Алматыда құстай ұшқан электрокөліктің тізгініне ие бола алмай қалған жүргізушінің кесірінен үш адам көз жұмды. Zeekr-дің табанында тапталған үш тағдырдың да көрер қуанышы алда еді. 20-22 жас аралығындағы жастардың мезгілсіз көз жұмуына себепкер болған жүргізуші дінаман. Полиция оның үстінен Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша іс қозғап отыр. Яғни, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекеті үшін Zeekr жүргізушісі белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейiнгi мерзiмге айырыла отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін.
Бұл оқиға қазір көпшілік арасында қызу талқыланып жатыр. Халықты ашындырып отырған жол көлік апаты ғана емес. Көпшіліктің қытығына тигені – қалталы азаматтардың ережеге бағынбайтыны. Əсіресе, Алматының күні бойы кептелістен көз ашпайтын даңғылдары түн болса жылдамдық сүйетін жүргізушілердің жарыс жолағына айналып шыға келеді. Жол ережесіне шекеден қарайтындар түн болса көліктерінің нөмірін алып тастап, межелі сызыққа бірінші жетуге барын салады. Жарысқа түскендер өзін жолдың «королі» санайды. Алдынан кездескен көліктер мен жүргіншілер олар үшін бар болғаны кезекті «кедергі» ғана. Үлкен жолдың айналасында тұратындар мұндай жарыстарды көзбен көрмесе де, қиқулаған дауысты, дөңгелектің қинала шиқылдаған үнін күнде естиді. Бірақ, неге екенін осы жарысты да, дауысты да құзырлы орындар естімейтін, көрмейтін сияқты. «Қатты түшкірсең» байқап қоятын «Сергектер» де түнгі жарыстарды түсірмей ме, түсінбейсің… Осындай келеңсіздіктер салдарынан жол көлік апаты, одан зардап шегетіндер де көп. Мəселен, 2025 жылдың алғашқы 11 айында Қазақстанда 32 477 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл 2024 жылдың сəйкес кезеңімен салыстырғанда 23,8%- ға көп. Осы апаттар салдарынан 46 300- ден астам адам жарақат алып, оның 2100-ден астамы мезгілсіз көз жұмған. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу комитетінің мəліметінше 2023 жылдың қаңтарынан қарашасына дейін 13 200 апат болса, 2025 жылы бұл сан 32 400-ге дейін өскен. Жарақат алғандар саны екі жылда 2,7 есеге көбейсе, қаза тапқандар саны 9,7%-ға азайған. Осының өзі жол қауіпсіздігін сақтауға қатысты шараларды əлі де бақылауда ұстау қажеттігін ұқтырады. Сонымен бірге, абайсызда адам өліміне əкелген жол апаттары үшін жүргізушілер жауаптылығын қайта қараған жөн. Бейбіт күнде тұрғындар темір тұлпарлы тентектердің əрекетінін зардап шекпеуі керек. Депутат Мұрат Əбенов осы шулы оқиғадан кейін мегаполисте тəртіп жоқтығын, құқық қорғаушылардың тек қарапайым халыққа ғана айбат көрсетіп, қалталы, ықпалды тұлғалардың заңсыз əрекетіне көз жұма қарайтынын қатаң айыптады. «Бүтін қаланы дүр сілкіндірген сұмдық трагедия орын алды. Халық кінəлі адам жазадан құтылып кете ме деп қауіптенуде. Қолын қанға малған жүргізуші əлі күнге дейін СИЗО-ға қамалған жоқ. Ауруханада жатыр дейді. Онда не болып жатқанын кім білсін?! Қанынан арақ-шарапты шығартып, жауапкершіліктен жалтарудың амалын іздеп жатқан шығар. Алматы полициясы тек қарапайым азаматтарға ғана күші жетеді», – деп ашынды депутат тікелей эфирде. Депутаттың пікірінше, əл-Фараби даңғылындағы түнгі форсаждан бүкіл полиция хабардар болса да, ешқандай əрекет жасамай отыр екен. Шын мəнінде бұл – ауыр айыптау. Егер иегінің астында осындай заңсыз жарыстардың болып жатқанын біліп, көріп тұрып, ешқандай əрекет жасамаса, бұл Алматы полициясы үшін ғана емес, жалпы Ішкі істер министрлігі үшін үлкен сын. Нөмірсіз көліктерге, шамадан тыс жылдамдықты арттырған жүргізушілерге көз жұма қараудың артында коррупцияға қатысты күдіктің де көбейетіні талассыз. Алайда, қоғам дүрлігіп, көпшілік жанайқайын жеткізіп жатқанда полиция неге екенін үнсіз. Қарапайым халықты былай қойғанда, Парламент депутатының сынына жауап беріп, қандай қадамдар жасалып жатқанын түсіндіруі тиіс Ішкі істер министрі Ержан Саденов те, Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов те əлі күнге тіл қатып, айыпты өздерінен алыстатуға асығар емес.
Түймегүл ИБАШЕВА, «Заң газеті»


