12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ТӘРБИЕ МЕ, ТЕРІС УАҒЫЗ БА?

АҚТӨБЕДЕ ЕР АДАМ «ЖУСАН-2»ОПЕРАЦИЯСЫ АЯСЫНДА СИРИЯДАН КЕЛГЕН ЕКІНШІ ӘЙЕЛІ МЕН БАЛАСЫНА ТЕРРОРИЗМДІ НАСИХАТТАҒАНЫ ҮШІН СОТТАЛУДА. АЛАЙДА СОТТАЛУШЫ ӨЗІНЕ ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТЫ МОЙЫНДАМАЙ ОТЫР.

Ақтөбе қаласының №2 сотында терроризм бабымен айыпталған Темір ауданының тумасы Азамат Досқұловқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Сотта белгілі болғандай, 42 жастағы ер адам бұған дейін үш рет сотталған. Ірі көлемде ұрлық жасағаны үшін істі болып, абақтыға қамалған. Сол кезде дін жолына бет бұрған. Ер адам бірінші әйелімен ажыраспаған, ортақ некеден қыздары бар. Жеке кәсіппен айналысады. Мемлекеттік айыптаушы Сәкен Бертілеуовтың айтуынша, сотталушы Азамат Досқұлов 2019 жылдың 7 қыркүйегінде Ақтөбе қаласындағы жалдамалы пәтерде азаматтық некедегі әйеліне халықаралық террористік ұйым құрамында болғандарды дәріптеген. Ал, 2019 жылдың 19 қыркүйегінде келіншектің 9 жастағы ұлынан Сирияда қарулы қақтығыс кезінде мерт болған әкесі туралы сұраған. Осылайша ол «Жусан-2» операциясы аясында Сириядан оралған 41 жастағы келіншек пен оның бірінші некедегі ұлының ой-санасына әсер етіп, терроризмді насихаттаған. Отбасы мүшелерінің арасындағы әңгіме жасырын аудиожазбаға жазып алыныпты.

«Еріммен сөз таластырмаймын»
Сот отырысында сотталушының шариғат жолымен неке қиған екінші әйелінен куә ретінде жауап алынды. 4 баласы бар келіншек сот залына емізулі сәбиімен кірді. Шұбарши ауылының тумасы Анар (кейіпкердің есімі өзгертілді) 2015 жылы күйеуімен бірге Сирияға аттанған. Жолдасы сол жақта шекарада болған қарулы қақтығыста қаза тапқан. Жесір қалған келіншек 2018 жылы Жандос Ажмамбетовпен (30 жастағы жігіт, Cириядан оралғаннан кейін терроризмді насихаттағаны үшін 8 жылға сотталды) некелескен. Әйелдің екі баласы Қазақстанда, ал, қалған екеуі Сирияда дүниеге келген. Ол балаларымен бірге 2019 жылдың мамырында Қазақстанға оралады. Ал, өткен жылдың тамызында Азамат Досқұловпен екінші әйелі ретінде шариғат жолымен некелескен. Жоғары білімді келіншек тұрмысқа шықпас бұрын мұнай компаниясында жұмыс істепті. Кейіннен құрбысының ықпалымен дін жолына түсіп, намаз оқи бастайды. Ал, Сирияға баруға күйеуі көндірген көрінеді. Қазір Әбу Ханифа мазхабын ұстанатын келіншек өзінің діни көзқарасының түбегейлі өзгергенін айтады. Ол «Сирияда Алла жолында ешқандай соғыс болған емес, онда болған жағдайлар – саяси ойын» деп есептейді.
– Үлкен ұлым әкесінің Сирияда өлгенін біледі. Бірақ, қалай қайтыс болғанынан хабары жоқ. Ол Сирияға барғанда 4 жаста еді. Қазіргі күйеуім оған әкесінің шахид болғанын айтты. Сирияға кіммен және қалай барғанымды сұрады. Мен алдымен Самараға, соңынан Мәскеуге, Түркияға барғанымды айттым. Әрі қарай шекарадан жасырын өтіп, Сирияға бардық. Одан кейін жолдасым сол жақтағы «браттар» туралы сұрады. Оған сол жақта «бомбежканың» қалай болғанын айтып бердім. Азамат маған «Алла жолында шахид болған
адамдар болмағанда, қазір мешіттер болмайтын еді» деп түсіндірді. Оған экстремизм мен терроризмді насихаттайтын ойым жоқ. Өйткені ол елде құқыққа қайшы әрекеттер болғанын білемін. Мен оның «Сирия мемлекетінің аумағында соғысқа қатысқандардың әрекеттерін дұрыс деп санау керек» деген сөзімен келіспеймін.
Алайда оған қарсылық білдірмедім. Кейіннен ол ұлыма әкесінің шахид болғанын, Аллах жолында соғысып, қайтыс болғандардың ақыретте 70 адамға шапағаты тиетінін айтты. Мен баланың алдында сөз таластырғым
келмегендіктен, Азаматқа қарсылық білдірмедім. Алайда оның пікірімен келіспеймін, – деді әйел.

«Баланың дін туралы көзқарасын білгім келді»
Сотта ер адам екінші әйелді жетім балаларға қамқор болу үшін алғанын айтты.
– Екінші әйеліммен тамыз айында шариғат жолымен неке қидырдым. Оны бала кезімнен танимын. Көрші ауылда өскен. Бірнеше күннен соң ҰҚКД қызметкері келіп, маған әйеліммен ажырасу керектігін, оны Шам елінен алып келгендерін айтты. «Кім жетімнің басынан сипаса, ақыретте менімен көрші болады» деген хадис бар. Соған амал жасадым. ҰҚКД қызметкеріне баланың тәрбиесіне араласып, оны ел қатарына қосамын деп сөз бердім. Әкесі туралы әңгімені де баланың ойын білу үшін бастаған едім. Әйеліме де «муджахидтер болмағанда, бізде мешіттер де болмайды» дегенім рас. Бірақ, кезінде пайғамбардың өзі сахабалар туралы осылай айтқан. Өзім 2012 жылдан бастап намаз оқимын. 2019 жылы түрмеге жазамды өтеуге барғанда теріс ағымға кіріп кетпеу үшін кітаптар оқи бастадым. 73 ағым бар, оның біреуі түзу де, қалғаны адасу. Мен соның барлығын оқып шықтым. Сондықтан бұл жағдайды жақсы білемін, – дейді ол.
– Екінші жұбайыңыздың, оның баласының Сириядан келгенін білесіз. Бұл тақырыпты қозғауға не түрткі болды? Балаға тәрбиені дін тұрғысынан беру керек деп ойлайсыз ба? – деп сұрады прокурор.
– Балаға садақа туралы түсіндірдім. Оның дінге деген көзқарасын, әкесінің істеген іс-амалдарына қатысты пікірін естігім келді. Баламен жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Аллахтың алдында аманат қылып алғаннан кейін оған тәрбие беруге міндеттімін. Өйткені Сирияда олар мектепте білім алған жоқ. Кішкентайынан дінге үйретеді. Қазір теріс ағым көп, сондықтан балаға дін тұрғысынан тәрбие беру керек. Оған намаз парыз екенін айтамын. Сүрелер жаттатып жүрмін. Қазір 1-сыныпқа барады. Әріпті енді танып жатыр. Терроризмді насихаттады дегенмен келіспеймін. Мені қоғамда жүрсе, қасақана бүлік шығаратын адам ретінде көрсеткен. Сараптама да мұны жоққа шығарады. 4 сараптаманың тек біреуінде ғана менің сөздерімде «терроризмді насихаттау белгілері бар» деп келтірген. Үкіметке қарсы емеспін, зорлық-зомбылықты насихаттау ойымда жоқ, – деді ол. Тергеу органдары сотталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабының 1-бөлігі («Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру») бойынша айып тағып отыр. Егер кінәсі дәлелденсе, ол мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТОВА,
АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ 

[ratings]

Еліміздің 17 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жасалды

Синоптиктер ертең, 21 желтоқсанда елдің 17 өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Президентіне көңіл айтты

Мемлекет басшысы Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге көңіл айту жеделхатын жіберді.

Қазақстанның қай қалаларында жол ережесі жиі бұзылады?

Қазақстанда жыл басынан бері 11 миллион 478 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі анықталған.

БАЛАЛАР НЕГЕ СПОРТҚА ҚЫЗЫҚПАЙДЫ?

Экономика дамып, технология жетілген сайын дене белсенділігі азайып бара жатыр. Деректер 2022 жылы бүкіл әлем бойынша ересектердің үштен бір бөлігі, яғни 31 пайызының ғана дене белсенділігінің тиісті деңгейде екенін көрсетеді. Бірқатар елде бұл көрсеткіш 70 пайызға жетуі мүмкін.

Бүгін Алматыдағы барлық 80 шыршаның шамдары жағылады

Бүгін Алматыдағы барлық 80 шыршаның шамдары 19:00-де жағылады. Бас шыршаның шамын жағу рәсімі Абай атындағы алаңда өтеді.