Өрт
Түн. Үй іші шырт ұйқыда жатыр. Тек Нәдия ғана күйеуі Арсеннің қорылынан көпке дейін ұйықтай алмай дөңбекшіп аунай берген. Көзін жұмса болды жүрегі құрғыр тарс-тарс етіп аузына тығылып, бір түрлі мазасы болмай-ақ қойды. Қырық жыл отасқан күйеуінің құдды трактор келіп қалғандай жер қозғалардай қорылын бұрын-соңды естімеген екен. Сәлден соң қоятын шығар деп қояды ішінен.
Кеше күні бойы қора салып, кешкісін үйге діңкесі құрып келген отағасын оятуға батылы бармады. Төсегінен аунап түсіп, теріс қарап жатыр еді Арсеннің қорылына қырылы қосылып, пышаққа ілінген малдың соңғы демін алғандағыдай дыбыс шығара бастады. Нәдия шыдамай кетті. Теріс қараған бойда күйеуін бүйірден бір-екі рет жақсылап нұқып-нұқып қалып еді қырылы жоғалды, қорылы да азайғандай болды. Нәдияның көзі енді ғана ілініп бара жатқан. «Шар» еткен телефонның ащы дауысынан ұйқысы шайдай ашылды.
Ойбай-ау, жеті қараңғы түнде бұл кім болды екен? Тыныштық болса игі еді. Нәдияның үрейленіп қалғаны сонша жатқан орнынан қозғала алмай қалды. «Арсен, біреу қоңырау соғып жатыр саған». Арекең алтын беремін десең де көзін ашар емес. Нәдияның күйеуінің телефонын ақтаратын әдеті жоқ. Десе де, қоңыраудың иесі тұтқаны көтертпей қоятын емес. Телефонның дауысы күшейіп ызыңдаған шырыл миға тиіп әкетіп барады. Орнынан әупірімдеп тұрып, ұйқылы көзбен телефонға қарап еді, өздерінің жер үйлері маңында тұратын көршілері Қайым екен.
– Әлө, тыңдап тұрмын, – деді Нәдия сыбырлай сөйлеп.
– Нәдия сенбісің? Тез жетіңдер, қораларың жанып жатыр!
– Қора деймісің? Кімнің қорасы?
– Сендердің қораларың да! Басқа кімдікі болушы еді?
– Қай қора?– деді Нәдия сасқалақтағаннан аузына сөз түспей.
– Нәдия, жер үйлеріңнің қасындағы жаңадан салынған қора. Тез болыңдар! Қызыл жалын күшейіп кетті.
Нәдия телефонды тастай салды.
– Арсен, Арсен деймін! Тұр, тұр! Қора жанып жатыр дейді.
Арсен өңі мен түсін ажырата алмай қалды-ау деймін. Көзін бір ашып, бір жұмып қимылсыз жатты да: «қора деймісің?» – деді жұлып алғандай.
– Иә, жаңа ғана Қайым хабарласты. Қораларың өртеніп жатыр дейді.
Арсен орынан атып тұрды да ұлы жатқан бөлмеге жүгірді. Үй іші аз ғана уақыттың ішінде абыр-сабыр болды да қалды. Қолға түскен киімді үстеріне ілген бұлар, шалбардың бір балағы іште, екіншісі сыртта, үйден жапа тармағай шыға жүгірісті.
– Бәйбіше, сен қайда барасың?
– Мен де барамын!
– Сенің ол жерде тигізер пайдаң жоқ. Бірдеңеге ұрынып, текке ауырып қаларсың. Үйде бол! – деді Арсен жұбайына жалт бұрылып.
– Жарайды. Түні бойы ұйқым қашып, мазам болмай шығып едім. Қан қысымым да көтеріліп тұрған сыңайлы.
Нәдия өз-өзімен күбір-күбір әңгімеге көшті. Бұл кезде әкесі мен ұлы сыртқа шығып кеткен.
Аяқ астынан қораның өртенгені несі? Кеше ғана Арсен бас болып, Ильдарым жолдастарын жинап асарлатып төбесін жапқан еді. Қап… Электр сымынан бір ши шықты ма екен? Әлде біреу әдейі… Бір сәтке терең ойға батқан Нәдия селк ете түсіп, есін жинап алып еді, тұла бойы түршігіп кетті. Кеше күні бойы ішкен дәріден асқазаны да қыжылдап тұрған сыңайлы. Ол еппен басып ас бөлмеге келді де сүт пісіріп ішпек болды. Электр плитканы қосып, тағы да ой үстінде буы бұрқыраған сүтті ожаумен сапыра берді. Кенет сыртқы есік тырс ете түскендей болды. Нәдия қаққан қазықтай қақиып тың тыңдай қалып еді, қыбыр еткен жан жоқ. Көрші үйден біреу шыққан болар деп топшылады ол.
Құпия қылмыс
Таң атты. Қызыл жалын басылған соң Арсен үйге қоңырау шалды. Бірақ тұтқаны ешкім көтерген жоқ. «Бұл қалай?» – деді ол өз-өзіне күбірлеп.
– Ильдар, балам, бері келші!
Өрт сөндірушілерге қолғабыс етіп, қара күйеге малынған Ильдардың анадайдан екі көзі ғана жылтырайды.
– Иә, әке!
– Балам, үйге барып келші!
– Әке, мына өртті толық сөндіріп алайық та. Сосын бірге барармыз, – деді Ильдар, қолтығындағы күйе басқан ағаштарды жерге тастап жатып.
– Жоқ, балам. Анаң телефонға жауап бермейді. Үйге де соқтым, ұялы телефонын да көтермейді…
– Не болды екен? Ауырып қалмаса жарар еді. Жақсы, әке. Мен үйге барып келейін.
Ильдар жүгіре басып үйге кетті. Бұл отбасының осы шағын ауданда екі үйі бар. Бірі көпқабатты үйдегі екі бөлмелі пәтер. Екіншісі мынау жанған қораның жанындағы жер үй. Мал өсіріп, бордақыласақ деген ниетпен салған қораның күлі көкке ұшқанына Ильдардың іші удай ашып келеді. Ол баспалдақпен жоғары көтерілді де есіктің қоңырауын басты. Әдетте анасы есікті ашатын. Ал әлдене істеп, есікке жете алмай қалса «Келе жатырмын!» деп дауыстаушы еді. Бұл жолы үн жоқ. Ильдар қоңырауды бірнеше рет басып, есік алдында бөгеліп қалды. Ақыры күйе қолын шалбарының қалтасына салды да өзінің кілтін іздей бастады. Есікті ашып ішке кірсе үйдің іші жау шапқандай шашылып жатыр.
– Мама, – деді Ильдар дауыстап.
Үн жоқ. Жалма-жан дәретхана мен жуынатын бөлмеге барды. Ешкім жоқ. Тек ас бөлменің есігі жабық тұр екен. Ашқан бетте еденде сұлқ түсіп құлап жатқан анасын көріп қалай бақырып жібергенін өзі де байқамай қалды. Ес-түссіз жатқан анасының аузы желімбаумен (скотч) жабыстырылған. Екі қолы артқа қайырылып байланған екен. Ильдар дереу аузындағы желімбауды жұлып алды. Айналасына бажайлап қарап қояды. Ешкім жоқ, анасының өлі не тірі екені де белгісіз. Бетінен ұстап, кеудесіне басын қойып көрді. Денесі жылы секілді. Жедел жәрдем шақырмақ болып, телефонын қолына алып еді сасқан кезде қысқа нөмір де есіне түспей, қол-аяғы дірілдеп, абдырап қалды. Сәлден соң өз-өзіне келіп дәрігерлерге хабарласты. Артынша полициямен де тілдесті. «Әкем бірдеңені сезген екен». Анамды үйге жалғыз қалдырмауымыз керек еді», – деп бір жағынан өздерін де кінәлап қояды.
Із кесу
Аздан соң аядай пәтер ақ киімді адамдар мен полицейге толып кетті. Жерде көгеріп жатқан адамды көргенде тәжірибесі жоқ екі медбике қыздың көздері шарасынан шығып, орындарынан шоршып түсті де, қозғалыссыз қалған. Тек көпті көрген егде жастағы еркек дәрігер ғана көзілдірігін нығарлай түсіп, бірден Нәдияның күре тамырын ұстады. Аузы мен көздерін ашып көрді де: «Әзірге тірі. Дереу ауруханаға апаруымыз керек. Уақыт өте тығыз!» – деді зембіл көтерген екі жігітке кезек қарап.
Аласа бойлы, мес қарын жедел уәкіл мықынынан төмен түсіп бара жатқан шалбарын бір көтеріп қойды да шарт-шұрт еткізіп оқиға болған орынды суретке түсіруге кірісіп кетті. Мұндай жайдың талайын көрген соң ба оның жүзінен соншалықты бір қорқыныш пен үрей байқалмайды. «Қарындас, әйтеуір текке тұрсың ғой. Жарықты жағып жіберші», – деді жан-жағына үрке қарап тұрған ұзын бойлы медбике қызды қолы жеткен жерінен түртіп. Ойы сан-саққа кетіп тұрған байғұс қыз қозғала алмай бір орында тапырақтап қалды. Дембелше жігіт криминалистерді де шақырған болуы керек. Сәлден соң сау етіп олар да келді. Келген бетте шегір көзді бойшаң сары жігіт жан-жағына тіміскілей қарап қасындағылармен әлденені талқылап тұр. Кенет оның көзі аузы қисайып ашық тұрған сейфке түсті.
– Үйдің иесі кім?– деді ол.
– Мен, – деді ентігін баса алмай екі өкпесі сырылдап тұрған Арсен.
– Мына сейфтің аузы неге ашық тұр?
Арсен ұлына қарады.
– Ол жабық тұрған еді, – деді Ильдар ашық тұрған темір сейфтің жанына жүгіріп барып. – Қап! Ішіндегісін түгел сыпырып кетіпті! Түк те қалдырмапты! Оңбағандар! – деді темір сейфтің ішіне үңіліп.
– Сейфте ақшадан басқа тағы да құнды заттар болды ма?
– Ақша болған.
– Қанша?
– 1 миллион 600 мың теңге.
– Оны қашан салып едіңіздер?
– Екі айдың жүзі болды.
– Ақшаның сейфте тұрғанын соңғы рет қашан көріп едіңіздер?
– Кеше таңертең қораның шатырын жабарда шифр алуға ақша жетпей қала ма деп осы жерден 50 мың теңге алғанмын. Бірақ сатып алған шифрымыз толығымен жеткілікті болған соң ақшаның бір тиынын да ұстамай кешкісін орнына қайтып әкеліп салып қойғанмын. Арсен қалтасын басты.
– Міне, мына қалтама салып әкелгенмін. Нәдияның ақшаны түйіп ал деп берген орамалы мына тартпада тұр, – деді Арсен көнетоз қол орамалды суырмадан алып жатып.
Сұңғақ бойлы сары сейфке жақындай түсті де мұқият қарай бастады. Кенет қасындағы көмекшісін ымдап шақырып:
– Есіктің жоғарғы бұрышында қан іздері байқалады. Сынама алу керек. Демек, қарақшының қолы есікке қысылып қалған болуы мүмкін. Әрі сейф есігінің жақтаулары майысқан,– деді екі көзін темір қораптан алмай қадалып.
– Иә, лом темірмен қопарып ашқан секілді. – деді ұзын сарының қасындағы көмекшісі сейфке шұқшия түсіп.
– Үйге бірінші болып кім кірді?– деді сұңғақ бойлы сары кері бұрылып.
– Мен кіргенмін! – деген Ильдар орнынан атып тұрды.
– Есік ашық болды ма?
– Жоқ. Есік жабық болды. Алдымен қоңырауды бастым. Ешкім жауап бермеген соң өз кілтіммен есікті ашып ішке ендім. Мен кіргенде үйдің іші тура осылай астаң-кестең болып шашылып жатты. Ас бөлменің есігі жабық тұр екен.
– Түсінікті.
– Егер есік бұзылмаған болса, демек ұры алыстан келмеген болуы мүмкін…
– Неге олай дейсіз? Қылмыскердің есік қағып, апамды алдап соғып ішке енуі әбден мүмкін ғой, – деді Ильдар.
– Мақұл, солай-ақ болды делік, қарақшы шығарда есікті қалай жауып кетті?
Ильдар жалма-жан киім ілгіште ілініп тұратын анасының кілтін қарады. Орнында тұр.
– Иә, мырза, анамның кілті үйде екен. Бұдан басқа үйде кілт жоқ, – деді басын сипап.
Күдік
Криминалистер өз міндеттерін атқарып сыртқа беттегенде күн еңкейіп қалған еді. Подъездің алдына шыққан ұзын сары шағын пәтердегі қапырық ауадан ауырған басын ұстап жан-жағына қарап тұрды да кенет бұрышта тұрған қоқыссалғышқа көзі түсті. Қоқысқа жақындап келді де әбден мыжылған темекі қорабын жоғары көтерді. «Әйелдерге арналған темекінің қорабы. Сырты қанға малынған. Демек бұл жаңағы қылмыскерден қалған айғақ зат болуы әбден мүмкін», – деп ойлады ол.
Көлікке отырған ұзын сары ойланып келеді. Егер қоқыстағы қорап қаскүнемдікі болса, ол ер адам болғаны ма, әлде әйел ме? Әйел адамның қолынан мұндай айуандық келе ме? Ол жағы әзірге жұмбақ. Ендігі үміт жәбірленушіде. Тірі қалып тілге келсе ұзын сарының жұмысы біраз жеңілдейін деп тұр. Әйтпесе, мына шым-шытырық оқиғаның анық-қанығы оңайлықпен белгілі бола қоюы екіталай.
Сол күні кешкілікте ұзын сары Арсен мен Ильдарды бөлімшеге шақырып, екеуімен жеке-жеке сөйлесті. Бес қабатты ескі үйдің маңында ешқандай камера орнатылмаған. Көршілердің де ешқайсысы оқыс оқиғадан бейхабар болып шықты. Әлденеге алаңдаған ұзын сары қолындағы сағатына бір қарап қойды да: «Өздеріңіз әлдекімнен күдіктенесіздер ме? – деді екеуіне бұрылып. Арсен басын шайқай беріп еді Ильдар әңгімеге араласты.
– Иә, мен бір адамдардан күдіктенемін.
– Ал айтыңыз. Олар кімдер?
– Біздің үйдің үшінші подъезінде ағайынды екі жігіт тұрады. Бірінің аты – Макс, інісі – Артур. Үлкені бұрын істі болып сотталған. Қателеспесем, қарақшылыққа қатысты айыпталған болуы керек. Екеуі де ішкілікке жақын жандар. Жатыпішер жалқау, қызыл көз қаскөйлердің нағыз өзі.
– Мақұл, солай болды делік. Олардан күдіктенудің әлдебір себебі бар ма? Әлде әншейін ішкі түйсігіңіз солай дей ме?
– Өткенде Макспен сөзге келіп қалғанбыз. Дүкеннен бір шиша арақ алып бер дейді. Ал мен оның айтқанына көнбей қырсықтым. Біздің аудандағы балалардың барлығы оның айтқанын істейді. Істемесең де бәрі бір істетеді. Бірақ ол маған сол жолы ештеңе демеді. Тісін қайрап іштен тынып қала берген. Осы бәлекет ағайынды екеуден келгендей болып сезіледі маған.
– Мақұл. Біз істің анық-қанығын тексереміз.
Жаңа ілік
Сол күні полиция Артур мен Макстың есігін қақты. Екеуін бөлімшеге апарып сұрақтың астына алып көрген. Ағайындылар сыр берер емес. Тергеушілер екеуін қанша қинаса да қылмысты мойындаған жоқ. Әрі олардың қылмыс жасағандарына ешқандай дәлел де жоқ еді. Анықталған айғақ заттар да оларға тиесілі емес секілді.
Айтпақшы, сол күннің ертеңінде Нәдия есін жиған. Із кесушілерге өзінің ештеңе білмейтінін, қаскөйлердің үйге ұрланып кіргенін және өзіне қол жұмсаған адамның ұзын бойлы арықша келген жан екенін ғана айтқан. Артурдың дене бітімі жәбірленушінің айтқан адамына келетіндіктен полиция оларды тағы да бірнеше күнге уақытша тергеу изоляторына жапты. Арада үш күн өтті. Сараптама қорытындылары да дайын болды. Ағайындыларға қатысты өзге ешқандай да нақты айғақ табылмаған соң полиция күдіктілерді босатып жіберген. Ұзын сары санын соғып: «Босқа шығынданған қайран уақыт» деп қояды ішінен. Амалы таусылған ол тағы да Нәдия жатқан ауруханаға бет алды.
Ауруханаға түскен соң бір тәуліктен кейін есін жиған Нәдияның екі күннен кейін жағдайы қайта нашарлай бастаған. Қан қысымы аяқ асты көтеріліп, есінен танып қалған науқас тағы да жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты.
Реанимация бөлімшесінің алдында Арсен мен ұлы арлы-берлі сенделіп жүр. Екеуінің қолынан жаратқанға жалбарынудан басқа ештеңе келер емес. Ұзын сары оларды сырттай бақылап тұрған. Кенет бойы орташадан төмен, жауырыны шығыңқы арықша келген жас жігіт ішке енді.
Келген бетте Арсен мен Ильдарды кезек-кезек құшақтап жылай сөйледі. «Байғұс әпкем» деп ботадай боздағанда көзінен сора-сора жас ағып, онсыз да естері шығып тұрған әкелі-балалы екеу оны әрең дегенде жұбатып алды. Ұзын сарының көзі бейтаныс жігіттің дәкемен таңылған оң қолына түсті. Ары-бері қозғалғанда қолын аздап ауырсынатын сияқты. Бірақ онысын өзі сездіргісі келмейтіндей көрінді. Сәлден соң Ильдар: «Әлішер, қолыңа не болған?– деп еді анау кібіртіктеп: «үйде жұмыс істеп жатып жарақаттап алдым. Жарайды, қол қайда барар дейсің. Жазылады ғой, бастысы әпкем аман болсыншы. Қайда жүр анау екі қарақшы? Полиция оларды босатып жіберді дей ме? Көрсетші маған, өз қолыммен ана дүниеге аттандырайын!» – дейді тапал бойлы жігіт ышқына сөйлеп.
Осы сәт ұзын сары да бөлімше алдында тұрған үшеуге жақындап қалған. Полицейді көрген бейтаныс жігіт бірден дүрсе қоя берді!
– Әпкемнің ісін қарап жатқан сенбісің? Жұлдыз санап, шошқа тағалап жүрмісің? Анау екі нақұрысты тайраңдатып қойғандарың не? Сендер бар ғой, сендер, оңбайсыңдар!
Суырдың айғырындай шақылдаған тапал жігіт ызаға булығып қалшылдап кетті. Оны қапсыра құшақтаған Арсен басу айтып әлек. Арашалаған сайын ананың да қоятын түрі жоқ. «Менің әпкем ауруханада төсек тартып жатыр. Ал анау екеуі бостандықта сайрандап жүр. Оларды ұстап жазаламайтын болсаңдар, біз бар ғой сендердің үстеріңнен шағымданамыз! Жоғарғы Сотқа жүгінеміз!»
Бейтаныс
Ұзын сарының алқымынан алуға шақ тұрған бейтаныс жігітті Арсен сүйрелей жетелеп сыртқа алып шықты. Ұзын сары бейтаныс адамның бұл қылығынан әлдеқандай бір жасандылықты аңғарғандай болды да бір түрлі сезіктеніп қалды. «Мынаның қимыл-қозғалысы бір түрлі екен, бір гәп бар-ау, әлде өзінің табиғаты осындай ма екен? Жас та болса қылмыскердің талайын көрген із кесушіге мына қортықтың жүріс-тұрысы аса ұнай қойған жоқ.
Іле-шала ұзын сары да сыртқа бет алды. Есік алдына шыққан тапал жігіт темекі тартатын орынға барып қалтасынан шылымын алып шықты да бір талын аузына қыстырды. Оны іштегі терезеден ұзын сары қас қақпай бақылап тұрған еді. Темекі қорабы тура қоқыстағы қанға бөккен қораптан аумайды. Бұл қалай? Кездейсоқтық па? Әлде шынымен де «қой терісін жамылған қасқыр» бұлардың танауының астында жүр ме? Ұзын сарының басы қатты. Десе де, күдігі арта түскендей болды. Ол дереу ішке еніп жансақтау бөлімі жаққа беттеді. Ильдарды шақырып алып жөн сұрауға асыққан.
– Жаңағы жігіт кім?
– Біздің туысқанымыз. Есімі – Әлішер. Менен екі жас үлкен. Жиен ағам ғой.
– Оны неге сұрадыңыз?
– Жай білгім келді.
– Неге сонша ашулы жүр?
– Әпкесін қатты жақсы көреді ғой.
– Қолына не болған?
– Үй шаруасында кесіп алғанға ұқсайды. Қазір уайымнан жүйкесі сыр беріп тұрғаны болмаса, өзі сондай ақкөңіл жан. Айналыспайтын ісі жоқ. Біз осыдан екі ай бұрын машинамызды сатпақ болғанбыз. Ескі көлікті табан астында кім ала қояр дейсіз? Әкем екеуміз өткізе алмай қиналдық. Сол кезде жиен ағамның көмегі тиді. Әлішер клиент тауып көлігімізді жақсы бағаға өткізіп берген, – деді Ильдар ризашылық кейіп танытып. Содан соң: «Ол ақша енді жоқ», – деді сейфті меңзеп дауысын нығарлай күрсініп.
– Ал ақшаның қайда тұрғанын Әлішер білетін бе еді? Ильдар иығын қиқаң еткізді де: «жоқ»,– деді. Сосын тағы да мұны неге сұрадыңыз?– деді сұраулы жүзбен.
– Жәй. Әлденеге қатысы бар ма дегенім ғой…
– О, не дегеніңіз? Сіз сонда?..
– Қазір нақты ештеңе айта алмаймын, – деді де ұзын сары жөніне кетті. Ильдар аң-таң. Осы полицейлердің қылмыскерді жоқ жерден іздейтіндері несі? – деп ойлады ол.
Ертесінде ұзын сары Ильдарға телефон соқты да жиен ағасының мекенжайын сұрады.
– Мақұл, мекенжайын берсем берейін. Бірақ сіз бекер күдіктенесіз. Ертең кінәсіз болып шықса жақынымыздың бетіне қалай қараймыз?
Ильдар тұтқаны әкесіне берді. Ұзын сары Арсенге де мән-жайды түсіндірмек болып еді, ол ертоқымын астына алып тулай жөнелді.
– Ойбай-ау, мен оған Ильдардан да артық сенемін ғой. Полицей мырза, сіз не деп тұрсыз? Өтінемін, олай жасай көрмеңіз. Ұят болады. Мен оған үзілді-кесілді қарсымын! – деген Арсен әңгімені шорт кесті.
– Арсен мырза, Сіз барлығын дұрыс түсініңіз! Әлішерге қоятын бірнеше сауалым бар. Егер мендегі күдік сейілсе, оған тиісіп нем бар! Мені де түсініңіз. Бұл менің міндетім. Адам өміріне қатысты іс қаралған кезде біз барлық деректер мен дәйектерді мұқият қарауымыз керек, – деді із кесуші.
Тексеріс
Түс кезі. Ұзын сары салып ұрып Әлішердің үйінің маңына келді. Көлігін тасалау маңға қойып күдіктінің үйін бақылауға көшті. Жым-жырт. Биік дуалдан ештеңе де көрінер емес. Амалы таусылған ол дуалдың қоңырауын басты. Бұл кім?– деді арғы жақтан әйел адамның дауысы.
– Әлішердің үйі ме бұл?
– Иә.
– Сіз кім боласыз?
Ұзын сары өзін таныстырды.
– Қандай жұмыспен келдіңіз?
– Оны тек Әлішердің өзіне ғана айта аламын.
– Ол үйде жоқ. Қалаға кеткен.
– Түсінікті.
– Үйге қашан келеді?
– Оны білмедім. Бәлкім кешке немесе ертең келетін шығар.
– Оны не үшін іздеп жүрсіз?
– Жай, әлденеге қажет еді. Жарайды, алаңдамаңыз, кейін бір соғармын.
Ұзын сары үйден қашығырақ тұсқа барып Әлішерді күтіп алуға бекінді.
Бұл кезде күн кешкіріп қалған болатын. Әлішер досымен бірге жаңадан алған көлігімен үйдің алдына келіп тоқтады. Қуанышын әйелімен бөлісуге асығып тіпті рөлдегі дабыл тетігін екі-үш рет басып та үлгерді.
Машинадан түсіп жатқан екі жігіттің өзара көңілді әңгімесін ұзын сарының: «Сәлем, жігіттер!» – деген сөзі бөліп жіберді.
Екі дос дауыс шыққан жаққа жалт қарасты.
Ұзын сары төс қалтасынан куәлігін суырып алды да өз-өзін таныстырған соң:
– Әлішер Жәлелов мырза, амансыз ба!?– деді.
– Иә. Айтпақшы біз таныс екенбіз ғой. Сіз не істеп жүрсіз мұнда? Әлде анау екі нақұрысты ұстадыңыз ба?
– Жоқ. Бірақ дәл қазір сіздің менімен бөлімшеге баруыңыз керек.
– Не үшін?– деді Әлішер.
– Оны бөлімшеге барған соң түсіндіремін. Әпкеңізге қатысты сұрақтарым бар еді.
– Мақұл, барсам барайын. Тек әпкем үшін ғана. Әйтпегенде бос әңгімеге шығындайтын көп уақытым жоқ, – деді ол.
Бөлімшеге барған соң полиция күдіктінің тамырын басып, әр жерден бір сұрақ қойып көрді.
– Жәлелов мырза! Арсен Епишевтің үйі тоналған күні қайда болдыңыз?
– Қайда болғаны қалай? Әдеттегідей үйде болдым.
– Әпкеңіздің соққыға жығылғанын кімнен естідіңіз?
– Жездем Арсеннен.
– Ал, қолыңызға не болған?
– Үйде, жарақаттап алдым.
– Темекі шегесіз бе?
– Иә.
– Оны неге сұрадыңыз?
– Жай білгім келді.
– Полиция мырза. Түсінесіз бе? Мен бұл жерге әпкеңе қатысты сұрақтар қоямын деген соң ғана келіп отырмын. Ал сіз болсаңыз болмайтын бірдеңелерді айтып менің басымды қатырып отырсыз! Былай ашуыма тие берер болсаңыз үстіңізден шағымданамын. Әлішер сұқ саусағын шошайтып, қоқилана түсті.
– Кешіріңіз, мен де ерігіп отырған жоқпын. Бұл біздің жұмысымыз.
– Сонда, темекі шегетінімді айту үшін бөлімшеге келуім керек болды ма? Уақытымды босқа алып отырсыз. Әлде сіз анау жанған қораны темекі тартып мен өртеп жіберді деп отырсыз ба? Мұныңыз енді еш қисынсыз әңгіме. Қораға тығылып темекі тартатын мені жас бала дейсіз бе?
Әлішер бөлімшені басына көтере қарқылдай күлді.
– Көп сөзді қойып, қалтаңыздағы шылымды шығарыңыз.
– Ал, шығардым. Не болды?
Әлішер қалтасынан әйелдерге арналған «Glamour» темекісін алып шықты.
– Нәдия Епишеваны жәбірлеген қылмыскер де тура осындай темекі шеккен.
Әлішер көзінен жас аққанша күлді. Сонда не жер бетінде «Glamour» темекісін мен ғана шегеді дейсіз бе? Ойбай-ау, екінің бірі, әйелі бар, қызы бар, жігіті бар, шалы бар осы темекіні жапатармағай шегеді ғой қазір. Сіз не мені мазақ қылып отырсыз ба? Әлішер орнынан тұрмақшы болып еді, ұзын сарының көмекшісі оны иығынан басып төмен қарай нығарлай түсті.
– Әлішер мырза, сабыр сақтаңыз. Енді сізден қан сараптамасын алуымыз керек.
– Не үшін?
– Кінәсіз екеніңізді дәлелдеу үшін.
– Сонда не «Glamour» темекісін шегетіндердің қаны ерекше болады дей ме?
– Ұзын сары үстелдің тартпасын ашты да арнайы пакетке салынған әлденені алып шықты.
– Бұл не? – деді Әлішер үрейленіп.
– Бұл қылмыс болған үйдің кіреберісіндегі қоқыс жәшігінен табылған темекі қорабы. Сыртына қан жағылған. Әрі бұл қанның құрамы сейфтің есігіне жағылған қанмен сәйкес келеді. Ұзын сары қолындағысын Әлішердің алдына сарт еткізіп тастай салды. Әлішер сонда ғана ұзын сарының өзінің соңынан бостан-босқа түспегенін түсінді.
Бақыт та, уақыт та сырғымалы ғой шіркін. Кеше ғана жаңа көлік алып бостандықта сайрандап жүрген Әлішер мен досы Махмут бүгін тергеу изаляторында отыр.
Сол бір түнде болған қаралы оқиғаның анық-қанығына жету құқыққорғаушылар үшін оңайға түскен жоқ. Алдымен арнайы жасақ Әлішердің үйін түгел тінтіп шықты. Үйінен бәлендей күдікті ештеңе табылмағанымен, ауладағы өсімдіктер арасынан өсіруге тыйым салынған құрамында есірткі заты бар ірі мөлшердегі сора өсімдігі табылды. Ол ол ма, жаңадан алған көлігінің бұрынғы иесі де іздестіріліп, Әлішер мен Махмуттың машина иесіне берген ақшаларынан да қанның дақтары анықталған.
Айтса адам сенбес жаңалықты Арсеннің әулетінен әзірге ешкім естіген жоқ. Күдіктілер ұсталыпты деген сөз ғана дәтке қуат, көңілге медеу болып тұр. Оның үстіне үй маңында кім көрінгенмен ілінісіп жүретін Артур мен Макс та зым-зия жоқ болып кетті. Олардың полиция қолына қайтадан түскеніне туыстары бек сенімді еді. Ағайын-туыс, сот болатын күнді асыға күтіп, іштей тынып отыр.
Үкім
Сол түні Нәдия тағы да ұйықтай алмай шықты. Әлсіз денесі өз ырқына әрең бағынатын Нәдияның буын-буыны қақсап, көрер таңды көзбен атырды. Қанішерлердің жүзін көруге бір түрлі батылы бармайтын секілді. Сонда да өзіне қол жұмсаған қылмыскерлердің көзіне тура қарап: «Менен сендерге не керек еді?»– деп сұрағысы келетін тәрізді.
Ертеңгісін сот залына Арсен мен Нәдияның ет жақындары тегіс жиналды. Тек Әлішер ғана ұшты-күйлі жоқ. «Тыныш! Сот келе жатыр!» – деген дауыстан Нәдия селк ете түсті. Сол-ақ екен үстіне кәсіби киімі қона қалған судьяның да төбесі көрінді. Қоршаудағы орында отырған қылмыскерлердің бет-жүзі әлі ешкімге анық көріне қойған жоқ.
Сот барысында жәбірленуші Нәдия Епишева оқиғаның қалай болғанын айтып берді: «Күйеуім мен ұлым аяқ астынан түн ішінде жанған қораны сөндіруге кеткен. Сүт ішпек болып ас бөлмеде піскен сүтті сапырып тұрған сәтімде тырс еткен дыбысты естігендей болдым. Бірақ ешкімнің үйге кіргенін байқаған жоқпын. Тек қайнаған сүтті кесеге құяр кезде ғана ту сыртымнан біреу қапсыра құшақтап, кеңірдегімнен шап берді. Бетперде киген адамның түрін анық көре алмадым. Бар білетінім қаскүнемнің бойы ұзын, арықша келген адам болды»,– дейді Нәдия өткен сәтті өкси есіне алып.
Артынша судья Тынысбеков: «шым-шытырық оқиғаға нүкте қоятын кез жетті. Бұл тұрғыда криминалистер мен тергеушілердің еңбегі ерен. Осы оқиғаға кінәлілер жәбірленушінің туысы – Әлішер Жәлелов пен оның сыбайласы Махмут Саттаров, – дей беріп еді сот залы шулап кетті. Әсіресе, Арсен мен Нәдияның туыстары не болғанын түсінбей есеңгіреп қалды.
Судья оқиғаның қалай өрбігенін бүге-шігесіне дейін тарқата айтып берді. Тіпті, Әлішердің үйінен өсіруге тыйым салынған өсімдіктің тәркіленгенін естігенде туған-туыстар не дерін білмей жағаларын ұстап, кірерге тесік таппай қысылған.
– Нәдияның жан дүниесі алай-дүлей. Өз құлағына өзі сенбей екі оттың ортасында қалғандай күй кешті. Ана жүрегі шыдасын ба кенет: «Әлішер, айтшы, балам! Саған мыналар қылмысты күшпен мойындатып отырған жоқ па?– деді Нәдия жанұшыра айқайлап.
«Балам демеңіз оны. Сот қылмысы дәлелденген соң айтады. Бұл нағыз екіжүзді қылмыскер!» – деді біреулер артқы жақтан дауыстап.
Әлішерде үн жоқ. Баласынан кем көрмейтін жанның осыншалықты қатыгездікке барғанына қайран қалған ана етегі жасқа толып жылай берді.
– Есікті бұзбай үйге қалай кірдіңіздер? – деді судья айыпталушы екеуге қарап.
Әлішер басын төмен салып: «Осыдан бірнеше күн бұрын Арсен жездемнің үйіне қонаққа барғанмын. Нәдия әпкем қолыма үйдің кілтін ұстатты да мені дүкенге жұмсады. Осы сәтті пайдаланып дүкен маңындағы шеберханаға кілттің көшірмесіне тапсырыс бердім,– деді күмілжіп. Күшік кезінен асыраған иті өзін қапқан Арсен ызадан жарылып кете жаздап, өз-өзін әрең ұстап отыр.
Қарақшылықпен айналысып, адам өміріне қауіп төндіретін сыбайласқан қылмысты ұйымдастырғандары үшін, әрі тыйым салынған сора өсімдіктерін өсіргені үшін және жасаған қылмыстарынан жалтармақ болғаны үшін судья Тынысбековтың үкімімен Әлішер Жәлелов 7 жылға, Махмут Саттаров 5 жылға сотталды.
Іштен шыққан жаудың ісіне қапаланған туған-туыстар Нәдияның аман-есен жаны қалғаны үшін қуанса, кейбірі өрімдей жас жігіттің өз тағдырын өз қолымен талқандағанына іштері удай ашыды.
Екіжүзді екі жігіт кінәлі екендерін мойындағанымен, кешірім сұрап жалынған да жоқ. Үнсіз ғана автомат асынған солдаттардың қолтығында кісендері сылдырлап сот залынан шығып бара жатты.
Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ
Павлодар қаласы.