Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болды. Сол арқылы халықаралық қатынастарда өзіне сәйкес, құқықтар мен міндеттерді қабылдады. Солардың бірі – зияткерлік меншікті қорғау.
«Тауар белгісі» – заңды немесе жеке тұлғаның тауарларын немесе көрсететін қызметтерін екінші бір заңды не жеке тұлғалардың осы тектес тауарларынан, көрсететін қызметтерінен ажыратуға мүмкіндік беретін таңба. Тауар белгісі – өнімді дараландыру тәсілі.
Тауар белгісі заңмен қорғалады және оны тауар үшін тауар белгісі ретінде тіркелген бүкіл өнімге немесе оның бір бөлігіне қатысты жасалған шарт бойынша басқа бір заңды және жеке тұлғаларға беруге болады. Сонымен бірге тауар белгісінің иесі тауар белгісін пайдалану құқығын келісім бойынша басқа тұлғаға беруі мүмкін. Заң жүзінде қорғалған тауар белгісі, әдетте дөңгелек сызықпен қоршалған латынша «R» әрпімен таңбаланады. Тауар таңбасын иеленушінің оны пайдалануға заңмен қорғалған айрықша құқығы болады.
Қазір еліміздің нарығында өзгелердің меншіктері саналатын тауарлардың көшірмелері жетерлік. Бұдан зияткерлік меншіктің құқығы бұзылып, төленбеген салықтар, адам өміріне төнетін әртүрлі зиянды жасалымдар арқылы мемлекетке үлкен зиян келтіруде. Соның ішінде азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек, гигиена-санитарлық бұйымдар, құрылыс материалдары, тұрмыстық заттар, балалар ойыншықтары, тіпті әшекей бұйымдары да кездеседі. Бұл заттар адам ағзасын улап, аллергиялық ауруларға апаруда, мүгедек болып қалу дерегі де кездеседі.
Заңсыз өнім, құқық иелері болып табылатын бизнес өкілдерінің немесе компаниялардың аттарына кір келтіріп, абыройын төмендетеді. Екіншіден, осы өнімдерді пайдаланушы адамдардың наразылықтарын тудырып, оларға моральдық тұрғыда зиян келтіріп, адамның денсаулығына, тіпті өміріне қауіп төндіреді.Үшіншіден, еліміздің уақыт талабына сай, алға ілгерілеуіне және дамуына кері әсерін тигізеді. Төртіншіден, құқық бұзушылыққа барған адамдар заң талабына сай жазаланады.
Сондықтан «бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, тауар шығарылған жердің атауын, біртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге арналған, олармен ұқсас белгілемелерді» заңсыз пайдалану фактісі анықталған кезде ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 158-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген.
Бұл ретте бізде еңбек ететін зияткерлік меншік құқықтары саласы бойынша, қоғамда шет елден заңсыз тасымалданатын тауарлардың жолын кесу мақсатында жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлескен іс-шаралар жасалуда.
Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтінгінде позияцияларды жақсарту үшін зияткерлік меншік құқығын қорғау әділет органдарының басты міндетінің бірі.
Әділет органдарында құқығы бұзылған тауар иесінің арызына сәйкес, жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 158-бабымен әкімшілік істер қозғалады.
Әділет органдары кезектен тыс тексеріс жүргізумен қатар, кез келген сауда орындарында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жеке немесе заңды тұлғаларға құқықтық түсіндіру жұмыстарын өткізеді. «Тауар белгісін» заңсыз пайдалану еліміздің экономикалық дамуына тосқауыл болатын қауіпті құбылыс. Сондықтан, бөтен тауардың белгісін заңсыз пайдаланып жауапты болғанша, өз тауар белгімізді заңды түрде тіркеп, еліміздің дамуына үлес қосқан абзал.
Еркебұлан Жетпісбаев,
Алматы қаласы Әділет
департаменті Зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы