«Тәуелсіздік бәрінен қымбат». Жақында дәл осындай тақырыппен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы ел басылымы «Егемен Қазақстанда» жарық көрген болатын. Отанын сүйетін, туған жерін бағалайтын кез келген адамның тәуелсіздікті көзінің қарашығындай қадір тұтатыны талассыз. Бұл мақаладан да Президенттің елге, жерге, мемлекетке деген ыстық ықыласын, тәуелсіздікті тұғырлы етсек деген биік мұратын байқауға болады.
Мемлекет басшысының тәуелсіздіктің айтулы датасы қарсаңында мұндай мақала жазуы құптарлық. Өйткені әр елдің өткенін жаңғыртып, тарихын түгендеп отыру ұрпақ тәрбиесі үшін аса маңызды. Сондықтан президент қаламына ілінген бұл тақырыптың ұрпақ үшін әсері де зор, ықпалы да жоғары болмақ.
Осыны ескерген мемлекет басшысы өз мақаласында ең алдымен өткен тарихымызды түгендеп, алдағы күнге бағдар белгілеуге басымдық берген. «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдарға жауап іздеген Қасым-Жомарт Кемелұлы үш онжылдықта орын алған ізденістер мен іркілістерге, жетістіктер мен кемшіліктерге сауатты талдау жасайды. Расында, бұл жылдар мемлекетіміз үшін өзін-өзі тану, қадамымызды нықтау, шекарамызды шегелеп, ішкі, сыртқы байланысымызды өркендету, болашағымызға батыл бағдар белгілеу кезеңі болды. Жылдар бойы жүргізілген реформалардың арқасында ел іргесі нығайды, жас мемлекетті танитын, байланыс орнатқысы келетін елдер саны артты. Сауатты жүргізілген саясаттың арқасында Қазақстан бейбітшіл, тұғырлы ел ғана емес, халықаралық түйткілдерді даусыз шешетін мемлекет ретінде танылды.
Экономикамыз өсіп, саяси аренадағы танымалдығымыз артқан бүгінгідей заманда енді өз тарихымызды танып, руханиятымызға мән беретін, тіліміз бен дінімізге көңіл бөлетін мезгіл жетті. Осы ретте Президенттің «Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету. Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. … Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Барша отандастарыма, әсіресе, жастарға айтарым: кең байтақ Қазақстанды асқақ армандарың мен батыл жоспарларыңды емін-еркін жүзеге асыра алатын, табысыңа марқайып, әрдайым тілеуіңді тілейтін қасиетті Отаның ретінде бағалаңдар!» деген сөзі баршамызды жігерлендіргенін атап өткеніміз жөн.
Тәуелсіздік – тұғырымыз. Ал ата-бабамыз арман еткен, аманат еткен тәуелсіздікті мәңгілік ету бүгінгі ұрпақтың қолында. Отаны жоқ, туы жоқ,
ұлтарақтай жерді аңсап жүрген қаншама ұлтпен салыстырғанда біздің бағымыз басым. Тек соның мәнін түсініп, тәуелсіздіктің туын төмен түсірмесек болғаны.
Әсет Боранбаев,
Алматы қаласы Медеу аудандық сотының төрағасы