Татуластыру тетігін таңдау тараптардың еркінде

Азаматтық сот ісі заңдылыққа сүйене отырып дауларды әділ шешуді, қоғамдық ортада құқыққа қатысты жоғарғы құрметті қалыптастыруды мақсат етеді. Мұндағы судьялар негіз ететін басты құжат – Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі.

Осы кодексте тараптардың арасындағы келіспеушілікті татулықпен реттеуге баса көңіл бөлінген. Бүгінгі сот тәжірибесінде дауды бейбіт жолмен реттеудің соттан тыс, сотқа дейін және сотта реттеу тәсілдері кең қолданылады. Әсіресе бұл рәсімді жүзеге асыруда судьяларға айрықша құзыреттілік берілген. Азаматтық процестік кодекстің қағидаттарына сүйенген судьялар қазіргі таңда дауды бейбіт жолмен реттеудің тәртібін, құқықтық салдарын, тиімділігі мен артықшылығын түсіндіріп қоймай, тараптардың өзара келісімге келіп татуласуына жағдай жасауда. Сонымен бірге мәмілеге келтіруде барынша белсенділік танытып, судья-медиатор ретінде дауды бейбіт жолмен реттеуге тікелей атсалысады.

Бұл – сот үрдісін таразылай отырып, тараптардың пікір-ұсынысы негізінде тәжірибеге енгізілген бастама. Себебі «Медиация туралы» заң алғаш қолданысқа енгізілгенде тараптарды татуластыру құзыреті тек медиаторларға берілген болатын. Алайда, алғашқы кезде азаматтар медиатор сөзіне тоқтамақ түгілі, медиацияның не екенін жетік білмеді. Соның кесірінен медиативтік келісімге келетіндер де тым аз болды. Осы тұста дауды бітіммен бітірудің тиімділігін айтып, жол көрсеткен судьялардың әрекетін азаматтар сот жүктемесінен жалтарудың тетігі деп түсінді. Тіпті, судьялардың шынайы жанашырлығын сезінген азаматтардың өзі дауды өздеріне бейтаныс медиаторлардың емес, арнайы мәртебесі айқындалған судьялардың шешкенін қалады. Міне, қоғамдағы осындай көзқарастың барын  зерделеп, оны тиімді шешудің механизмі саралана келе Азаматтық процестік кодекс жаңғыртылып, онда судьялардың тараптарды татуластыру мүмкіндігі заңды түрде бекітілді.

          Азаматтық процестік кодекстің 4-бабына сай бүгінде татуластырушы-судьялар институты тәжірибеге берік енгізіліп, сотта бітімге келетіндер қатары көбейді. Татуластырушы судьяның міндеті айқын. Ол дауласқан қос тарап арасындағы жылы қарым-қатынасты сақтап, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен  шешуді мақсат етеді.

Әрине, бұл жерде де таңдау – тараптардың еркінде. Азаматтық істерде жалпы тәртіпке сай істерді мейлінше келісіммен шешуге басымдық беріледі. Татуластырушы судья сотқа талап қою келіп түскеннен кейін бес жұмыс күні ішінде туындаған құқықтық қатынастарды реттейтін құқық нормаларының жиынтығын тексереді және көрсетілген мерзімде талап қоюды қайтару не қабылдаудан бас тарту туралы мәселені шешеді. Кейіннен қос тарапты шақырып соттың  қатысуынсыз дауды  келісім, сонымен бірге  сотқа дейінгі  хаттама толтыру арқылы медиатордың, адвокаттың, нотариустың қатысуымен  бітімгершілік рәсімінде  шешу құқығы  түсіндіріледі.

           Ең бастысы талап қою соттың іс жүргізуіне түскен күннен бастап, іс бойынша түпкілікті шешім қабылданғанға дейін тараптар дауды бейбіт жолмен реттей алады.

Жалпы алғанда, татуласу рәсімін қолдану тараптар арасындағы моральдық және материалдық шығынды барынша азайып, дау-жанжалсыз өзара ортақ шешім тауып, қарым-қатынастың жақсы жағдайда қалуына септігін тигізеді.

Төленді Боранов,

Алматы қаласы

Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Азаматтық сот ісін жүргізудің қағидаттары айқын

Азаматтар өзінің заңды құқығын біліп, өз мүддесін қорғауға қабілетті...

Жасанды интеллект сот жұмысына серпін береді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды цифрландыру және жасанды...

Ерекше іс жүргізудің тиімділігі неде?

Елімізде жүргізіліп жатқан сот реформаларының басты мақсаты – азаматтардың...

Ашық сот процесі халық сенімін нығайтады

Сот жұмысы ашық, қолжетімді болған сайын азаматтардың сотқа деген...

Талап арыз қай тілде берілсе, іс сол тілде қаралады

Тіл – ұлттың тірегі. Ұлтты өзгелерден ерекшелейтін де, өзіндік...