ТЕМІРЖОЛШЫЛАР ДИНАСТИЯСЫ

САУТБЕКОВТЕР ОТБАСЫ

Ақмола өңірінде білікті де білімді теміржолшы мамандар аз емес. Олардың бірі – Қалық Саутбеков 1936 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. Ақмола облысының Есіл станциясында пойыздарды құрастырушы болып жұмыс істед. Әрине, бұл қызмет жауапкершіліктің, ұйымшылдықтың және кәсіби білімнің жоғары деңгейін талап етеді. Кейіпкеріміз осы қасиеттерге толыққанды ие болып, өз жұмысын жоғары жауапкершілікпен атқарды. Арқалық, Атбасар, Целиноград, Тобыл және басқа станцияларда жүретін жүк артылған вагондарды жөнелту жоспарларын жауапкершілікпен орындады. Тындырымды, қажырлы еңбектің нәтижесінде вагондарды жөнелту жоспары 109 пайызға орындалып жүрді. Саутбеков теміржолда 50 жылдан астам уақыт жұмыс істеді, адал еңбегі үшін ол бірқатар басшылық пен мемлекет тарапынан Алғыс хат пен жоғары марапатқа ие болды. Ол «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісі мен «Қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталды, сондай-ақ «Құрметті теміржолшы» атағын алды. Қалық Саутбеков ұжымда еңбек жетістіктерінің арқасында ғана емес, сонымен қатар белсенді қоғамдық жұмысының нәтижесінде де құрметке ие болды. Ол аудандық еңбек депутаттары кеңесінің мүшесі, атқару комитетінің белсендісі және қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі қоғамдық инспекторы да болды. – Өзінің қоғамдық міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарайтын ол халық арасында абыройлы да беделді болды, белсенді жұмыс істеді, дәрістер оқыды және сайлау науқанына белсенді қатысты. Құрметті әріптесіміз тек қызметте ғана емес, сонымен бірге отбасында да сыйлы болды. Оның әйелі Батима апайымыз темір жол станциясында хат-хабар жеткізуші экспедитор болып жұмыс істеді. Олар бірге алты бала тәрбиелеп, ұрпақтары да отбасылық дәстүрді жалғастырып, теміржолда жұмыс атқарады. Өкінішке қарай, Қалық Саутбеков 2002 жылы өмірден өтті, бірақ ол біздің жадымызда мәңгі қалады, – деді әріптесі Жұман Мағауияұлы. Оның балалары әкесі бастаған еңбек жолын жалғастырған, ұлы Қабылқайыр Қалықұлы 1976 жылдан бастап теміржол монтері, одан кейін вагондардың қозғалыс жылдамдығын реттеуші болып жұмыс істеді, әскерден оралған соң теміржолға пойыздарды құрастырушы ретінде жұмысқа тұрды. Қостанай станциясындағы әскерилендірілген күзетте жұмыс істеді. Өз қызметін маман Астана пойыздарының құрастырушысы жұмысында жүріп аяқтады. Өкінішке орай, бүгін ол да өмірден озған. Қызы Егзекова Зара Қалыққызы 1985 жылдан бастап тасымалдау құжаттарын өңдеу жөніндегі оператор болып жұмыс істеді, содан кейін жүк пен багажды қабылдау-тапсыру қызметіне ауысты, ал 2007 жылдан 2012 жылға дейін орталықтандыру бекетінің операторы қызметін атқарды. Қазір ол зейнетке шықты. Екінші қызы Елеусізова Алла да 1983 жылдан бастап теміржолда жұмыс істейді, өзінің еңбек жолын тасымалдау операторынан бастап, 1997 жылдан қазіргі уақытқа дейін жүк пен багажды қабылдау-тапсыру бөлімінде жұмыс атқарады. Осылай, әкесі бастаған кәсіпті балалары жалғастыруда.

ҚАНАФИНДЕР ӘУЛЕТІ

Теміржол ісінің дамуына үлес қосқан тағы бір әулет – Канафиндер отбасы. Қанафин Мұқажан Қанапияұлы 1911 жылы 11 қаңтарда Көкшетау облысы Рузаев ауданы Раисовка ауылында дүниеге келген. 1952 жылы ол өзінің еңбек жолын Ковыльное станциясында теміржол сапасын қадағалаушы ретінде бастады. Бұл салада 26 жыл жұмыс істеген отағасы теміржолшылар әулетінің негізін қалап, өзін сенімді және адал қызметкер ретінде көрсетті. Кейіпкеріміздің ұлы Серік Мұқажанұлы 1967 жылы қарулы күштерде қызмет еткеннен кейін әкесінің жолын қуып теміржолға келді, оның кәсіби жолы жетістіктерге толы болды: ол пойыздарды құрастырушы, станция бойынша кезекші, содан кейін Ковыльное станциясы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. 1981 жылы Серік Мұқажанұлы осы станцияның басшысы болып тағайындалып, кейін 1987 жылы Жақсы станциясы басшысының орынбасары қызметіне ауысты. Ол өзінің еңбек жолын 2007 жылы аяқтады, жалпы алғанда теміржолға 44 жыл өмірін арнады. Айта кетсек, Серік Мұқажанұлының жұбайы Камила Акошқызы 1969 жылдан бастап Ковыльное станциясында қабылдаушы-тапсырушы болып жұмыс істей бастады. 1978 жылдан 1987 жылға дейін ол билет кассирі, содан кейін Жақсы станциясына ауысып, 1998 жылға дейін контейнерлерді қабылдау және тапсырумен айналысты. Әулеттің теміржол саласына арнаған еңбектерін әріптестері әрқашан жоғары бағалайды. – Камила Акошқызы өмірінің 31 жылын теміржол ісіне арнады. Ол көпшілікке өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары, білімді де білікті маман ретінде танылған. Бұған қоса бұл әулеттің немерелері мен шөберелері де теміржол қызметінде. Айта кетсек, немересі Светлана Серікқызы жұмысын 1989 жылы Жақсы станциясында билет кассирі болып бастап, өзінің еңбек жолын Астана станциясында 2015 жылға дейін жалғастырды, осылайша, өмірінің 30 жылдан астам уақытын теміржол ісіне арнады. Немересі Марат Серікұлы пойыз құрастырушы және Жақсы станциясының кезекшісі ретінде қызметін бастаған, содан кейін Есіл станциясында жұмыс істеді. Бүгінде оның жалпы еңбек өтілі 30 жылдан асады, – дейді әріптесі Қыран Айтбаев. Екінші немересі Талғат Серікұлы 18 жылдан бері Жақсы және Есіл станцияларында пойыз құрастырушы. Тағы біреуі – Жанат Серікұлы 2008 жылдан бастап жұмысын, пойыз құрастырушысынан Есіл станциясының маневрлік диспетчеріне дейін өсіп, 16 жыл еңбек өтілін жинақтады. Осылайша, теміржол саласында династиялық үрдісті жалғастырып жүрген отбасылар көп. Мысалы, осы отбасының бір мүшесі Дамир Қайратұлы 2013 жылдан бастап теміржол монтері, дыбыс беруші, қабылдау-тапсыру пунктінің маманы және Прокатное станциясының кезекшісі болды, бүгінгі күнде ол Жақсы станциясының кезекшісі қызметін атқарады, жалпы еңбек өтілі 11 жыл. Әлихан Маратұлы еңбек жолын 2021 жылы Новоишимская станциясында бастаған және машинист көмекшісі жұмысында 3 жыл еңбек өтілі бар. Қанафиндер әулетінің тарихы көпке үлгі. Бұл отбасының да Қазақстандағы теміржол көлігін дамытуға қосқан үлесі зор, ал олардың өмірбаяны отандық теміржол тарихындағы жарқын беттердің бір парасы.

Бақыт Жұмабай

Әкімшілік жазаның мақсаты – жазалау емес, тәрбиелеу

Қоғамдағы құқықтық тәртіпті сақтау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі....

Абай университетінде Ғылым декадасының салтанатты жабылу рәсімі өтті

Бүгін Абай университетінде «Ғылымдағы цифрлық серпіліс: жасанды интеллект дәуірі»...

Тәуелсіздік – мемлекеттік тіл тірегі

Тәуелсіздік - құндылығы жоғары қастерлі ұғым. Тәуелсіздік - елдің...

Судьялардың әдеп стандарттары

Құқықтық мемлекетте сот билігінің беделі мен тиімділігі судьялардың кәсіби...

Апостиль: халықаралық құжат айналымының кепілі

Халықаралық құқықтық қатынастардың дамуына байланысты бір мемлекетте берілген ресми...