Денсаулығына әрбір адамның өзі жауапты, дегенмен бұл жауапкершіліктен мемлекет те тыс қалмайды. Яғни, барлық ел өз азаматтарының денсаулығы мен өмірін сақтауға міндетті. Сондықтан әлемнің бірнеше елінде алкоголь, темекі секілді зиянды әдеттерге қарсы әртүрлі заң қабылданған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1988 жылы 31 мамырды Дүниежүзілік темекісіз күн ретінде ресми түрде жариялады. Мұның өзі темекі өнімдері мен бұйымдарының адам өмірі мен денсаулығына тигізер қаупін айғақтайды.
Конституциясы «Мемлекеттің басты байлығы – адам» деген баппен басталған Қазақстан үшін халық денсаулығы мен өмірінен артық құндылық жоқ. Бұл тақырыпты қозғап отырғанымыз, ресми ақпараттар темекі шегу салдарынан әлемде жыл сайын 8 миллионнан астам, ал бізде 18 мың адамның көз жұматынын көрсетіп отыр. Сол себепті елімізде темекі өнімдері мен алкогольді ішімдіктерге қатысты заң нормалары күшейтіліп, азаматтарды зиянды әдеттерден арылту шаралары, әсіресе, соңғы жылдары белсенді түрде жүргізілуде. Мұндай игі істер Қазақстанда салауатты өмір салтын ұстанатындар қатарын көбейткенін статистика жоққа шығармайды. Бұған қоса, елімізде темекі өнімдеріне салынатын салық түрлері артты. Атап айтсақ, табак өнімдерінің басқа түрлерімен бірге қыздырылған темекі бұйымдарына акциздер құны кезең-кезеңімен көтерілмек. Мысалы, былтыр қыздырылған темекі өнімдеріне акциз 1000 данасына 9870 теңге болса, биыл бұл сома 11 130 теңгеге тең болды. Келер жылдан бастап акциз осылайша біртіндеп өсе береді. Темекі өнімдері мен бұйымдарының қымбаттауы өз кезегінде оларды пайдаланушылар қатарын азайтары анық. Сонымен қатар, Қазақстанда жасы 21-ге толмаған жастар мен жасөспірімдерге темекі өнімдерінің барлық түрін сатуға тыйым салынды. Әрі қоғамдық орындарда оларды тұтынуға заңмен жауапкершілік қарастырылды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 441-бабына сай, тыйым салынған орындарда темекі шегу жеке тұлғалар үшін 15 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлға әкеп соғады. Егер мұндай әрекет бір жыл көлемінде тағы қайталанса, айыппұл мөлшері 20 АЕК-қа дейін артады. Осы баппен ұшақ бортында темекі тартқандарға 50 АЕК айыппұл қарастырылған. Темекі тартуға болмайтын жерлер қатарына үйлердің кіреберістері мен білім беру, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмағандардың демалуына арналған және денсаулық сақтау ұйымдары, қоғамдық тамақтану пункттері, кинотеатрлар, театрлар, цирктер, концерт, көрме залдары, спорт ареналары, басқа да қоғамдық орындар кіреді. Айтып өтерлігі, заман ағымына сай, республикамыздың Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінде темекі өнімдерінің ұғымы кеңейтілді. Яғни, заңға «қыздырылған темекісі бар бұйымдар», «қорқорға арналған темекі», «қорқор қоспасы», т.б. ұғымдар нақты енгізіліп, оларды сатудың қатаң талаптары бекітілді. Аталған өнімдерді сату мен таратуда заңға мойынұсынбағандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде жауапкершілік көзделген. Осы кодекстің 199-бабының 1-бөлігінде жеке тұлғаларға 15, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 50, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 70 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатыны айқындалды. Заң бұзушы мұндай әрекетін әкімшілік жаза қолданылғаннан кейінгі бір жылда қайталайтын болса, айыппұл мөлшері бұдан әрі ұлғаяды, яғни, жеке тұлғалар 20, шағын кәсіпкерлік субъектілер 50, орта кәсіпкерлік субъектілері 100, ірі кәсіпкерлік субъектілері 120 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Сондықтан сатушы сатып алушының жасы 21-де екеніне күмәнданса, міндетті түрде оның жеке басын куәландыратын құжатын сұрауы тиіс. Кәмелеттік жасқа жетпегендердің темекі бұйымдарын пайдаланғаны анықталған жағдайда жауапкершілік олардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне жүктеледі. Қазақстанда темекі өнімдері кез келген орында сатылмайды және дүкен сөрелерінде ашық орналастырылмайды. Жоғарыда айтып өткендей, бұларды пайдалануға дәмханалар мен қоғамдық орындарда, жазғы кафелерде, жанармай құю бекеттерінде, жер асты өткелдерінде, т.б. заңмен белгіленген жерлерде шектеу қойылған. Тағы бір атап өтер жайт, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап темекінің бағасы өсті. Мұндай талаптың бәрі ел халқының денсаулығын жақсартуға бағытталған. Шылымның зияны мен адам өміріне қауіпті екенін денсаулық саласының мамандары жан-жақты насихаттауда. Мәселен, ғалымдар темекі тартатындардың өмірі өзгелермен салыстырғанда орта есеппен 14 жылға қысқаратынын айтып отыр. Өйткені оның құрамындағы улы заттар өкпе арқылы қанға сіңіп, адамның барлық ағзасын зақымдайды. Сондай-ақ, статистикаға сәйкес, темекі шегетіндер шекпейтіндерге қарағанда өкпенің қатерлі ісігіне 10 есе жиі шалдығады. Сонымен бірге темекі өнімдері жүрек-қан тамыр, өкпе, эндокриндік және онкологиялық аурулардың пайда болу қаупін де айтарлықтай арттырады. Темекі өнімдерін тұтынудың алдын алу және шектеу жөніндегі шаралар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңымен белгіленген. Мемлекеттің басты байлығы – адам болса, адамның басты байлығы – денсаулық. Сондықтан халық денсаулығын жақсарту мақсатында жасалып жатқан игі бастамаларды қолдаудың маңызы зор.
Түймегүл ИБАШЕВА, «Заң газеті»


