Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен «24 маусым – Судья және сот қызметкерлері күні» деп белгіленді. Бұл күнді кәсіби мереке деп белгілеу себебі сонау 1992 жылы дәл осы күні тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап қолданыста болған «Қазақ КСР-нің сот жүйесі туралы» заңға тек соттың сот төрелігін жүзеге асыруы туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ақмола облысы Степногорск қалалық сотының судьясы Жанар ХАМЗАМЕН сұхбаттасқан едік.
– Жанар Ғабдысаматқызы, мерекелеріңіз құтты болсын. Бұл күннің сіз үшін мән-маңызы қандай?
– Бұл мереке 2022 жылдан бастап кәсіби мереке болып бекітіліп, тойлана бастады. Әрине, сот саласында ынта-жігерін сарп етіп, бар қарым-қабілетін салып, үнемі қызмет үстінде жүретін сот қызметкерлерінің мерекесі болуы – заңдылық. Сот жұмысының сапасы оның әділдігі мен қолжетімділігі – кез келген мемлекеттің демократиялық дамуының негізгі факторы. Ал сот қызметінің жұмысын жандандырып, қоғамдағы ауыр да күрделі мәселелерді, түрлі қылмыстық, азаматтық және әкімшілік дауларды реттеп отыратын барлық сот қызметкерлерінің еңбегі ұшан-теңіз десек, артық айтқандық емес.
– Қоғамның судьяларға, сот жүйесіне деген көзқарасын қалай бағалар едіңіз?
– Тәуелсіздік жылдарында сот саласында бірталай құқықтық реформалар жүзеге асырылды. Оның басты жетістігі сот төрелігі болды. Осы жылдар ішінде құрылған заңнамалық база судьяның қоғамдық мәртебесіне, оның әлеуметтік мақсатына деген ескі көзқарастарды түбегейлі өзгертті. Судьяның құқығы ҚР Конституциясымен және «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» заңымен және өзге де заңдармен айқындалады. Сонымен қатар судья өзінің жоғары мәртебесіне сәйкес мемлекет есебінен материалдық және әлеуметтік-тұрмыстық жағынан қамсыздандырылады. Жалпы, еліміздегі цифрландыру жүйесі арқылы сот жүйесінің де сапасы жақсарып, қоғам әділдік пен ашықтыққа қол жеткізе бастады. Соның нәтижесінде жаза тағайындау барысында азаматтардың судьяға деген сенімі арта бастады деп ойлаймын.
– Жанар Ғабдысаматқызы, бүгінгі сот тәуелсіздігі жайлы не айтар едіңіз?
– Сот билігінде маңызды орын алатын фактор – соттардың тәуелсіздігі принципі. Осы жөнінде АҚШ-та заң ғылымдарының докторы Съюзен Салливэн Лагон «Тәуелсіз соттардың рөлі» атты еңбегінде былай дейді: «Соттардың тәуелсіздігі саяси жүйе шеңберінде олардың тұтастығы мен сеніміне ие болуы үшін маңызды. Бұл тәуелсіздік басты-басты екі компонентке негізделеді: олар – соттардың қабылдаған шешімдерін құрметтеу және саяси жетекшілердің қызмет бабымен біреулерді итермелеу, еңбекақы төлеу мен сот қызметкерлерінің күнделікті ісіне араласу әрекеттерінен қорғау сияқты конструктивтік еркіндік». Сонау замандарда да қазақ халқы даудың кесімін айтатын билердің тәуелсіздігіне басымдық берген. Тарихтан белгілі билеріміз ешбір ханға бағынбаған, жеке институт ретінде қызмет атқарған. Төле би бабамыздың «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген нақыл сөзі осы сөзімізге дәлел. 1990 жылы 25 қазанда «Мемлекеттік егемендік туралы декларация» қабылданып, онда елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Кейін осы декларация негізінде 1991 жылы 16 желтоқсанда «ҚР тәуелсіздігі туралы» заң қабылданып, еліміз әлемдік аренада өзіндік дербес мемлекет болып құрылды. Осы сәттен бастап елімізді өзге мемлекеттермен терезесі теңескен, халықаралық стандарттарға сай келетін мемлекеттік басқару институттары бар, Орталық Азия барысына айналдыру мақсаты қойылды. Бұл мақсатты іске асыру бағытында тың реформалар қолға алынып, бірнеше заңдар қабылданды. Ата Заңымыз – Конституциямыздың өзі екі рет жаңарды. Бұл жаңашылдықтар еліміздің сот төрелігін де айналып өтпеді. Бұрын атқарушы билікке бағынып келген сот жүйесі, енді 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституцияға сәйкес дербес мемлекеттік орган ретінде тәуелсіз сот төрелігін құрды. Ата Заңымыздың 7-бөлімі «Соттар және сот төрелігі» деп аталады. Бұл бөлімде еліміздегі сот төрелігінің негізгі қызметі айқындалған. Қазақстанда сот төрелігін тек сот қана жүзеге асыратындығы, судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынатыны бекітілді. Сот билігі үш буыннан тұрады: Жоғарғы Сот, облыстық сот, жергілікті соттар – бұлар аудандық, қалалық соттар. Бұдан бөлек, Әскери сот қызмет атқарады.
– Соттардың тәуелсіздігі қандай жетістіктер мен нәтижелерге қол жеткізді деп ойлайсыз?
– Демократияға бет бұрған қоғамда бірінші орында соттардың тәуелсіздігіне басымдық беріледі. Себебі тәуелсіз сот арқылы ғана адамдардың құқықтары мен қоғамдық көзқарастары қорғалып, адам құқығы салтанат құрады. Еліміздегі соттардың тәуелсіздігін нығайтудағы реформалар өз жемісін беріп жатыр. Бүгінде адамдар кез келген дауларын сот арқылы шешуге тырысады. Сөзімізге дәлел – күн санап өсіп жатқан азаматтардан сотқа түсетін арыздар. Оларды тиімді шешу үшін құрылып жатқан түрлі мамандандырылған соттар бар. ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен 24 маусым – Судья және сот қызметкерлері күні деп белгіленді. Аталмыш қаулыда «Судья және сот қызметкерлері күні» конституциялық негіздерді дамытуға, заңдылықты қамтамасыз етуге, жеке адамның құқығы мен заңды мүддесін қорғауға қосқан үлесі үшін сот қызметкерлеріне құрмет ретінде ұсынылғаны айрықша атап өтілген.
– Степногорск қаласы сотының құрылу тарихы туралы да айта отырсаңыз?
– Степногор қалалық соты 1972 жылы 22 қазанда құрылған. Халықтық соттың бірінші төрағасы болып Петр Васильевич Жерлицын тағайындалып, ол 1980 жылға дейін төрағалық еткен. Басында халықтық сотта бір ғана сот болған. 1976 жылдан бастап екінші сот енгізіліп, төрағалыққа Барсукова Галина Борисовна тағайындалды. Бүгінде Степногорск қалалық сотының құрылғанына 52 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде сот құрылымы бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Қазіргі таңда Степногорск қалалық соты жалпы юрисдикциядағы 7 құрамдағы сот болып табылады, оған қоса сотта судьяларды мамандандыру енгізілген. Сот құрылғаннан бері Степногорск қалалық соты 2004-2005 жылдары Ақмола облысы соттары арасындағы «Үздік кеңсе» байқауына қатысып, екі рет бірінші орынға ие болды. 2005 жылы республикалық «Үздік кеңсе» байқауында бірінші орынға ие болды. Степногорск қалалық соты 2007 жылы «Үздік кеңсе» байқауында үшінші орынды, «Үздік мұрағатшы» байқауында 2008 жылы үшінші орынды, 2019 жылы екінші орынды иеленді. Бүгінгі таңда барлық сот залдары аудио-, бейнежазба құралдарымен жабдықталған, азаматтардың сот қорғауына оңай әрі жылдам қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жаңа технологиялар қолданылады. Өзім алғашқы еңбек жолымды 2003 жылы сот табалдырығынан бастадым. 2018 жылы 19 желтоқсанда Степногорск қалалық сотына судья болып тағайындалдым. Сартылдаған жазу машинкасымен алғашқы жұмыс қағаздарын жазып, қолмен толтырылған бланкілермен тоқсандық есептерді шығаратын сәттеріміз әлі есімде. Сол замандар артта қалып, қазір елімізде электрондық жүйеге көшкен, халықаралық стандарттарға сай келетін сот жүйесі қалыптасып келеді. Бұл да – тәуелсіз сот жүйесін құрудағы реформалардың жемісі.
– Әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?
– Барлық әріптестерімді төл мерекемізбен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің сот төрелігін атқарудағы жұмыстарыңызға толағай табыс, қажымас күш-жігер, жемісті еңбек және жеке бастарыңызға зор денсаулық пен баянды бақыт тілеймін! Сіздердің адал еңбектеріңіз, жоғары кәсібиліктеріңізбен жинақталған тәжірибе әрқашан құқық үстемдігін қамтамасыз етудің сенімді кепілі болады деп сенемін. Осы айтулы күні сот жүйесінің ардагерлеріне, сот қызметкерлеріне адал еңбегі мен сот жүйесінің дамуы мен қалыптасуына қосқан зор үлесі үшін ризашылығымды білдіремін.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ


