12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ТӨРАҒА БОЛУ – ТӨРДЕ ОТЫРУ ЕМЕС

«Ханда қырық адамның ақылы болса, биде қырық адамның ары бар», «Елге бай құт емес, би құт», – деген атам қазақ билік айтатын адамдарға ықылым заманнан зор талаппен қарап, арды жоғары қойған билерге ерекше құрмет білдірген. «Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол»,– деп олардың шешендігін, тапқырлығын, әділдігін, ел ұйытқысы екендігін ұрпағына үлгі тұтып отырған.
Егемендік алғалы сот билігіне де мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінді. Соның арқасында сот корпусы жұмыстың тиімді ұйымдастырылуы жағынан өзгелерден оқ бойы озық тұр деп нық сеніммен айта аламыз. Заң саласында қызмет еткен 31 жылда, судьялықтың 23 жылы, оның ішінде бес ауданда төрағалық еткен 19 жыл ішінде түйгенім: сот билігі тек тұлғалар арасында дау туындап болған соң оны әділ таразылаумен, яғни, салдарымен ғана айналысып, оның себебіне үңіліп, сотқа дейін дауларды шешуден тыс қалуда.

Үш биліктің бір тармағы болып саналатын сот билігі өзінің мүмкіншілігін толық пайдалана алмай отыр. Мысалы: неке бұзу, алимент төлемеу даулары азаматтық істердің елу пайызына жуығын құрап отыр. Бұл даулар сотпен әділ шешілуде, бірақ неге орын алғанына баға берілмеуде, онымен айналысып отырған мекеме, бағдарлама, шешу жолдары жоқ. Ұрлық жасап, қарызды қайтармай, ар-намысқа тиетін сөздер айтып кісі ақысы көптеп аяққа тапталуда. Жасы үлкен адам мен басшыны сыйлаған халықпыз. Бірақ, әлеуметтік желілерде осы қасиеттерімізге «диванда» жатып кері пікір айтатындар баршылық.
Қасиеттерімізді қадірлемейміз. Кісі ақысы мойнында бар, кісі тонаған, елді бүлдіріп, бұзықтық жасаған адамның жағдайы дінімізде де, дәстүрімізде де қиын екені жете айтылмайды. Ел мен мемлекетті байланыстыратын тұлғалардың қатарында аудан басшыларының алатын орны зор. Оның ішінде аудандық сот төрағалары да бар. Сот төрағасы шешен, әділ, туралық айта алатын адам болса оған халық сеніп, айтқанына тоқтайды. Ел ішіндегі күрделі, даулы мәселелерді көріп, жергілікті, құқық қорғау органдарымен біріге отырып, жеке қаулы, ұйғарым шығармай-ақ, бұл дауларды сотқа дейін шеше алатын төрағаның ауданын дау жағаламайды.

Іріленген Мақтаарал ауданынан қазіргі Мақтаарал ауданы 2018 жылы шілде айында 138 000 халықпен бөлініп шықты. Аудан басшыларының ұйымдастыруымен 2019 жылдың басынан тұрғындар баспана қорын құрып, бір жыл ішінде тұрғын үйге мұқтаж алты отбасыдан тұратын 51 адамға баспана сыйға тартылды. 100-ге жуық жағдайы төмен отбасыларға ұн, май, қант секілді қажетті өнімдер ай сайын тегін таратылуда. Өнертапқыш адамдарға қолдау жасалуда. Салауатты өмір салтын сақтап спорттық ойындар, теріс ағымға кетпеу үшін жастар арасында діни сауат ашу, мәдени іс-шаралар, халықпен кездесулер өтуде. Аудан басшыларымен жылына бірнеше рет қоғамдық қабылдау, кездесулер өткізгенде 300-ге жуық үйге газ кіргізу, бір ауыл округіндегі ағын су бағасы, мектеп директорының алты мұғалімді бірден шығарып жіберуі, мектеп жанында балалар өтетін белгілер қойылмауы, жәрдем ақы, құжатсыз үйлерді заңдастыру тағы басқа мәселелері тез арада шешілді. Бұл іс-шараның барлығы соттарға істердің аз түсуіне септігін тигізуде және ел алдында мемлекеттің, оның ішінде сот билігінің абыройын өсіруде. Осындай аймақтағы түйткілдердің сотқа жетпей
тарқатылуына соттардың ықпалы аз дей алмаймыз. Соның ішінде дау-дамайдың сотқа жетпей шешілуіне төрағалардың аймақтағы беделі, сөзі аз әсер етпейтінін айта кеткеніміз жөн. Төрағаның арнайы оқуы жоқ. Бұл лауазымға білім-білігі мол, тәжірибесі бар, айналасы мойындаған жандардың таңдалғаны ләзім. Дегенмен, төрағалық қызметте екі реттен артық отыруға болмайды деген заң төрағалық институтты әлсіретеді. Екі рет қана төраға болған қызметкер өзінің жинаған тәжірибесін осы мерзім ішінде елге беріп үлгермейді. Жасы
үлкен, тәжірибесі мол азаматтар төраға болса елді ұйытып, даулардың алдын алады. Қазіргі заң талабына сәйкес бір жыл судья болған азамат аудандық сот төрағасы бола алады. Судьялық қызметті игеру үшін кемінде он жыл керек болса, тәжірибесіз адам ауданға қалай төбе би бола алады. Қызметті қызғанғаннан емес, бұл сөз төрағалықтың қадірі кетпесін деген ниетпен айтылуда. Қызметке оның ішінде судьялыққа, төрағалыққа таласуға мүлдем болмайды. Жақсылық жасауға бейім адамдарды тауып қызмет беру керек. Ол адамдардың аудан басқаратын болса жоспары (бизнес план секілді) болғаны дұрыс.  «Қанша шешен болса да жарлыны дауға, қанша батыр болса да жалғызды жауға қойма», «Арзан сот қымбатқа түседі», – дегендей сот билігінде отырған азаматтарға халықтың күмәні болмау үшін олардың жағдайы толық жасалуы тиіс. Пара алумен ұсталып жатқан судьялар – мемлекетіміздің атына ұят. 30 жасқа толған азамат судья болса, 20 жылдан соң 50 жасында бір рет берілетін 25 айлығымен отставкаға шыға алады. Бірақ, ол зейнет ақысын
тек 63 жасында алады. 13 жыл басқа қызмет істеуге мәжбүр. 20 жыл мемлекет атынан сот актілерін шығарған
қызметкерді бұлай қалдыру судьялар тәуелсіз деген атағына дұрыс келмейді. 20 жыл қызмет жасаған судьяларды мемлекет өмір бойы қамтамасыз етсе артық болмас.
Тергеушілер айына 1-2 істі сотқа жіберсе, судьялар айына 150-200-ден астам іс қарайды. Адамдар тағдырын
шешеді. Құқық қорғау қызметкерлері 40-45 жасынан зейнеткерлікке шығады. Міне, айырмашылық қандай? Ауылдық жерде қызмет жасайтын судьялардың көпшілігі қызметтік пәтерсіз жүр. Оған қоса, отбасы мүшелері қаладағы мүмкіншіліктің (цивилизация) барлығынан тыс қалған. Соған қарамастан еңбек ақысы қала судьяларынан екі есе төмен. Соттардың орналасқан аймағы бөлек болғанымен, судьялардың атқаратын қызметі бір, статусы тең. Ендеше, неге еңбегі бірдей бағаланбайды? Елдің іргесін ұстап отырған, қазақ ұлты көп тұратын ауылдарға әлі де болса мемлекет тарапынан көңіл бөлінуі керек. Сот билігі ел сенімінен шығу үшін судьялардың мәртебесі заңмен барынша қорғалса деймін.
Қ.МҰСАЕВ,
Мақтаарал аудандық сотының
төрағасы
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ 

Электронды сот төрелігі

Сот төрелігі - іс жүргізу тәртібімен жасалатын, азаматтық және...

Көліктегі қылмыстар туралы

Механикалық, оның ішінде автомобильдік көлік, дұрыс емес пайдаланған жағдайда...

ЗАҢНАМАДА ӘЙЕЛДЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛҒАН БА?

Әрбір қоғамның құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын әйелдер...

Электронды сот төрелігінің тиімділігі

Ғылым мен техника қарыштап дамыған қазіргі уақытта өркениетті елдерде...

Тіл-асыл құндылық

Мемлекеттік тіл - бұл осы мемлекеттің рәміздерінің бірі болып...