Қоқыстарды қала шетіне әкеліп төкпек болған ерлі-зайыптылар қаптарды асығыс түсіре бастаған. Жаңа үй салғалы әдеттері осы. Барды үнемдеп, бірді екі етсек деп амалдаған түрлері ғой. Әйтпесе «Тазалық» мекемесі қоқыстың көлемі артқан сайын төлемді көбейтеді. Оның бәріне ақша қайда? Әлі қостыратын суы, газы бар. Күн суытқалы уайымы көбейген отбасының баспананы бітірмей әр тиынды санағаны санаған. Есеппен жүреміз деп өздерінің де әбден есі кетті. Енді міне түн жамылып қоқыс жағалап жүргендері мынау. Онсыз да жан-жағына алақтап, үрейленіп келе жатқан Салтанат қолындағы қос дорбаны алдындағы төмпешіктің төбесіне қарай лақтырған. Дорбасы жоғарыға тұрақтамай төмен қарай сырғыды. Етекке түскен екі пакетін қайта алмақ болып бір-екі қадам жасаған әйел баж ете қалды. – Ойбай, мында адам жатыр. Әділ… Әдііілл… Шыңғырып жіберген келіншек көлікке қарай тапырақтай жүгірді. Санасында көлікке жетіп алсам деген ой ғана. Анық көрді. …Қателесуі мүмкін емес. Пакеттің астында жатқан адамның қолы мен аяғы ғой. Салтанат екі пакетті алып шыққанда Әділ жүксалғыштағы қаптарды ретімен түсіріп жатқан. Әйелінің әзірейіл көргендей шошынған дауысына елең ете қалған отағасы жан-жағына қарады. Қуып келе жатқан ешкім жоқ. Байқамай қалдым ба деп тағы қарады. Қас қарайғанымен, қоқыстың маңы әлі де анық көрінеді. «Мынаған жын көрінген бе?» Ойланып болғанша, алқынып әйелі де жетті. «Отыр, оталдыр машинені» деді келе сала. Өңі құп-қу боп кеткен. Тіпті, ерніне дейін көгеріп, дірілдеп тұрғанына қарап Әділ сасайын деді. – Әй, не көрінді саған? Мына бес қапты енді жол ортасына тастап кетемін бе? – Таста, таста құрысын! – Салтанат, бері қарашы! Әділ есікті тартқылап тұрған әйелін ақырын бауырына басты. Ойпыр-ай, мынаның денесіне дейін селкілдеп тұр ғой. – Әділ, ертерек кетіп қалайықшы. Ана жерден… – Өй не болғанын айтсаңшы енді… – Қоқыстың арасынан адамның қолы мен аяғы шығып жатыр…
* * *
Ота үстелінде талай өліммен бетпе-бет келген Әділ үшін адам денесін көру соншалықты қорқынышты емес. Содан болар, «Әй, сонша қорыққаның не? Адам өліден емес, тіріден сескенуі керек қой. Қатерді өліден емес, тіріден күт!» деген отағасы келіншегінің қарсылығына қарамай қоқыс орнына қарай беттеді. Орындыққа жабысып алған Салтанаттың жол көрсетуге жарамасы белгілі. Неде болса жалғыз барып бажайлап көрмек. Бағана әйелінің оң жақтағы шағын төмпешіктің жанына тоқтағанын көзі шалған. Қолқаны алатын сасық иістен жиіркеніп төбешікке таяғанда көрді. Үстіне қоқыстарды қанша үйгенімен, қол мен аяқтың шеті аршылып қалыпты. Ашық жерде тұрғандықтан бұл ортадан аңызақ жел арылмайды. Ұйытқыған жел түртпектеп жүріп жасырынған дененің шетін сыртқа шығарып тастаған сияқты. Қол-аяқты жауып тұрған бір-екі қапты көтеріп еді… О тоба! Талайды көрген дәрігер жігіттің өзі шоршып түсті. Ойпыр-ай, адамды да өстіп азаптайды екен-ау. Байқұстың бет-аузының сау тамтығы қалмаған. Дәл қазір атаанасын әкеп көрсетсе мына жігітті танымайтын шығар, сірә. Жігітті өлдіге санаса да, қашанғы әдетімен солаңдап сыртта жатқан қолдың тамырын ұстап көрмек болған Әділ тағы да таңданысын жасыра алмады. Тірі екен… Әлсіз болса да тамыры соғып тұр. Жедел көмек керегін түсінген дәрігер көлігіне қарай жүгірді. Телефоны қолына тигенде алдымен тергені «103» болды. Одан кейінгісі – полиция!
* * *
Сол күні бейтаныс жанның өмірі үшін дәрігерлер көп арпалысты. Қатарынан бірнеше операция жасаған олар о дүниеге атанып кеткен азаматтың бетін бері қаратқандай болған. Бірақ… Ақ халаттылардың жанталасқан тірлігіне қарамастан науқастың қан қысымы қайта-қайта көтеріле берді. Жүрегі тынымсыз соғып жатқан жан ақыры ертесі күні комаға түскен. Дәрігерлер «жас қой, кім біледі, мүмкін есін жинар», – деп сақшыларды үміттендіргенмен, еңбектерінің ақталарына өздері де сенбейтін сияқты. Ал, жуындырғаннан кейін «өңі кірген» жігіттің кім екенін анықтау қиындық тудырмады. Іздеуде жүрген, жоғалған жандар қатарын қараған із кесушілер науқастың қаладағы ірі кәсіпкердің бірі Александр Киселев екенін анықтады. Міне, осыдан бес күн бұрын ұлын жоғалтқан ананың арызы жатыр. Бұл күнде ақпарат жата ма? Александр Киселевқа жасалған қастандықты тексеру мақсатында ішкі істер бөлімінен арнайы топ құрылып, оған білікті тергеуші Жетен Байсаламовтың жетекшілік ететіні туралы сыналап шыққан сыбыс журналистерге жетіп, жағдай аз уақытта жалпыға жария болып үлгерді. Сол күннен бастап кәсіпкер жатқан палатаның алдына қарулы күзет қойылды. Тергеушінің рұқсатымен науқасқа келіп-кететін туыстарының тізімі жасалды.
* * *
Дәрігерлердің айтуынша, қылмыскерлер кәсіпкердің бірнеше қабырғасын сындырған, бастан алған соққы да осал емес. Құлақтың кесілуі, мұрынның бұзылуы, саусақ астында қалған ине іздері кәсіпкердің әбден азапталғанын көрсетеді. Сонысына қарағанда қылмыскерлер тек тонауды немесе кек алуды мақсат етпеген. Оларға керегі басқа нәрсе. Кім білсін мүмкін, сейфтің коды қажет болған шығар? Әлде шотындағы мол қаржыға ауыз салғылары келді ме екен? Әзірге бұл тек болжам ғана. Жедел топты бөлмесіне жинаған Жетен Байсаламов бір күннің ішінде жинақталған деректерді қорытып алуды ойлаған. Кәсіпкерге қастандықтың жасалуы қалада аз шу туғызып отырған жоқ. Біресе тепсініп анасы, біресе жылап еңіреп әйелі келеді. Інісі де ағасының жағдайына алаңдап, қылмыскерді тезірек табыңдар деп ділгірлеп болар емес. Тіпті, араға беделді таныстарын да салып үлгерді. Оның бірі қалалық полиция департаментінің басшысымен жақын дос екен. Мына жақтан ол да тоқпақты ұрғылап, тыныстарын тарылтып барады. Осылар қайта-қайта хабарласып, қоңырау шалған сайын тергеудің түзу жүруіне кедергі келтіріп, уақытын ұрлайтынын біле ме екен? Басқа білмесе де, генерал білуі тиіс еді. Ол кісінің де түстен бері екі рет хабарласуына қарағанда мына кәсіпкердің туыстары осал болмай тұр. Ойланып кеткен тергеушінің ойын жедел уәкіл Болат Хамитұлы бөлді. – Жетен Естайұлы, кәсіпкердің анасымен сөйлестім. Баласының мұндай жағдайға тап болуын келінінен көріп отыр. Және онысы негізсіз де емес сияқты. Соңғы кезде кәсіпкер мен әйелі бөлек тұрған. Әрі күйеуінің көңілдесі барын білген келіншек ажырасуға да бел буған екен. Елена Броватая бұл қадамын «амалсыздан жасалған әрекет, енеммен бір үйде тұра алмадым» деп ақтауға тырысқанымен, отбасылық заңгердің пайымы басқа. Отбасының бар кіріс-шығысын, құқықтық құжаттарын рәсімдеумен айналысып келе жатқан заңгер кәсіпкердің шетелдегі активтерінің, жылжымайтын мүлкінің Елене Броватаяның атында екенін айтып отыр. Егер кәсіпкер көз жұмса, бұл ен байлықтың бәрі әйел мен балаларының атында қалады. Ал ажырасатын болса, Александр Киселевтің қандай әрекет жасары, әйеліне қанша берері белгісіз. – Хамитке салса әлемдегі барлық қылмысқа әйелдер кінәлі! – деп мырс еткен Тоқтар Келімбетұлы өзінен бұрын сөз алған әріптесін қағытып өтті. – Тоқтар, Хамиттің сөзінде де қисын бар. Дәл қазір әйелін көзден таса етуге болмайды. Телефонын тексеріңдер! Жақын уақытта кімдермен көп сөйлесіпті? Әрине, кәсіпкерді өлімші етіп сабау әйелдің қолынан келмес. Дегенмен, тапсырыстың артында Броватаяның тұруы әбден мүмкін! Бағанадан шыдамай, қомданып отырған Тоқтар осы сәтте сөзді іліп әкетті. – Жетен Естайұлы, кәсіпкердің туған інісі Олегпен бірге күні бойы кәсіпорындағы құжаттарын қарадық. Олегтің айтуынша, Александр ешкімге қарыз бермеген. Жалпы, ақшаға сараң болған. Алайда, кәсіпкердің сейфінен Серік Болатұлының қолхаты шықты. Онда 50 мың АҚШ долларын алған Болатұлы екі айда 10 пайыздық өсіммен қайтаруға кепілдік берген. Көрсетілген мерзім 2021 жылдың 15 наурызы. Ал қазір қыркүйектің 3-і. Қолхаттың әлі сейфте жатқанына қарағанда қарыз қайтпаған боп тұр ғой. – Қолхатта Серік Болатұлының телефоны, мекен-жайы тұрған болар? Хабарласып көрмедің бе? – Хабарластым! Серік Болатұлы – кәсіпкердің сыныптасы екен. Анау жастар жиі баратын түнгі клубтың иесі осы жігіт болып шықты. Бардым, көрдім. Кәсібі дүрілдеп тұр, табысы да жаман емес дейді. Кисилев туралы айтқанымда ұнжырғасы түсіп қалды. «Аяғымнан тік тұруыма Саша көмектесті, түнгі клуб жұмысы жанданған соң қарызымды қайтарып бердім» деген ол қолхаттың сейфтен табылғанына аң-таң. Қолхат негізі менің үстелімнің тартпасында тұрған деп көзімше құжаттарын әбден қопарды. Онысы әшейін көз алдау сияқты. – Ал, кеше кәсіпкерге қастандық жасалған уақытта қайда болған екен? – Клубта болдым дейді. Жанында көмекшісі, бармен болған. Бірақ, қарауында жұмыс істейтін адамдар басшы не айтса соны қайталайды емес пе? Сондықтан, оның бұл сөзін айғақ деп қабылдауға болмас. – Иә, ол да мүмкін… Клубтың ішіндегі камералар істей ме? – Барлығы 18 камера бар екен. Ондағы екі күнгі жазбаны түгел түсіріп алдым. Бүгін түнге дейін қарап, Серік Болатұлының сөзінің рас-өтірігін анықтаймын, жолдас майор! – Тоқтар, 18 камера орнатылғанын білетін кәсіпкер жалған сөйлей қоймас. Есі бар адам полицияның жазбаларды тексеретінін түсінсе керек. Меніңше, дәл соның бөлмесіне кіріп-шығатын жердегі камераларды мұқият қараған дұрыс. Егер өзі айтқандай тартпадағы қолхатты біреу алып кетсе, күдікті камераға түсіп қалуы әбден мүмкін… – Жолдас майор, 50 мың доллардың қолхатын кім тартпаға салар дейсіз? Бұныкі әшейін ақталу ма деймін… – Мұндай қылмыстарда бірден кесім айтуға болмайды. Барлық дерек ке сан қырынан қарау керек. Асықпа, Тоқтар! Жетен Естайұлына қарамағындағы жігіттердің мінезі жақсы таныс. Хамитті қамшылап отырмасаң тәуекел етіп, шешім қабылдауы сирек. Ал Тоқтар нағыз бірбеткейдің өзі. Онысы үшін қанша таяқ жесе де, сүйекке біткен мінезін өзгерте алмай келеді. Қатарларына жаңа қосылған Жанат Қаппарұлы – асылдың сынығы, қызмет барысында қаза тапқан досының жалғыз ұлы. Қызметтің қауіпті екенін айтып, қанша сақтандырса да Жанат әкесінің жолын жалғайтынын айтып табандап тұрып алған. Қаппар марқұм қатарының алды, ісіне адал жігіт еді-ау. Әттең, араша сұраған әйелге көмектесемін деп бір топ әумесердің қолына түспегенде қазаққа да, қызметке де берері көп еді. Тұнжырап кеткен Жетеннің өзіне қадалып қарағанын «сөйле» деп түсінген Жанат орнынан ыршып тұрды. – Жолдас майор, мен қоқыс орнына барып, айналасын түгел сүзіп шықтым. Кәсіпкердің денесін жеңіл көлікпен әкелген. Тіпті, көліктің номерін көрген бала да бар… – Айналайын-ау, жаңалықтың бәрі сенде екен ғой. Бағанадан бері неге үндемей отырсың? Осыншама сабырлы болармысың? – деген майор риза көңілмен Жанатқа мейірлене қарады. Тоқтар мен Хамит та әріптестерінің аузын бағып қалған. Егер шынымен күдікті көлік табылса, қылмысты ашуға бір табан жақын қалдық деген сөз ғой. Жанаттың расында жолы болды. Қоқыстың ана жағына бір шығып, мына жағына бір шығып жүрген бұған жол шетіндегі қалың талдың арасынан әлдене жыбырлағандай көрінген. Жүріп барып қайта бұрылды, жаңағы тұс тағы қозғалғандай. Біреу бар… Анық біреу отыр… Іштей сөйлеген бұл күдіктенген тұсқа жүгіре жетті. Бүрісіп кемпір отыр. Кемпір дейді-ау, онысы аңызақ жел мен күтімнің жоқтығынан әбден тозған орта жастағы әйел екен… Қашайын десе арты жар, тығылайын десе орын тар. Қорыққан әйел «Мен ештеңе көргем жоқ» деп өз-өзінен сескеніп тұр. Яғни, көрген! Құжатын көрсетіп, сабырға шақырғаннан кейін ғана әйел өз-өзіне келді. «Бастық, мен қарт адаммын, көзім алыстан көрмейді. Сол күні біз кеш болып қалған соң қоқыстардан бар тапқанымызды арқалап мына ағаштың арасында демалып отырғанбыз. Біз дегенім – Настя мен кішкентай Вова. Ол құрғанның интернаттан қашып келіп біздің тамағымызға ортақтасып жүргеніне біраз болды. Он үштегі жас бала емес пе, алыста тұрса да көліктен нені түсіріп жатқанын, олардың түрлерін, тіпті, кетіп бара жатқан көліктің нөміріне дейін байқап қойды. Қанша деп еді?… Біраз ойланған әйел сандарды ақыры есіне түсіре алмады. «Оны сол Вовадан сұрасаңыздар айтып береді», – деген әйел артынша басқа көліктің келіп қаптар түсіргенін, сосын жедел жәрдем мен полиция көлігінің жеткенін жеткізді.
«Бар болғаны осы» дегендей, жан-жағына асықпай бір қарап алған Жанат: – Жолдас майор, Вованы іздеп бара жатқанымда, жиналыс болатынын естіп, бөлімге асықтым. Қазір жиыннан шыққан соң баланы тауып сөйлеспекпін. – Міне, мұның ақыл! Бірақ, қазір кеш түсті. Интернатқа таңертең барсаң да үлгерерсің. Ең бастысы, бала сабаққа шықпай тұрып сөйлескен жөн! Қарауындағыларға берген тапсырмасын пысықтап шыққан соң, майор да үйіне үлкен үмітпен қайтты.
* * *
Жедел топ сыртқа шыққанда, кәсіпкердің інісі қарсы жолықты. Бағанағыдай емес, үстіне жеңіл былғары күрте пен спорттық шалбар киіпті. Тоқтарды көре салып, қалбалақтай қарсы жүрген жігіт үйіне дейін жеткізіп салуды ұсынған. – Іс қалай жүріп жатыр? – деді әуелі. Тоқтардан мардымды жауап болмаған соң: – Ағамды ойлап анам қатты ауырып қалды. Бүгіндікке екі рет «жедел жәрдем» шақырдық. Ал ана «кобра» немерелерін де көрсетпей, тым-тырыс отыр. Оған ағамның аяқтан тұрғаны емес, тезірек өлгені керек болып тұр ғой! Бастырмалата сөйлеген Олег жеңгесін біраз жерге апарып тастады. Тіпті, қастандыққа қарыз алған кәсіпкер ғана емес, жеңгесі де кінәлі болуы мүмкін дегенді шегелеп айтты. Іштарта сөйлеген жігітке жаны ашыған Тоқтар: – Әзірге асығыс шешім қабылдамай тұра тұрыңыздар! Ағаңыз да оңалып кетуі мүмкін. Оның үстіне, қоқыс полигонында қылмыскерлерді көрген баланы таптық. Бүгін кеш болып кеткен соң, интернатқа бармадық. Ертең Вованы алдырып, кінәлілерді анықтайтын боламыз, – деді үміттендіре сөйлеп. – Солай ма? Олег таңданғанын жасыра алмады. – Кішкентай бала бәрін көрген екен ғой. Енді жасырмай айтса болғаны… Тоқтарды үйіне дейін жеткізген жігіттің одан кейінгі әңгімесі жеке бизнесіне, анасына қарай ойысты…
* * *
…Кешегі жиын Жанатты шабыттандырып тастады. Әсіресе, екі әріптесінің аузы аңқиып, өзіне төне қараған түрлері көз алдына келсе, еріксіз күле береді. «Мына «новичок» бізді қапы қалдырды» деген шығар-ау. Шіркін, бүгін Вованы тауып, қылмыскерлерді тезірек қолға түсірсе ғой, тіпті керемет болар еді. Бұл, әрі жұмысқа қабылдарда жылы қабақ танытпаған Жетен Естайұлына өзінің мықтылығын дәлелдеуге таптырмас мүмкіндік. Таңертең интернатқа шықпақ болған жас полицейді департаменттен түскен қоңырау тағы тоқтатты. – 8.40-та бүкіл жедел бөлім генералдың қабылдауында боласыздар! Бірден департаментке келу керек! Кешікпеңіздер! – дегенді телефонның ар жағындағы қатқыл дауыс нығарлап айтты. Ал Вованы қайтпек? Бәлкім, Жетен Естайұлына ескертсе, жиналыстан босатар… Бірден бастығына қоңырау шалып еді: – Жанат, бұл істің генералдың бақылауында екенін айттым ғой. Ол кісі ұзақ ұстай қоймас. Әрі кетсе 10-15 минут… Қай бағытта жұмыс жүргізіп жатқанымызды білген соң босатады, – деп көңілін су сепкендей басып тастады. Әншейінде генерал тек басшыларды ғана қабылдайтын еді. Бұл жолы не боп қалғанын?.. Жанаттың бастықтың қабылдауына екінші рет келуі. Бірінші жолы – анасы екеуін есіктен кіре жылы қабылдаған генерал қызмет барысында қаза болған әкесінің ерлік медалін мұның өңіріне өз қолымен қадаған еді. Одан бері де алты жыл зымырап өтіпті. Ал бүгін кіретін кабинет сол баяғы болғанымен, генерал бөлек. Ол тұста департаментті басқарған Сырымбет Оспанов қазір құрметті демалыста. Жаңа басшының қабылдауын біраз тосқан жедел бөлімнің кіргенінен шыққаны тез болды. Сөйлеген тек Жетен Естайұлы ғана. Оның есебін тыңдаған соң: «Қылмыскерлерді тезірек табыңыздар! Мен сіздерге сенемін!» – деген генерал көзінің астынан сынай қарап шығарып салды. Сол бір ауыз сөзді телефоннан ести салса да болмас па еді? Бастықты шақырып алып білсе де, тақиясына тар келмес еді. Таң атпай тұтас бөлімді жинағанын қарамайсың ба? Іштей қынжылған Жанат бастықтың рұқсатымен интернатты бетке алған. Интернат дегені қала шетіндегі екі қабатты шағын ғимарат екен. Ғимараттың өзі кіші болғанымен, орналасқан аймағы кең. Қоршаудың ішінде футбол, волейбол ойнайтын алаңдар, жаттығатын орындар арнайы жасалыпты. Спортпен шұғылданамын дегенге кедергі жоқ. Вованың қаңғыбастарға жиі қашуына қарағанда спортқа қыры болмай тұр. Әйтпесе, мынандай алаңда асыр салып жүрудің орнына не үшін қоқыс жағалайды? Интернаттың ішіне кірген Жанат алдымен директордың кабинетін іздеді. Мұның сауалын естіген соң: – Біздің қаңғыбас баланы бәріңіз неге іздеп қалдыңыздар? – деді орта жастан асқан әдемі әйел әнтек жымиып. – Бәрі дегеніңіз қалай? Менен басқа сұрағандар болды ма? – Иә, түнде де Вованы арнайы хабарға шақырып жүрміз деп біреулер есік қаққан екен. Қанша қиылса да күзетші баланың мекенжайын тауып бермеген. Түн ішінде қайдан тапсын?
Ал Вова күндіз маған арнайы келіп, атасының үйіне сұранып кеткен болатын. Ақтоғай деген ауылды білетін шығарсыз. Қаладан 30 шақырымдай жерде. Вова сонда. Міне, үйдің номерін жазып алыңыз! Интернат директоры сол сөйлеген қалпында Жанатты есіктің аузына дейін шығарып салды. Мұның «Қандай жур налист? Қай хабарға түсірмекші екен?» деген сауалына директор да, күзетші де ашып жауап бере алмады. Бір қуанарлығы, директордың кабинетінде де, интернаттың кіре берісі мен ұзын залда да бірнеше бейнекамера бар екен…
* * *
Қаңғыбас баланы кімнің іздеуі мүмкін? Жанатты жол бойы мазалаған сұрақ осы. Отыз шақырым жолды лезде тауысқан жеңіл көлік межелі жерге жеткенде сыртта тұрған бір топ адамды көзі шалды. Мынау хабар түсіретін журналистер емес. Киім киістері қал сұрасуға шыға салған ауыл адамдарына көбірек ұқсайды. Жақындағанда байқады… Жиналғандар қарт адамның қайғысына ортақтасып келгендер екен. Бұл кеш қалыпты. Түнімен немересін қойнына алып жатқан қарт таңертең көз жазып қалғанына шыр-пыр. – Неге өйтті? Қалай бұл әрекетке барды, білмеймін! Таңертең екі сиырымды айдап ауыл шетіне кете қойып едім. Келсем, тура сарайдың алдында асылып тұр…Жалғызым-ау, жоқтаушым-ау… деп кемсеңдеп жылаған қарт бір уыс болып шөгіп қалғандай. Ауыл халқы бала өз өлімімен өлді ме, жоқ біреу өлтірді ме, ойланып жатқан жоқ. Кішкентай Вованы арқаннан ажыратып, төргі үйге жатқызып қойыпты. Осы аз ғана тәжірибесінде асылып өлген екі адамды көргені бар. Екеуінің де аларып кеткен көзін жаба алмай, аузына сыймаған тілімен алысып кеткен еді. Ал мына баланың бет-әлпеті оларға мүлде ұқсамайды. Кәдімгі ұйықтап кетіп, оянбай қалған адамдай… Сыртқа шыққан соң бірден криминалистерге қоңырау шалып, Жетен Естайұлын жағдайдан толық хабардар еткен Жанат әріптестері келгенше көрші-қолаңды сөзге тартып көрмек болған. Таң елеңде жастардың ояна қоюы сирек. Мал айдаған, сыртқа шыққан адамдар күдікті ештеңе байқамады ма екен? Өзара әңгімелесіп тұрған топқа жақындады. Шағын ауылдың халқы мұның кім екенін біліп те үлгерген екен. Бұл сұрақ қойып еді, бәрі бірден ұзын сарыға қарап, иек қаққандай болды. Ол да өзіне назар аударар сәтті күтіп тұрған сияқты, бірден: – Мен бөтен адамдарды көрдім, екі жігіт… Ауылға кіре сала, бірден осы үйдің алдына тоқтады… Тілі сақау жігіт ойын жинақтай алмай, бірді айтып, бірге кетіп бара жатқан соң Жанат: – Асықпаңыз! Бәрін ретімен айтыңыз, – деп тыйып тастады. – Сонымен сіз екі күдікті адамды көрдіңіз, солай ма? – Иә, қара көк «мерседес» мінген.
Жылтырап тұр. Бірақ олар көлікті анааау тұсқа қойып, жаяу келді. – Олар сізден Вованың үйі қайда деп сұрады ма? – Жоқ, – «Мынау Абай көшесі ме? 21-үй қайда?» – деп сұрады. Мен қарияның үйін көрсеттім, олар ішке кіріп кетті. – Сосын… – Үйде көп бөгелген жоқ. 15 минут па, жоқ, 20 минут па болды. Содан кейін көліктеріне отырып қалаға қарай кетті. – Екі жігітті көрсеңіз танисыз ба? – Әрине, танимын! Тек көліктің номерін байқай алмадым. Алыста тұрды. Сөйтсем, Алексей жаттап алыпты. Леша, жаңағы номерді айтып берші мына жігітке, – деді сосын шетте тұрған жас жігітке қарап. Онысы да өзіне кезек қашан тиер екен деп тұр екен, лыпып келіп бір тілім қағазды Жанаттың қолына ұстата қойды. 818 LTR. Қайдан көрді бұл номерді? Әріптестеріне қоңырау шалған Жанат өзіне белгілі номердің иесін шұғыл анықтауды өтінген. Ар жақтан жауап берген Тоқтар елең ете қалды. «Ол Олег Кисилевтің көлігінің номері ғой. Қара мерседестікі». Осыдан кейін-ақ неше күннен бері шешілмей келген істің түйіні тарқатылып сала берген…
* * *
Бір үйде екі ұл: бірі – еңбекқор, екіншісі – жалқау. Кисилевтер отбасындағы екі ұлдың мінезі мен әрекеті тіпті үйлеспейтін. Кішісі болған соң, Олегке өбектеген ана үлкенінің еңбек етіп, отбасын асырағанын ерсі санамайтын. Еркелету естіні есейтеді, ессізді есіртеді. Есірген Олег есепсіз ақшаға мастанып, құмар ойындарға үйір болып алды. Бұл ақша сұрағанда анасы да қолын қақпайды, шешесінің көңіліне келеді деп ағасы да жоқ дей қоймайды. Тек соңғы уақытта жеңгесі артық сөйлейтінді шығарған. Оның да «емі» табылды. Ағасының хатшымен шүйіркелісіп отырған бір ыңғайлы сәтін әдемілеп түсірді де, жеңгесінің телефонына сарт еткізді. Қайдан жау табарын білмей үйде аласұрып отырған әйелге одан артық не керек? Күйеуінің ақталғанына қарамай, алысты да кетті. Бұл да барынша ушықтырып бақты.
Ақыры, ажырасуға бел буған әйел екі баласын жетектеп үйден кетіп тынды. Тура айтпаса да, ағасы әйелі екеуінің арасына кім түскенін тұспалдап біледі. Содан болар, ақша беруін де азайтқан. Ал алдыңғы ойындарда қолы жүрмей, қарызға белшесінен батып кеткен Олегке қалайда ақша табу керек! Ағасы ақшаны үйдегі сейфте сақтамайды. Банктегі шотын бұған оңайшылықпен айта салмасы тағы анық. Не істеу керек? Досымен бірге жоспар құрған жігіт сол күні Александрды алдап қала сыртына алып шықты. Інісінің: «Қарызым бастан асты. Өзің сөйлеспесең, мыналар мені тірідей түтіп жейді» – деген сөзіне Александр кәміл сенген. Ол үшін үйреншікті жағдай. Бұған дейін де жақынының мәселесін бірнеше рет шешкен кәсіпкер уәде етілген жерге жұмыстан шыға сап барды. Діттеген жерге Олегтің көлігімен жеткен Александр еш қауіп ойламаған. Қамсыз отырған кәсіпкер арттағы жігіт мойнына жіпті тастап жіберіп шірене тартқанда ғана көзі қарауытып, ауа қарманып, өліммен барынша алысып бақты. Бірақ, екеуі қойсын ба? Алдымен «жемтігін» есінен тандырған қорқаулар, артынша сейф пен есепшот нөмірі қолға тигенше қинады. Ал қажетті кодтарды білген соң, Александрды қайта қылқындырған. Қолы мүлт кеткен екен. Енді түнгі клуб жағалап, Серік Болатұлының тартпасындағы қолхатты ұрлағаннан да, шынашақтай баланы шырылдатып тұншықтырғаннан да пайда жоқ! – Олег, бүгін дәрігерлер ағаңыздың жағдайы жақсарып келе жатқанын, ақырындап қол-аяғын қимылдатып, сөзді толық түсіне бастағанын айтты. Ертең жақын адамыңыздың бетіне қалай қарайсыз? – Менің халімді құмар ойынға берілген адам ғана түсінеді… – Ал кішкентай баланың жазығы не? Содан үміт күтіп отырған қарт кісіні де тірідей өлтіріп кеткендеріңізді білесіздер ме? – Сиырдың соңында кетпегенде, ол да тірі қалмас еді… …Төбеге қарап тілсіз қалған Олег бір кезде: – Білесіз бе, бұрын менің түсіме тек карта ойнап жатқаным кіретін. Қою түтіннің арасында кәнизактардың қыпша белінен құшақтап отырып, картаны «сызып» жатам. Кейде қарызын сұрап, кеңірдегіме жармасқан ойыншыларды көретінім бар. Бұған әбден етім үйренген соң ба, мұндай түстерді елең қыла бермеймін.
…Ал кешелі бері тамұқтан жеткен бір үн маза бермейді. Баланың уілінен басталған сол дауыс артынша ұйықтап жатып тыпырлаған Вованың үніне ұласады. Шынымды айтсам, кіп-кішкентай бала өмір үшін сонша арпалысады деп ойламаппын. Әлде өзім босаңдық таныттым ба? Кейін жастықты алып жүзіне қарасам, арпалыстың бір белгісі жоқ. Алаңсыз ұйықтап жатқан сияқты. Өлді деген ағам тірі табылған соң, мына баланы да кеңірдектен ала кеткем. Былқ-сылқ етеді, тіпті маған жымиып тұрғандай… Әне, ол тағы да тура алдыма келіп тұр. Бастық, сізге көрінбейді, ә? Көріп тұрған жоқсыз ба? Осы мен жынданған шығармын…
Нұрлан ШЫНТАЕВ
[expert_review_likes style=»button-1-color» size=»m» icons=»thumbs» alignment=»» show_icon=»1″ show_label=»0″ show_count=»1″ hide_dislikes=»1″ label_like=»Мне нравится» label_dislike=»Не нравится» name=»Нұрлан Шынтаев «ТАМҰҚТАН ЖЕТКЕН ҮН»» link=»» post_id=»»]