«Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасының алғы шарты – дұрыс әрі әділ шешім шығаратын сот жүйесін қалыптастыру. Бұл ретте елімізде азаматтардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету жұмыстары жыл санап жетілдіріліп келеді.
Қара қылды қақ жаратын әділ сот төрелігін жолға қою мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның жарқын дәлелі ретінде Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін Қазақстан Республикасы судьяларының съезін айтуға болады.
Сондай-ақ, құқықтық мемлекет белгісінің бірі — сот билігінің заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарына тәуелсіз қызмет атқаруы болып табылады.
Мемлекетті мемлекет ететін заң десек, сол заңның мүлтіксіз орындалуын қадағалап, әділдік принциптерін жүзеге асырушылардың алдында қоғамның және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін заңсыз қол сұғушылықтан қорғайтын орган — сот жүйесі тұрады. Себебі елдегі бар азаматтар заң алдында тең болғандықтан оларға қатысты заңбұзушылық жағдайы байқалғанда істің ақ — қарасын анықтап, айыптыны заң бойсындыратын да сол мемлекеттік сот органы.
Енді сөзімізге түрткі болып отырған тақырыпқа көшсек.
Қазақ елінің тарихында ел басқару ісіндегі билер жүйесі, оның мəдениеті, əдеп — тəртібі, өнегесі ерекше құбылыс болғаны анық. Ертеден қалыптасқан бұл жүйе Ұлы далада биік шыңға көтерілді.
Білімдер синтезіндегі құбылыс ретінде билер жүйесі халықтың қалыптасуына, ой санасына, тіршілігіне, əлеуметіне жəне мəдениетінің өсуіне зор ықпал етті. Сонымен қатар «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары бар» деген бабаларымыздан қалған ұлы сөз бар.
Қазақ қоғамындағы белгілі бір тектілік қасиеттерді ұстанған турашыл би — шешендеріміздің «қара қылды қақ жарған» əділ шешімдерінің ел, ру арасында орындауға міндетті шарт болып табылған. Ұлтымыздың би-шешендік өнеріндегі — ұлттық мүдде, ол Мəңгілік Ел болып дамуымыздың жолында төбе билеріміздің əділ төрелігін дөп басып айту маңызды.
Ежелгі қазақ билерін — соттарды «мүлтіксіз əділ, от ауызды, орақ тілді шешендер», дала өлкесінде əділ соттың «Алтын ғасыры» жаңғырығына жол ашқан ұлы тұлғалары деп, Төле, Қазыбек жəне Əйтеке билеріміз жайлы айтқан болатын.
Сонымен қатар «барша қазақ баласы аттарын ардақтап, есімдерін ұлағаттаған осы үш бабамыздың ел алдындағы еңбегіне, халық қамын жеген қасиетті ісіне сөз жеткізіп, баға беру қиын- ақ… Үш данагөйдің өнегелі өмірі, ел қамын жеген адал еңбегі, топ бастаған көсемдігі, от ауызды, орақ тілді шешендігі, мүлтіксіз əділдігі жөніндегі айтар əңгіме аз емес».
Би — қазақ қоғамында ердің құны, нардың пұлы болса да, екі ауыз сөзбен шешетін адам. Би — өз өмірінде өз басына дау келтірмеуі шарт, елге күмəн, күмəнді сөзге себеп бермеуі шарт: «Би басына дау келсе, билігі кетер басынан» деген ұлы сөз де қалған.
Қазақ даласында би болу оңайлыққа түспеген. Оған күрделі талаптар қойылды. Тек «Құдайдың сүйген құлдары ғана» би бола алады. Би боламын деген адам тек жеке қасиеттерімен танылып қана қоймай, бірқатар сатылардан тұратын сыннан сүрінбей өтуі керек болған.
Далада əділеттің ақ туын желбіретер биге табиғат берген қасиеттерден басқа шешендік, ақыл-парасат, қызыл тілде ешкімге дес бермеу жəне де «Қасым ханның қасқа жолында», «Есім ханның ескі жолында», «Əз Тəукенің «Жеті жарғысында» көрініс тапқан «Дала заңының» негізгі қағидалары мен нормаларын жатқа білуі, өзіне дейінгі атақты билердің үлгілі сөзінен нəр алу секілді негізгі талаптар қойылған. Əрине, билік шеңбері жағынан билердің елдегі беделі мен ықпалы бірдей болған жоқ: шағын ауыл, шағын ру бірлестігінен бастап жүзге, ұлысқа, тіпті бүкіл қазақ еліне төрелік айтқан билер болған.
Бүгінгі Қазақстанда «билер соты», «сот билігі» деген атаулар мен ұғымдар сот жүйесінде əділдік, кəсібилік үлгісіне лайықты еліктеу ретінде ресми түрде қолданылады. Республикада аса күрделі қылмыстық істерді қарауда əділдікті ең жоғары деңгейде қамтамасыз ету идеясымен енгізілген сот алқасы «Билер алқасы» деп атала бастады.
Сол билер əділ соты үстем болған арада талай ғасырлар өткеніне, қоғамдық — саяси өмірде түбегейлі өзгерістердің болғандығына қарамай, бүгінгі тəуелсіз Қазақстан Республиканың сот жүйелеріне билер əділ сот үлгілерін, номинациясын кең түрде енгізу жəне сот шешімдерінің халыққа түсінікті тілде жеткізілуі төңірегінде сот жүйесінің дамуына ықпал етуші лауазымды тұлғалар қазіргі қоғамның судьяларынан талап етілуде.
Сондай — ақ, көріп отырғанымыздай, Қазақстан Республикасының сот билігі тәуелсіздік алған жылдары ішінде айтарлықтай биіктерді бағындырды.
Бүгінде сот жүйесі тұтас алғанда азаматтардың құқықтары мен бостандығының, ұйымдар мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің сотта тиімді қорғалуын қамтамасыз етудің қажеттіліктеріне сай келеді деп сеніммен айта аламыз.
Сот жүйесінің алдағы уақыттада ел игілігі үшін, қоғамдағы әділеттің үстемдік құруы үшін атқаратын міндеттері орасан зор. Ел судьяларының бұл міндеттерді де абыроймен атқаруға білім-білігі жететініне еш күмән жоқ.
Қызылорда қаласының
мамандандырылған
тергеу сотының төрағасы
М.А.Тұрғанбаев