Биыл Қазақстан Республикасы Судьялар одағы қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл бірлестік 1996 жылы 19 желтоқсанда жұмысын бастаған болатын. Осы жылы республика судьяларының басын қосқан алғашқы съезд өткізіліп, Судьялар одағын құрудың маңызы әріптестер арасында талқыға түскен еді. Алқалы басқосуда көпшілік қалауымен одақтың Жарқысы жасалып, бағыт-бағдары айқындалғаны белгілі.
Міне содан бергі отыз жыл ішінде Судьялар одағы өзіне жүктелген міндетті жауапты атқарып, сот жұмысына серпін беріп, судьялардың тәуелсіздігі мен биік мәртебесін нығайтуға ықпал етіп келеді. Одақтың қолдауын, қамқорлығын бәріміз сезініп, тиімділігін нақты жұмыс барысында көріп отырмыз.
Себебі Судьялар одағының мұрындық болуымен қолға алынған істер қомақты. Соның ішінде одақтың әр өңірдегі филиалдары атқарып жатқан жұмыстардың да нәтижесі айқын. Мысалы Судьялар одағының Алматы қаласындағы филиалы көптеген жарқын істердің жаршысы болып жүр. Ең алдымен одақ Алматыдағы әрбір судьяның мерейлі жасын елеусіз қалдырмайды. «Көңіл көңілден су ішеді» деген қазақы тәмсіл тұрғысынан қарасақ, әріптестердің ізгі тілегін, жылы лебізін сезіну кез келген судья үшін үлкен қолдау. Әсіресе, сот саласын дамытуға үлесін қосқан ардагер судьяларды естен шығармай, үнемі хабарласып, мерекелерде сый-сияпат жасау, соттың маңызды шараларына шақырып, пікірлесу аға буын мен бүгінгі буын арасындағы байланысты үзбеуге көмектесіп келеді.
Одақ судьяларды жақсы істерге, сауапты шараларға да біріктіруші. Осы жылдар ішінде Алматы судьяларының талай ізгілікті істерге қатысқанынан көпшілік жақсы хабардар. Соның ішінде судьялардың жыл сайын балалар күнінде, білім күнінде, мерекелерде балалар үйіне баруы жақсы дәстүрге айналған. Мерекелерде балаларға қажет заттарды алып, сыйлықтар үлестіру қашанғы әдетіміз. Сондай-ақ мектепке дайындық, балалардың оқуға қажетті заттарын алуға жәрдемдесу де жыл сайынғы қолдау шарасының біріне айналған.
Төтенше жағдайдан, аяқ асты болатын апаттардан ешкім де сақтандырылмаған. Осы уақытқа дейін еліміздің әр өңірінде түрлі төтенше оқиғалар орын алды. Жер сілкінісінен, өрттен, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көппен бірге көмек бергендер қатарында Судьялар одағы барын мақтанышпен атап өтсек артық болмас. Мұндай қиын-қыстау кезде судьялар өзінің бір күндік жалақысын көмек күткен өңір халқына аударып, қолдан келгенше жағдайларын жақсартуға үлесін қосты.
Одақтың судьялардың білімін ұштап, біліктілігін көтеруге де ықпалы зор. Себебі сот тәжірибесіндегі күрделі мәселелерді тиімді шешу үшін одақ тарапынан үнемі басқосу, жиындар өткізіледі. Осындай жиындар сот жұмысындағы түйткілдерді бірігіп реттеуге ықпал етіп келеді. Судьяларға заңдарды сауатты қолдану, әдеп нормаларын сақтау, тіл байлығын дамыту сияқты маңызды тақырыптар бойынша тұрақты дәрістер ұйымдастырып, шетелдерде тәжірибесін шыңдауына, шеберлігін арттыруына жол ашқан да Судьялар одағы екенін айта кеткен жөн.
Жыл сайын ұйымдастырылатын спартакиада – судьялардың төрелік алаңынан тыс жерде басын біріктіретін, командалық рух сыйлап, салауатты өмір салтын ұстануына үндейтін керемет дода. Осы спартакиаданың арқасында еліміздің түкпір-түкпіріндегі судьялар бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасуда. Сондай-ақ әр төрт жыл өткізілетін республика судьяларының съездерінің де сот жұмысын жандандырып, судьялар қызметіне қатысты кем-кетікті тұзеуге ықпалы зор.
Міне, осындай жақсы істердің жаршысы болып келе жатқан Судьялар одағы алдағы уақытта да сот саласының қоғамдағы беделі мен абыройын биіктетіп, судьялардың оң имиджін қалыптастыру бағытында жемісті еңбек ете бергей.
Гульжан Имансерикова, Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы



