Кез келген мемлекеттің экономикалық дамуында құрылыс саласының орны ерекше. Экономиканың локомативі деп саналатын құрылыс нарығындағы өзгерістің халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына әсері өте мол. Сондықтан мемлекеттің қысқа және орта мерзімдік даму стратегиялары жасалған кезде, оған айрықша мән беріледі. Сол себепті ҚР Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат ЕРҒАЛИЕВТЕН еліміздің құрылыс нарығындағы қазіргі ахуалды баяндап беруді сұраған едік.
– Құрылыс материалдарын өндіруде қандай өзгеріс бар?
– Қазір еліміздегі құрылыс индустриясы және құрылыс материалдарын өндіру; сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі; тұрғын үй қатынастары; коммуналдық шаруашылық; елді мекендер шегінде сумен жабдықтау және су бұру, жылумен жабдықтау саласындағы мемлекеттік реттеу; тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға қатысты мемлекеттік саясатты жүргізу өкілдігі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құзырында. Мәселен, министрліктің ақпараты бойынша, біз қазір құрылыс материалдарының 54 пайызын өзіміз шығарамыз. Қалған 46 пайызын сырттан әкелеміз. Меніңше, бұл ақпарат дұрыс емес. Өйткені жылытқыштар мен кірпішті өзіміз шығарсақ та, ол ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге әлі қауқарсыз. Сондықтан біз оларды Ресей, Өзбекстан және тағы басқа елдерден әкелеміз. Сол сияқты арматураны да өзіміз шығарамыз, бірақ ол да бізге жеткіліксіз. Жетпегенін Қытайдан, Ресейден аламыз. Бұдан бөлек кейбір құрылыс заттарының сапасы әлі де әлемдік деңгейге сәйкес келмейді. Сол себепті құрылысшылар сапалы материаларды сырттан әкелуге мәжбүр.
– Құрылыс саласындағы нормативтер мен стандарттар заман талабына сай жаңартылған ба?
– Біз әлі кеңестік нормативтерді қолданып жатырмыз. Еуропадан бізге әртүрлі тәртіп пен нормалар келіп жатыр. Алайда оларды түсіну үшін уақыт қажет. Құрылысшыларды, жобалаушыларды үйрету керек. Мысалы, еурокод деген бар. Дұрыс түсініп, қабылдаса, онда қазіргі құрылыс нормалары мен ережелерінен (ҚНжЕ) гөрі, арматураны қолдану аздау. Ал құрылыс нормалары мен ережелері – атқарушы билік органдары қабылдаған, қала құрылысы қызметін жүзеге асыруды, сондай-ақ инженерлік ізденістерді, сәулет-құрылыс жобаларын және құрылысты жүзеге асыруды реттейтін техникалық, экономикалық, құқықтық сипаттағы нормативтік құқықтық актілердің жиынтығы. Кеңестік нормативтерге қарағанда, одан, әсіресе, сейсмикалық қаупі жоғары Алматы сияқты жерлерде құрылыстағы бетон шығыны да аздау болады. Әрине, ол үшін қосымша оқу керек. Еурокодтарды жоғары оқу орындарында құрылыс саласына байланысты мамандар дайындаған кезде де үйрету қажет. Әзірше көбі еурокодтарды толық түсінбейді. – Сонда мамандар жаңа талаптарды меңгере алмай отыр ма? – Мамандар сапасы төмендеген жоқ. Қайта кеңестік дәуірге қарағанда мамандардың біліктілігі жақсарып жатыр. Өйткені құрылыс нысанында қолданылатын материалдар әртүрлі. Қазір бізді, кеңес дәуірімен салыстырғанда, құрылыс та көп, материалдарда көп қолданылып жатыр. Кеңес кезінде үйлер тек кірпіштен және панельден ғана салынатын. Бетон үйлер ол кезде болған жоқ. Қазіргі үйлердің сапасы жақсы. Тұтынушылардың жылдан-жылға қоятын талабы да өсіп келе жатыр. Кейбір үйлердің сапасы шетелдегі қонақ үйлермен бірдей. Әрине, кемшіліктер де бар. Мамандарды әлі де үйрету керек. Жоғары оқу орнында олар мұндай білім ала алмайды. Ондағы білім өте төмен. Нарыққа келген соң түгел қайта үйренеді. Мысалы, Жапонияда жобалаушылар нарықта 5 жыл істеген соң ғана емтихан тапсырып, жобалаушы болып жұмыс істей алады. Сондай тәртіпке көшсек, біздегі құрылыс жобалаушыларының да сапасы көтерілер еді. Дегенмен, кемшіліктермен күресу керек. Бірақ құрылыс сапасы дамыған Қытай, АҚШ, Германия сияқты елдерден кем емеспіз.
– Қазір қарасаңыз, барлық жерде көп қабатты зәулім ғимараттар салынып жатыр. Сейсмикалық қауіп жоғары жерлерде аз қабатты үй салуды кім қадағалайды?
– Бұл – жергілікті атқарушы органның жауапкершілігінде. Олардың өз жұмысын қалай атқарып жатқанын қарау керек. Жалпы, сейсмикалық қауіпті аймақтарда өте биік үй салуға болмайды. Көп қабатты ғимараттар салуды дұрыс емес деп ойлаймын. Әрине, қазір салынып жатқан үйлер 9 баллға дейін шыдайды. Сейсмикалық қаупі жоғары аймақтарда басқа өңірлерге қарағанда арматураның да, бетонның да сапасы 20 пайызға жоғары болуы керек. Сарапшылар да айтып жатыр ғой, көп қабатты үйлер жер сілкінісініне шыдайды деп.
– Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен кім қандай сабақ алды?
– Түріктер құрылыста жіберген өз қателіктерін тапты. Онда тапсырыс беруші мен мердігер келісіп алып, құрылыс бағасын төмендету үшін оның сапасын біршама төмендетті. Олар қазір жобаны қайта түзетіп жатыр. Бізде ондай жоқ. Өйткені мемлекеттік сараптама жасалады. Құрылыс сапасын тексеретін басқа да сарапшылар бар. Түркияда мемлекеттік сараптама деген де, жеке сараптама деген де жоқ. Жобалаушы нысаның жобасын сызып, өз қолын қойып, оны жүзеге асыру үшін құрылыс компанияларына жібере береді. Бізде сараптамадан өтпей, ешбір үй салынбайды. Оның беріктігін 1,5 есеге дейін артық қояды мұнда.
– Құрылыс заңнамасы қаншалықты жетілдіруді қажет етеді?
– Қазір қолданыстағы заңнаманың бәрі ескірген. Тіпті жаңадан жасалып жатқан Құрылыс кодексінің жобасына да менің көңілім толмайды. Оны қолдайтын министрлік мамандары нарықты білмейді. Парламент қарап жатқанымен, ол толыққанды болатынына күмәнім бар. Ғылыми-зерттеу институттарына да оны түсіну үшін нарықта істеуі керек. Олар өмір бойы нарықта жұмыс істеп көрмеген. Біз ұсынып жатқандарды түсініп, қолдауы үшін нарықтың қандай кедергілері, мүмкіншіліктері барын түсінуі тиіс. – Құрылыс саласына қажетті мамандар неге тапшы болып отыр? – Құрылыс саласында бүгінгі таңда бір млн-дай адам жұмыс жасайды. Маман жетіспейтін себебі – жастар жоғары білім алғанымен, көбі жай ағаш ұстасы, сантехник, арматурщик, тас қалаушы болып жұмыс істегісі келмейді. Қара жұмыс істеуден қашады. Біз оны өзгерте алмаймыз, 1,5 млрд халқы бар Қытайда да, 140 млн халқы бар Жапонияда да жастар құрылысшы болып жұмыс істегісі келмейді. Бүкіл әлем қара жұмыс істейтін адамдарды сырттан әкелуде. Батыс Еуропа, Скандинавия елдері де солай істеп жатыр.
– Еліміздегі тұрғын-үй құрылысының қазіргі жайкүйі туралы не айтасыз?
– ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпараты бойынша, елімізде 2,5 млн адам баспанаға мұқтаж. Біздің есептеуімізше, 4 миллионға жуық азамат баспаналы болуды армандайды. Өйткені, жалақыдан жалақыға дейін күн көретін адамдардың қаржы жинақтайтын мүмкіншілігі жоқ. Оларға 5-6 пайыздық ипотека керек. Солай ғана олар өзін-өзі баспанамен қамтамасыз ете алады. Жалпы, құрылыс нарығы даму үшін, ең алдымен, заңнаманы өзгерту керек. Одан кейін жекеменшікке қол сұғылмауы тиіс және сот билігі толықтай тәуелсіз және әділ болуы керек.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


