Сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін ең қауіпті және кең таралған әлеуметтік жағымсыз құбылыстардың бірі деп санауға болады, оның зиянды салдары мемлекеттік жүйе мен дәстүрге қарамастан кез келген елде сезілетіні мәлім. Соңғы жылдары Қазақстанда мемлекеттік биліктің жоғары деңгейінде сыбайлас жемқорлықпен күресуге көп көңіл бөлінуде.
Қазақстан Республикасы посткеңестік кеңістіктегі алғашқы даму кезеңдерінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықпен күреске бірінші көңіл бөлген мемлекет және 1998 жылы 2 шілдеде Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлықпен күрес» атты Заңы қабылданды.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен күресу және оның алдын алу мақсаты көптеген мемлекеттік бағдарламалық құжаттарда, соның ішінде Елбасының жыл сайынғы жолдауларында бекітілген.
Қазақстан Республикасының сот жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілуде.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығын іске асыру шеңберінде 2014 жылғы 26 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының 2015 – 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» аясында сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың Кешенді жоспары әзірленді.
Бұл жоспарда сыбайлас жемқорлықпен күресу және оған қарсы тұру шаралары қарастырылған.
Қазақстан Республикасының сот жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, негізгі басым бағыттар мыналар болады: — судьяларды іріктеу және оқыту, судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптарды күшейту; — сыбайлас жемқорлықпен тиімді және жүйелі күресудің басты шарты ретінде сот төрелігінің тәуелсіздігін нығайту; — заңнамаларды одан әрі жетілдіру; — заманауи ақпараттық технологияларды қолдануды кеңейту; — соттардың ашықтығын, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылын арттыру.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында, облыстық және оған теңестірілген соттарда жедел-ұйымдастырушылық мәселелерді, оның ішінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы мәселелерді шешу функциялары жүктелген жалпы отырыстардың төралқалары құрылды.
Кадрларды сапалы іріктеуді қамтамасыз ету мақсатында судьялыққа кандидаттардың моральдық-адамгершілік қасиеттерін бағалау жөніндегі Қоғамдық кеңестердің жұмысы заңды түрде бекітілген, сонымен қатар судьялыққа кандидаттарды іріктеудегі ашықтық пен тәуелсіздік деңгейін арттыруға бағытталған.
Облыстық және оған теңестірілген соттарда судьялар қауымдастығы судьяларының әдеп нормаларын сақтауын бақылау және құқық бұзушылықтар туралы халықтың шағымдарына уақтылы жауап беру міндеті болып табылатын судья әдебі жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Комиссия қызметінің мәні барлық судьялардың Судьялық әдеп кодексінде көзделген моральдық-этикалық нормалар мен мінез-құлық ережелерін сақтауы болып табылады.
Жоғарғы Сотта, облыстық және оған теңестірілген соттарда ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімдері бар. Аталған бөлімнің негізгі қызметі сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу, судьялар мен сот жүйесі қызметкерлеріне қатысты болуы мүмкін арандатушылық әрекеттердің алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру арқылы имиджін көтеру болып табылады.
Жоспардың орындалуы бүкіл сот жүйесі мен сот жүйесіндегі қызметкерлерімен сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы белсенді ұстанымына байланысты.
Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қ.М. Мұратов