себептер кедергі. Оның бірі кірме, қоспа, сырт сөздердің ресми құжат айналымда қолданылуы. Осы өзекті мәселелердің бірі ғана.
Тіл – тазалықтың, пәктіктің, имандылықтың жаршысы. Тіл – тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, асыл ой мен парасат белгісі, елдігіміз бен бірлігіміздің айнасы. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда ана тілімізге оңды көзқарас қалыптасып келе жатыр. Ана тіліміз шын мәнінде ұлттық саясаттың негізі, түп-тамыры десек, тіліміздің басымдық беріліп, барлық салада басты тілге айналғаны жөн. Қай кезеңде де тіл мәселесі – ұрпағымыздың нәр алатын бұлақ көзі десек артық айтпаймыз, ал бұл орайда біздің азаматтық борышымыз осы құндылығымызды өз биігінде сақтап қалу болып отыр.
Алаш қайраткерлерінің тағы бір ұлысы – Халел Досмұхамедұлы айтқан мына бір қанатты сөздерінде: «Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздері ғылым жолына салынып реттелмеген тіл. Қазақ тілі ғылым жолына салынып реттелсе, ешбір жұрттың тілінен кем болатын емес, бұған илануымыз керек», тіліміздің даму және ұлттығымыздың сақталу жолы ашып көрсетілген. Сол бағыт бағдарды ұстанып, қазақ тілін ең жоғары тіл ретінде бекітіп, оның ғылым жолына салуды жүзеге асыру.
Осы орайда ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қазақ тіліне қатысты көптеген өзгерістерге бастама болып, оны бақылауда ұстауы дәлел бола алады. Қазіргі жаңа Қазақстан құрылып жатқан қоғамда тілімізге деген қамқорлықтың, жасалып жатқан бірқатар жұмыстардың, атқарылған істердің болып жатқаны тілге деген жанашырлық деп білеміз. Қазақ тілін дамытуға, өмірдегі қолданыс аясын кеңейтуге едәуір ықпал етері хақ. Тілдерді дамыту – еліміздегі мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі.
Бүгінгі таңда «Тіл тағдыры – ел тағдыры» деп түсініп, тілдің қоғам өміріндегі қолданысына, оның бүгіні мен болашағына толғанатын біздің тіл жанашырларының тіл мәселесіне ерекше назар аударып отырғаны анық. Тілді тіл ғылымы мен әдебиеттің нысаны етумен ғана шектелмей, бүкіл Қазақ елінің ұлттық сұранысы мен мемлекеттік мәртебесіне айналдыру – қашанда өзекті мәселе.
Мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілік пен ыстық ықылас ұлттық сананың биігіне көтеріліп, жалпы халықтық мүдде кеңістігіне шығуы шарт. Тіл Отан көлемінде қуатты қатынас құралы бола тұрып, халықаралық байланыста да өзінің мемлекеттік мәртебесін сақтауы үшін жас ұрпақтың жеке тұлғалық қасиеті мен патриоттық сезімін ұштастыра тәрбиелеу – біздің яғни, аға буын өкілдерінің парызы деп білемін. Сонда ғана туған тіліміз қоғамның барлық саласында сұранысқа ие болары сөзсіз.
Нуршат Жеделбайқызы Қалиева, Ақтөбе қаласының №2 сотының судьясы


