spot_img
spot_img

ТАРИХИ ЖЕРЛЕР – ҚАЗАҚТЫҢ ТАМЫРЫ

Мәдениет – туризмнің өзегі

Ес біліп, етек жапқан күннен бастап адам баласының өмір бойы ойынан шықпай, қиялынан кетпейтін бір арманы болса, ол – ел аралап, жер көру екені күмәнсіз. Қоғам дамып, ел мен елдің арасындағы қарым-қатынас түзеліп, бейбіт өмір салтанат құрған уақытта бұл арманды жүзеге асыруға әрдайым мүмкіндік те көбейе түседі. Бүгінде әлем жұртшылығы есімін құрметпен атайтын Эйрик Торвальдсон, Лейф Эрикссон, Марко Поло, Христофор Колумб, Америго Веспуччи, Васко да Гама, Фернан Магеллан, Джеймс Кук, Роберт Фолкон Скотт, Руаль Амундсен бастаған әлемнің әйгілі саяхатшыларының тізімінде Шоқан Уәлихановтың болуы біз үшін зор мақтаныш. Ғылым мен технология қарыштап дамып, жаһандық ықпалдастық өмірімізге дендеп енген қазіргі кезеңде ешкімді ешнәрсемен таңғалдыра алмайсыз. Адамдар ғарышқа саяхаттап жатқан кезде, біреу ұшақпен азанда Алматыда, түсте Токиода, кешке Нью-Йоркте ас іштім десе ешкім оған күмәнданбайды. Олар тек әлемдегі түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің жүздеген-мыңдаған жылдар бойы жалғасып келе жатқан архитектуралық, тарихи, мәдени мұрасы мен ұстанатын салтдәстүрі, өнері, тілі, ұлттық киімі мен күнделікті тұтынатын ас-суына ғана қызығушылық танытуы мүмкін. Сондықтан туризмнің пайдасын көрген жұрттың бәрі өзіне саяхатшыларды көбірек тарту үшін барын жаңғыртып, жоғын түгендеп түрлі іс-шаралар өткізуде. Мәселен, біреулері арнайы фестивальдер мен конкурстар өткізсе, екіншілері демалыс пен ойын-сауық орталықтарын құруда, үшіншілері музейлер, этноорталықтар жасап, ата-бабаларының байырғы өмірі мен тіршілігін көрсетіп, оны табыс көзіне айналдыруға күш салуда. Бұл үрдістен біз де тыс қалмадық. Туризм саласын дамыту бойынша 2019–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама да қабылданды. Мақсат – туристер қызығатын орындарды дамыту және еңбек ресурстарын тарту; ішкі және сыртқы туристік ағынды өсіру; салаға тартылатын инвестицияны ұлғайту; көрсетілетін қызмет пен өнімдердің қолжетімділігін және сапасын арттыру. Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті басшылық жасайтын бұл салаға бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі де жыл өткен сайын өспесе, кеміп жатқан жоқ. Статистика бойынша көрсеткіште оң өзгеріс бар. Алайда оған қанағаттануға әлі ерте дейді Ұлттық туризм индустриясы қауымдастығының басшысы Раушан Шәмілқызы. Оның айтуынша, коронавирус індетінің таралуына байланысты енгізілген карантиндік жағдай оны тағы дәлелдеді. Сыртқа шығу шектелген кезде ішкі туризмде біршама оң өзгеріс байқалғанымен, ол көңілге толық сенім ұялата алған жоқ. Өйткені, елімізде туризм бойынша ұсынылатын қызмет сапасы мен өнім түрлерінің жалпы халыққа қолжетімділігі жағынан сала көшбасшыларынан әлі де артта қалғандығымыздан карантин талаптары қайта жеңілдеген кезде қазақстандықтардың қайтадан сыртқа қарай ағылуы байқалды. Мұның басты себебі елдегі туризм индустриясының білім, мәдениет, медицина, спорт сияқты салалармен арадағы байланысының әлі күнге дейін бір жүйеге түспеуі.

Өлкетану музейлерінің тарихы тереңде

Ресми статистикаға көз жүгіртер болсақ, 1995–2020 жылдары еліміздегі музейлердің саны 87-ден 253-ке дейін өскенімен, келушілер саны 2,5-тен 2,3 млн-ға дейін кеміген. Егер музейлердің құрамына көз жүгіртер болсақ оның 100-і өлкетану, 59-ы мемориалдық, 46-сы тарихи, 15-і қорық-музей, 10-ы өнертану, үшеуі жаратылыстану, ал қалған 20-сы өзге бағыттарда екен. Егер еліміздегі 14 облыс пен республикалық мәртебесі бар 3 қалада 161 ауылдық, 16 қалалық аудан мен 37 облыстық мәні бар қала барын ескерер болсақ өлкетану музейлерінің саны әлі де аз екенін аңғару қиын емес. Мәселен, республикада музей саны жағынан үздік үштіктің қатарында тұрған Алматы облысында 26 музей бар. Облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасының деректеріне қарағанда, өңірдегі 2363 тарих және мәдениет ескерткіштерінің 1 862-сі археологиялық, 501-і қала құрылысы және сәулет ескерткіштері екен. Оның төртеуі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енсе, 12-сі республикалық маңызы бар ескерткіш саналады. Егер өңірде 17 аудан мен облыстық маңыздағы 3 қала барын ескерсек, Талдықорғандағы М. Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің мүмкіндігі шектеулі деуге болады. Өйткені, өзгелерінің бағыты басқа. – Өлкетану музейінсіз туризмді көзге елестету қиын деп айтуға болады. Себебі бір өлкенің тарихи, мәдени нысандарын танып, білуде өлкетану музейі маңызды рөл атқарады. Туризм саласының дамуына әсер ететін басты фактор – туристік нысандар. Оларды табиғи, тарихи-мәдени және әлеуметтік-экономикалық ресурстар деп жіктеуге болады. Сондықтан аты айтып тұрғандай өлкетану музейлері әрбір облыс, аудандар мен тіпті, елді мекендерде де болу керек. Көп адамдардың өз өлкесінің тарихын, мәдениетін жетік білмеуі туристік нысандарының инфрақұрылымының дамуына өз әсерін тигізуде. Қазақтың алғашқы өлкетанушысы Шоқан Уәлиханов. Қазақстанда 164 аудан мен 3 мыңнан астам елді мекеннің өзіне тән ерекшеліктері бар. Олар ғылыми түрде зерттелу үшін өлкетану музейлері керек, – дейді «QAZAQ ELI TRAVEL» ЖШС бас директоры Еркін Бейсекей.

Талхизда талай шежіре жатыр

Алматы облысындағы БҰҰ-ның ЮНЕСКО ұйымының Бүкіләлемдік мұралар тізіміне кіретін 4 нысанның бірі – Талғар қалашығы. Ол республикадағы ең ірі мегаполистен 25 шақырым жерде орналасқан. Талғар ауданының орталығындағы бұл қалашық қазір «Есік» мемлекеттік қорық-музейінің қарамағына берілген. Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Борис Железниковтың айтуынша, зерттеушілердің мәліметтеріне қарағанда VIII ғасырда бой көтеріп, ХІІ ғасырда қираған Талғар қалашығының ең гүлденген кезі Х-ХІ ғасырлар деуге болады, сол уақытта мұнда 12 мың халық қоныстанған деген болжам бар. 10 ғасырда жазылған ирандық белгісіз автордың «Әлем картасы» деген еңбегінде бұл қаланың атауы Талхиз деп жазылған. Зерттеушілердің көбі Талғар қалашығының байырғы атауы Талхир, Талхиз оның арабшаланған атауы болуы мүмкін деп болжайды. Өйткені, дыбыстық өзгерістер болғанымен байырғы Тальхир мен бүгінгі Талғардың түпкі мән-мағынасы ұқсас. Талғар өзенінің бойындағы бұл қалашықтың айналасында байырғы үйсін обаларының ең соңғысы қазіргі Мәдениет сарайының орнында болды. 1928 жылдан аудан орталығы, 1959 жылы қала мәртебесін алған Талғар ауданындағы обалар жүйесі 1917 жылғы төңкеріске дейін-ақ жойылып, орнына құрылыстар жүргізіліп кеткен. Аумағы 300х300 метрді құрайтын қалашық орнындағы соңғы қазба жұмысы 2020 жылы жүргізілді. Онда осы уақытқа тереңдігі 1,6-2 метрлік алғашқы қабаттың 75 пайызы қазылған. Егер төменгі қабаттары қазылатын болса оның тарихынына қатысты жаңа жәдігерлер табылуы күмәнсіз. Өкінішке қарай, қалашық тарихы тұрмақ, зерттеушілердің өзі әлі күнге дейін Талғар қаласы мен оны жарып өтетін Талғар өзенінің атауына қатысты нақты бір тұжырымға келе алмай жүр. Егер мұнда өлкетану музейі ашылып, аудан мен қаланың тарихына қатысты құнды жәдігерлер бір жерге жинақталатын болса зерттеу жұмысы да жанданып ғана қоймай, ол өңірдегі туризм индустриясының дамуына да тың серпін берер еді. Өйткені, Алматыдан 22 шақырым жерде орналасқанына да, ЮНЕСКО ұйымының Бүкіләлемдік мұралар тізіміне кірген нысандардың қатарында тұрғанына да қарамастан туристерге кәсіби түрде қызмет көрсететін ұйымдар мен мекемелер көп жағдайда оны өзінің саяхат бағдарламасына енгізуге аса ықылас таныта қоймайды. Бұған онда туристер қызыға тамашалайтын ешбір жәдігерлердің жоқтығы өз ықпалын тигізіп отыр. Талғар ауданы әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаевтың сөзіне қарағанда, өлкетану музейін ашу мәселесі мәслихатта бір емес бірнеше рет көтерілгенімен, одан еш нәтиже шықпаған. ҚР Көркем академиясының президенті Амандос Ақанаев елімізде сақ дәуірі мен орта ғасырлардан қалған обалардың саны мыңдап саналады. Ал сондай оншақты обасы бар Норвегия олар туралы арнайы кітап шығарып қойған. Біздегі обалар — дан еш айырмасы болмаса да олар оны тиімді пайдаланып отыр. Егер бұл елдің туризмнен түсетін жылдық табысы 65 млн долларды құрайтынын ескерсек, біздің жағдайымыз қолда бар алтынның қадірін білмей отырған адамның кейпіне ұқсайды. Ал мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтың пайымдауынша, өлкетану музейін ашу үшін алдымен оның концепсиясын жазу керек. Сол кезде оның негізгі жәдігері анықталады. Ал бізде анау бар, бізде мынау бар деп музейге қояр жәдігер жеткілікті деп жүре берсек оның өзгелерден еш айырмасы болмай қалады. Ал Талғар қалашағын өз құрамына қосып алған «Есік» мемлекеттік қорық-музейінің директоры Гүлмира Мұхтарова болса, ЮНЕСКО ұйымының талабы бойынша қалашық аумағында кез келген құрылыс нысанын салу үшін, оның келісімін алу керек. Бұл өте ұзақ процесс. Жалпы, Талғар ауданының өлкетану музейі ашылса, оған қояр жәдігерлер жеткілікті. Қазір олар әр жерде шашылып жүргендіктен, кейбір археологиялық қазба жұмыстарының хаттамасын табудың өзі оңай шаруа болмай тұр. Егер бәрі бір жерге жинақталатын болса бұл ғылыми-зерттеу жұмыстарына да өз септігін тигізері анық дейді.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

ДИПЛОМДЫ КАДРЛАР НЕГЕ ЖҰМЫССЫЗДАР ҚАТАРЫН ТОЛТЫРЫП ОТЫР?

Елдегі мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылатын жұмыс орындарының көбі уақытша. Жаңа жұмыс орындарының дені негізінен төмен және орташа өнім беретін секторларда құрылады әрі олар уақытша сипатқа ие.

Плата за безнаказанность

Осень выдалась тяжелой. Мы испытали шок от череды суицидов,...

Жыл басынан бері қанша қазақстандық жүргізуші куәлігінен айырылды?

Олардың басым бөлігі, яғни 18 мыңнан аса жүргізуші көлікті мас күйінде тізгіндеген.

Полиция алматылық көлік жүргізушілеріне маңызды ескерту жасады

Алматының полиция департаменті көлік жүргізушілеріне маңызды үндеу жасады.

Қазақстандықтар қарашада қалай демалады?

Қазақстанда күздің соңғы айы мемлекеттік немесе ұлттық мерекелерсіз өтеді, сондықтан ел тұрғындары тек демалыс күндері демалады.