Қасиетті Әулиеата топырағынан түлеп ұшқан жас дарын, бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері, ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 4-курс курсанты Бауыржан Әли — бүгінде ел намысын халықаралық аренада абыроймен қорғап жүрген дара тұлға. Ол — оқу мен қызметті спортпен шебер ұштастырып, тек кәсіпқой бокста ғана емес, әуесқой рингте де қарсылас шақ келтірмей келе жатқан жаңа буынның жарқын өкілі.
Бала кезінен бокспен шұғылданып, темірдей тәртіпке үйренген Бауыржан табандылығы мен қайсар мінезінің арқасында биік белестерді бағындыруда. Әуесқой бокста Қазақстанның және Азияның екі дүркін чемпионы атанған жас спортшы кәсіпқой рингтегі барлық жекпе-жектерін де мерзімінен бұрын айқын басымдықпен аяқтады. Ол әлемдік беделді BoxRec рейтингінің үздік ондығына еніп, отандық бокс тарихындағы тұңғыш курсант-боксшы ретінде есімін алтын әріппен жазды.
Ел тыныштығын күзетер болашақ офицер әрі көк туымызды көкте желбіреткен чемпионның өмір жолы — жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Назарларыңызға спортшының өмірбаяндық деректерін ұсынамыз.


