12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Төлеген ТАЛДЫБАЕВ, «Аңсар» ақпараттықталдау орталығы басшысының орынбасары:«ЖУСАН» ОПЕРАЦИЯСЫМЕН ЕЛГЕ ОРАЛҒАНДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСЫ»

«Жусан» операциясымен Сириядан елге оралғандардың бейбіт өмірге бейімделіп, тыныш өмір сүре бастағанына жылдан аса уақыт болды. Ақтөбеге келген балалардың арасында әке шешесінен айырылғандар да бар. Теріс ағымға алданып, тұзаққа түскендердің қазіргі жағдайы қалай? Олар қоғамға қаншалықты бейімделді? Сириядан оралғандардың діни көзқарасын өзгерту мүмкін бе? Осы сұрақтарды «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығы басшысының орынбасары, теолог Төлеген Талдыбаевқа қойған едік.

– Төлеген Өмірзақұлы, Шам елінен елімізге қанша ақтөбелік оралды?
– Қазақстанға Сириядан оралғандардың басым бөлігі «Жусан-2» операциясы кезінде келді. Алғашқы операция кезінде қаракөздеріміз іріктеліп әкелінді. Олардың тең жартысы елге келісімен, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ақтөбе облысына келер болсақ, Сириядан барлығы 10 әйел оралды. Көбінің кәмелет жасына толмаған кемі 2 баласы бар. Олардың елден кетуіне түрлі фактор себеп болған. Әйелдердің барлығы дерлік күйеуінің айтқанынан шықпаған. Олар отбасында ер адам басшы болғандықтан, жолдасының сөзін екі етпейтіні белгілі. Көпшілігі 2015 жылы елден аттанған. Бұл айтарлықтай қақтығыс болмаған кез еді, сондықтан шекара асқан азаматтар да өзі мен отбасын қандай қатерге тіккенін білмеген болар. Сириядағы қақтығыс әуелде Башар Асадтың билігіне қарсы көтерілістен басталды. Қазақстандық азаматтар, өзге мұсылмандар секілді, ол елге Шам қаласын құтқару мақсатында барған. Алайда кейін жағдайдың өздері ойлағаннан басқаша екендігін түсінген. Көбі Түркия, Мысыр мен Ауғанстан арқылы Шам еліне өткен. Олардың арасында 2011 жылы Ауғанстанға кетіп, әрі қарай Сирия асқандар да бар. Әлі күнге дейін елге қайтпай, қалып қойғандар да жетерлік.
Өздерінің айтуынша, Түркияға демалу визасымен барып, одан әрі Хатай, Газиантеп қалаларымен, жасырын зәйтүн егістігі арқылы шекарадан өтіп кеткен. Сол жақта оларды адамдар күтіп алады. Түркияның ішінде де бұларды шақырып, жол көрсетіп отырған азаматтар бар, олардың есімі де белгілі. Елден келгендерді Стамбулда 1-2 рет қыдыртып, әрі қарай Сирия асырып жіберген. Шам жерінде оларды арнайы адамдар күтіп алып, құжаттарының барлығын жинап, жыртып тастайды. Олардың қолына Халифаттың жеке куәлігін беріп, сол бойынша жәрдемақы тағайындайды. Алғашқы 1-1,5 жылда біздің жерлестеріміз ДАИШ жаулап алған жерлерде көшіп-қонып жүрген. Бастапқыда ешқандай мәселе туындамаған. Кейіннен Ресей мен АҚШ Сирияға әскерін кіргізгеннен кейін оларды бомбалай бастады. Осы кезде жер білетін сириялықтар жасырынып жан сақтаған. Ал біздің азаматтарда не құжат жоқ, не баратын жер жоқ. Ер адамдардың көбі соғыс кезінде қырылып қалған. Амалы қалмаған әйелдер бас сауғалап күрдтердің палаталарын мекен ете бастайды. Кейіннен Қазақстан Орта Азия елдері арасында алғашқы болып Сирияға кеткен азаматтарын қайтаруды бастады.
– «Жусан» операциясымен елге оралған азаматтардың Ақтөбе облысында тұрып жатқанына бір жылдан асты. Осы уақыт аралығында не өзгерді? Олар қоғамға қаншалықты бейімделді?
– Оларды Атыраудан күтіп алдық. Алдымен медициналық, психологиялық, кейін теологиялық көмек көрсетілді. Қазір көп өзгеріс байқалады. Келген кезде психологиялық тұрғыдан жағдайлары өте нашар екені байқалды. Жарық жоқ жерден келген. Аштық көрген, балалары өлген, әбден арып-ашқан. Өздері бірнеше рет қоршауда, бомбаның астында қалған. Араларында денесінде әйнектің жарықшағы бар, аяқ-қолы жоқ, қансырап келгендер де болды. Сондықтан оларға ең алдымен медициналық көмек көрсетілді. Кейін психологтармен жұмыс жүргізіліп, балаларын құжаттандыру жұмыстары қолға алынды. Мектепке, балабақшаға орналастырдық. Ақтөбедегі «Шанс» орталығының мамандары балаларға оқу үйретті. Ақтөбеге келген балалардың алды 12 жаста болса, ең кішісі – емізулі сәби. Қазір балалардың үлкені мектепте бастауыш сыныпта оқиды, алдағы уақытта өз қатарластарын қуып жететін мүмкіндігі бар. Теологиялық жұмыс бір ай бойы жүргізілді. Мемлекет құрғаннан кейін идеологиялық жұмыстар да назардан тыс қалмайтыны белгілі. 6 жасқа толған балалар арнайы әскери дайындықтан өткен. Бүкіл идеология аят пен хадистің төңірегінде болған. Ал әйелдер көбіне үй жұмысымен айналысып, бір-біріне діни білім берген. Бір байқағаным, олардың 70 пайызына жуығының діни білімі таяз. Ақ пен қараны ажырата алмайды. Күйеулерінің айтуымен ғана жүрген. Тіпті кейбірінің Құранда қанша аят барынан да хабары жоқ. Терминдерді түсінбейді. Көпшілігінің дінге деген қызығушылығы төмен, тек күйеулерінің ықпалымен Сирияда болған. Оларды Сириядан күтіп алмас бұрын теологтар екі ай бойы арнайы әзірліктен өтті. Елге келгендерді діни тұрғыдан сауатты болар деп ойлағанбыз, алайда нәтиже біз күткендей болған жоқ. Тек қалған 20-25 пайызы дін тұрғысында өз пікірін айта алатын еді. Онда да араб тілін білмейді. Тек сириялық диалектімен, ауызекі тілде сөйлей алады. Өйткені олар тікелей арабтардың ортасында болмаған, ТМД елдерінен келген топтың арасында өмір сүрген. Әлбетте, бір айдың ішінде адамға бүкіл өмірді түсіндіру мүмкін емес. Өйткені олар Сирия елінде кем дегенде 4-5 жыл болып келді. Кейін олармен жергілікті жердегі теологтар жұмыс істеді. Қазір жағдайлары жаман емес, қоғамға бейімделді. Адам болғасын, біреуде мінез, енді бірінде селқостық болады. Бірақ түбегейлі көзқарасын өзгертпеген адам жоқ. Келгеннен кейін тұрмысқа шыққандар болды. Тұрмысқа шығып, ажырасып кеткендер де болды.
– Бірер ай бұрын Ақтөбеде «Жусан-2» операциясы аясында Сириядан оралған келіншектің тұрмысқа шыққан жолдасы істі болды. Ер адам әйелі мен оның 9 жастағы ұлына терроризмді насихаттағаны үшін сотталды. Келіншектің 4 баласы бар, Темір ауданының тумасы. Оның қазіргі тағдыры қалай?
– Ол жігіт бұған дейін де істі болған, түрмеден шыққанына да көп уақыт өтпеген еді. Келіншекке бұл туралы бірнеше рет ескерттік. Шындығын айту керек, әйел адамның тұрмысқа шығудан басқа мүмкіндігі болмады. Баласы бар. Ауылға барғанмен, отбасымен келісе алмады. Шағын ауыл болғандықтан, адамдар арасында әңгіме болды. Әке-шешесі мен бауырлары ол сөзді көтере алмады. Сөйтіп, қалаға кетуге мәжбүр болды. Демеушілердің көмегімен пәтер жалдап бердік. Өйткені мемлекет тарапынан «Жусан» операциясына бөлінген арнайы бюджет жоқ. Ақыры алақан жая беруден шаршаған әйел тұрмысқа шығып, жағдайын түзегісі келген сияқты. Оған теріс көзқарастағы адамға тұрмысқа шыққаны ескертілді. Бірақ келіншектің азаматтың сөзіне сенгені, соған арқа сүйегені рас. Өкінішке орай, арты жаңағыдай болды. Азаматтың өгей баласына теріс үгіт жүргізгені дәлелденіп, қайтадан сотталып кетті. Қазір келіншек балаларымен пәтерде тұрып жатыр. Кішкентай баласы болғандықтан, жұмысқа жарамсыз. Балаларына төленетін жәрдемақымен күн көруде. Білуімше, қазір бесінші сәбиіне жүкті. Түрлі тағдыр бар. Әйелдердің көбі елге келген соң тұрмысқа шыққан, отбасыларымен тұрып жатыр. Мазаламауға тырысамыз. Қазір карантинге байланысты онлайн режимінде сабақтарға қатысып жүр. Кейде «Сириядан келгендер туралы материал әзірлеңдер, бейнежазба дайындаңдар» деген нұсқаулар түсіп жатады. Менің ойымша, бұл артық та секілді. Өйткені біз кейде адамды қоғамға араласып, өмір сүріп кетсін дейміз де, ар жағында басқа мүддені көздеп тұрғандай көрінеміз. Олар қазір біртіндеп қоғамға бейімделіп келе жатыр. Жұмысқа орналасып кеткендер де бар. Көкөніс егіп, өнімін сатып отырғандар да бар. Тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Тікелей қоғаммен араласып, донер жасайтын жерде жұмыс істеп жүргендері де бар. Елге келгеннен кейін арнайы курстарда білім алды. Тағы бірі «Глоба» деген компанияда тігінші болып, жақсы еңбек етіп жүр. Бір келіншек Қандыағаш қаласында кішігірім кәсіп ашып, нәпақасын табуда. Оларға үнемі көмек көрсетіліп тұрады. Демеушілердің көмегімен Құрбан айт мерекесі кезінде жан-жақты қолдау
көрсетіледі. Балаларын ойнатып, өздерін театрға апарамыз. Оқырмандар клубы да жұмыс істейді. «Аңсар» орталығының волонтерлері де қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, азық-түлік пен киім жағынан көмектесіп отырады. Карантин кезінде кейбірінің жұмысы тоқтап қалғандықтан, мәселелер туындады. Кейін барлығы шешілді. Оқушыларда діни атрибуттарға қатысты ешқандай проблема жоқ. Киімдерін тастап, бантиктерін тағып жүр. Жергілікті жердегі адамдарға қарағанда білім алуға деген құштарлығы екі есе артық.
– Сириядан келген балалардың арасында әке-шешесінен айырылып, жетім қалғандар да болған шығар…
– Әрине, болды. Қазір 7 жастағы ер бала ата-әжесінің қолында тәрбиеленіп жатыр. Әке-шешесі Сирияға кеткенге дейін Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында тұрған. 2015 жылы Шам еліне кеткен. Алдымен әкесі, кейін шешесі қайтыс болған. Елге келгенге дейін әркімнің қолында болған. Біреудің біреуге қарайтын жағдайы жоқ, аштықтан адам өліп жатқан жер ғой. Кішкентай қарындасы бар екен, ол да сол жерде қайтыс болыпты. Қазір Ақтөбеде тұрып жатыр. Бірінші сыныпты бітірді. Жағдайын үнемі бақылап, қарап отырамыз.
– Теріс ағымда жүргендермен жұмыс қалай жүргізіледі?
– Қоғам болғасын, барлық нәрсе түп-түзу деп айтудан аулақпыз. Әлбетте, теріс бағытта жүрген азаматтар әлі де кездеседі. Дін өкілдерімен сөйлескісі келмейтін азаматтар да аз емес. Алайда 2010-2012 жылдармен салыстырғанда, қазіргі діни ахуал айтарлықтай өзгерді. Өйткені ол кезде әр өңірде әрі кетсе 1-2 теолог болатын. Бұл мәселемен айналысатын құқық қорғау органының адамдары да жеткіліксіз еді. Қазір адамды тәрбиелеуде қоғамның өзі үлкен институт деуге болады. Өйткені жүрген ортасының өзі адамды дұрыс тәрбиелеп, адасқандарды дұрыс бағытқа салады. Екіншіден, заң қатайды. Бұрын қит етсе, соттап жіберетін еді. Керісінше, қазір құқық қорғау органдарына жаппай қылмыстық жауапкершілікке тартуды тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тапсырма берілуде. Өйткені түрмеге барған адамның бостандыққа шыққан кезде мүлдем өзгеріп кетуі мүмкін. Кейбірінде діни-қылмыстық көзқарас пайда болады. Оны күнделікті жұмыс барысында көріп жүрміз. Одан кейін оны тәрбиелеу де қиын. Бұрынғымен салыстырғанда аудандарда да жағдай жақсы. Дін мамандары теріс бағытта жүрген адамдармен кездесіп, жеке кездесулер өткізіп тұрады. Қазір «теріс бағыттағы адамдар көбейді» деп дабыл қағатындай жағдай емес. Бұрын маман таппайтын едік. Соның салдарынан кім көрінгенді жұмысқа алғанымыз да рас. Қазір Нұр-Мүбәрак университетін бітірген, шетелден оқып келген жастарды таңдап жұмысқа тартатындай дәрежеге жеттік. Мысалы, «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының өзінде 10-ға жуық теолог бар. Оның үшеуі әйел адамдармен жұмыс істейді. Жақында Ақтөбеде республикалық «Ақниет» қоғамдық қорының филиалы ашылды. Министрліктің 3 жылдық жобасын ұтып алған, жұмысқа жергілікті мамандарды ұсынып жатырмыз. Көпшілігінде «Олардың барлығы немен айналысады?» деген сұрақ туындайды. «Ақниет» қоғамдық қоры тек қана теріс ағымда жүргендерді оңалтумен айналысады. Ал «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығы ақпараттандыру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.
– Бүгінгі күні Ақтөбе түрмелерінде терроризм айыбымен сотталып, жазасын өтеп жатқандар да жетерлік. Олардың діни көзқарасын өзгерту қаншалықты қиын?
– «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының қызметкерлері Ақтөбедегі КА-168/2 мекемесінде терроризм бабымен жазасын өтеп жатқан 32 адаммен жұмыс жүргізеді. Бұл тек 32 адам ғана теріс ағымдар жетегінде жүр деген сөз емес. Басқа қылмысы бойынша сотталып, түрменің ішінде дін үйреніп жатқандар да жетерлік. Түрменің өзінде арнайы штатта 2 теолог жұмыс істейді. Жазасын өтеушілердің көзқарасын өзгерту сырттағы адамдармен салыстырғанда жеңілдеу. Өйткені кез келген уақытта барасың, кез келген уақытта алдыра аласың. Онымен сөз таластырып, көзқарасын өзгертесің. Кітап беріп, түсінгенін сұрайсың. Талқылайсың, кемшілігін айтады. Діни көзқарастың өзгеруі көңіл күйден тұрады. Мәселен, адам жағдайы жоқ болса, оппозиция болып кетеді. Ал жағдайы болса, басқаша болады. Біреуді бизнес ұстаса, енді бірі жалақы алып отыр. Сол сияқты түрмеде теріс ықпалға түспей, жазасын өтеп шыққаннан кейін бұзылып кететіндер де кездеседі. Аз уақыттан соң сотталып кететіндер де бар. Жалпы алғанда, нәтиже жаман емес. Карантин біраз жұмысқа қолбайлау болып қалды. Бұрын жұмысымыздың басым бөлігі ғибадат үйлерінде өтетін еді. Олар жабылып қалғандықтан, қиындықтар туындады.
– Жастардың арасында дінге деген еліктеушілік басым. Көпшілігі діни ұғымдардың байыбына бармастан, ораза ұстап, сақал қояды. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Жастардың арасында дінге еліктеушілік бар. Қоғам болған соң ондай жағдайдың болуы қалыпты. Дін ұстанған адамдардың барлығы стандарт ойлап кетсе, проблема да болмас еді. Мәселен, бірнеше жыл бойы намаз оқып жүргендердің ішінде исламның шарттары мен ережелерін білмейтіндер де кездеседі. Бірақ қазір халық бұрынғыдай интернеттен емес, қажетті ақпаратты дінді білетін, дұрыс көзқарастағы адамдардан ала бастады. Бұл ретте ғибадат үйлерінің маңызы өте зор. Өйткені ең алғаш намазға келген адам сол жерге барады. Сол себепті үлкен мешіттерде 8-9 имам қызмет жасауы керек деп есептеймін. Өйткені жұма намазы аяқталғаннан кейін наиб имамның кабинетінің алдында кезекке тұратындардың қатары көп. Бәрінің көкейінде – бір сауал. Жартысы кезек күтпей, кетіп қалады. Қазір жастардың көбі салауатты өмір салтын ұстанады, спортпен айналысады. Сол себепті қарамағымдағы қызметкерлерге «әлеуметтік желіде белсенді жұмыс істеңдер, футбол ұйымдастырыңдар» деп жиі айтып отырамын. Жамағатпен жиі табиғат аясында демалып, түрлі жарыстар ұйымдастыруды жолға қойдық. Бірақ әлі де халықтың сұранысын қанағаттандыра алатындай дәрежеге жете алмай жатырмыз. Кемшілік бар. Халықты жиып қойып, үгіт-насихат жүргізе алмайсың. Жамағат оған жиналмайды да. Оларды қызықтыру, тарту керек. Көбіне шет мемлекеттермен салыстырамын. Мамандардың мәселесін шешкен, тек өзін ғана емес, басқа елдерді де қамтамасыз етіп отырған мемлекеттер бар. Сол деңгейге жеткенге дейін бізде әлі де мәселе болады.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТОВА,
АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ 

 

Есть ли выход из трудового рабства?

Во всем мире торговля людьми остается глобальной проблемой, затрагивающей...

Еще одна победа

С двумя золотыми медалями и статусом двукратного победителя чемпионата...

Советхан СӘКЕНОВ, құрметті демалыстағы судья: «ӘДІЛДІК ЖОҚ ЖЕРДЕ МЕМЛЕКЕТ ДАМЫМАЙДЫ»

– Советхан Сәкенұлы, құрметті демалысқа шыққаныңыз құтты болсын! Зейнетке...