Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі жуырда Алматы облысының Қонаев қаласында кезекті форумын өткізді. Ұйым нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдердің алдын алып, тосқауыл қою мақсатында «Салауатты сана» жобасын әзірлеген болатын. Жоба аясында аталмыш әрекеттердің қайсыбірі көп тіркелетін аймақтарда семинар өткізу жоспарланған еді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тұрмыстық зорлықтың алдын алудағы аналардың рөлі» тақырыбындағы республикалық кеңейтілген отырыс Алматы облысы, Қонаев қаласында ұйымдастырылды. Өйткені, жыл басынан бергі 5 ай ішінде Алматы облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттері 23,4 пайызға өсіпті. Нақтылай айтар болсақ, олардың саны 70-тен 87-ге артқан. Тиісті ұйым өкілдерінің айтуынша, бұл көрсеткіш негізінен әкімшілік баптардың қылмыстандырылып, яғни, 63 фактінің «Жеңіл зиян» және «Соққы» деп танылуына орай көбейген.
Алқалы жиында дәстүр бойынша еліміздің барлық облыстарының Аналар кеңесінің өкілдері, мүдделі ұйымдар мен қауымдастық өкілдері, сарапшылар, мамандар бас қосып, 2 күн қатарынан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарын ортаға салып, себептеріне үңілді. Кеселдің алдын алу жолдары жайлы кеңесіп, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Ең бастысы форум қорытындысы ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі атынан қазақстандықтарға үндеу жариялады.
Кеңес тақырыбына айналған отбасылық зорлық-зомбылық бір әйелдің, бір баланың немесе бір отбасының трагедиясы емес, бүкіл қоғамның беріктігіне сына қағатын келеңсіз құбылыс. Оның даусы кейде ащы шығып, жұртшылықты дүр сілкіндірсе, кейде ешкімге білінбей, көрінбей елді іштей жегідей жейді. Халқымыз «бір күнгі ұрыстан қырық күндік ырыс кетеді» дейді. Соңғы уақытта отбасындағы зорлық-зомбылықтан 869 адам қайтыс болып, 2086 адамның денсаулығына ауыр зардап келген. Мамандар зорлық-зомбылық адамның психикалық, физикалық жағдайына әсер ететінін айтып дабыл қағуда. Оның салдарынан адамның еңбек өнімділігі төмендеп, жұмыс орнын жоғалтады. Сонымен қатар зорлық-зомбылықтың куәгері немесе құрбаны болған балалар көбінесе психикалық денсаулығында, оқуда және әлеуметтенуде қиындықтарға тап болады. Ең ауыр салдары – олар еріксіз зорлық-зомбылық үлгілерін өз болмысына қабылдайды. Зерттеу нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылық ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, қиын жағдайда өскен балалардың ересек өмірде құрбан не зорлаушыға айналатынын айғақтап отыр. Отбасындағы зорлық-зомбылық азаматтарды қорғауға тиіс институттарға деген сенімге де нұқсан келтіреді. Осының бәрі қоғамның беріктігіне кері әсер ететін факторлар.
Заң және нәтиже
Сондықтан мемлекеттің әйелдер мен балалар құқығын қорғауға бағытталған саясатты жүйелі түрде жүргізуі зор маңызға ие. Қуаныштысы сол, бұл мәселе бүгінде мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдығына айналды. Соның нақты көрсеткіші – былтыр 16 маусым күні Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы «Салтанат» заңы деп аталған құқықтық құжат қолданысқа енді. Биыл заңның қабылданғанына бір жыл толып отыр.
Кеңейтілген отырысты ашқан Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанай осы мерзім ішінде тұрмыстық зорлықпен күрес бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесіне тоқталды. Назипа Ыдырысқызының айтуынша, ресми мәлімдемесіз, өңірлік жұмылдыру топтарының деректері, полиция қызметкерлері, куәгерлер, әлеуметтік желілерді талдау және тағы басқа шаралар негізінде отбасылық-тұрмыстық сипаттағы құқық бұзушылықтарды анықтау едәуір артыпты. Мұны заңның басты нәтижесі деп бағалауға болады. Тек биылғы қаңтар-мамыр айларында 19 мыңнан астам осындай жағдай анықталыпты. Осы аралықта тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарлама 20,5 пайызға аз түскен. Оның ең көбі Алматы мен Астана қалалары және Қостанай, Павлодар, Жамбыл облыстарына тиесілі. Осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша, аса ауыр қылмыстың тіркелуі 44 пайызға азайып, отбасылық-тұрмыстық қатынас саласындағы ауыр қылмыс 29 пайызға кеміді. Кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілік бойынша қылмыстар да сиреген. Олар 21,3 пайызға, педофилияға байланысты қылмыстар 40,7 пайызға төмендепті.
Елдегі мектептерге «111» мемлекеттік Байланыс орталығы қызметінің QR-кодын орналастыру арқылы балалар арасында зорлық-зомбылық, буллинг, күрделі психоэмоционалдық жағдай фактілерінің алдын алу, анықтау фактісі көбейді. Биылғы бес айда балалардан 86 мыңнан астам смс-хабарлама түсіп, оның ішінде 2 мыңнан астамы зорлық-зомбылық, бұзақылық және психоэмоционалдық жай-күйіне байланысты көмек сұрап жүгінген. 28 жағдайда суицидтің алдын алуға мүмкіндік туды.
Бүгінгі таңда еліміздің көптеген азаматтары көмек сұрап «111» қызметіне жүгінетін болды. Бес айда ересектерден әлеуметтік мәселелер, балалардың қауіпсіздігі, психологиялық көмек және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 62 мың қоңырау соғылған. Отбасыларға, әйелдер мен балаларға көмек көрсету ауқымы кеңейді. 20 Психологиялық қолдау орталығы ашылып, еліміздің 112 ауданы мен қаласында «Отбасын қолдау орталықтары» жұмыс істей бастады. Сол орталықтар арқылы алғашқы тоқсанда 34 мың отбасыға әлеуметтік, психологиялық, заңгерлік көмек көрсетіліп, 2 мың отбасына қолдау жасалды.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында агрессормен психологиялық жұмыс жүргізу бағыты қолға алынды. Биыл 52 жанжалшыға қатысты соттар денсаулық сақтау органдарында міндетті түрде психологиялық көмек алу бағдарламасынан өту міндетін тағайындаған.
Қоғамдық бақылау күшейтілуі керек
Әйтсе де, тоқмейілсуге әлі ерте. Өйткені, тұрмыстық зорлық-зомбылық азаймай тұр. Осыны қынжыла жеткізген Назипа Ыдырысқызы кеңеске қатысушылар назарын көрсеткіш бойынша алда тұрған үш облысқа аудартты. Мұндай әрекеттер аз тіркеліп отырған өңірлер де арқаны кеңге сала алмайды. Себебі, ондағы көрсеткіштің төмендігі аталмыш заңның толыққанды насихатталмауынан, азаматтардың ондағы талапты дұрыс білмеуінен болуы әбден мүмкін. Заңдағы тұрмыстық зорлық фактілері жайлы куәгерлердің жеткізу мүмкіндігі туралы талаптардан қоғам тиісті деңгейде хабардар емес. Мағлұматы болса да отбасындағы жағдайды сыртқа шығарып, көмек сұрауды ұятқа санайтындар да баршылық. Яғни, кейбір өңірлерде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің аз тіркелуінің астарында осындай жағдай жатуы сөзсіз. Егер расында солай болып, «бас жарылса бөрік ішінде, жең сынса қол ішінде» қала берсе, нағыз «ауруын жасырған өледінің» кері болады.
Жалпы, қоғамды толық құқықтық деп айту қиын, өйткені, адамдардың құқықтық мәдениетінің деңгейі жайлы білмейміз. Заңның негізгі міндеті – шектеу. Ал, қылмыс тек шектеумен азаймасы анық. Мысалы, педофилдерді өмір бойы өтелетін жазаға кесу қолданысқа енді. Алайда олардың іс-әрекеті ұят деп немесе заң талаптарын білмеу салдарынан назардан тыс қалса, шектеудің еш пайдасы болмайды. 2025 жылдың 5 айының ішінде 26 педофилге осындай жаза берілді. Дегенмен, жаңа фактілер қайта-қайта анықталып жатыр. Сондықтан ана мен баланы қорғауға отбасынан бастап, барлық органдар, тұтас қоғам тікелей қатысуы керек.
Осы деректерді ортаға сала келе Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы тәрбие мәселесін және ондағы аналар рөліне назар аудартты. «Ұлтты ана тәрбиелейді. Бала бақытты болуды отбасынан үйренеді. Аналардың білімі мәдениеттілікті қалыптастырады. Сондықтан, біз өз отбасымызға арналған қағидаттарды санамызға бекітіп алайық. Біз рухани азғындап барамыз – ұялуды қайта үйренейік, бұл мәдениеттіліктің шыңы. Екіншіден, жамандық адамзаттың өз қолымен істеледі, біз қазір жамандық дауылының астында қалдық – қарсы тұру үшін біздер шынайы дос болайық. Адамзат бауырластығының кодексі барлық діни кітапта жазылған», – деді.
Назипа Ыдырысқызы, бұл орайда ақпараттық технология өмірімізге дендей енген қазіргі кезеңде ата-аналардың балалардың дамуына ілесе алмай жатқанына назар аудартты. Ата-ана болу – үлкен жауапкершілік. Өйткені, бала үлгіні өз ата-анасынан алады. Сондықтан ата-ананың заманауи білімді, соның ішінде психологияны игеруі өте маңызды. Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттері өз сипаты жағынан моральдық-психологиялық мәселе. Өкінішке орай, замандастарға білікті психологиялық көмек көрсету күрделі әрі өзекті. Себебі, елімізде психология ғылым ретінде толыққанды дамымаған. Шетелден оқып келіп жатқан мықты мамандардың бұл саланың ұлттық философия, құндылық, менталитет секілді негізгі бастауына қанық екендігі күмән тудырады. Олардың түзейміз деп, бүлдіріп жатпасына кім кепіл?! Яғни, сырттан оқыған мамандар ұлттық кодты бұзып жатуы әбден мүмкін ғой. Сондықтан ұлттық психология ғылымын аяққа тұрғызып, уақыт талабына сай келетін сала мамандарын даярлау өте өзекті. Облыс әкімдері өз өңіріне қажет мамандар есебін шығарып, мемлекетке тапсырыс беру ісін жолға қою керек. Осы жайлы айта келіп, Назипа Ыдырысқызы жалпы қазіргі психологтардың жұмысы, мамандар біліктілігі қоғамдық бақылау назарында болып, осы шараға Аналар кеңесі мен Ақсақалдар ұйымының белсене атсалысуы қажеттігін мәлімдеді. Бұл ұйымдар жалпы қоғамдағы тиісті заңнама талаптарының түсіндірілуі, ақпараттың ашықтығы мәселесін де назардан тыс қалдырмауы тиіс.
Әкелер отбасының тірегі болсын десек…
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың азаймай отырғанын, көрсеткіштер нақты жағдайдың шынайы бейнесі емес екендігін жиында сөз алған «Ақжелкен» групп қоғамдық қорының директоры Гүлнар Әмірова да айтты. Оның сөзінен түйгеніміз, Қазақстан қауіпсіздік деңгейі бойынша орта санаттағы елдердің қатарында болғанымен, әйелдер мен балаларға жасалатын зорлық бойынша бұл деңгейден жоғары. Біздің елімізде балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар 40 пайызға өскен. Бұл жай ғана сан емес, көмек сұраған жанайқай. Өйткені, мұндай жағдайлар «қауіпсіз» деп саналатын отбасында орын алады. Яғни, қылмыскерлердің 80 пайызы ешқашан полиция назарына ілінбегендер. Бұл отбасылық қауіпсіздік жүйесінің әлсіздігін көрсетеді.
Алматы облысында 11 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істеп жатыр. Орталықтар отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасына, балалар тәрбиесіне, әлеуметтік қолдауға бағытталған. Әр өңірде құрылған мобильді топтармен үйлерге барып, көмек көрсету жолға қойылған. Әмірова ханымның айтуынша, бұл жеткіліксіз. Өйткені, әлі де біз әйел өзіне жасалған зорлықты дәлелдеу керек деп отырмыз. Бұл – қате түсінік. Бізге дәлелдеуге емес, алдын алуға бағытталған ұстанымға негізделген жаңа парадигма керек.
Ол үшін біріншіден заңнаманы нақтылау және құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру маңызды. Нақтылап айтқанда, зорлық-зомбылыққа қарсы заңдарды орындау міндетті және ымырасыз болу керек. Құқық қорғау органдары қызметкерлерін гендерлік сезімталдық бойынша оқыту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған стандартталған алгоритм енгізілсе құба-құп. Екіншіден, білім беру жүйесін реформалау және зорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыруға көңіл бөлінуі тиіс. Бұл орайда мектеп бағдарламаларына эмоциялық интеллект, келіспеушілікті шешу мәдениеті, жыныстық тәрбие элементтерін енгізу кезек күттірмейді. «Әке – тірек», «Нағыз ер азамат қорғайды» деген сынды жобалар аясында ерлер клубтарын, кеңестерін көбейту және әкелерге арналған тәлімгерлік, ата-аналық дағдылар бойынша тегін курстар ұйымдастыру қажет. Әлеуметтік желі арқылы жастарға әсер ететін блогерлер мен медиатұлғаларды тартып, зорлыққа қарсы бейнероликтерді жасап, тарату өзекті. Сонымен қатар әйелдердің экономикалық және құқықтық дербестігін нығайтуға көңіл бөлудің қажеттігі алға шығады. Бұл орайда оларға арналған кәсіпкерлік хабтар, қашықтан жұмыс істеу мүмкіндіктері, цифрлық сауаттылық курстары үлкен көмек болады.
Зорлық жақындардан болғанда қорғану қиын
Жиында сөз берілген Human Rights Lawyers ҚҚ жетекшісі Ләззат Рақышева да бұл тұрғыда нақты ұсыныстарын ортаға алды. Ол өзі бейкүнә сәби кезінде көрші ұлдан жыныстық зорлық көріп, жүрекке түскен жараның осы салдарымен өмір бойы күресіп келеді екен. Айтуынша, бұл оңай емес. Оны зорлықты басынан кешкен адам ғана ұғына алады.
Өкінішке орай, біздің мәдениет пен қоғамда тұрмыстық зорлық қалыпты жағдай ретінде қаралады және көп ретте оны ақтап алады, соның салдарынан мұндай жағдайларды анықтау және алдын алу қиындап кетті. Бұл зорлықтың жалғасуына және оның ұрпақтан-ұрпаққа таралуына жол ашуы мүмкін. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру іс-шараларының пәрменділігін арттыру қажет.
Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылықты анықтау және көмекке жүгінуде қиындықтар бар. Зардап шегушілер, әсіресе, агрессор ең жақын адамы болған жағдайда сан кедергіге тап болады. Бұл тергеу мен іздестіру шараларын кідіртіп, зорлық әрекеті ұзақтығының артуына соқтырады. Сондықтан кез келген қалыптағы зорлыққа жол жоқ екенін және оның жазаланатынын, зорлық – бұл қылмыстық жаза тағайындалатын іс екенін жеткізу маңызды. Барлық сипаттағы зорлықты түп-тамырымен құртып, зорлықты қалыпты жағдайға айналдыруды жою қажет.
Зорлыққа ұшырауға мінез-құлықтың әсері бар
Форум аясында зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ұйымдастырылған тренингте нақты практикалық кеңестер берілді. Солардың ішінде психолог, суицидолог Резеда Баймұхаметованың әңгімесі ғылыми тұрғыдан негізділігі және өмірге жақындығымен назар аудартты. Баймұхаметова ханым бұл ретте зорлық-зомбылыққа ұшырауда адам мінез-құлқының ықпалы жайлы айтып, осы тұрғыда нақты мағлұматтар беріп еді. Ғылымда виктимизация деп аталып, белгілі бір ойлау тәсілін, эмоционалды реакцияларды және дәрменсіздік, қорғансыздық сезімімен сипатталатын мінез-құлық зорлық-зомбылыққа ұшыраудың бір факторы екен. Зерттеулер жәбірленуші мінез-құлық танытатын адамдардың өздерін жағдайлар құрбаны ретінде сезініп, айналасындағы әлемді дұшпан және әділетсіз деп санайтынын көрсетіп отыр. Мұндай адамдар үнемі өздерін аяуға, жала жабуға, өмірдегі проблемалардың санын көбейтуге бейім. Жәбірленуші мінез-құлқына тән белгілер: басқа адамдарға шамадан тыс тәуелділік, тәуелсіз шешім қабылдауды және жауапкершілікті қажет ететін жағдайлардан қорқу және алаңдаушылық. Көбінесе бұл авторитарлық ата-аналар ортасында өскен адамдар. Жарақат және жағымсыз оқиғаларды бастан өткерген немесе зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдар құрбандық мінез-құлқын дамыта түседі. Өзін-өзі бағалауы төмен және өзіне деген сенімділігі төмен адамдар жәбірленуші мінез-құлыққа бейім болуы мүмкін. Олар жеткілікті күшті сезінбеуі және қиындықтарды жеңе алмауы мүмкін. Егер адам өз өміріндегі оқиғаларға құрбандықпен жауап беруге дағдыланған болса, бұл барлық жағдайларда автоматты түрде жасалатын әрекетке айналады. Мұндай себептерді түсіну кейбір адамдардың неліктен құрбандық мінез-құлқын көрсететінін түсіну үшін маңызды.
Алайда, әр адамның ерекше екенін және құрбандықтың өзіндік ерекшеліктері мен себептері болуы мүмкін екенін атап өткен жөн. Десе де осы мәселелерді зерделеу арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түп негіздерін анықтап, қоғамда оған қарсы иммунитет қалыптастыра аламыз. Яғни, виктимизация ғылымы қылмыстардың алдын алу саясатын, бағдарламаларын және ресурстарын әзірлеу үшін пайдалануға болатын ақпаратты ұсынады. Оның зерттеулері қылмыстарды және олардың құрбандарға әсерін жақсы түсінуге, қауіпсіз қоғам құруға бағытталған стратегияларды жасауға көмектеседі.
Осылайша Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің бұл кеңейтілген отырысы қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, нақты ұсыныстар жасалған сындарлы диолог алаңы болды.
Айша Құрманғали,
«Заң газеті»
Біздің елімізде балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар 40 пайызға өскен. Бұл жай ғана сан емес, көмек сұраған жанайқай. Өйткені, мұндай жағдайлар «қауіпсіз» деп саналатын оэтбасында орын алады. Яғни, қылмыскерлердің 80 пайызы ешқашан полиция назарына ілінбегендер. Бұл отбасылық қауіпсіздік жүйесінің әлсіздігін көрсетеді.