spot_img
spot_img

Сыбағасынан қағылғандардың құқығы қашан қорғалады?

Өзін «Байлық – мұрат емес, кедейлік – ұят емес» деп жұбатып, қоңыртөбел тірлігіне шүкіршілік айтып жүрген ағайынның жағдайы соңғы кезде Парламент төрінде жиі сөз бола бастады. Біреулер оны Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан» бағдарламасымен байланыстырса, екіншілері сайлау мерзімінен бұрын өтер болса, халықтың дауысынан айырылып қалам ба деген депутаттардың кезекті қойылымы деп бағалап жүр.
Әйтеуір кім не десе де, ақпанның алғашқы онкүндігінде ғана Мәжіліс депутаттары Премьер-Министр мен оның орынбасарының атына екі бірдей сауал жолдап үлгерді. Мәселен, 2 ақпанда Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжановтың атына жолданған депутаттық сауал «Nur Otan» партиясының мүшелері Е.Саиров, Б.Әбдіғалиұлы мен «Ақ жол» партиясының фракция мүшесі Қ.Исаның атынан жарияланды.
Олар Мемлекет басшысының «Әрбір басқару деңгейінде кедейлікті азайтудың нақты көрсеткіштерін белгілеу керек» деп Үкіметке халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырғанын тілге тілге тиек ете отырып, Дүниежүзілік банк белгілеген кедейлік шегін мысалға келтірді. Табысы орташадан төмен елдер үшін күніне бір адамға 3,2 АҚШ доллары, ал табысы орташадан жоғары елдер үшін 5,5 АҚШ доллары деп белгіленгенін, ал Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 2,8 долларды құрайтынын еске салды. 2021 жылы табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдардың ресми саны – 998 мың деп көрсетілгенімен, бейресми сарапшылар бұл көрсеткіштің 1,5 млн-нан жоғары екендігін атап өтті.
– Ішкі жалпы өнімнің еселеп өсуіне қарамастан, Қазақстан ондаған жыл бойы кедейлік шегін көтермей келеді. Бүгінде Қазақстан әлемдегі күнкөріс деңгейі ең төмен елдердің бірі және Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты елдердің деңгейінде тұр. Ал еуропалық елдерде кедейлік орташа табыстың 60% деңгейінде белгіленеді. Сонымен бірге, пандемия басталғаннан бері тұрмысы төмен үй шаруашылықтарының қаржысына нұқсан келтіретін инфляцияның өсуіне байланысты әлеуметтік төлемдердің тиімділігі төмендеді. Мысалы, Қазақстанда халықтың ең аз қамтылған 40 пайызы өз бюджетінің 59 пайызын азық-түлік өнімдеріне жұмсайды. Кей кездері бұл көрсеткіш одан да жоғары.

Елімізде азаматтардың төмен әлеуметтік жағдайының екі индикаторы бар – ең төменгі күнкөріс шегі және кедейлік шегі. Кедейлік шегі, ең төменгі күнкөріс шегінің, яғни 36 мың теңгенің 70 пайызын құрайды. Бұл ертедегі Үкіметтердің халыққа ақшаны аз төлеу үшін істеп қойған «қулығы». Яғни, әлеуметтік көмек алғың келсе, «сіңір кедей» болуың керек! Осы тавталогияның нәтижесінде, 2020 жылы бағаның тұрақты өсуіне байланысты әлеуметтік көмекке сұраныс өсіп, зәру адамдардың саны артса да, атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған адамдардың саны азайған. Бұл фактор өз кезегінде зәру азаматтардың әлеуметтік жағдайын мүлдемге тұралатып жіберді! – деген депутаттар кедейлікпен күресу үшін Үкімет мынадай шаралар қарастыруы қажет деп «Nur-Otan» партиясы фракциясының ұсыныстарын да атап өткен болатын.
Оның біріншісі, елдегі жалпы ішкі өнім деңгейіне, халықаралық стандарттарға сәйкес Қазақстанда кедейлік шегін арттыру. Қоғам ішіндегі кедейлік туралы көзқарасқа сәйкес келетін, кедейліктің жаңа анықтамасын енгізу. Екіншісі, ең төменгі күнкөріс шегі мен кедейлік шегін біріктіре отырып, ең төменгі күнкөріс шегін арттыру. Үшіншісі, екі ең төменгі жалақы мөлшерінде табыс алатын азаматтарды жеке табыс салығынан босату. Төртіншісі, ең төменгі жалақыны жыл сайын индексациялау мәселесін шешу. Бесіншісі, ең төменгі жалақы алатын азаматтардың жұмыссыздық бойынша сақтандыру сомасын арттыру арқылы сақтандыру жүйесін жетілдіру.
Қолданыстағы заң талабы бойынша оған Үкімет басшысының орынбасары 1 айдың ішінде жауап беруі тиіс болатын. Оны күтуге шыдамдары жетпеді ме, әлде басқа да себептері болды ма екен, 9 ақпан күні «Nur Otan» партия­сы фракциясының мүшелері Е.Саиров, Е.Бейсенбаев, А.Сарым Премьер-Министр Ә.Смайыловтың атына кезекті депутаттық сауалды жариялады. Онда Үкіметтің кешегі кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы еліміздегі кедейшілік мәселесіне баса назар аударғанын, Үкімет мүшелеріне азаматтардың әлеуметтік жағдайын арттыру бағытында жедел қадам жасауға міндеттегенін еске түсірді. Еліміздің тарихында, халқымыздың әлеуметтік жұпыны жағдайы, Мемлекет басшысы деңгейінде бірінші рет көтеріліп отырғанын ерекше атап өтті. Президент қоғамды, азаматтарды, халықты толғандыратын мәселе бойынша ашық, шынайы әңгімеге шақырып отыр деп: «Расында, халқымыздың басым көпшілігінің әлеуметтік жағдайының төмендігі еліміздің тұрақты дамуына негізгі тежегіш болып табылады! Қасым-Жомарт Кемелұлы 11 қаңтарда Парламентте сөйлеген сөзінде де Үкіметке халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсарту, азаматтардың әл-ауқатын жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берген. Бір ай өтті, Үкімет өз деңгейінде еңбектеніп жатқан болар, бірақ ол жөнінде халқымыз хабарсыз. Үкіметтің іс-әрекеттері адамдарға түсінікті, ашық болуы, қадамдары азаматтармен, сарапшылармен ақылдаса отырып қабылдануы шарт. Алдыңғы Үкіметтің басты проблемасы өздерінің іс-қадамдарының логикасын, бағыт-бағдарын елге, қоғамға түсіндіре алмады, жабық стильде жұмыс істеді. Арты неге соқтырғанын жақсы білеміз. Тарихтан сабақ алатын уақыт жетті. Осы орайда, Әлихан Асханұлы өзіңіздің, Үкімет мүшелерінің Мәжіліске, қоғам өкілдерінің қатысуымен, Президент берген келесі тапсырмалар: кедейшілікпен күрес, жұмыссыздық мәселесі; кіші және орта бизнесті дамыту; сыртқа заңсыз кеткен капиталды қайтару проблематикасы; «Самұрық-Қазынаны» реформалау, РОП-ты оңтайландыру мәселелері бо­йынша есеп бергендеріңіз абзал. Халқымыз нақты қадам, ұтымды шешімдер күтіп отыр! Қоғам Президент Тоқаевтың тапсырмаларының қалай орындалып жатқандығы, Үкіметтің қандай жоспары бар, тапсырманы орындауда қандай обьективті қиындықтар бар екендігі жөнінде ашық, бүкпесіз хабардар болуы қажет. Депутаттармен бірігіп облыс, аудандарға шығыңыздар! Халықпен бірге ақылдасайық, шешімдерді азаматтармен бірге қабылдайық! «Жаңа Қазақстан» философиясы ашық диалогты, шынайы дискуссияны талап етеді! Халықтың мәселесі тыныш кабинет шеңберінде емес, қоғаммен бірлесіп талқыланып, шешілуі тиіс, – деді.
Депутаттар бұған дейін де түрлі деңгейдегі атқарушы билік өкілдері мен сот билігі басшыларының атына сауал жолдаудан кенде қалып жүрген жоқ. Тіпті, олардың берген жауабына кейде көңілі толмаса да, оған қанағаттануға мәжбүр болып отырғандарын өздері де жасырмады. Тіпті, жоспар түзіп, жер-жерді аралап, аудан, облыстардағы сайлаушылармен кездесу жасап жүр. Егер «Жаңа Қазақстанды» құрудағы өзгерісті өзгеден емес өздерінен бастап, қолданыстағы заңнамада көрсетілген құқықтары мен өкілеттіктерін пайдаланып атқарушы және сот билігінен жұмыстарының есебін талап етпейінше «сыбағасынан құр қалғандардың» саны жақын арада азая қоюы екіталай.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Қазақстанның қай қалаларында тұрғын үй бағасы қымбаттады?

Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы желтоқсан айында Қазақстандағы тұрғын үй нарығындағы бағалар мен бағамдар туралы деректерді жариялады.

Садақа мен қайырымдылыққа ақша жинайтындар қалай тексеріледі?

Кірістер комитеті мобильді аударымдар арқылы садақа мен қайырымдылық шараларына жиналған қаржының қалай бақылауға алынатынын айтты.

Алапат өрт, төтенше жағдай: Лос-Анджелесте не болып жатыр?

Калифорния штатының Лос-Анджелес қаласы маңында орман өрті өршіп жатыр. Өрт салдарынан қаза тапқандар бар.

Қазақстандықтар заңсыз схемаларға “тартылып“ жатыр — ҚМА

Қаржы мониторингі агенттігі 2024 жылы дроперлер арқылы ақшаны жылыстату деректерін анықтау нәтижелерін хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Атом электр станциясының құрылысын жеделдету керек

Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысына қатысты пікір білдірді.