– Талғат Омарұлы, республикада 21 соттың қысқартылып, бір-біріне қосылатыны белгілі болып отыр. Судья болып ұзақ жыл қызмет атқарып, сот саласының қыр-сырын терең меңгерген жан ретінде бұл бастамаға көзқарасыңыз қалай?
– Оңтайландыру шенеуніктердің соңғы кезде жиі қолданатын сөзінің біріне айналды. Бұл шара оң нәтижесін беріп жатса әңгіме жоқ. Өкінішке қарай, көп жағдайда алды-артын сараптап, екшеп алмай оңтайландыру, жұмысты жөндеудің орнына кері кетіріп жатады. Республикадағы 21 сотты оңтайландырамыз дегенді де өз басым оң нәтижеге жеткізетін қадам деп қабылдай алмадым. Жалпы, тек қана сотты емес, шекаралық аудандарды, халық аз тұратын аудандарды жауып, таратудың қажеті жоқ. КСРО-ның кезінде біз Қытаймен шекаралас аудандарда тұрдық. Сол кезде осы аймақтарға барған қызметкерлердің еңбекақысына 15 пайыз үстеме қосылатын. Яғни, осы өңірлерде адамдарды ұстау үшін мемлекет бірталай шығын шығарды. Қазір керісінше ондағы тұрындардың еңбекақыларын қысқартып, қала халқының табысын көбейтіп қояды. Мұндай жағдайда ол жақта кім тұрады? Айлыққа он бес пайыз қосқанда бұл аудандарға ақылды, іскер, орнықты адамдар барды. Қазір оларға бір орында тұрақтап қызмет істей алмайтындар, аннан-мыннан қашқандар барады. Бұлар ауылға не бере алады? Соның салдарынан ауылдардан береке қашып, тозып барады. Міне оңтайландырудың салдары. Егер керісінше алыс ауылдарға баратындар үшін жалақыға үстеме қосылса, оған нағыз өз ісінің шеберлері, мықты мамандар тартылып, ауылдың өсіп-өркендеуіне ықпал етер еді. Ауыл оңалса, ел тоғаяды дегендей, бұл бүкіл халқымыздың әл-ауқатының артуына септігін тигізеді. Өкінішке қарай, оңтайландырудың бей-берекет жүруі бүгінде көптеген ауылдың өміріне балта шапты. Мұның ақыры агроөнеркәсіп саласының кері кетуіне соқтыруда.
– Демек, сот саласындағы оңтайландырудың да осындай зардабы болады дейсіз ғой…
– Иә, аудандардан сот кетсе, олардан адамдар да кетеді деген сөз. Мен зейнетке шыққанға дейін екінші сатылы соттарда істедім. Өскеменнің қасында Табрия деген аудан болды. Бұл қалаға жақын еді. Оны бұрынғы Ақжар деген Тарбағатай ауданының орталығындағы Ақсуатқа қосып жіберді. Аудан орталықсыз қалды. Халқымыз «Төбесіз жер болмайды, төресіз ел болмайды» деген. Төбе деген – биіктік, оған шығып айналаға қарау керек. Төре деген – билік. Онсыз қалай ел тұрады? Сот – биліктің бір бұтағы. Соттарды қысқартуға олардың жүктемесінің аздығы негіз болуда. Бұл айтуға тұрмайтын мәселе. Басты мәселе билік кеткен жерден ойдың, сананың кететіні белгілі. Мұндай жағдайда ақылдылардың бәрі кетіп қалады. Дұрыс ақылдасатын, пікірлесетін адамдар қалмаған соң зиялы адамдар да ауылдан безе бастайды. Сапаның кетуі сананың да жоғалуына алып келді. Сондықтан бұл тек соттың ғана емес, тұтас қоғамның мәселесі. Тек қаржылық шығынды ойласақ, онда қоғамды ұмытамыз. Жалпы, қаржы не үшін керек, адамдар үшін керек емес пе? Сот егер тек бухгалтерияны ойлайтын болса, онда ол халықтан алшақ, оның мұң-мұқтажына бас қатырмайды деген сөз. Халыққа ең бірінші керегі – білім беретін мектеп. Ауылдың даму деңгейін мектептің бар-жоғымен өлшейді. Егер баласын оқытатын жер болмаса, оған кім барады. Екінші, аурухананың болуы. Үшіншіден, билік қажет. Халық қандай да бір келеңсіздіктің алдын алатын, орын алған жағдайда құқығын қорғайтын құзырлы орындардың болуын қалайды. Егер осылар жоқ болса, ол ауылдарда кім тұрады?
– Соттарды қысқартып, оңтайландырудағы мақсат қаржыны үнемдеуден туындап отыр ма сонда?
– Иә, мұндағы мақсат тек қаржыны үнемдеу, басқа ешнәрсе емес. Баяғыда бір қойшы болған. Сол ешкісі егіз тапса бір лағы семіз болуы үшін екіншісін бауыздап тастайды екен. Соттарды оңтайландыру да сол секілді әрекет. Қойшы лақтарды емес, өз пайдасын көздеп отыр. Сол секілді соттарды қысқарту да халықтың қамын ойлау емес, қалтаның қамын ойлау. Менің ойымша бұл тұрғыда мемлекеттік деңгейде кең пайым жоқ. Қоғам не болады? Бұл мәселе мүлде назардан тыс қалып отыр. Мысалы мен қызмет атқарған Ақжар деген ауыл бұрын Тарбағатай ауданының орталығы болған. Енді оңтайландырамыз деп, Семей облысының іргесіндегі Ақсуат ауданын таратып, Тарбағатай ауданы деп қалдырды да, Ақжардан аудан орталығын Ақсуатқа алып кетті. Сөйтіп, ауданның билігі жойылды. Ақжар мен Ақсуаттың орталығы жүз бес шақырым. Ортасында бір де бір елді мекен жоқ. Енді қазір Ақжардағы сотты тарататын болса, халық 105 шақырым жердегі оған қалай барады?
– Басқаны айтпағанда барып-келудің өзі қиындық тудыратын болады дейсіз ғой…
– Иә, ол жерге ғаламтор желісі де тартылмаған. Бұл Қытаймен арадағы шекараға 40 шақырым жерде ғана тұрған ауыл. Егер сотты қысқартатын болса, халық Ақсуатқа бармайды. Онсыз да ол жақтағы қауым аудан орталығы кеткеннен кейін көшіп кеткен. Бұрын ол ауданда 43 мың халық тұрса, қазір 25 мың ғана халық қалған. Енді ол жерден сотты алып кететін болса, онда кім қалады? Бұған дейін ол жерде халық өзіміздің сотымыз бар, билігіміз бар деп тұрақтап тұрды ғой. Оған тіпті ешкім бармаса да, ауданда болғанының өзі көңілге демеу еді. Малға қойған қарақшы тірі болмаса да, қасқырды қорқытып тұрады деген үміт болады ғой. Қарақшы болмаса, ол жойылады. Сот та сол жердің бір иесі секілді адамдарға ес болып, сес болып тұрады.
Жалпы біз көбіне мәселенің тек материалдық жағын қараймыз да, моральдық-психологиялық қырын ескермейміз. КСРО ақымақ билік болған жоқ. Ол идеологияны бірінші орынға қойған. Большевиктердің меньшевиктерді жеңгені олардың мықты идеолог болғандығынан. Әйтпесе, олардың қолында ақша да, байлық та болған жоқ, Ленин уақытша үкіметті идеямен, яғни, «жер шаруаларға, зауыттар жұмыскерлерге, билік халыққа» деген үш-ақ ауыз сөзбен жеңді. Идея ақшадан да күшті. Идеялық тұрғыдан, рухани тұрғыдан күшті қоғам қайшылықты да, тапшылықты да жеңеді. Олар болмаған қоғам бәрінен жеңіледі. Сот төре. Ол кеткен соң қоғамда сана да кетеді. Мәселе оның қанша іс қарағанында, қанша шешім шығарғанында емес.
– Сотты оңтайландырудың зардабы материалдықтан бұрын, моральдық тұрғыда да ауыр болады дейсіз ғой?
– Иә, сотты таратудың ақыры қоғамдағы қылмысты арттырады. Адамдар дауды жұдырықпен шешуге бейіл болады. 105 шақырым жерге жол жүру оңай емес қой. Оның үстіне сот орбитасына тартылған адам оған бірнеше рет бару керек. Кейбір істер үшін он рет сапарға шығуға тура келуі мүмкін. Кім бұлай салпақтап жүруді қалайды? Мұның сыртында оның шығынын көтеруге де екінің бірінің шамасы жете бермейді. Сондықтан адамдар құқықтарын өз білерменімен қорғауға көшеді. Тоқетерін айтқанда, қаржыны үнемдейміз деп көп нәрседен ұтылып, орны толмас өкініште қаларымыз анық.
– Расында мұндай жағдайда қандай тәртіп болуы мүмкін?
– Жалпы, шекаралық аудандармен бұлай ойнауға болмайды. КСРО-ның кезінде застава тұрған жерде елді мекенде елу отбасыдан кем тұрғын болмау керек деген талап қойылған. Өйткені, шекараны бұзушылардың қырық пайызын халық ұстайды екен. Себебі, ондағы қызметкерлер жердің ой-қырын білмейді. Ал, жергілікті халыққа оның әрбір шұңқыры және адамдары таныс. Олар бөтен адамды бірден танып, өздерінің жасырын телефондарымен шекарашыларға хабарлап отырған. Мұның мемлекеттік қауіпсіздік үшін де маңызы зор. Бұл өте кешенді мәселе. Мәселені санамен, философиямен реттеу, ертеңгі күнмен өлшеу керек. Барлығын есеппен, бүгінгі күнмен ғана өлшеуге болмайды.
– Осы ретте оңтайландыруды сот өндірісінің онлайн режимде жүруімен байланыстыруда. Қашықта тұратын азаматтар сотқа келмей-ақ процеске онлайн қатыса алады дейді сот өкілдері. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Қазір көптеген аудандарға ғаламтор желісі толыққанды жеткен жоқ. Кейбір елді мекендер үшін цифрландыру әзірге арман болып тұр. Мұндай жағдайда қандай онлайн сот туралы айтуға болады. Жалпы, өз басым онлайн сот тиімді болады дегенмен келісе алмаймын. Өйткені, онда тартысқа түсіп, судьяның көзіне тіке қарап тұрып көкейіңдегіні айту мүмкіндігі шектеулі. Бұл амалсыздан жасалған қадам.
Шын мәнінде аудандық соттардың штаты көп емес. Оларда әрі кетсе бір судья мен бір хатшы ғана бар. Көбі коммуналдық төлемі қымбатқа түспейтін өз ғимаратында отыр. Қалыптасып қалған осы инфрақұрылымды, жүйені бұзбай, оларды осы қалпында сақтап қалудан өзге дұрыс шешім жоқ. Бұл тек соттардың емес, тұтас қоғамның мүддесіне сай келеді.
– Уақыт тауып, пікір білдіргеніңізге рақмет.
Айша Құрманғали,
«Заң газеті»