12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Есірткісіз қоғам құру қолымызда

Есірткі – қоғам дерті. Нашақорлық пен есірткінің зияны орасан. Бұл тұтас ұлттың тамырына балта шабатын, халықты қарусыз жоятын кеселдің бірі. Соған орай, есірткімен күрес бүгінде кез келген елді алаңдататын, ең өзекті, әлеуметтік мәселенің біріне айналды. Нашақорлық адамзат баласының денсаулығы мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер.

Қазақстан территориясы бірнеше мемлекеттің күрежолдарын жалғап жатыр. Мұндайда есірткі тасымалына тосқауыл қою, есірткі саудасына жол бермеу үшін мемлекет тарапынан өте ауқымды жұмыстардың үздіксіз жүргізілетіні түсінікті. Осыған орай біздің еліміз көптеген халықаралық есірткіге қарсы жобаларға қатысып, кеселдің алдын алуға бағытталған халықаралық операцияларды ұйымдастыру, транзит арналарын жою және трансұлттық қылмыстық топтардың жолын кесу бойынша нақты іс-шараларға бастамашы болып келеді. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары да осы зұлымдықтың таралуына қарсы тиімді күрес ұйымдастыруда. Нашақорлыққа қарсы көптеген жұмыстардың қолға алынғанына қарамастан, қоғамда есірткіге қызығып, тұтынатындар саны күн санап көбеюде. Әсіресе, жастардың есірткіге әуес болуы үлкен алаңдаушылық туғызады.

Қоғамдағы осы жағдайды ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы жолдауында есірткімен байланысты қылмыстарға қолданылатын жазаны қатайту қажеттігін және бұл қылмысты террористік әрекетке теңестіруге болатындығын айтқаны есімізде. Президенттің бұл мәселеге назар аударуында үлкен маңыз бар. Жастар арасында есірткі тұтынатындардың жыл санап артуы, соның кесірінен қылмыстың көбеюі Мемлекет басшысын да бейжай қалдырмағаны анық. Жолдаудағы тапсырма есірткісіз қоғам құруға ғана емес, жастарды нашақорлықтан  алыс ұстауға бағытталып отыр. Осы ретте Президент тапсырмасы есірткіні өзінің тұтынуы үшін сатып алатын адамдардан бөлек, есірткі бизнесін ұйымдастырушыларды, таратушылар мен сатушыларды анықтап, жолын кесуге, осы зиянды бизнес арқылы пайда тауып отырған тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке  тартуды көздейді.

           Есірткінің таралуына ғаламтор да шексіз мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе, психотроптық заттардың жаңа синтетикалық аналогтарын таратушылар ғаламтор арқылы өз бизнесін жандандыруда. Өкініштісі, осындай  топтар психотроптық заттардың көмегімен жастардың бір тобын уласа, келесі бір тобын есірткі заттарын сатуға, жеткізуге итермелеп, темір торға қамалуына ықпал етуде. 

           Сот тәжірибесінде есірткімен байланысты қылмыстың түрі көп. Мысалы таяуда А.Ш. деген азаматтың ісі қаралды. Отбасы болғанымен, тұрақты жұмыс істемейтін бұл азамат бұрын да сотты болған. Бұрынғы қателігінен сабақ алмаған ол бұл жолы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан танысына есірткі затын өтізіп жібермек болғаны үшін жауапқа тартылды. «Сырдария өзенінің жағалауынан түссіз полиэтилен пакетіне салынған ұнтақталған есірткі затын тауып алдым» деп ақталған А.Т. бірге жаза өтеген Ш.Ж.-ға «тауып алған олжасын» жеткізудің жолын қарастырады. Осылайша түзеу мекемесіне керекті заттарды жинаған ол артынша үш донерді жасатып, ішіне есіртікі заттарын жасырады. Түзеу мекемесіндегі тексеру кезінде қылмысының әшкереленіп қалуынан қорыққан әккі жігіт Ш.Ж. жатқан колониядағы бір азаматқа ата-анасы сәлемдеме дайындап жатқанын естиді. Сөйтіп, бір себет азық-түлік пен үш донерді пакетке салған А.Т. такси жүргізушісіне барлық тауарды бірге өткізуді өтініп, 2 мың теңге ұсынады. Еш қауіптенбеген такси жүргізушісі сәлемдемені колониядан өткізбек болғанда ұсталып, пакеттегі үш донердің ішінен есіртік заттары табылады.

           Бірақ, түзеу мекемесінің тәртібін білетін, қылмыстан жалтарудың жолын үйренген Ш.Ж. донерді ешкімге бермегенін, оның ішіндегі есірткі затына мүлде қатысының жоқтығын айтып ақталды. Алайда куәгерлер сөзі, донер мен сәлемдеме пакетіндегі қолтаңбалар, терінің белгілері бұл қылмысты Ш.Ж.-нің жасағанын толық дәлелдеп берді. Осының өзі қылмыскерлердің қылмысты өзінен аулақтатуға әзір жүретінін, жаза арқаламас үшін түрлі қулық жасап, жазықсыз адамдарды да жарға жығудан тайынбайтынын көрсетеді.

           Тағы бір мысал. Біз ісін қараған С.Қ. бұрын сотты болмаған. Жасы алпысқа жақындаған азамат бір килограмм кептірілген марихуана шөбін 700 000 (жеті жүз мың) теңгеге сатып алғанын айтты. С.Қ. бүгінгі күні аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз иемденіп, сақтап, тасымалдағанын алға тартты. Істің материалдарын және мән-жайларын зерттеп, әрбір дәлелдемеге қатыстылығы, жол берушілігі, ал барлық жинақталған дәлелдемелерге олардың жиынтығында істі шешуге жеткілікті тұрғысынан баға бере отырып, сот сотталушы С.Қ.-ның қылмыс жасаудағы кінәсі объективті түрде, жан-жақты дәлелденген деп санады. Сонымен бірге, азаматтың қылмыстық әрекеттегі кінәсін мойындаған, тінту хаттамасымен, тергеу әрекеттері түсірілген бейнежазбамен, фотокестелермен, куәлердің жауаптарымен, есірткі құралдары, психотроптық заттар мен олардың аналогтарының және прекурсорларды сот-сарапшылық зерттеу, сот наркологиялық, сот биологиялық зерттеу, амбулаториялық сот-психиатриялық сараптама қорытындыларымен және өзге де құжаттармен қылмыстық іс толық дәлелденіп бекітіледі. Соған сәйкес, С.Қ. Қылмыстық кодекстің  296-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы сонымен бірге жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 61 260 (алпыс бір мың екі жүз алпыс) теңге жәбірленушіге өтемақы қорына мәжбүрлі төлем өндірмек. Бұған қоса, С.Қ-ға ҚК-нің 91-бабы 1-бөлігінің 4) тармағына сай, нашақорлықтан емдеу үшін медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы бас бостандығынан айыруды өтеу орнында орындалуы тиіс.

Бұл сот тәжірибесіндегі санаулы ғана мысал. Нашақорлықтың қоғам дертіне айналғаны соншалық, қылмыстық қудалау органдарында нашақорлық қылмысы күн сайын тіркелуде.  Кептірілген шөптен, синтетикалық заттар және олардың прекурсорларын жеке пайдалану және оларды тарату жастардың арасында кеңінен таралып, оңай ақша табудың көзі болып отыр. Осыған орай, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу жұмыстарын көбірек жүргізіп, әрбір ата-ана үйіндегі баласына бұл дерттің өзектілігі мен арты қандай жамандыққа алып келетіндігін түсіндіруі тиіс.

Зейнулла Алиби Зейнуллаұлы,

 Қызылорда қаласы № 2 сотының судьясы

Медиация әділ шешім негізі

Соңғы жылдары еліміздің сот жүйесінде медиация кеңінен қолданыла бастады....

Дәлелдемелер дер уақытында ұсынылуы тиіс

Азаматтық процестік кодекстің 73-бабында дәлелдемелерді ұсыну нормалары көрсетілген. Мұны...

ӘРПК-дағы татуластыру рәсімдерінің тиімділігі

Кез келген даудың сотсыз бітуі азаматтар мен сот үшін...

Абыройы асқақ тұлға

Бүгінгі мақалаға арқау болып отырған кейіпкеріміз, еңбегімен танылған, ұрпаққа...

Судьялар съезінің маңызы зор!

Биылғы жыл Қазақстан Республикасы судьялар съезінің ІХ рет өтуімен...