spot_img
spot_img

ТЕМЕКІ ШЕГЕТІНДЕР АЗАЙМАЙ ОТЫР

Ұлттық статистика бюросы шілде айында жүргізілген темекіні тұтыну бойынша зерттеудің қорытындысын жариялады. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша 2020 жылдан бері жүргізілетін бұл зерттеудің мақсаты – темекі шегудің болжамды деректерін, сондай-ақ оны тұтынудың алдын алу мен бақылау туралы ақпарат алу.

Зерттеу нәтижесіне қарағанда темекі шегетіндер биыл 20,4-тен 20,7 пайызға дейін ұлғайған. Жынысы бойынша қарастырған кезде ерлердің 39,8%, әйелдердің 7,6 пайызы темекі шегеді. Былтыр ерлер 36, әйелдер 8,5 пайызды құраған болатын. Биыл қалалықтардың үлесі 19,3-тен 20 пайызға, ауылдықтар саны 19,63-тен 22,3 пайызға дейін өскені аңғарылады. Темекі шегетін ересектердің үлесі жағынан өңірлер арасында Шығыс Қазақстан облысы (27,6%) алдыңғы орында тұр. Сондай-ақ барлық жерде темекі шегуге толық тыйым салатын заңнамалық бастамаларды енгізуге сауалнамаға қатысқан респонденттердің 72,2% қолдау білдірген. Былтыр бұл көрсеткіш 71,8 пайызды құраған болатын. 2020 жылғы алғашқы зерттеуде ересектердің 21,9 пайызы темекі шегетіні, ал жынысы бойынша қарастырған кезде ерлердің 42,8 пайызы, әйелдердің 8 пайызының бұған әуес екені анықталған. Сондай-ақ ауылдың ересек тұрғындарының 23,8 пайызы, ал қалалық ересек тұрғындардың 20,8 пайызының шылымқор екені белгілі болған еді. 2022 жылғы зерттеуде, алдыңғы жылмен салыстырғанда, темекі шегетін халықтың үлесі 20-дан 20,4 пайызға өскені және ерлердің 38-5-тен 38,4 пайызға азайғаны және әйелдердің 7,7-ден 8,4 пайызға ұлғайғаны белгілі болды. Сонымен қатар қалалықтардың 18,7-ден 20,4 пайызға өскені, ауылдықтардың 22,4-тен 20,3 пайызға азайғаны айтылған. ЗАҢНАМА ӘЛІ ДЕ ЖЕТІЛДІРУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ Темекіні әлем елдерінің басым бөлігінде 18 жастан бастап сатып алуға рұқсат етілген. Қазақстан оның шекті мөлшерін 21 жасқа дейін көтерген санаулы елдің қатарына кіреді. Алайда бұл өзгеріс елдегі темекі шегетін халықтың санына айтарлықтай өзгеріс енгізе алмаған сияқты. Оны жоғарыдағы зерттеуден де аңғаруға болады. Темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымы процесiнде туындайтын қоғамдық қатынастар елімізде 2003 жылдың 12 маусымында қабылданған «Темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттiк реттеу туралы» заңмен реттеледі. Онда темекi өнімдеріне «шегу, сору, шайнау, иіскеу немесе тұтынудың өзге де тәсілдері үшін, оның ішінде темекіні қыздыруға арналған жүйелердің немесе кез келген өзге де аспаптың көмегімен пайдаланылатындай етіп дайындалған шикізат ретінде темекі жапырағынан және темекі өсімдігінің басқа бөліктерінен толығымен немесе ішінара жасалған өнімдер» деген анықтама берілген. 2020 жылы 7 шілдеде қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 1-бабында темекі мен оның түрлеріне қатысты ұғымдарға мынандай анықтамалар берілген. Темекі – темекі бұйымдарын өндіру үшін пайдаланылатын Nicotiana Tabacum және Nicotiana Rustica паслен түрлері тұқымдасының Nicotiana түрінің өсімдігі. Темекі бұйымдары – шегу, сору, шайнау, иіскеу немесе тұтынудың өзге де тәсілдері үшін, оның ішінде темекіні қыздыруға арналған жүйенің немесе кез келген өзге де аспаптың көмегімен пайдаланатындай етіп дайындалған шикізат ретінде темекі жапырағынан және темекі өсімдігінің басқа да бөліктерінен толық немесе ішінара жасалған өнімдер. Темекі бұйымдарын тұтыну – адамның денсаулығына, сондай-ақ темекі бұйымдарын тұтынбайтын адамдардың денсаулығына теріс әсер ететін және қоршаған ортаны ластайтын, адам организмінің никотинге тәуелділігін тудыратын темекі бұйымын, қорқор қоспасын және қорқорға арналған темекіні тұтыну, оның ішінде қорқорды, темекіні қыздыруға арналған жүйелер мен тұтынудың кез келген басқа да жүйелерін пайдалана отырып тұтыну процесі. Шегілмейтін (құрамында никотин бар) темекі бұйымдары – құрамында никотин бар, сору, шайнау, иіскеу үшін пайдаланатындай етіп дайындалған, шикізат және олардың синтетикалық аналогтары ретінде темекі жапырағынан және темекі өсімдігінің басқа да бөліктерінен толық немесе ішінара жасалған өнімдер. Электрондық тұтыну жүйелері (вейптер) – никотинді жеткізудің электрондық жүйелері және никотин болып табылмайтын өнімдерді жеткізудің электрондық жүйелері – құрамында никотин бар немесе жоқ сұйықтықты, басқа да химиялық заттарды, пайдаланушы жұтатын аэрозоль түзілетін хош иістендіргіштерді (картридждерде, резервуарларда және басқа да контейнер лерде) электрондық технологиялардың (аккумулятордың) көмегімен қыздыратын құрылғылар (оның ішінде электрондық сигареттер). Кодекстің 110-бабының 2-тармағы бойынша темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді: жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға сатуға; денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарының, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық және спорттық-техникалық құрылысжайлардың, стадиондардың ғимараттары мен аумақтарында сатуға тыйым салынады. Ал бұл баптың 9-тармағында «шегілмейтін темекі бұйымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады» деп жазылған. Яғни темекінің зияны баршаға бесенеден белгілі жәйт болғанымен, оны тұтынудың алдын алуда қолданыстағы заңнамада шикіліктердің әлі жеткілікті екенін көзіқарақты жұрт жақсы біледі. Оны күнделікті өмірде көріп те, естіп де жүр. Сондықтан темекі өнімдері мен оны тұтынуға, сатуға қатысты бұл жағдайды бақылап, қадағалайтын уәкілетті органның қызметіне көңілі толмайтындар өте көп. Қоғамдық көлікте жүргізушілердің темекі тартуына рұқсат етілмесе де, олар әлі де рөлде отырып шылым шегуді жалғастыруда. Темекіні тек рұқсат етілген жерде ғана тарту керек деген қағида да барлық уақытта бірдей қадағаланбайды. Егер Мемлекет басшысы жиі айтатын заң мен тәртіптің орындалуына азаматтық қоғам атсалысатын болса, темекі тартатындар қатары қазіргіден біршама төмен болып, вейпқұмар жастар да күрт азаяры күмәнсіз.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Трендтегі “Шайн мускат“ жүзіміне қатысты тексеріс нәтижесі белгілі болды

Ауыл шаруашылығы министрлігі желіде трендке айналған "Шайн мускат" жүзімінде ағзаға зиянды зиянкес табылмағанын мәлімдеді.

Қай облыстарда жаңа су қоймалары салынады?

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов "Жедел желі" бағдарламасы қай облыстарда жаңа су қоймалары салынатынын айтты.

21 қарашада ауа райы қандай болады?

Қазақстан бойынша 21 қарашаға арналған ауа райы болжамы белгілі болды.

Тоқаев пен Орбан бірлескен мәлімдеме жасады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында бірлескен мәлімдеме жасады.

Ауылдық жерде жұмыс істейтіндерге қандай жеңілдік бар?

Қазақстанда ауылдық жерлерде жұмыс істейтіндерге белгілі бір жеңілдіктер беріледі.