Өткен аптада Қазақстанның бас қаласы екі күн қатарынан мәртебелі меймандарды қабылдап, үлкен диалог алаңына айналды. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) кезекті 6-саммитіне келген қонақтар ұйымның 30 жылдығына орай шақырылған еді. Шараға Қазақстан төрағалық етті.
Саммитке барлығы 11 мемлекет басшысы, атап айтар болсақ: Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ирак, Иран президенттері, Катардың әмірі, Қытай Халық Республикасы төрағасының орынбасары, Вьетнамның вице-президенті қатысты. Айта кету керек, АӨСШК бастамасын Қазақстан 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында көтерген болатын. Қызметтің негізгі мақсаты мен бағыты Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің көпжақты тәсілдерін әзірлеу арқылы ынтымақтастықты нығайту. Құрылған күннен бастап АӨСШК құрамы Азия континентінің 90 пайызын қамтитын 27 мүше мемлекетке дейін өсті. Бүгінде бұл ұйым көпжақты ынтымақтастық алаңына және заманауи дипломатияның халықаралық институтына айналып отыр. Дәстүр бойынша жиын тізгінін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұстап, баяндама жасады. Онда Мемлекет басшысы ғаламшардағы геосаяси жағдайға айрықша тоқталып, одан шығудың мүмкіндіктері жайлы ойын ортаға салды, басымдықтарын белгіледі. – Біз бүгін бұрын-соңды болмаған геосаяси дауыл мен жаһандық экономикадағы дағдарыстың күшеюі жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Бұл құбылыс бұрыннан «жаһандық дисфункция» деп аталады. 2019 жылы өткен АӨСШК саммитінен бері әлемдік қоғамдастық ауыр сынақтарды бастан кешірді, оның жағымсыз салдары жаһандық дамуға әсер етуде. Менің ойымша, біздің алдымызда тұрған ерекше маңызды міндет – бұрын-соңды болмаған қауіп-қатер жағдайында халықаралық қатынастардағы тұрақтылыққа қол жеткізу. Көпжақты тетіктерге жаңа серпін беріп, ашық диалогқа қайта оралу, – деді ол.
Президенттің айтуынша, Азия адамзат өркениетінің дамуына орасан зор үлес қосты. Бірнеше мыңжылдықтар бойы біздің макроөңірдің мемлекеттері бүкіл адамзаттың әлеуметтік, мәдени және технологиялық прогресінің негізгі қозғаушы күші болды. ХХІ ғасыр Азия ғасыры болады деген болжам бүгінде шындыққа айналды. Азия номиналды ЖІӨ және сатып алу қабілетінің паритеті бойынша мойындалған әлемдік экономикалық көшбасшыға айналды. Өңірде айтарлықтай адами және табиғи ресурстар бар. Азияда әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і орналасқан. 2030 жылға қарай орташа таптың тұтыну өсімі 30 триллион долларды құрайтын болжамды көрсеткіштің тек 1 триллион доллары батыс елдерінің экономикасынан түседі деп күтілуде. Дегенмен, Азияның болашағының өзі біздің мәдениеттер, дәстүрлер мен дүниетанымдар арасындағы диалогты нығайтуға ұжымдық дайындығымызға байланысты. АӨСШК-ні дамыту бойынша қабылданған қадамдар осы мақсатқа сәйкес келеді. Қазақстан Кеңес төрағасы ретінде АӨСШК аясындағы үдерісті одан әрі ілгерілету бойынша күш-жігерді арттыру міндетін қойып отыр. Өткен жылы АӨСШК сенім шараларының каталогы қайта қаралды, оған эпидемиологиялық қауіпсіздік, денсаулық сақтау және фармацевтика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қауіпсіздігі сияқты ынтымақтастықтың жаңа басым бағыттары кірді. АӨСШК талдау орталықтарының форумы Азияның түкпір-түкпірінен келген сарапшылар мен мамандарға тәжірибе, идеялармен алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру үшін әмбебап алаң болады. Биыл Астанада АӨСШК Іскерлік кеңесі мен Бизнес форумы, сондай-ақ АӨСШК Жастар кеңесінің бесінші отырысы өтті. Енді АӨСШК қоры құрылады. Оның мақсаты – АӨСШК жобаларын таңдаудың және оларды жүзеге асыру үшін ерікті қаражат жинаудың арнайы тетігін құру. Бақылаушылар мен серіктестер саны да артып келеді. Түрікменстан АӨСШК-ге бақылаушы ретінде қосылды. Еуразиялық экономикалық одақпен және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығымен ынтымақтастық орнату туралы шешімдер қабылданды. Бұдан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2022–2024 жылдарға төрағалық етудің жаңа мерзімі туралы өтінішін қолдаған АӨСШК-ге мүше барлық мемлекеттерге алғысын білдірді. Бұл орайда Қазақстан Президенті: – Саяси диалогтың аймақтық алаңы ретінде АӨСШК-нің жетілгендігі мен тиімділігі оны одан әрі трансформациялау үшін бастапқы нүкте болып табылады. АӨСШК-ге мүше мемлекеттер қазірдің өзінде ұйым ретінде жұмыс істеп жатқанын бірнеше рет талқылады және негізінен келіседі. Біз жаңа ұйым құрмаймыз, қайта институционалдық дамудың жаңа кезеңіне өтіп жатқанымызды атап өткім келеді. Конференцияның мәртебесін көтеру Азияның әлемдік істердегі рөлін нығайтып, мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын жаңа деңгейге шығарады, – деді. Қазақстан өз төрағалығы шеңберінде айқындаған АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға негізделген бірқатар басымдықтарды ортаға салды. Біріншіден, бұл – экономикалық өлшем. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, АӨСШК-нің тұрақты өзара байланыс жөніндегі кеңесін құру туралы шешім дер кезінде қабылданған. Жаһандық жеткізу тізбегіндегі үзілістер бізді тиімді транзиттік және көлік дәліздерін құруға жаңа көзқараспен қарауға мәжбүр етеді. Жүктерді тасымалдаудың ыңғайлы және қолжетімді жолдары біздің экономикамыздың тұрақты өсуінің маңызды факторы. Байланыс пен жүктерді жеткізудің әртараптандырылған бағытын дамыту арқылы транзиттік-көліктік әлеуетті іске асыруға назар аудару маңызды. Сонымен қатар, Президент АӨСШК Қаржы саммитін тұрақты алаңға айналдыруды ұсынды. Ол мұны АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің қаржы саласындағы ынтымақтастығын жандандыру үшін үлкен маңызға ие деп санайды. Трансформация экономиканы қалпына келтіруге, тұрақты және инклюзивті дамуға, конференция аясында аймақтық және субөңірлік қаржылық ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді. Мемлекет басшысы экологиялық қауіпсіздікке де айрықша тоқталды. – Климаттың өзгеруі табиғи апаттарға алып келеді, олар барған сайын күтпеген және апатты сипатқа ие болуда. 2021 жылы олар Азиядағы 57 миллион адамға әсер етті. 2050 жылға қарай мұндай табиғи апаттардан Азия елдерінің экономикасына келетін ықтимал шығын ЖІӨ-нің 26 пайызын құрауы мүмкін. Жақында Пәкістандағы қатты су тасқыны үлкен гуманитарлық апатқа айналды. Климаттық дағдарыс әскери қақтығыстарға әкелуі және үлкен әрі бақыланбайтын көшіқон ағындарының катализаторына айналуы мүмкін. Экономиканы декарбонизациялау мәселесі Азия үшін өте өзекті. Бұл мәселені шешу үшін бұрын-соңды болмаған көлемдегі инвестиция қажет. 2024 жылы Астанада АӨСШК елдеріндегі экологиялық мәселелер бойынша жоғары деңгейдегі конференция өткізуді ұсынамын. Бұл конференцияның нәтижелері АӨСШК экология саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңесін құруға негіз бола алады, – деді бұл орайда Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар АӨСШК кеңістігінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты жұмыс істейтін тетігінің де қажет екенін атап өтті. Бұл орайда Мемлекет басшысы Азияның дүниежүзіндегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің үштен екісін ғана өндіріп, кенжелеп отырғанына назар аудартты. Бұл жағдайдан шығу үшін маңызды өнімдердің ұлттық стандарттарға сәйкестігін бағалаудың бірыңғай тәсілін әзірлеп, сондай-ақ, осы санаттағы тауарлар үшін АӨСШК-ге мүше мемлекеттер арасында «жасыл дәліз» құру қажет. АӨСШК мен штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы арасында ынтымақтастық орнатудың болашағы бар. Бұл мемлекеттердің ауыл шаруашылығының әлеуетін ескере отырып, мұқтаж елдерді азық-түлікпен және тыңайтқыштармен қамтамасыз ету шараларын қолдануға мүмкіндік берер еді. Қазақстан Президенті адами өлшемге, адам ресурстарын сақтау мен дамытуға қатысты да өз ұстанымын жеткізді. Оның айтуынша, бұл баса назар аударуды қажет ететін маңызды мәселе. – Ағымдағы жылдың шілде айында Астанада Жастар кеңесі отырысының сәтті өтуі осы бағыттағы ынтымақтастықтың зор болашағын көрсетеді. Осыған байланысты 2024 жылы Астанада Жастар кеңесінің мұрындық болуымен АӨСШК елдерінің волонтерлік қозғалыстары жетекшілерінің жиынын өткізуді ұсынамын. АӨСШКге мүше мемлекеттердің жетекші университеттерінің серіктестік желісін құру үлкен перспектива ашады. Бұл желі арқылы IT, нанотехнология және жаңартылатын энергия көздері сияқты инновациялық салалардағы жобалармен алмасуға болады, – деп түйіндеді сөзін Қ.Тоқаев. Сөзінің соңында Қазақстанның АӨСШК-ні одан әрі дамытуды жақтайтынын қуаттап, оның бірегей форматы мен географиясын ескере отырып, Кеңестің келешегі зор және үлкен болашағы бар екеніне сенім білдірді. Кеңесте Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иран Президенті Ибрагим Раиси, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Пәкістан Премьер-Министрі Шахбаз Шариф, Палестина Президенті Махмуд Аббас, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Қытай Халық Республикасы төрағасының орынбасары Ван Цишань, Вьетнам вице-президенті Во Тхи Ань Суан, Беларусь Президенті Александр Лукашенко сөз сөйледі. БАҚ өкілдері Путин өз сөзінде азиялық елдердегі әріптестеріне Украина қалаларына жалғасып жатқан қарулы қақтығысқа қатысты өз ұстанымын білдіреді деп күткен. Бірақ Ресей Президенті бұл тақырыпты айналып өтті. Ол Ауғанстандағы жағдай туралы болжам жасап, ауған халқына оккупациядан келтірілген залалды өтеуді және олардың бұғатталған шоттарын ашуды ұсына келіп, «Бұл ел АҚШ-тың 20 жылдан астам әскери қатысуынан кейін және НАТО-ның сәтсіз саясаты салдарынан лаңкестік қауіп-қатерге байланысты мәселелерді өз бетінше шеше алмады. Мұны жалғасып жатқан қанды шабуылдар тізбегі растайды. Сонымен бірге, Путин әлемдік қаржы жүйесінің жұмыс істеу принциптерін қайта қарауды ұсынды.
Алайда Путиннің ұсыныстары төңірегінде дау-дамай болған жоқ. АӨСШК елдерінің басшылары өз проблемалары туралы көбірек айтуды жөн көрді. Тек Режеп Тайып Ердоған ғана Украинаны есіне алып, «Украинадағы дағдарыстың зардаптарын аймақтық және жаһандық деңгейде әлі де көріп отырмыз. Әділ әлемге дипломатия арқылы ғана қол жеткізуге болатынын үнемі айтып келемін», – деді. Саммиттің нәтижесінде жобаларды іріктеп, оларды жүзеге асыру үшін ерікті қаражат жинайтын АӨСШК қоры құрылды. Бақылаушылар мен серіктестер саны артты. Өткен жылы Түрікменстан АӨСШК-ге бақылаушы ретінде қосылса, биыл жаңа қатысушы – Кувейт пайда болды. Еуразиялық экономикалық одақпен және ОңтүстікШығыс Азия елдері қауымдастығымен ынтымақтастық орнату туралы шешімдер қабылданды. Қорытынды құжат АӨСШК платформадағы аймақтық тұрақтылық пен ынтымақтастық мәселелерін шешуде әсерлі дауыс пен күшке ие болатын қуатты халықаралық ұйымға толық трансформациялаудың негізін қалаған Астана мәлімдемесінің қабылдануы болды.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»


