Ақ қанатты, күміс бауыр ұшақтар жүріп-тұруда, арақашықтықты қысқартуға ыңғайлы болғанымен, одан келер қауіп-қатер де аз емес. Əсіресе, «күз келіп, дымқыл тұман жерді басқан» шақта авиажолаушылардың көңіліне алаң кіретіні анық. Алайда Алматы халықаралық әуежайының басшылығы оңтүстік астанаға тұман түсіп, жауыншашын көбейетін қараша айында
қолайсыз ауа райында жұмыс істеуге дайындық шаралары жүзеге асырылғанын айтуда. Əуе айлағының баспасөз қызметінің өкілі Наталья Соколованың мəлімдеуінше, бүгінгі таңда ұшу-қону жолақтарына жасалған ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталған. Қысқы кезеңде жұмыс істейтін арнайы техниканың саны жеткілікті. Оның ішінде ұшу-қону жолақтарын тазалауға арналған түрлі модификациядағы арнайы машиналардың саны 50-ден асады. Сондай-ақ əуежайдың автокөліктер паркі Schimdt CJS жаңа әуе айлақтық қар жинағыш машинасымен жабдықталған. Көліктердің барлығы да техникалық тексеруден өткен, күзгі-қысқы мезгілде жұмыс істеуге сақадай сай. Дайындықты тексеру мақсатында Алматы халықаралық әуежайында авиакомпаниялармен бірлесе отырып оқу-жаттығулары өткізілді.
– Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және рейстер кестесін сақтау әуежайдың басым міндеттері. Бүгінгі оқу-жаттығулар әуежайдың тұманда да, қар жауғанда да толыққанды жұмыс істеуге дайын екенін көрсетті. Біздің автопарк ең заманауи арнайы техникамен жабдықталған, парктегі техника үнемі жаңартылып тұрады. Сонымен қатар Алматы әуежайы 2018 жылы ИКАО III В санаты бойынша сертификаттаудан өткен. Ол жазықтықтағы көріну шегі 75 метрге дейін төмендеген кезде лайнерлерді қабылдауға, ал 125 метрге дейін төмендеген кезде шығаруға мүмкіндік беретінін айта кетейік. Осындай жағдайларда рейсті орындау үшін ұшақ экипажында ИКАО ІІІ В санаты болу керек, – дейді əуежай баспасөз қызметінің өкілі. Ауа райынан бөлек əуе көліктерінің ұшуына қауіп-қатер төндіретін басқа да жағдайлардың бар екені жасырын емес. Мысалы, жуырда Атыраудан Нұр-Сұлтан қаласына бет алған Скат авиакомпаниясының əуе лайнері жерден көтеріліп үлгерместен ұшақтың бортына келіп соқтығысқан құстардың кесірінен қауіпті жағдай туындап, əуежайға қайта қонғаны белгілі. Мұндай жағдайды болдырмау үшін Алматы халықаралық әуежайында құрамында 10 орнитолог маман бар аэродром қызметінің арнайы бөлімшесі жұмыс істейді. Олар əуе айлағының аумағында құстардың шоғырланбауын бақылап, қажет болған жағдайда арнайы құралдардың көмегімен оларды үркітіп отырады. Иə, құстарды атпайды, тек үркітіп, ұшырып жібереді. Сондай-ақ Алматы әуежайының аумағында авиациялық қауіпсіздік қызметінің құрамында жоғары кәсіби кинологиялық қызмет жұмыс істейді. Кинологтар мен олардың төрт аяқты серіктерінің міндетіне есірткі, жарылғыш және басқа да тыйым салынған заттарды іздеу, сондай-ақ әуежай аумағын патрульдеу кіреді. Кинологиялық қызмет тəулік бойы Алматы әуежайында рейстердің орындалу қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»